Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2025
Билік 171 0 пікір 22 Қыркүйек, 2025 сағат 13:42

АҚШ-тағы кездесулер: Мәдени мұрадан цифрлық қаржыға дейін...

Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар жетекші халықаралық ұйымдар мен компаниялардың басшыларымен келіссөздер өткізді. Кездесулердің күн тәртібі мәдени дипломатиядан бастап, білім беру, қаржы және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты қамтыды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Смитсон институтымен мәдени әріптестік

Мемлекет басшысы алдымен Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинмен жүздесті. Президент Қазақстан мәдениетін АҚШ-та белсенді насихаттап жүргені үшін алғысын білдіріп, мәдени дипломатия екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім артты. Қазірдің өзінде орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениет пен өнерді таныту, тарих, салт-дәстүр мен рухани өмірді зерттеу бағытында бірлескен ғылыми жобаларға бастамашы болып отыр.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Білім беру саласында ETS тәжірибесі

Одан кейін Қ.Тоқаев әлемдегі білімді бағалау саласының көшбасшысы саналатын Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры Амит Севакпен кездесті. Президент Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуда компания тәжірибесін зерделеуге мүдделілік танытатынын атап өтті. Өз кезегінде Амит Севак ETS-тің жыл сайын 180 елге 50 миллионнан астам тест дайындап, әкімшілендіретінін, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйелеріне арналған бейіндік шешімдер ұсынатынын жеткізді.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Goldman Sachs-пен цифрлық қаржы саласындағы ынтымақтастық
Қазақстан Президенті Goldman Sachs Global Institute президенті Джаред Коэнмен де келіссөз жүргізді. Әңгіме барысында Тоқаев америкалық жетекші инвестициялық банктің Қазақстан Ұлттық банкімен ұзақ мерзімді әріптестік орнатқанын атап өтіп, ықпалдастық деңгейіне жоғары баға берді. Ол Қазақстанның толық цифрлық мемлекетке айналу мақсатын еске сала отырып, жасанды интеллект пен қаржы экожүйесін цифрландыруға ерекше қызығушылық білдірді. Ал Джаред Коэн Goldman Sachs Digital Asset Platform тәжірибесін таныстырды.

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Cameco-мен энергетикалық серіктестік

Жұмыс сапары канадалық Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен кездесуден басталды. Тараптар уран өндіру саласындағы әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Президент Тоқаев Cameco-ның «Қазатомөнеркәсіптің» сенімді серіктесі екенін айта келе, компанияның Қазақстанда 500 миллион доллардан астам инвестиция салып, технология трансферіне ықпал еткенін жеткізді. Ол сондай-ақ елдің энергетика саласында жаңа кезең басталып, алдағы уақытта үш атом электр стансасы салынатынын атап өтті. Тим Гитцель Президентке Түркістан облысындағы «Инкай» бірлескен кәсіпорнының ширек ғасырлық қызметі мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

АҚШ-та өткен бұл кездесулер Қазақстанның халықаралық әріптестігін кеңейтуге, мәдени мұраны дәріптеуге, білім беру жүйесін жетілдіруге, цифрлық қаржыны дамытуға және энергетика саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталды. Президенттің бастамалары Қазақстанды заманауи, инновациялық әрі ашық мемлекет ретінде танытуға қызмет етеді.

Abai.kz

0 пікір