Ғылымға адал ғұмыр...

Қазақ әдебиеттану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, шәкірт жүрегіне білім шырағын жаққан ұлағатты ұстаз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Берікбайқызы – саналы ғұмырдың өрісін айқындайтын, өткенге шолу жасап, болашаққа жаңа серпін беретін межелі белес елу жасқа толып отыр.
1975 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген Алуа Берікбайқызы жастайынан-ақ білімге құштарлығымен, әдебиетке деген ерекше ынтасымен дараланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік тәмамдап, магистратура мен аспирантурада жалғастырған ізденістері тың ғылыми жаңалықтарға жол ашты.
Әлемдік әдебиеттануға алғаш рет «темпоралды ырғақ теориясын» енгізіп, көркемдік хронотоп категориясына жаңа концепция ұсынды. Бұл бағыт әдебиетті тек мазмұндық тұрғыдан емес, уақыт пен кеңістіктің көркемдік үйлесімі арқылы сараптауға мүмкіндік берді. Яғни, ғалымның жаңашыл ойлары қазақ әдебиеттануын әлемдік деңгейдегі ғылыми айналымға енгізді.
Ғалым еңбегінің басты құндылығы шәкірт тәрбиелеуінде де ерекше орын алады. «Ғылымға адал болу – адамдыққа адал болу» деген ұстанымды шәкірт санасына ұдайы сіңіріп келеді. Шәкірттері «адамгершілігі биік, талапшыл әрі әділ жетекші» деп сипаттайтыны да сондықтан. Алуа апай бізге тек ғылымды үйреткен жоқ, ең алдымен ізденістен қорықпауды, шындықты қорғауды, ұстаздық парасатты бағалауды үйретті.
Алуа Берікбайқызының ғылымдағы ізденісі тек Қазақстанмен шектелген жоқ. Ұлыбритания, Германия, Мальта университеттерінде тағылымдамадан өтті. Испания, Венгрия, АҚШ, Ресей университеттерімен тығыз байланыс орнатып, қазақстандық магистранттар мен докторанттарға шетелдік тәжірибеден өтуге мол мүмкіндік жасады.
Әлемдік ғылыми конференцияларда қазақ әдебиетінің теориялық жетістіктерін таныстырып, беделді басылымдарда мақалалар жариялады. Осы еңбектері арқылы ұлттық ғылымды халықаралық деңгейге көтерудің нақты үлгісін көрсете білді.
А.Берікбайқызы 2012 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасына жетекшілік етіп келеді. Оның басқаруымен үш деңгейлі – бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы әзірленіп, үш тілде жүзеге асырылды. Шәкірттері бүгінде PhD дәрежесін қорғап, жаңа буын ғалымдарының қатарын толықтырып отыр. Бұл – ұстаз еңбегінің заңды жемісі екені сөзсіз.
Еткен еңбек, төгілген тердің елеусіз қалған кезі бар ма?! Алуа Берікбайқызының еңбегі мемлекеттік және халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. ҚР Президенті стипендиясы, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығы, Г.Сковорода мен Н.В.Гоголь атындағы халықаралық сыйлықтар – оның ғылымдағы биік беделін айқындады. Сонымен қатар «Еуропалық сапа» алтын медалі, ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалі, ТҮРКСОЙ марапаттары, ғалымның қажырлы еңбегіне берілген әділ баға деп білген жөн.
Ғалымды әріптестері әрқашан табандылығы үшін бағаласа, шәкірттері мейірімі мен парасаты үшін қадірлейді. Алуа апайдың ең басты қасиеті – ғылымдағы батылдығы мен өмірдегі қарапайымдылығының үйлесімінде.
Бүгінде, міне, өткенді таразылап, жаңа белестерге бет бұратын шақ елу жасқа толған Алуа Берікбайқызы, алдағы уақытта да қазақ әдебиеттануын әлемдік ғылыммен тоғыстырып, жас ғалымдарды тәрбиелеуді басты мұрат санайтынына сеніміміз мол. Аяулы ғалым, сүйікті ұстазымызға ғылымдағы ізденістері жаңа белестерге жол ашып, шәкірттерінің жетістігіне куә бола беруін тілейміз.
Султан Ертай,
PhD доктор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми қызмет және инновациялар жөніндегі проректоры.
Даутова Гүлназ,
PhD доктор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессор м.а.
Abai.kz