Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 541 0 пікір 22 Қыркүйек, 2025 сағат 15:19

Бас прокуратура: Жолдағы құқық бұзушылықтар саны 8,5 миллионға жетті

Сурет: Егемен Қазақстан сайтынан алынды

Қазақстан Бас прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты көлік және жол шаруашылығы саласындағы бұзушылықтарға ерекше назар аударылып отыр.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап өткендей: «Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет».

Елімізде заманауи бейнебақылау жүйелері енгізіліп, цифрлық технологиялар дамыған сайын құқық бұзушылықтарды анықтау деңгейі артты. 2025 жылдың алғашқы алты айында 8,5 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның 7 млн-нан астамы (84%) көлік саласына қатысты.

«Қайта жасалатын бұзушылықтар саны ерекше алаңдатуда – шамамен 1,5 млн жағдай тіркелген. Оның ішінде 85 мыңға жуық адам үш немесе одан да көп рет құқық бұзған. Бұл деректер заң талаптарын жүйелі түрде орындамаудың алдын алу үшін профилактикалық шараларды күшейтуді қажет етеді. Осыған байланысты төмен тұрған прокурорларға және Ішкі істер министрлігіне тиісті нұсқаулар берілді», - делінген ақпаратта.

Бас прокуратура жол қозғалысы ережелерін сақтамау қауіпті және қайғылы салдарға әкелетінін атап өтті. Автокөлік – жоғары қауіп-қатердің көзі, жолда жауапсыз мінез-құлық тек бұзушыларға ғана емес, кінәсіз азаматтарға да зиян келтіріп, олардың қаза табуына себеп болуда.

Алты айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан 5,5 мыңнан астам бала зардап шекті, 135 бала қайтыс болды.

Ведомствоның айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлар көбінесе ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы мен салғырттығынан туындайды.

- Мас күйінде көлік басқару деректері де алаңдатарлық. 2025 жылдың алғашқы жартысында осындай құқық бұзушылық үшін 11 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Олардың 158-і жол апатын жасап, салдарынан 282 адам жарақат алып, 17 адам қаза тапты.

Электросамокаттарды пайдалану да жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етуде. Жыл басынан бері олардың қатысуымен 213 жол апаты тіркеліп, 224 адам зардап шеккен. 42 жағдайда апатқа самокат жүргізушілерінің өздері кінәлі болған, - деп жазды бақылаушы органнан.

Бас прокуратура азаматтарға жолда қарапайым ережелерді қатаң сақтауды еске салады: жаяу жүргіншілер жолды тек жаяу жүргіншілер өткелінен кесіп өтуі тиіс, өткел жоқ жерде – көліктердің көрінуі жақсы аймақта ғана өтуге болады. Жүргізушілер жылдамдықты жағдайға қарай реттеп, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдері, мектептер мен балалар алаңдарының маңында аса мұқият болуы керек.

Сондай-ақ ауа райының әсері де назардан тыс қалмауы тиіс. Ұзақ құрғақшылықтан кейінгі алғашқы жаңбыр кезінде асфальтта майлы қабат түзіліп, тежегіш жолын ұзартып, апат қаупін арттырады.

Ұйқы режимінің бұзылуы мен шаршау да жүргізушінің реакциясын төмендетіп, апат қаупін арттырады. Прокуратура ұзақ сапарды дұрыс жоспарлауды, жүргізушілерге демалыс беруді және жолаушылардың да қырағылық танытып, жүргізушінің жағдайын бақылауын ұсынады.

Еске саламыз, Азаматтық кодекстің 931-бабына сәйкес, жоғары қауіптілік көзі иесі жол апаты үшін тікелей кінәлі болмаса да, келтірілген залал үшін материалдық жауапкершілікке тартылады.

Бас прокуратура жол қозғалысының барлық қатысушыларын заңды қатаң сақтауға, саналы тәртіпке және өзара сыйластыққа шақырады.

«Адам өмірі – баға жетпес, қайғылы жағдай орын алса, оны ешкім қайтара алмайды», – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, ШҚО жолдарында қараша айынан бастап тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі.

Abai.kz

 

0 пікір