Монако Палестинаны ресми түрде мойындады

Монако мемлекеті ресми түрде Палестина Мемлекетін мойындағанын ел князі Альбер II мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы жазды.
БҰҰ қолдауымен, Франция мен Сауд Арабиясының бастамасымен өткен палестин мәселесін шешу және екі мемлекет принципін жүзеге асыруға арналған жоғары деңгейлі халықаралық конференцияда сөйлеген Альбер II Монаконың өзгермейтін ұстанымын атап көрсетті.
Ол Монако басынан бері Израильдің танылған шекараларындағы қауіпсіз өмір сүру құқығын, сондай-ақ палестин халқына егемен әрі демократиялық мемлекет құру құқығын тұрақты түрде қолдап келе жатқанын айтты.
— Бүгін біз Израильдің бар болуын нық қолдайтынымызды қайта растағымыз келеді және сонымен бірге халықаралық құқық аясында Палестинаны мемлекет ретінде мойындаймыз. Міне, дәл осыны мен сіздердің алдында жариялап отырмын, — деді князь.
Альбер II тұрақты шешімге, яғни негізгі құқықтарды құрметтеуге негізделген келісімге жету бұрынғыдан да өзекті әрі қажетті екенін атап өтті.
Ол бейбітшілік тек үміт болып қала бермеуі тиіс екеніне сенім білдірді.
Князь екі мемлекет шешімін ұзақ мерзімді тұрақтылыққа апарар жол ретінде берік қолдай беретінін мәлімдеді.
— Бейбітшілік жарлықпен жүзеге аспайды — ол жалпы ерік-жігерге негізделеді, — деп түйіндеді Альбер II.
Монако князьдігі Жерорта теңізі жағалауында, Батыс Еуропада орналасқан және Ватиканнан кейін әлемдегі ең кішкентай тәуелсіз мемлекеттердің бірі болып есептеледі.
Осыған дейін Нью-Йорк қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Монако Князьі ІІ Альбермен кездесу өткізгенін жазғанбыз.
Осы уақытқа дейін Франция, Ұлыбритания, Португалия, Аустралия және Канада — жуырда Палестина мемлекетін мойындап, «екі халыққа — екі мемлекет» шешімін қолдаған Батыс елдерінің қатарына енді.
Сонымен қатар Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында палестина-израиль қақтығысы мәселесін көтерді. Ердоған әлемді Палестинаны мойындауға шақырды.
Айта кетейік, Палестина халықаралық қауымдастықты Нью-Йорк декларациясын қолдауға шақырды.
Abai.kz