Саркози сотталды. Патох Шодиевтің де былығы ашыла ма?

Францияда үлкен сот болды, бүгін. Экс-президент Николя Саркозиді соттады. Сот шешім шығарып, бұрынғы ел басшысын 5 жылға түрмеге тоғытты.
Саркози неге сотталды? Оның Қазақстанмен қандай байланысы бар? Егжей-тегжейлі жазайық...
Николя Саркозидің қазір жасы 70-те. Қызметтік биографиясы мен атақ-марапаттарын санамалап отырсақ, бүгін түбіне жетпейміз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропадағы лидерлікке ұмтылған екі мемлекет болса, соның бірі – Франция. Саркози сол Францияның 23-ші президенті.
САРКОЗИДІ ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЛҒАН КАДДАФИДІҢ АҚШАСЫ МА?
Франция соты Николя Саркозиді 2007 жылғы қылмыстық істері үшін соттады. Нақтылап айтқанда француз қоғамында әжептәуір шу тудырған «ливиялық іс» дейтін даулы іс үшін сотталды.
Дәл сол жылы Саркози президенттік сайлауда жеңіп, Франция тізгіні 5 жылға қолына тиген. Енді оған «2007 жылы Ливия басшысы Муаммар Каддафиден ақша алды, сол ақшамен сайлауалды компаниясын қаржыландырды» деген айып тағылып, кінәлі деп танылды. Және 100 мың еуро айыппұл төлеуге міндеттелді.
Француздың әйгілі «Le Mondе» басылымы Саркози ісінің егжей-тегжейіне үңіліпті. Саркози 2005 жылы Францияның Ішкі істер министрі болып тұрған уақытта Ливия диктаторы Каддафимен «жемқорлық келісімін» жасасады. Саркозидің сайлауалды штабы Каддафиден 50 млн еуро ақша алады. Бұл заңға қайшы іс. Бірақ, Саркози ол ақшаны алады. Есесіне, Франция халықаралық саяси ареналарда Муаммар Каддафиді жақтап, Ливия басшысын халықаралық саяси оқшаулаудан құтқарып қалуы тиіс болады.
Саркози ақыры сайлауда жеңіске жетіп, Франция президенті атанады. Ал 2013 жылы Муаммар Каддафидің ұлы Саиф әл-Ислам Николя Саркозиді айыптап: «Саркози менің әкемнің ақшасының арқасында президент болған», - деп мәлімдейді. Ал 2015 жылы Саркозидің Каддафиден ақша алғаны бойынша тергеу басталады. Саркози өзіне тағылған барлық айыпты мойындаған жоқ. Ал сот: «Саркози өз айналасындағыларға Каддафимен байланысуға жол берді», - деген жеңіл-желпі қорытындыға келіп, үкім шығарған.
Бұл істе ұзақ жылдар бойы Франция мен Таяу Шығысты байланыстырушы дәнекер болып келген Зияда Такиеддин дейтін кәсіпкер куәлік еткен. Саркозиден бөлек, 11 айыпталушы бар. Олардың кейбірі айыпты деп танылса, кейбірі ақталды. Түрмеге кесілгендер ішінде Саркози тұсында министр болған Клода Гиана мен Бриса Ортефю де бар.
САРКОЗИДІҢ «ЖЕМҚОРЛЫҒЫ» ҺӘМ ШОДИЕВКЕ КІМДЕР ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАДЫ?
Тақырыпқа тұздық: Осы тұста «Саркози Патох Шодиевке қамқорлық жасады ма?» деген сұрақ туындайды. Неге дейсіз бе? Қараңыз:
Қайсыбір жылдары БАҚ-та Саркозидің даулы аты Қазақстанмен де байланысты айтылған. 2011 жыл. Саркозидің бастамасымен Қазақстанда «Еурокоптер Қазақстан инжинеринг» дейтін компания құрылған. Ал 2014 жылы осы келісімнің айналасынан үлкен шу шыққан. Француз басылымдары: «Назарбаев Саркозиге өтініш айтып, Патох Шодиевті қуғындаудан құтқарып қалуды сұраған. Өтеуіне «Eurocopter» дейтін 45 тікұшақ сатып алуды ұсынған», - деп жазған (orda.kz).
Кейін экс-президент Назарбаевтың өзі бұл ақпаратты терістегенімен, еуропалық БАҚ Шодиевтің шуын шынға теліп отыр.
Бұл істің басы 1997 жылға барып тіреледі, сол кезде Патох Шодиев Бельгия азаматтығын алған еді. Ол «Tractebel» ісі бойынша, ақшаны жылыстату ісіне қатысты тергеудің фигурантына айналды (дереккөзі: dw.com).
Бұл бельгиялық компания «Алматыэнерго» энергетикалық желілерін небәрі 5 миллион долларға сатып алды. Бұл назардан тыс қалған жоқ, кейінірек Бельгияда сот процесі басталды. Ол он жылдан астам уақытқа созылып, жаңа аспектілермен толықты. Бірақ бастапқыда әңгіме «Tractebel» компаниясының қазақстандық олигархтарға жасырын пара ретінде берілген консультациялық гонорарлары туралы болған. Бұл мәмілені лобби жасау мақсатында жасалған әрекет еді. Тіпті компанияның өзі Бельгия азаматы Шодиевті сотқа берді (дереккөзі: DW).
Кейінірек еуропалық журналистер анықтағандай, 2009 жылы Францияның сол кездегі президенті Николя Саркози мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген кезде, Нұрсұлтан Назарбаев әріптесінен бельгиялық сотта қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауды сұраған болуы мүмкін. Бұл өтініштің өтеуі ретінде Франция Астанада елу «Eurocopter» (Airbus Helicopters) тікұшағын құрастыру келісімшартын алған деген болжам бар.
Түйін: Шындап келгенде – коррупция – бұл абстракция емес. Бұл осы елдің әрбір азаматының қалтасына түскен бөтен қол, өрескел қылмыс. Ал қылмыс түптің-түбі жазасын қалмайды. Оның бір мысалы Францияның экс-президенті Николя Саркозидің сотталуы. Осе есеппен: Бір кездері шу болып, бір терістеліп, бір расталған Шодиевтің күмәнді өткен шағы да Саркози ісінің көлеңкесінен табылып қалып жатса, таң қалмаңыз...
Abai.kz