«Шенеуніктер болмысы»
«Шенеуніктер болмысы»"官场现形记" - Қытайдың соңғы Цин дәуірінде жазылған ең көрнекті сатиралық, әлеуметтік романдардың бірі.
Авторы - Ли Боюань (шын аты Ли Баоцзэнь, 李宝嘉), өз дәуіріндегі өткір тілмен, өткір оймен қоғамды сынға алған жазушылардың алдыңғы қатарлы өкілі.
Шығарма 1893–1895 жылдары алғаш газетте жарық көріп, кейін жеке кітап ретінде басылып шықты. Бұл роман сол кезеңдегі бюрократиялық аппараттың ішкі шірігі мен жемқорлығын ашық әшкерелеуімен ерекше. Бұл роман 30дан астам бір-бірімен байланысты жеке оқиғалардан тұрады. Мұнда императордан бастап, ең төменгі дәрежедегі қызметкерге дейінгі әртүрлі лауазымды шенеуніктердің бейнесі суреттелген. Басты назар қытай бюрократиясының шынайы бейнесін ашуға аударылған. Романда орталық үкімет пен жергілікті басқару органдарындағы заңсыздықтар, парақорлық пен мансапқорлық нақты оқиғалар арқылы көрсетіледі. Сатира мен карикатура – кейіпкерлердің болмысын әсірелеп көрсету арқылы олардың күлкілі әрі масқара бейнесін айқындайды. Тіл байлығы – романда көптеген шенеуніктерге тән жаргондар, мақал-мәтелдер, диалектілер қолданылған. Бұл шығармаға ерекше шынайылық пен өмірлік сипат береді. Диалогтар мен детальдарға мән беру – романдағы әңгімелер арқылы кейіпкерлердің мінезі, қоғамдағы тәртіптің екіжүзділігі ашылады.
1.Бюрократиялық жүйенің шіруі: Романда билеуші элитаның өз пайдасы үшін халықты қанап, ұлттық мүддені құрбан еткені айқын көрсетілген.
2.Мансапқорлық пен жемқорлықтың әшкереленуі: Лауазымды тұлғалардың өзара қақтығысы, бір-бірін алдап-арбауы, әділетсіздіктің жүйелік сипат алуы көрініс тапқан.
3.Қытай қоғамының жалпы бейнесі: Шығарма тек шенеуніктерді ғана емес, олардың айналасындағы қоғамды да бейнелейді. Мұнда пара беру дәстүрі, заңсыз әрекеттерді қалыпты құбылыс ретінде қабылдау секілді мәселелер қозғалады.
Бұл роман сол кезеңдегі Циң империясының басқару жүйесіне үлкен сын ретінде қарастырылды. Ол халықтың көзің ашуға, қоғамдық мәселелерге назар аударуға ықпал етті. Сонымен қатар, бұл шығарма кейінгі қытай әдебиетіндегі сыншыл бағыттың қалыптасуына негіз болды.
Бірінші тараудан үзінді: Жуйрын (жоғары дәрежелі шенеунік емтиханынан өткен адам) Ван Жэнь есімді кісі еді. Ол қартайған соң, әрі қарай жоғары дәрежелі емтихандарға дайындалудан бас тартып, ауылға келіп, шәкірттерге білім беруге ден қойды. Бірнеше жылдың ішінде оның тәрбиесінен көптеген қабілетті жастар шықты: біреулері сөз тіркестерін құрастырып, екіншілері өлең шығаруға машықтанды. Ал олардың ішінде ерекше дарыны бар бір оқушы «Кайцзян» (емтиханға дайындық сабағы) жаза алатын деңгейге жетті. Мұны естіген ата-аналар қатты қуанды. Қыркүйектің тоғызында (Қытай күнтізбесі бойынша Чунъян мейрамы) ауыл тұрғындары жиналып, келесі жылы да осы мұғалімді шақыруға шешім қабылдады. Ван Жэнь сабақ беруін жалғастыратынын естіп, көңілі көтерілді. Бұл ерекше дарынды оқушының әкесі Фан Би Кай есімді адам еді. Оның үйінің алдында екі үлкен ағаш өсіп тұрғандықтан, ауылдастар оны «Үлкен ағаш басындағы Фан әулеті» деп атайтын. Фан Би Кай баласының осындай жетістікке жеткеніне риза болып: «Келесі жылдан бастап мұғалімге қосымша төрт гуань (мыс тиын) беремін», - деді.
Бұл мәселе осылай шешілді.
Бірде Фан Би Кай сөзін жалғастырып:
- Тағы бір маңызды мәселе бар. Осы сәтті пайдаланып, сізбен ақылдасқым келеді, - деді.
Чжао ақсақал:
- Қандай мәселе? Айта бер, - деп жауап қатты.
Фан Би Кай былай деді:
- Үлкен мырза (жас мандарин) журан атанды, енді астанаға барып, мемлекеттік емтиханға қатыспақ. Біз туыс ретінде қолдау көрсетуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан оған екі жүз күміс (лян) беру туралы шешім қабылдадым. Бұл – оның жол қаражаты болсын.
Чжао ақсақал:
- Бұл мүмкін емес! Сен ауқатты адам емессің, қалайша мұнша көп ақша бере аласың? - деп таңдана сұрады.
Фан Би Кай күлімдеп:
- Қадірлі туысым, бұл сөзіңіз мені алыстатқаныңыз сияқты естіледі. Біз туысқан болған соң, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Үлкен мырза мемлекеттік емтиханға қатыса алмаса, бұл өте өкінішті болар еді. Сондықтан менің екі жүз күмісті беруім – адал ниетімнің белгісі. Егер сіз қабылдамасаңыз, демек мені құрметтемейсіз деген сөз, - деді.
20 тараудан үзінді
Чжэцзян аймағындағы шенеуніктерінің мінез-құлқы мүлде өзгеріп кетті. Үлкен-кіші барлық лауазымдылар күнде екі жүзден аса адам кеңсеге келеді - бірінің киімі жыртық, бірінің үстінде тозған шүберек, дәл бір қайыршылардың тобын елестетеді.
Бұрынғы әдет бойынша, кімнің етігі сәнді, кімдікі қалпағы жаңа, кімнің шапанының түсі ерекше – сол жағынан бір-бірімен бәсекелесетін. Ал қазір кімнің киімі ең жыртық болса, соны барлығы құттықтап:
- Аға, көп ұзамай жақсы қызметке тағайындалатын болдың! - деп қояды.
Арада екі-үш күн өтпей-ақ, расында сол адамға қызмет бұйырып қалады.
Шенеуніктер осы «қысқа жолды» білген соң, жұмысқа қатты мән бермей, бар күшін жыртық киім киюге салды. Ханчжоу қаласындағы барлық ескі-жыртық киім сататын дүкендерде бірде-бір тозған шапан қалмады; көне бұйым сататын орындардағы ескі етік, ескі бөріктер түгелдей таусылды. Өйткені бүкіл қала шенеуніктерінің ескі зат іздеп жүргенін білген соң, олардың бағасы шарықтап, жаңа киімнен екі есе қымбат болды. Біраз уақыттан кейін өзге уәлаят, округтегі шенеуніктер де орталыққа есеп беруге келгенде, орта хатшының осындай мінезін біліп, жаңа киіммен баруға қорықты да, амалсыздан ескі киім іздеуге кірісті. Бірақ ескі дүкендердің бәрін аралап шықса да, бірде-бір ескі зат қалмаған, тіпті екі-үш есе көп ақша ұсынса да сатып алатын жер жоқ. Араларында сыйластығы бар шенеуніктер бір-бірінен киімін уақытша қарызға алуға мәжбүр болды. Кейінірек Чучжоу аймағында бір кәрі қазы болды, ол көптеген жылдар бойы уезден сыртқа шықпай, өлке орталығына бармаған екен. Жаңа басқарушы қызметке келген соң, амалсыз бір рет баруына тура келеді. Өлкеге келе сала, көне киім жайлы желдей ескен хабарды естиді, бірақ тым кеш болып, енді киім сатып алатын да жер жоқ; әрі өзге қызметтестермен көптен араласпағандықтан, қарыз сұрайтын да ешкім табылмайды. Амалы таусылған қазы, амалсыз жаңа киімін киіп, басқармаға баруға бел буады. Жаңа басшы келе сала «шенеуліктер көне киім киіп, қарапайым жүруі» туралы жарлық шығарды, бір сәтте-ақ ел ішінде жаңа салт орнап, бәрі жыртық-жамау киім киетінді шығарды. Осындай кезде қарт қазының жаңа, жылтырақ шапан киіп келгенін көрген жұрттың бәрі таңырқайды; басқарушының өзі де оны көріп, таңданады. Орындарына жайғасқаннан кейін басқарушы шыдай алмай, қабағын түйіп сөз бастайды:
- Сіз әлі бұрынғы әдетпен жүрсіз ғой! Мен қызметке келген бетте жаңа тәртіп енгізгенмін. Тіпті барлаушы арқылы да сіздерге хабарлаттым. Енді бұл тәртіпті білетін уақыт болды емес пе?
Қазы дереу денесін тіктеп:
- Мырза, кеше ғана өлкеге келген бетте жұрттан сіздің жаңа тәртібіңізді естідім. Осыдан соң бір ескі шапан тауып киіп келейін десем, табылмады; табылған күннің өзінде оны сатып алуға шамам жетпейді, -дейді.
Басқарушы:
- Бұл қалай болғаны? -деп сұрайды.
Қазы:
- Мырза, сіз бұл бұйрықты бергеннен бері, қаладағы барлық қызметкерлер сіздің сөзіңізден аса алмай, жаңа киіммен келуге қорқады. Амал жоқ, бәрі ескі киім сатып алуға көшті. Бірақ ескі киімнің бағасы жаңа киімнен екі есе қымбаттап кеткен. Бұл менің үстімдегі шапан - қызметке келген жылы тігілген. Басқа біреулер болса, баяғыда тоздырып алар еді. Бірақ мен әр киген сайын ерекше ұқыптап, сақтап жүремін. Сол үшін ол әлі жаңа сияқты. «Чжуцзының отбасы бөлімінде: “Бір жіп, бір тал мата - қайдан келгенін ойла” деген сөз бар. Мен өмір бойы осыны берік ұстандым.
Бұны естіген басқарушының көңілі жадырап, жүзінен жұмсақтық білінеді:
- Шындап келгенде, ескі киімді өзің сатып алудың қажеті жоқ қой; достарыңнан сұрап кисең де болады. Бұрынғылар айтқан: “Семіз атқа мін, жұқа тон ки, достармен бөліс, тозса да өкінбе” деген.
Қазы бірден қатқыл үнмен жауап береді:
- Мырза, достың киімін алуға болады. Бірақ оны сізге көріну үшін ғана киіп, кейін қайтарып беру керек. Ал мен досымның киімін қайтарып берген соң не болады? Қайтадан жаңа киімді киюге тура келеді. Бұл менің ескі киім киіп, сізді алдап шыққаным болады ғой. Менің қолымнан келмейтіні - осы. Мырзаны алдау - мен үшін өліммен тең. Егер сіз мені қызметтен алып тастасаңыз да, жазаласаңыз да, мен ренжімеймін; бірақ алдап-арбауға бар деп бұйырсаңыз - оған мен жаным шығып кетсе де көнбеймін!
Басқарушы ішінен: «Мынау адам шын берік екен, әр сөзі орынды, енді не десем?» - деп ойлайды да, дереу күлімдеп:
- Ағай, сіз нағыз адал адам екенсіз, мен сізді құрметтеймін! Бүкіл Чжэцзянда сіз секілді шынайы адамдар көп болса, басқару ісі түзелмей ме? - дейді.
Содан соң одан елдің жайын, егіннің күйі жайлы сұрап, шай ұсынып шығарып салады.
Кейін сол қазы жаңа киіммен бірнеше рет келіп кетсе де, басқарушы оған мән бермейді, қайта оны қатты бағалайды. Біраз уақыт өткен соң басқармада бір орын босайды. Басқарушы оны осыған лайық деп санап, тағайындады.
Қазы бұл қызметке қатты қуанады. Қызметіне кіріскен соң, шынымен де өте таза, әділ жұмыс істеді. Бұрын жыртық киім киіп жүрген өзге шенеуніктер оның мұндай жақсы қызметке өскенін көріп:
- Біз жыртық киім киіп жүріп те өспедіқ, ал ол жаңа киіммен жүріп-ақ қалай жақсы орынға барды? - деп таңқалысады.
Кейін сұрастырып отырып, оның бұл қызметке адалдығы үшін, шыншылдығы үшін, басқарушының ерекше құрметіне ие болғанынан хабардар болады.
Осылайша, айла таптық деп ойлағандар керісінше ұтылып, өкінумен қалады, бірақ бәрі тым кеш еді.
Бұдан әрі сөз басқаға ауады. Басқарушы осы үнемшілдік саясатын енгізгеннен кейін, халық арасында оның аты жақсы шығып, «таза, әділ, парасатты» деген атаққа ие болады. Ол өзі де бұған масаттанып, осы беделді пайдаланып, тәртіп орнатып, басқару ісін түзеуді, елге пайда тигізуді ойлайды.
Нұрхалық Абдырақын
Abai.kz