«Үздік мерген» байқауы: Құқықтық білім, салауатты өмір
Құқықтық білім мен салауатты өмір салтын қолдауға қосқан үлес
2025 жылдың 5 желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Заң факультетінің Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының Қылмыстылыққа қарсы тұру мәселелерін зерттеу институты мен Сарапшы-криминалист студенттік ғылыми үйірмесінің ұйымдастыруымен халықаралық университетаралық деңгейдегі “Үздік мерген” атты байқаудың марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқау 2025 жылдың 15 және 27 қыркүйек күндері аралығында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Долан ауылында орналасқан Қазақстан Республикасының мамандандырылған оқу орталығының Ату клубында өткізілген болатын.
Шара Тұрақты даму мақсаттарының 3-бағыты – “Салауатты өмір салты және салауаттылықты қолдау” аясында ұйымдастырылып, жастар арасында жауапкершілікті, дәлдік пен төзімділікті дамытуға бағытталды.
Байқаудың негізгі мақсаты – отаншыл, тәртіпті, ел қауіпсіздігі үшін маңызды дағдыларға ие жас буынды тәрбиелеу, студенттердің бір-бірімен ынтымақтастығын арттыру және кәсіби дағдыларын дамыту.
Биылғы Президенттің Жолдауында атап өтілгендей, еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, заң үстемдігін орнықтыру және құқық қорғау саласында білікті кадрларды даярлау – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, “Үздік мерген” байқауы – жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, тәртіп пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ “Заң және тәртіп” бағытындағы мемлекеттік саясатпен үйлесетін практикалық дайындыққа мүмкіндік беретін маңызды платформа.
Байқауға: Санкт-Петербург кәсіподақтар гуманитарлық университеті Алматы филиалы; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті; Туран университеті, Бердақ атындағи Қарақалпақ давлат Университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті және Қонаев университетінің студенттері қатысты.
Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Б. А. Шопабаев арнайы дайындалған I, II және III дәрежелі дипломдарды табыстады. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Заң мен тәртіпті құрметтейтін, ел қауіпсіздігіне бей-жай қарамайтын кәсіби мамандарды даярлауға үлес қосатын мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Әбдімәлік А.
Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының з.ғ.к., аға оқытушысы Даубасов С.Ш., 7M04220 Криминалистикалық сараптамалар 1 курс магистранты
Abai.kz