Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Алаң 132 0 пікір 19 Желтоқсан, 2025 сағат 15:04

Мұнайдың триллиондары қашан қайтады?

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

2025 жылы 17 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның шетелдік корпорациялардың елімізге тигізіп жатқан экологиялық зардаптары мен тендер тәртібін бұзып, мердігерлік міндеттемесін орындамай, келтірген шығындары үшін төлеуі тиісті триллиондардың төленбей келе жатқаны туралы ел экономикасы үшін ерекше маңызы зор күрделі мәселені көтеріп, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауал жолдады.

17 желтоқсан - дүниені дүр сілкіндірген, Кеңес Одағында тұңғыш рет қызыл империяның іргесін шайқаған 86 жылғы Қазақ жастарының Азаттық үшін алаңға шыққан күні - Желтоқсан қаһармандарына тағзым етіп, рухтары пейіште шалқи бергей дейміз. Қазыбек Иса депутаттық сауалын Желтоқсан қаһармандарына тағзым етіп, бұл күннің қасиетіне мән беруден бастады.

2023 жылы көктемде Қазақстан билігі шетелдік компанияларды тендер тәртібін бұзды, мердігер міндеттемесін толық орындамады деп айыптап, серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразылық жасап, қайтаруды талап етті.

2023 жылы наурыз айында Қашаған жобасынан экологиялық талаптар бұзылды деп North Caspian Operating Company N.V. 2,3 трлн теңге - $5,1 млрд доллар (сол кездегі курс бойынша) көлемінде айыппұл талап етті.

Алайда, екі жылға созылған сот дауларының нәтижесінде мемлекет жеңіліп, бұл айыппұлдар әлі өндірілмей отыр.

2023 жыл мен 2025 жылғы доллар курсы бойынша теңгенің құнсыздануы салдарынан айыппұл 1 млрд. долларға жуық азайды. Сонда біз істі екі жыл созып жүріп, басқаларын айтпағанда, тек 5,1 млрд доллардан тағы 1 млрд долларға жуық жоғалттық.

Отыз жылдан бері сол кездегі билік пен инвесторлардың құпия келісім-шарттары кесірінен халыққа мұнай мұхитынан тамшы ғана тиіп отырғаны аздай, енді миллиардтаған доллар айыппұл мен өтемақыдан айрылып отырмыз! Бұған қашан қол жеткіземіз?

Шетелдік компаниялардың елімізге келтірген шығындары үшін төленуі тиіс триллиондар қайда?

Айыппұлдардың теңгемен белгіленуі – шетелдік компанияларға тиімді, ал мемлекет үшін зиянды!

Жалпы Қазақстан шетелдік компаниялар заңсыз иеленіп отыр деп, талап еткен 8,6 триллион тг, экологиялық айыпақыдан ала алмай отырған 2,3 трлн тг, бәрі 11 триллион теңге - біздің елдің бір жылдық бюджет кірісінің жартысынан асып кететін алапат қаржы ғой?!.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КҮРДЕЛІ ДАУЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫМЫЗ ДАЙЫН ЕМЕС!

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Отыз жылдан астам Қазақтың мұнайын - қара алтынымызды қалауынша игеріп жатқан шетелдік компаниялармен есеп айырысу қалай болуда! Осы маңызы зор мәселені нақты ретке келтіру қажет деп білеміз.

Шетелдіктермен стратегиялық кен орындары жайлы 90-шы жылдары жасалған Өнімді бөлу Келісімдері (ӨБК) қашанда елдің емес, тек инвестордың мүддесі мен пайдасын ғана қорғайтын келісім. Сондықтан, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы: «Өнімді бөлу туралы бұрынғы келісімдер 30 жыл бұрын мүлдем басқа жағдайларда жасалған және ұзарту кезінде оларға өзгерістер енгізу қажет» деп мәлімдеп, Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ел экономикасы үшін ерекше маңызы зор осы мәселе әлі шешілмей келеді...

«Ақ жол» Демократиялық партиясы, өнімді бөлу тетігінің әділетсіздігі туралы мәселені Парламентте бірнеше рет көтерді.

1.2023 жылы көктемде Қазақстан билігі шетелдік компанияларды тендер тәртібін бұзды, мердігер міндеттемесін толық орындамады деп айыптап, серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразылық жасап, қайтаруды талап етті. (Bloomberg).

Қазақстан NCOC (Қашаған жобасының операторлары консорциумы) мен Karachaganak Petroleum Operating BV компанияларын халықаралық арбитражға берді.

Мемлекет айыптаған негізгі тұстар:

1.Компаниялар тендер мен өнімді бөлу туралы келісімнің шарттарын бұзды;

2.Қашаған бойынша мердігер міндеттемелерін толық орындаған жоқ;

3.Осыдан Қазақстан шығындарға ұшырады және уақтылы жобаны жүзеге асыра алмады.

Осы инвесторлар пайдаланып кеткен 16,5 млрд доллардың жағдайы не болды? Бұл 8,6 триллион теңге!

2.Айыптар тек тендер мен міндеттемені орындау мәселесіне ғана қатысты емес. Оған қоса Қазақстан 2023 жылы наурыз айында Қашаған жобасынан экологиялық талаптар бұзылды деп North Caspian Operating Company N.V. 2,3 трлн теңге - $5,1 млрд доллар (сол кездегі бағам бойынша) мөлшерінде экологиялық айыппұл төлеу туралы талап қойды.

Атап айтқанда, мәселе, сірке қышқылын сақтау нормаларының бұзылуында болып отыр: рұқсат етілген 773 мың тоннаның орнына, 2,5 есе көп — 1,7 млн тонна орналастырылған және т.б.

Кейінірек, бұл айыппұл, шамамен 150 млрд. АҚШ доллары көлемінде (Bloomberg) өтемақы туралы жиынтық талаптарға дейін кеңейтілгені хабарланды.

3. Алайда, екі жылдық сот процестерінің қорытындысы бойынша даудан ұтылып, осы уақытқа дейін бұл айыппұл өндірілген жоқ.

Бұл ретте, сарапшылардың бағалауы бойынша, теңгенің 2023 және 2025 жылдар арасындағы долларға шаққандағы бағамдық айырмасының нәтижесінде, теңгемен есептелген айыппұл сомасы шамамен 1 млрд. долларға қысқарған.

Басқаша айтқанда, істің екі жыл бойы созылып кетуі, қалай болғанда да, валюта бағамының құбылуына байланысты, теңгемен есептелген Қазақстан талаптарының долларлық мәнде орасан зор сомаға қысқаруына әкеп соқты.

Мұндай жағдай, әрине, шетелдік компаниялар үшін тиімді, бірақ Қазақстан үшін зиянды. Сонда біз істі екі жыл созып жүріп, басқаларын айтпағанда, тек 5,1 млрд доллардан тағы 1 млрд долларға жуық жоғалттық.

Яғни, осы уақыт ішінде консорциум миллиардтаған қаржылық пайда көрді, ал Қазақстан бюджеті миллиардтаған шығынға батты.

4.Отыз жылдан бері сол кездегі билік пен инвесторлардың Өнім табысын бөлудің құпия келісім-шарттары кесірінен халыққа мұнай мұхитынан тамшы ғана тиіп отырғаны аздай, енді енді мемлекетке шетелдік компаниялар өтеуден бас тартып отырған орасан зор экологиялық зиян да келтіріп отыр.

5. Тіпті триллиондаған теңгемен есептелген экологиялық айыппұлдар, сондай-ақ шетелдік консорциумдардың тендерлік рәсімдерді бұзғаны және мердігерлік міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұлдардың әлі күнге өндірілмегенін қалай түсінуге болады?

Неліктен мемлекеттік органдар өз талаптарын дәлелдей алмады?

Халықаралық арбитражда Қазақстанның ұтылуының себебі неде?

6. Бұндай жағдай ұлттық мүдделерге тікелей зиян келтіріп қана қоймай, мемлекеттік органдардың осындай деңгейдегі күрделі дауларға дайын еместігін де көрсетіп отыр.

Жалпы шетелдік компаниялар заңсыз иеленіп отырған 16,5 млрд доллар - 8,6 триллион тг, айыпақыдан ала алмай отырған 5,1 млрд доллар - 2,3 трлн тг, бәрі 11 триллион теңге - біздің елдің бір жылдық бюджет кірісінің жартысынан асып кететін алапат қаржы ғой?!.

«Ақ жол» демократиялық партиясы мұндай ахуалмен келісуге болмайды және осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет деп санайды.

7.Біріншіден, мұндай айыппұлдарды теңгемен белгілеу – біздің мемлекет үшін зиянды, ал шетелдік компаниялар үшін тиімді тәжірибе болып отыр. Мұнай экспорттаушылардың табысы доллармен есептеліп, ал айыппұлдарды теңгемен белгілеу даулардың қаралуы барысында олардың құнсыздануына әкеп соғады.

Екіншіден, шетелдік корпорациялар ішкі нарыққа мұнай жеткізбейді, жанар-жағармай бағасын тежеуге ықпал етпейді, бірақ сонымен қатар, ұлттық байлығымыздан шамадан тыс пайда көруде.

Үшіншіден, мемлекеттік органдардың талап-арыздарды ұзақ уақыт дайындауы және сот талқылауларының созылуы да, шетелдік корпорациялардың мүддесіне жұмыс істеп, тіпті арбитражда жеңіске жеткен жағдайда да, талаптар сомасының төмендеуіне әкеледі.

Бұл ретте мынаны ескерген жөн:

  1. Экология – мемлекеттің егемен құқығы болып табылады (police powers доктринасы);
  2. Экологиялық залал, жалғасып жатқан құқық бұзушылық сипат алған;
  3. Күкіртті сақтау көлемі объективті түрде асырылған;
  4. Өнімді бөлу туралы келісімдер, инвесторларды экологиялық заңнаманы сақтаудан босатпайды.

Осындай салмақты дәлелдер бола тұра, халықаралық соттан ұтылу - біздің өкілдеріміздің кәсіби дайындық деңгейіне қатысты сұрақтар туындатады.

«Ақ жол» фракциясы аталған бұзушылықтарға жол берген шетелдік инвесторларды жауапқа тарту жөніндегі Үкіметтің іс-қимылын қолдайды.

«Ақ жол» партиясы Ұлттық мүддені қорғау үшін Үкіметтен шұғыл және нақты шаралар қабылдауды талап етеді:

  1. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы –экспорттаушыларға арналған ірі айыппұлдарды, олардың табысын алатын валютада есептеуді міндеттеу;
  2. Шетелдік корпорациялар соттық және бюрократиялық созбалаңдық арқылы девальвациядан пайда көретін тәжірибеге нүкте қою;
  3. Аталған даулардың халықаралық арбитражда ұтылу себептеріне талдау жасау. Дұрыс дайындық пен ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау бойынша ары қарайғы әрекеттерге қорытынды жасау.

Құрметпен, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары:

Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Дания Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Олжас Нұралдынов

Abai.kz

0 пікір