Сәрсенбі, 7 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 263 0 пікір 6 Қаңтар, 2026 сағат 15:07

42 клиника БЖЗҚ-дан заңсыз 200 млрд теңге шығарған

Сурет: Дент Сити сайтынан алынды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-дан азаматтардың зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Агенттік мәліметінше, зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған.

Аталған "қызмет" үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.

Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз шығарылған.

"Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған, сондай-ақ қаражатты жасыру мақсатында мүлікті үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.

Қазіргі уақытта 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған, ал үш адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған", – деп жазды агенттіктен.

Сонымен қатар жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу мақсатында медициналық мекемелердің бірқатар дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын бергені анықталған. Бұл эпизодтар бойынша күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.

Abai.kz

0 пікір