Дүйсенбі, 2 Ақпан 2026
Қоғам 313 0 пікір 2 Ақпан, 2026 сағат 15:21

Жаңа Конституция жобасы: Билік және тіл мәселесі

Сурет: adyrna.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда жаңа Ата заң жобасы халықтық талқыға ұсынылды. Конституция  мемлекеттің құқықтық қаңқасы ғана емес, билікті шектеу мен азаматтардың құқығын қорғаудың басты құралы. Сондықтан кез келген өзгеріс қоғам үшін стратегиялық маңызға ие. Алайда ұсынылып отырған жобаға қатысты бірқатар елеулі сұрақтар мен алаңдаушылықтар туындап отыр.

Қайрат Жолдыбайұлы жаңа Конституция жобасындағы президенттік билікті шамадан тыс күшейтетін тұстарға назар аударады. Оның пайымынша, бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті әлсіретіп, бақылау механизмдерін формалды сипатқа айналдыруы мүмкін.

Құрылтайды тарату тетігі: келісім емес, қысым механизмі ме?

Жобадағы ең даулы нормалардың бірі – Құрылтайды таратуға қатысты баптар. Атап айтқанда, 46-баптың бірнеше тармағында егер Құрылтай Президент ұсынған Вице-Президентті, Премьер-Министрді немесе Конституциялық сот судьяларын тағайындауға қайтара келісім бермесе, Президенттің Құрылтайды тарату құқығы қарастырылған.

Бұл норма формалды түрде “келісім” институтын сақтағанымен, мазмұны жағынан депутаттардың еркін таңдау жасау мүмкіндігін шектейді. Өйткені мұндай жағдайда әрбір депутат “келіспесем – мандаттан айырыламын” деген саяси қысыммен шешім қабылдауға мәжбүр болады. Нәтижесінде Құрылтай билікті бақылайтын тәуелсіз орган емес, Президент шешімдерін автоматты түрде бекітетін құрылымға айналу қаупі бар.

Сот және бақылау органдары: бір орталыққа бағыну қаупі

46-баптың 5-тармағында Президентке елдегі ең маңызды бақылаушы және қадағалаушы институттардың басшыларын тағайындау және қызметтен босату құқығы толықтай берілген. Олардың қатарында Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот төрағалары, Бас Прокурор, ҰҚК төрағасы, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата, тіпті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де бар.

Бұл құрылымдардың негізгі міндеті – атқарушы билікті, соның ішінде Президенттің әрекеттерін қадағалау. Алайда олардың барлығы бір адамның шешімімен тағайындалатын жағдайда билікті бөлу қағидаты туралы сөз қозғау қиын. Мұндай жүйе демократиялық тепе-теңдікке емес, биліктің бір қолға шоғырлануына қызмет етеді.

Президенттің жауапкершілігі: конституциялық парадокс

Жаңа жобаға сәйкес, Президент тек “мемлекетке опасыздық” жасаған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал өкілеттігін атқару барысында жасалған өзге де әрекеттері – жемқорлық, билікті асыра пайдалану, құқық бұзу – қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен тыс қалып отыр.

Бұл норма “барлығы заң алдында тең” деген конституциялық қағидаға қайшы келеді. Егер мемлекет басшысы миллиардтаған қаржыны заңсыз жұмсаса да, ол үшін жауап бермесе, онда құқықтық мемлекет туралы ұғымның өзі мәнін жоғалтады. Автор мұны “қорғану амалына айналған конституциялық парадокс” деп бағалайды.

Саяси жүйе және өкілдік мәселесі

Жоба бойынша Конституцияның 84 пайызы өзгермек. Соның ішінде мажоритарлық жүйеден бас тартып, партиялық тізім арқылы сайлауға қайта оралу ұсынылып отыр. Бұл өзгерістің астарында билікке ыңғайсыз, дербес ойлайтын тұлғалардың Парламентке өту жолын шектеу мақсаты жатқаны жасырын емес.

Ал қалған түзетулердің шынайы себептерін саясаттанушылар мен заңгерлер талдай жатар. Алайда қоғам үшін ең маңызды сұрақ – бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейте ме, әлде керісінше шектей ме?

Тіл мәселесі: тағы да кейінге қалдырылған тағдыр

Автордың ерекше қынжылатын тұсы – мемлекеттік тіл мәселесінің тағы да шет қалуы. Тәуелсіздік алғанына 35 жыл болса да, қазақ тілі әлі күнге дейін Конституцияда орыс тілімен тең дәрежеде “қатар қолданылатын” тіл ретінде көрсетіліп келеді. Нәтижесінде ресми іс жүргізу мен мемлекеттік мекемелерде орыс тілі үстемдігін сақтап отыр.

Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – ұлттың тарихи жады, ойлау жүйесі, мінезі мен дүниетанымының көрінісі. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесі Конституцияда нақты әрі дара айқындалмайынша, ұлттық идеология туралы әңгіме бос сөз күйінде қала бермек.

Қайрат Жолыдбайұлының талдауы жаңа Конституция жобасының бірқатар тұстары қоғам үшін қауіпті прецеденттер қалыптастыруы мүмкін екенін көрсетеді. Билікті шектеудің орнына оны күшейту, бақылаушы институттарды әлсірету, жауапкершілікті жою және тіл мәселесін тағы да елемеу — бұл өзгерістердің басты ортақ сипаты.

Ата заң – билікке ыңғайлы құжат емес, халықтың құқығын қорғайтын қалқан болуы тиіс. Сондықтан мұндай түбегейлі өзгерістер қоғамдық кең талқылаудан өтіп, әрбір тармағы ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қаралуы қажет.

Abai.kz

0 пікір