Сейсенбі, 3 Ақпан 2026
Күбіртке 1266 0 пікір 3 Ақпан, 2026 сағат 14:30

Теріскей желі: Еуразияшылдық және Конституция дауы

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Кеше ғана күннің көзі шығып, қар жіпсіп, шатырдағысы еріп, төбеден тамып тұр еді, бүгін жел терістікке ауысып алыпты. Жел терістіктен соқса күннің көзінен пайда жоқ. Құдайдың құдіреті сол, төрт құбыла дейміз, бірақ бәрі бірдей бізге жайлы емес.

***

Қазақ шежіресін жазамын деп, қағаз басты болып саяси-қоғамдық өмірден сырт қалып қойыппыз. Бір жағынан сол жаққа қарай басқың да келмейді, бірақ адамға қоғамнан сырт өмір сүруге болмайды. Бұл біздің қазақ азаматтық қоғамының дәстүрі, Совет үкіметі қырып-жойып бұл дәстүрді тоқтата алмаған.

Жас оқытушы кезімізде ҚарМУ-дың жатақханасында тұрдық. Казарма сияқты еді. Бір жолы қыста әкем келді. Өмірінде бір келгені. Қазір ойласам немересін сағынып, бір иіскейін деп келген. Ертеңіне вокзалға шығарып салдым. Ерте келдік. «Сен отыра тұр» деп бір жаққа кетіп қалды. «Қайда барып келдіңіз?» десем, «Вокзалдың бастығына бардым. Біздің ауыл ертеде үлкен колхоз болған, осы Қарағандыңды етпен де, ұнмен де асыраған. Автобустарың кейде бірнеше күн жүрмей қояды, дұрыс жүргізіңдер деп айтып келдім» дейді.

Өзін осы елдің азаматы деген адам қоғам шаруасынан сырт болмаса керек.

***

Құрылтай туралы әңгіме біз жаққа еміс-еміс келіп жатыр. Қызылордада (Ақмешіт деген дұрыс болар еді) өткен құрылтайда парламентті құрылтай атауға келістік дейді. Біреулер одан не өзгереді деп жатыр. Журналистер құрылтайды түсіндіріп беріңізші дейді.

Түсіндірсем – Құрылтай деген Түркі-моңғол халықтарының империялық институты. Оғыздың «қаған» атануына қарағанда Сақ дәуірінде де болған шығар, Ғұн дәуірінде болғаны сөзсіз. Империя құрамындағы ұлыс басшылары Қаған/император сайлайтын кезде, не ұлыстар арасында мәселе туындағанда Құрылтайға жиналады. Оның сән-салтанатын екі ауыз сөзбен сипаттау мүмкін емес. Қазіргі адам оны аздап көзге елестету үшін Олимпиада ойындарының ашылу-жабылу салтанатын есіне түсірсе болады.

Қазақ хандығы заманында құрылтай болды дегенді ешқандай деректерден естімедім, қариялар болды деп және айтпады. Кеңес болды дейді (Күлтөбенің басында күнде кеңес т.б.), құрылтай туралы ләм-мим, дерек жоқ. Кеңес дегенді ру аралық мәселелерді шешетін билердің үлкен жиындарына қатысты да қолданады, аталық әулетінің де кеңестері болған (Сайдалының сары кеңесі т.б.).

ХҮ ғасырдың 30 жылдары Қазақ хандығы құрылған соң империялық институттар жұмыс істеуін тоқтатқан. Мысалы біздегі Ноқта аға институты империялық дәуірде жұмыс істеп тұрған, кейін тек естелік әңгімелер ғана қалды. Сол сияқты құрылтай тарихи жадыда, шежіреде бар, шынайы өмірде жоқ. Екінші жағынан, осы империялық институттармен әуестенушілік бізге қаншалықты пайдалы? Орысқа айбат шегуге хәліміз жоқ, бірақ қыр көрсетуге қажет шығар? Ол жағын политологтар айтсын, қайдасыңдар политологтар?! Қазақ тарихын жазып бітірсеңдер, өз шаруаларыңа кіріссеңдер болар еді.

Біздің бауырлас өзбек көп заман Ақсақ Темірмен әуестенді, қане содан көрген пайдасы? Қазір Өзбекстан тарихында көзге бадырайып тұрған қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, ортағасырлық деректер Барақ хан өзбекті бастап Ұлықбекті Самарқандқа қуып тықты, содан мемлекет дағдарысы басталды дейді. Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді. Біздің де далбаңдап Алтын Ордаға, одан әрі Шыңғыс ханға жармаса бермегеніміз дұрыс. Қазақ атынан мәртебелі не бар? Еркін десең еркін, жауынгер десең жауынгер. Қазақ сөзі еуропалық рыцарь ұғымының баламасы, одан артық не керек сізге?!

***

Дугин деген философ Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттері деген жоқ, олар орыстың қарамағанда болуы керек деп, оны басқалары қостап жатса керек. Осы Дугинді кезінде Қазақстан төбесіне көтеріп жүрді. Еуразия университетінің құрметті профессоры еді т.б. Қашан көрсең сол кездегі ректор Мырзекең көкемен құшақтасып, үш қайтара шөпілдесіп сүйісіп жатқаны. «Еуразияшылдықтың» осылай аяқталарын бір адам болжамаған ба?! Мәскеудің, КГБ-ның бұрыңғы отарларды уыстан шығармау жоспарының бір бағыты осы. Назарбаев болса болмаса соларға қызмет жасады, мүмкін әлі де қызмет жасап жүр. Бұл шабуыл Кремльдің айтағымен болып жатыр дейді біздің эксперттер. Болғаны да жақсы. Біздің компрадор ұры билік, бойкүйез халық мүмкін естерін жинар.

***

Ес жинау қиын-ау, ес қалса жинауға болады, қалмаса ше? Тоқаев 7 трлн теңге көрші елге (шамасы РФ) қашып кетті дейді. Сұмдық! Мен бір жұма бұрын кіші қызыма үйімді ауыстырамын, жетпей тұр деген соң 1 млн теңге аудардым. «Алатау сити банк/бұрыңғы «Жусан» аты-жөніне қарасаңшы, фамилиямда тұр ғой дегеніме болмады, мені кәдімгідей тексерді. Сонда менің 1 млн-ды тексеріп жүрген банк 7 трлн-ды неге тексермейді? Ендеше бұл ұрлық, ақшаны шет елге шығару тікелей ең жоғары билік тарапынан қолдау тауып отыр. Әр жылы 12-20 млрд доллар, мүмкін одан да көп ақша Қазақстаннан шет елге алаяқтық жолмен шығарылады дейді. (Боқтайын десең оқырманнан ұят).

Алаяқтар билеген ел болдық. Баяғыда Ленин «екі Ресей бар» деуші еді, бізде екі Қазақстан бар. Бірі ұры, компрадор, ұрлаған байлығын шет елге тығып, қазақты әр минут-сағат сайын сатып жатқан Қазақстан, екіншісі маңдайының терін төгіп, жаздың ыстығында, қыстың суығында еңбек жасап, малын өсіріп, егінін орып, өзге қызметін атқарып, базарда күнкөрісін тауып жүрген Қазақстан. Бұл екеуі ертелі-кеш шекіспей қоймайды, тарихтың заңдылығы сондай.

***

Осы шекісудің алдын алатын заңдар жинағын біз Конституция дейміз және оны биліктің ыңғайына қарай өзгертуден шаршамаймыз. Ол Конституция дұрыс жұмыс істеп те тұрған жоқ, Назарбаев оның беделін баяғыда кетірген, бірақ «на всякий случай» өзгертіп қоямыз.

Бұл жолы Конституцияның 84 пайызы өзгереді дейді, осыны естіген соң жаңа жобаны шолып шықтым. Біздің заңгерлердің жұмысы, солардың пікірі маңызды, ал мен этнолог/антрополог ретінде не айта аламын? Дегенмен бізге де жұмыс бар екен, мен өзіме жақын бір ғана ереже туралы айтайын. Бұл 22-ші бап, біріншіден, әр адам өзінің қай ұлтқа жататынын өзі айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы, екіншіден, әр адамның ана тілін, мәдениетін қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар. Естеріңізде болса мен бірнеше жыл бойы «әр адам өзінің қай ұлтқа жататынын өзі айқындауы керек» дегенді айтып-жазып келемін. Қазақ тіліне, діліне, мәдениетіне, әдет-ғұрпына көштің екен, сен этникалық жағынан кім болсаң да қазақ ұлтының өкілісің. Осы түсінік ақыры Конституциядан көрініс тапты, енді қоғамдық ұйымдар баталасу арқылы бұл процессті әдемілеп реттеп, бейімдеп жіберуі керек.

Бірақ осы бапта бір одағай сөз тұр, ол «әр адам өзінің қай ұлтқа жататынын өзі айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы» деген сөйлемдегі «ұлт» деген сөз. Егер ҚР-да бір ғана ұлт болатын болса, яғни бір мемлекет- бір ұлт (nation-state), онда басқа ұлттар бізге қайдан келді? Бұлар шамасы менің «Қолданбалы этносаси зерттеулер институтына» арнайы жазып берген «Национальное строительство в РК: историко-этнологический обзор» деген дүниемді оқымаған. Қазақша түсінбей қалады-ау деп орыс тілінде жазып бердім, кітап қылып шығарыңдар, таратыңдар дедім, енді келіп этнос пен ұлттың айырмашылығын Конституция жобасын жасағандар түсінбей отыр. Құдай сақтағанда бұрыңғы «ҚР көп ұлтты мемлекет» дегенді алып тастапты, бұған да шүкір.

***

Сонымен бұл постты да жазып бітірдік, далаға шықтым, күннің көзі жарқырап тұр (Жүсіпбектің күннің көзін сипаттайтын «Күнікейдің жазығын» оқыңыздаршы), теріскейден соққан жел сәл саябырсыпты, бірақ салқын.

Дегенмен күннің көзі жеңбей қоймайды, бізге де жарқыраған жаз келеді. Осы ақпан жаңбырмен аяқталып, наурыз қармен басталады ма, сондай бірдеме болса керек.

Проф. Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

0 пікір