Ұлы даладан Үнді мұхитына: жаңа серіктестік бағыты
2026 жылғы 3 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабадқа мемлекеттік сапармен барды. Бұл сапар Қазақстанның сыртқы саудада оңтүстік бағытқа белсенді бет бұра бастағанын көрсетті.
Әлемдік логистикалық бағыттар өзгеріп жатқан кезеңде Пәкістан Астана үшін жай ғана серіктес емес, Үнді мұхитына шығатын стратегиялық қақпаға айналып отыр. Карачи мен Гвадар порттарымен байланыс теңізге тікелей шығуы жоқ Қазақстан үшін географиялық шектеуді артықшылыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Келіссөздердің басты мақсаты - ынтымақтастықты нақты келісімдермен бекітіп, транзитпен қатар 250 миллионнан астам халқы бар Оңтүстік Азия нарығына тікелей жол ашу.
Соңғы жиырма бес жылда екі ел арасындағы байланыс біртіндеп дамыды. 2000-жылдардың басында сауда көлемі жылына 25–30 миллион доллар шамасында болса, 2016 жылдан кейін әріптестік жүйелі сипат алды. 2023 жылы тауар айналымы 138 миллион долларға жетті, ал 2024–2025 жылдары өсім қарқыны айқын үдей түсті: 2025 жылдың алғашқы он бір айында сауда көлемі екі еседен астам артты, Қазақстан экспорты бірнеше есе көбейді.
Екі елдің экономикалары өзара толықтырушы сипатқа ие. Қазақстан Пәкістанға астық пен металл экспорттаса, Пәкістаннан тоқыма, дәрі-дәрмек және азық-түлік келеді. Күріш пен маусымдық көкөністер ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын ұстап тұруға ықпал етеді. Келіссөздер сауданы кеңейтіп, оны тұрақты арнаға бағыттауды көздейді. Ұзақ мерзімді перспективада екіжақты сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу әлеуеті бар.
Агроөнеркәсіптік ынтымақтастық бұл өзара іс-қимылдың ең перспективалы бағыттарының бірі. Қазақстан Пәкістанды астық өнімдерін өткізудің сыйымды нарығы әрі Африка мен Таяу Шығысқа шығатын транзиттік хаб ретінде қарастырады. Пәкістан порттарында логистикалық инфрақұрылымды дамыту және бірлескен өңдеу қуаттарын құру серіктестікке ұзақ мерзімді сипат береді. Бұл өзара іс-қимыл азық-түлік тұрақтылығын күшейтеді: Қазақстан астық пен минералдық тыңайтқыштарды тұрақты жеткізсе, Пәкістан маусымдық көкөніс-жеміс өнімдерімен қамтамасыз етеді. Қосымша әлеует «Халал» стандарттарын біріздендірумен байланысты, ал фитосанитарлық және ветеринарлық келісімдер экспорттағы техникалық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Маңызды бағыттардың бірі ол көлік және логистика. Карачи, Касим және Гвадар порттарын пайдалану Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына тікелей шығуға жол ашады. Ауғанстан мен Иран арқылы өтетін бағыттар дамыған жағдайда жүк жеткізу мерзімі 10–12 күнге дейін қысқаруы мүмкін. «Түркіменстан - Герат - Қандағар - Спин-Булдак» теміржол дәлізі де болашақта Еуразиядағы жаңа көлік желісінің бір бөлігіне айналуы ықтимал.
Сапар барысында транзиттік сауда туралы келісім мен теміржол және порт инфрақұрылымына қатысты меморандумдар әзірленеді. Олардың мақсаты - тауар өткізу рәсімдерін жеңілдетіп, бизнес шығындарын азайту. Сонымен қатар логистиканы цифрландыру, электронды жүк құжаттарын енгізу және цифрлық дәліздер құру мәселелері қарастырылуда.
Қорыта айтқанда, Пәкістан бағыты Қазақстан үшін тек жаңа нарық емес, оңтүстік логистикалық торапқа айналып келеді. Жоспарланған келісімдер іске асса, бұл елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп, сыртқы экономикалық байланыстарын едәуір нығайтады.
Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы,
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты орталығының директоры
Abai.kz