"Халық үні" тәуелсіз бақылаушылар тобының қорытынды мәлімдемесі
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы 15-наурызда референдум барысын бақылады. Бүгін топ өкілдері референдумға қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеме мәтінін төменде толық ұсындық.

2026 жылғы 16 наурызда «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының орталық штабы 15 наурыз күні өткен референдумдағы дауыс беру процесін бақылау нәтижелері бойынша алдын-ала есепті жариялайды.
Референдум күні «Халық үні» қозғалысының бақылаушылары Қазақстанның 11 қаласындағы 1200-ден астам сайлау учаскесінде дауыс беру процесіне мониторинг жүргізді. Бақылаудың мұндай ауқымды көлемі еліміздегі көптеген учаскелердегі жағдайдың объективті көрінісін алуға мүмкіндік берді.
«Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы, референдум өтетін күн жарияланғаннан кейін біріккен белсенді азаматтардың қозғалысы. Қозғалыстың негізгі штабы Алматы қаласында орналасқан. Сонымен қатар, қозғалысты қолдаушылар мен бақылаушылар желісі Қазақстанның әртүрлі өңірлерін қамтыды.
Алматыдан бөлек, бақылау жұмыстары Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Семей, Тараз, Қонаев және Талдықорған қалаларында жүргізілді. Осылайша қозғалыстың бақылау миссиясы елдің негізгі елді-мекендерін қамтып, дауыс беру барысы туралы жан-жақты мәлімет жинауға мүмкіндік алды.
Бақылау миссиясына дайындық аясында 11 қалада 2000-нан астам азамат электоралдық бақылау әдістері бойынша арнайы оқытудан өтті. Бақылаушыларды оқытуды қоғамдық-саяси процестер саласындағы танымал сарапшылар — белгілі саясаттанушы Дос Көшім және қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков іске асырды.
Оқыту қорытындысы бойынша, дайындықтан өткен азаматтардың ішінен 1200 бақылаушы іріктеліп, оларға сайлау учаскелерінде бақылау жүргізу үшін ресми жолдамалар берілді.
«Халық үні» қозғалысы өзіне алған міндеттемелерді толық орындады. Дауыс беру күні біздің бақылаушылар таңертеңнен бастам барлық рәсімдер аяқталғанға дейін учаскелерде жұмыс істеп, азаматтық бақылауды барынша толық әрі сапалы жүргізуге күш салды.
Жалпы алғанда, дауыс берудің негізгі рәсімдері қолданыстағы заңнама аясында өткенін атап өтуге болады. Біздің өкілдердің бақылауына сәйкес, сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды, ал учаскелік комиссия мүшелерінің басым бөлігі қажетті кәсіби және ұйымдастырушылық дайындық деңгейін көрсетті.
Сонымен қатар, бақылау барысында әртүрлі сипаттағы 200-ден астам заңбұзушылық фактісі тіркелді. Бұл жағдайлар уәкілетті органдар тарапынан талдауды және назар аударуды қажет етеді.
Бақылаушылар тарапынан ең жиі тіркелген заңбұзушылық фактілері мыналар болды:
— бірнеше адамның бір мезгілде дауыс беру кабиналарына бірге кіруі, бұл дауыс беру құпиялылығы қағидатына қайшы келеді;
— бақылаушыларды тіркеуден бас тарту, сондай-ақ олардың заңды қызметі мен құқықтарына немқұрайлы қарау;
— сайлаушылар мен учаскелік комиссиялар арасындағы кикілжіңдер;
— жеке куәлік көрсетпей дауыс беруге талпыну;
— сондай-ақ өзге де жекелеген рәсімдік бұзушылықтар.
Әрбір тіркелген жағдай бойынша бақылаушылар тиісті актілер мен хаттамалар рәсімдеді. Бұл құжаттар анықталған фактілерді ресми түрде тіркейді. Қазіргі уақытта алынған ақпаратты жинау, жүйелеу және қосымша тексеру жұмыстары жалғасуда.
Жақын арада барлық жиналған материалдар қорытындыланып, әрі қарай талдау және талқылау үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданады. Біз анықталған кемшіліктер конструктивті диалогтың тақырыбына айналып, электоралдық рәсімдерді жетілдіру барысында ескерілетініне сенім білдіреміз.
«Халық үні» тобы тәуелсіз бақылау миссиясын жүзеге асыра отырып, өткізілген референдум нәтижелеріне күмән келтірмейді. Біздің негізгі мақсатымыз — процессті бақылау, кемшіліктерді анықтау және олардың жойылуына ықпал ету.
Біз азаматтық бақылау заманауи демократияның маңызды элементтерінің бірі екеніне сенімдіміз. Қоғамның сайлау рәсімдерін бақылауға белсенді қатысуы мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, жоғары электоралдық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
«Халық үні» тобы өткізілген бақылау миссиясы Қазақстандағы демократиялық институттардың дамуына азаматтық қоғам тарапынан қосылған маңызды үлес болды деп есептейді. Біз алдағы уақытта да Орталық сайлау комиссиясымен және өзге де мүдделі тараптармен электоралдық процестердің ашықтығы мен сапасын арттыру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз.
Біз жүргізілген жұмыс пен жасалған ұсыныстар дауыс беруді ұйымдастыру процесін жетілдіруге және сайлау органдарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Abai.kz