Тынышбайдың тағылымы
Қазақ елі ықылым заманнан бері қарай талай тарихи тұлғаларды тудырды. Олардың өнегелі өмірін ел жадына сақтады. Болашақ ұрпақтарына үлгі-аманат етті. Бұл үрдістің арқауы үзілмей, жүлгесі жоғалмай күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Әсіресе Тәуелсіздік алғаннан кейін, саяси цензураның, идеологиялық бұғаудың қамыты алынғаннан соң саяси себептермен таса да қалған, атын, хатын айтуға тыйым салынған тұлғалар елімен қайта қауышты. Ұрпақ санасында қайта жаңғырды.
Қазақ үшін қасиетті болып табылатын жылқы жылы да ел үшін туған ерлердің мерейтойларына толы болып отыр. Ел көлемінде аталып өтіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғандай күй кешіп жүрген жайымыз бар.
Бұл игі шаралардың маңызы өте зор екенін баса айтуымыз керек.
Айтулы тұлғалардың ішінде елімізге есімі аяулы саяси, мемлекеттік қайраткер де, ғылым шырағын жаққан ғалымдар да, сөз киесі дарыған ақын-жазушыларда бар. Оған айқын мысал ретінде
Алаш қозғалысының көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл, қазақ тарих ғылымының шамшырағы, ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл, Сонымен қатар, «тірі Гомер» атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толғанын тілге тиек етсек те,
Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл, ал қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі – Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толағанын, ол кісінің ізін басқан дрижер композитор Кеңес Дүйсекеевтың туғанына 80, Ал қазақ киносының жарық жұлдызы Меруерт Өтекешова 75 жасқа толғанын мақтанышпен атасақ та көптік етпейді.
Сондай-ақ биыл ақын, сазгер, тележүргізуші Тынышбай Рахымовтың (1946-1999) туылғанына да 80 жыл толады.
Қазақ ұлттық университеті журналистика факултетінің түлегі Тынышбай Рахымов бұрынғы қазақ өнерпаздары сияқты ақындық, сазгерлік, орындаушылық өнерді тең алып жүрген бесаспап тұлға. Қобыз бен домбыраның сазын да, фортепияна дыбыстарын да жетік білген, көкірегі мен қолы тең жүйткіген құймақұлақ, жаны нәзік өнердің өз перзенті, табиғи талант.
Кезінде жеке авторлық жобасы «Кеш жарық» хабары оны ел ішіне танымал етсе, 1993 жылы шығарған «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні шетел қазақтарына машһұр етті. Ұлттық бояуы күшті «Бозорамал» әніде ел іші-сыртына кең тарап, халық әніне айналып кетті. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан таңдаулы өлеңдер жинағы өз алдына бір төбе.
Тарих толқынында туылып, халық қалаулысына айналған таланттарды ұлықтау, өмірі мен өнерін өскелең ұрпаққа жеткізу қасиетті парызымыз. Осындай игі бастамалар, нақты іс-шаралар арқылы ұлт руханиаты толығып, мазмұны байи беретіні сөзсіз.
Abai.kz