Сәрсенбі, 15 Шілде 2026
Жаңалықтар 418 0 пікір 14 Шілде, 2026 сағат 16:21

Ресейдегі жағдай: Қазақстанда дизель қымбаттай ма?

Сурет: ng.kz сайтынан алынды.

Ресейдегі жағдайға байланысты қазақстандық фермерлер үшін дизель қымбаттай ма? Ауыл шаруашылығы министрлігі не дейді?

Ресейден дизель отынын экспорттауға салынған тыйымнан фермерлер зардап шекпейді — олар үшін баға өспейді.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан 402 мың тонна дизель отынына өтінім түскен. Бұл жанармай Ресейден импортталады. Қазірдің өзінде өңірлерге жеткізу жұмыстары басталып кетті.

«Ауыл шаруашылығы өндірушілері тарапынан егін жинау жұмыстарын жүргізуге арналған арзандатылған дизель отынына сұраныс 402 мың тоннаны құрады. Энергетика министрлігі бұл көлемді толығымен қолдап, жеткізу кестесін бекітті, қазір өңірлерге жөнелту жұмыстары басталды. Аграршылар өтінімге сәйкес қажетті жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) толық көлемімен қамтамасыз етілді. Баға елдегі автожанармай құю станцияларындағы дизель отынының қазіргі құнынан 12–15% төмен болады», — деп түсіндірді Сұлтанов.

Ол сондай-ақ дизельдің босату бағасы қымбаттаған күннің өзінде, шаруалар үшін құны өзгеріссіз қалатынын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір