Домалақ арыз қарауға жатпаса да...
Дiнбасы комиссия жiберiп, анық-қанығына жеттi
Дiнбасы комиссия жiберiп, анық-қанығына жеттi
Сүйiктi пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Жақсылыққа бастаушы мен соны жасаушының сауабы бiрдей”, — деген хадисi жүрегi – жомарт, көңiлi – дархан шынайы мұсылмандарға арналғандай. Сондай жақсылыққа бастаушы iзгi жандардың санатына ата-бабамыздың асыл дiнiн таратып, насихаттаушы және соған орай амал етушi дiндарларымыз жатса керек. Қашаннан сол дiндарларымыздың бүкiл iс-әрекетi жамағаттың көз алдында. Ол жайлы бағаны да осы жамағат бере алады. Соңғы кездерi емес-ау, бiз дiни басқармаға қызметке келген тоғыз жылдан берi Жезқазған қаласынан ондағы бiрден-бiр орталық мешiтке Бас имам болған дiндарларымыздың үстiнен авторы бар, авторсыз домалағы бар арыз-шағым үзiлген емес. Олардың байыбына бару үшiн Дiнбасының тiкелей тапсырмасымен әлденеше рет комиссия жiберiлдi. Бұғанға дейiн екi өкiл имам ауысты. Екi өкiл имам туралы арыз-шағым негiзiнен анықталмады. Кезiнде қазақ сатирасының атасы атанған Асқар Тоқмағамбетовтың уытты тiлiмен айтқанда: “Дейдi екен де, дейдi екеннiң” өзi болып шыққан едi. Сондағы белгiлi авторы Құрманғали Әлмусиновтiң аты-жөнi оның қолы қойылмаған соңғы бiрнеше домалақ арызда да жүр (Бұл жайлы ретi келгенде арнайы тоқталамыз).
“Сөзде қаңқу жаман” демекшi, арыз авторының белгiлiсi және белгiсiзi бар (домалағы болсын) арыздың аты арыз. Қазақ: “Шөптiң басы жел тұрмаса қимылдамайды” дейдi. Жалпы арыз-шағым белгiлi бiр мақсатты көздеп жазылады. Оның “Тисе терекке, тимесе бұтаққа” дейтiн жатып атары да бар. Үшiншi өкiл имам Нұрлан Асанов былтырғы жылдың басынан өз мiндетiн атқара бастағанына санаулы айлар өтер-өтпес сондай жатып атар домалақ арыздар Нұрланның үстiнен де түсiп жатты. Желтоқсан айында дiни басқарманың екi қызметкерi Жезқазған қалалық әкiмшiлiгiнiң өкiлiмен бiрге сол домалақ арыздардың жәй-жапсарына бiршама қаныққан-ды. Домалақ арызда аты-жөндерi көрсетiлген кiсiлерге жолыққан. Олар шағым туралы бiлмейтiндiктерiн мәлiмдеп, одан ат-тондарын ала қашты. Сол жолы қолы қойылмаса да аты домалақ арыз иелерiнiң бiрi ретiнде көрсетiлген Қ.Әлмусиновпен комиссия жолыға алмаған-ды. Есесiне одан қала әкiмдiгi түсiнiктеме алыпты (оның мазмұнына да соңыра тоқталамыз).
Содан берi де домалақ арыздар түсiп жатты. Домалақ арызда оның иелерiнiң аты-жөнi көрсетiлгенiмен қолдары қойылмаған. Бәрiнiң де мәтiнi егiздiң сыңарындай ұқсас. Тек көбейтiлiп, бiрiн онда, бiрiн мұнда жолдай берген. Соның бiрi Елбасы атына жiберiлген. Президент әкiмшiлiгi болса хатты қайыра дiни басқармаға жолдаған. Оған жауап берiлуге тиiс. Дiнбасы құрамына дiни басқарманың белдi бес қызметкерi (аппарат жетекшiсi Б.Мекежанов, дiни iстер бөлiмiнiң меңгерушiсi М.Ақтамбердi, кадр бөлiмiнiң маманы Б.Бекмұратов, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы О.Өмiрбек және Қарағанды өңiрi бойынша өкiл имам Н.Өтпенов) мен Қарағанды облыстық әдiлет басқармасының бас маманы М.Исабеков енген комиссияны жiбердi. Бұған Жезқазған және Сәтбаев қалалық әкiмдiктерiнiң iшкi саясат бөлiмдерiнiң бастықтары З.Ақылбекова мен К.Сағындықовалар қосылды.
Жезқазған қалалық орталық мешiтiнде арыз-шағымдарға байланысты арнайы жиын өттi. Оған мешiттiң ақсақал жамағаттары мен арыз-шағымның иелерi ретiнде аты-жөнi көрсетiлген кiсiлердiң денi қатысты. Жиналыста домалақ арыздардың негiзгi өзегiне айналған Бас имам мен мешiт жанындағы асхана жайлы ашық әңгiме өрбiдi. Ең алдымен сөз арыз иелерi ретiнде аты-жөндерi көрсетiлген Сүндетбай Құлжабаев пен Қуанышбек Нарбаевқа берiлдi. Екеуi де арызға қол қоймағанын, онда не туралы жазылғанынан хабарсыз екендiктерiн және асхана жайлы өзара да сөз етпегендiктерiн (?) мәлiмдедi. Есесiне екеуiнiң де имамға ренiштерi барын айтып салды. Қ.Нарбаев зейнетке шыққан бұрынғы кен инженерi екен. Намазға жығылғанына он жыл болған. Нұрланға дейiн мешiттiң ақсақалдар алқасының құрамына енiп, асхананың ашылуына, тиiсiнше жабдықталуына да атсалысқан. Тiптi уақытша iс басқарушысы мiндетiн де атқарған. Асханаға бiрнеше үстел дайындатып бергiзген. Оны алға көлденең тартып, үстелдерiнiң өзiне тиесiлi меншiгi екендiгiнiң басын ашар түбiртектi дауласып жүрiп күнi кеше алғанын жеткiздi...
Мешiт халықтың қайырымдылығы мен садақасына арқа сүйейдi. Күн көрiсi халықтың үстiнде. Мешiтке берiлген қаржы, не мүлiк, зат садақаға жатады. Оның мән-маңызы ерекше. Ол бiреудi есiркеп, не мүсiркегеннен емес, өзiнiң және отбасының амандығы үшiн берiледi. Садақа нетүрлi бәлекетке қорған. Сондықтан бергенiн өз атына қайта меншiктеп, онысына түбiртек сұраудың ыңғайсыздығын кiм-кiмнiң де жүрегi сезер... Түбiртек белгiлi бiр есеппен алынған сыңайлы. Биылғы төртiншi ақпанда қалалық әдiлет басқармасында “Кеңгiр” қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, тiркелген. Ал, оның құрылтайшылары осы домалақ арызда аты-жөндерi аталғандар болып шықты. Бұл қордың жарғысында өздерiне асхана ашу да көзделген. Мешiттi жағалаған кiлең намазхана зейнеткерлерден тұратын, қалтасы жұқа құрылтайшылар қалай асхана ашпақ? Әңгiме түйiнi де осында. Қор құрылысымен мешiттiң асханасын “ысырапхана, Дiнбасы реформасының нәтижесi” деген домалақ арыздардың жан-жаққа толассыз жiберiлуiнiң себебi белгiлi болғандай. Көздеген мақсаты мешiт асханасын “ысырапхана” (?) деп күстаналау арқылы жапқызып, одан соң “өзiмiз тәртiпке келтiремiз” деп қайта ашып, иесiз қалған ғимаратты иемдену секiлдi.
Арызданушылардың пiкiрiнше асхананың бар табысы Бас имамның қалтасына түсiп жатқандай. Бұл мәселе жiтi тексерiлдi. Асханада марқұм болған мұсылмандардың жетiсi, қырқы, жылы және өзге құдайы тамақ та берiледi екен. Тамақ үйден де дайын күйде жеткiзiледi, ал онда дайындалса аспазшыларға екi жақты өзара келiсiм негiзiнде ақысы төленедi. Аспазшылар мешiтке қарамайды, өзi-өзiн қаржыландырады. Құдайы тамақ берушiден ғимаратты жалға алғаны үшiн он мың теңге мешiт кiрiсiне берiледi. Бұл қаладағы мейрамхана, кафелердi жалға алу ақысымен салыстырғанда сегiз-тоғыз есе арзан. Мұндай жеңiлдiкке мұсылмандар риза. Алғыстарын айтуда. Бiрақ мұны домалақ арыз жазушылардың естiгiсi де, бiлгiсi де келмейдi. Көздегенi оны қайткенде де жапқызып, қызығын өздерi көру секiлдi пендешiлiк. Расында да бюджеттен қаржыландырылмайтын, қайыр-садақаға күнi қараған мешiттiң бұл асхана ғимаратын оқта-текте өтетiн дiни рәсiмдiк ас үшiн жалға беру арқылы азын-аулақ кiрiс кiргiзуi оның коммуналдық және тағы басқа да шығындарын жабуға жұмсалып жатса одан ұтары ақиқат. Мұндай асхана бұл күндерi елiмiздiң бiрқатар iрi мешiттерiнiң жанынан ашылған. Оның бәрi де ың-шыңсыз жұмыс iстеуде. Бұған алысқа бармай-ақ Жезқазғанға iргелес Сәтбаев қаласының мешiтi жанындағы асхана мысал бола алады. Өз мiндетiн шама-шарқынша атқарып жатыр. Жасырып жабары жоқ, халал асхана мен мейрамханалар қазiрге тым аз. Мешiт жанындағы асхана осы олқылықтың орнын толтыруға қызмет етедi. Мақсаты игi де iзгi. Ал оған пендешiлiкпен көз тiгу мұсылман үшiн ұят емес пе?! Шамасы келсе сауап үшiн өз тұсынан халал асхана мен мейрамхана аша берсiн, кiм қой дейдi. Оған рахмет айтпаса ешкiм де қарсы бола қоймас.
Қ.Нарбаевтың кезiнде мешiт асханасы үшiн сыйлаған үстелдерiн өзiне меншiктеуiнен бұл ғимаратты қоғамдық қайырымдылық қоры иемдене қалған жағдайда (армандауға болмай ма?!) соның алдын ала дайын мүлкi ету ниетi бар ма деп қалдық.
Кезiнде мешiтте бұйрықсыз (яғни заңсыз) кезекшi молда болған, қазiр де жаңа ашылған намазхананың бiрiне дiндарлық ететiн С.Құлжабаев бұл күндерi иесiз қалған өздерi “медресе” деп атайтын дiни сауат ашу курсы ғимаратының күтiмсiздiгi туралы курс шәкiрттерiнiң ой-пiкiр, ұсыныстарын бейне және үнтаспаларға түсiрiп, оған өкiл имам мен қала әкiмiнiң назарын аударғанын жеткiздi. Бұғанға дейiнгi екi өкiл имам да бұл ғимаратты мешiт балансына заңдастырып алуға әрекеттенбеген. Ендi мұны Н.Асанов тез қолға алуға тиiс. Оны мешiт балансына заңдастырып беруге бiзбен кездесуде қала әкiмi ықылас танытты. Әйтпесе әлгi қор құрылтайшыларының оған да көз тiгiп, бейне және үнтаспаларға жанталаса түсiруiнiң астарында бұл ғимаратты өздерiне меншiктеу ниетiнiң жатпасына кiм кепiл?
Мешiт пен дiнге қатысты дау-дамай көбiне көп оны төңiректеген дүмшелерден шығатыны өкiнiштi. Өз кезiнде мешiтте көп жыл есепшi әрi iс басқарушысы болған Зәукен қажы Ыбыраев марқұмдарды жерлеумен шұғылданатын арнайы қорым (зират) қорын құрған. Мешiт дiндарлары тiкелей атқаратын дiни рәсiмдi бұл қор өзiне меншiктеп ала қойса имамдар мен молдалар не iстемек? Бұл мәселенi мешiт ақсақалдары мен жамағаты дер кезiнде көтеруiнiң арқасында бүйректен-сирақ шығарғысы келген қордың пендешiлiкпен пайда қуған ниет-пиғылы iске аспаған.
С.Құлжабаевтан “Кеңгiр” қайырымдылық қорын құруға кiм идея бергенi сұралғанда: “Сатыбалды Қызыров едi, бiрақ өзi артынша сытылып шығып кеттi”, — дедi. С.Қызыров болса: “Өзiнше қор құрмақ болып, ұйымдастырған С.Құлжабаев. Ол мешiт жөнiнде талай рет ғайбат айтқанда тыйып тастадым” деп оның өзiн әшкерледi. Бiр-бiрiн әшкерлеушiнiң екеуi де мешiттi төңiректеген дiндар!..
Қ.Әлмусиновты үйiнен таптық. Ол арыз мәтiндерiн көре салысымен: “Бұл домалақ арыз ғой. Қол қойылмаған. Қарауға жатпайды. Имам Нұрлан Асановқа ренжiгенiм де, ол туралы арыз жазғаным да рас. Бұрынғы екi өкiлге де ренiшiм болған. Ендi кешiрдiм. Арыз жазбаймын. Егер менiң атымнан қай жерге арыз барса да қарамасын”, – дедi. Қолымен жазып түсiнiктеме де бердi. Қала әкiмiнiң атына бұрынырақта берген түсiнiктемесiмен мағыналас. Ендi сөзiнде тұрса!.. Көптiң көзiнше мешiттiң қарт жамағаты Серiк қажы Нұрмұхаммедұлы жанашыр аға ретiнде оған ақыл-кеңесiн берумен қатар батыра да айтты. Жұма намазына сирек те болса баратын көрiнедi. Кемпiрi де, өзi де зейнеткер.
Алматыға жеткенде Жезқазғаннан келген тағы... екi арыз күтiп жатты. Бұған дейiнгi таныс домалақ арыздардың “байытылған” көшiрмесi. Мағыналас. Бiр айырмасы таныс аты-жөндерге ендi “Сатыбалды Иматаев” деген қосылып, нақты иесi барын бiлдiргендей қол қойыпты. Iле ол көрсеткен мекенжайда Сатыбалды Иматаевтың тұрар, тұрмасын анықтауын өтiнгенiмiзде Жезқазған қалалық әдiлет басқармасынан факс арқылы: “Мұндай жан қалада тiркелмеген” деген қысқа анықтама жеттi...
Бiз жолығып, пiкiрiн тыңдаған Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының екi әкiмi мен мешiт жамағаттары да Бас имамдары Н.Асанов пен Б.Әбдiрахмановтың қызметтерiне ризашылықтарын бiлдiрiсiп, домалақ арыздардың тыйылмай отырғанына қынжылды, әрi жергiлiктi тұрғындар атына ұят келтiргенi үшiн намыстанды да!
Бұл домалақ арыз әлдекiмнiң (бәлкiм, ат төбелiндей топтың) күншiлдiкпен екi имамды өзге аймақта дүниеге келгенi үшiн жат санап, жек көруi жанын жегiдей жеп, күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айырып, қолына ерiксiз қалам алғыза беруiнiң “жемiсi” деп бiлемiз.
Ғайбаттың да шегi болмас па? Дiни де, дүниауи да жоғары оқу орындарын бiтiрген екi дипломды Бас имамның бiлiм деңгейiн дiни сауат ашу курсында оқыған (ондағы дiндарлардың бiлiм деңгейi сол шамалас) қалай айырып, “бiлiмсiз” деп баға беруi шындыққа қаншалық жақын? Пiкiрлерi де қаншалық қисынды? Домалақ арыз бастан-аяқ осындай негiзсiз баға беру мен ғайбат, күншiлдiкке толы. Оны оқырманға жеткiзуге ауыз бармайды, жүрегiң айниды. Бұл домалақ арыздардың байыбына бару үшiн дiни басқарма арнайы жiберген комиссияның барып-қайтуы бүгiнгiдей қысылшаң шақта қыруар қаржыға түстi. Қаншама алтын уақыт та сарп болды. Бұл шығынды сол домалақ арыз жазушылардан (белгiлi болса) сот арқылы өндiрсе ғой. Ендi сол күншiлдердiң домалақ арызы прокуратураға жiберiледi. Кәнiгi мамандар тауып та қалар.
Күншiлдiк қандай қауiптi де жұқпалы дерт?!
Мұндайда Қасиеттi Құран Кәрiмнiң тiлiмен айтқанда: “...күншiлдердiң қызғанышты кесiрiнен сақта деп, арайлы таңның Тәңiрiне сыйынамын, пана тiлеймiн” (“Фәлақ” сүресi, 4-5 аяттар).
Мұсылманға жөн-жосықсыз күмәндана қарай беру ұят әрi әдепсiздiкке жатады. Мұндай күмәншiл жандарға Аллаһ Тағала: “Ей, иман келтiргендер! Тым күмәншiл болудан сақтаныңдар. Кейбiр (орынсыз) күмән — нағыз күнә саналады” (“Хужурат” сүресi, 12-аят), — деп ескерткен. Жаратушымыздың ескертуiне құлақ асқан абзал.
Оңғар ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы, «Түркістан»газеті, 21. 05. 2009 жыл.