Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6762 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 04:46

Армения

Қайда барсаң – жер дауы

Қайда барсаң – жер дауы

Биік таулардың арасындағы ирелеңдеген жолмен кешегі одақтас республикалардың бірі – Арменияның астанасы Ереван қаласын бетке алып жүріп келеміз. Қасымдағы жолаушы шетелдік екенімді біліп, әңгімеге тартты. «Қарашы, қандай әдемі табиғат. Мұнда біздің ата-бабамыз ежелден тұрып келеді. Әрбір таста армян қаріптерімен ойып жазылған жазу бар. Жақында Әзірбайжан басшысы (Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевті айтып отыр – ред.) «Ереван – кезінде қателікпен бөтен қолға өтіп кеткен біздің жер» деді. Осыдан кейін қалай күйінбейсің?» –  деді қызуқанды жол серігім Армен есімді жігіт ағасы. Қап тауындағы Айастан (армяндар өз елдерін солай атайды) елімен таныстығым осы бітпейтін жер дауымен басталды. Елде болған бірнеше күн ішінде осы әңгіме алдымыздан қайта-қайта шыға берді. Шындығында, жер дауы мұнда өмірдің барлық саласына араласып кеткен.
Екі қарапайым мысал: Футболдан әлем біріншілігінің іріктеу ойындары аясындағы Түркия – Армения кездесуі қарсаңында Түркия жағы армяндардан футбол федерациясының белгісін өзгертуді сұрады. Себебі, онда қазір Түркияның аумағында жатқан армяндар өздерінікі деп санайтын Арарат тауы бейнеленген.
Екінші мысал: Жақында Голливудта «Әлем жұлдыздары» деген әртістер байқауы өтіп, сол байқауға Әзірбайжанның құрамынан бөлініп кеткен Таулы Қарабақ өкілдері де қатысқан. Ең сорақысы – Голливудта ешкім мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының жалауы ілініпті. Әзірбайжан жағы Таулы Қарабақты Армения күшпен басып алды деп санайтындықтан, бұл оқиғаға қатты ашуланып, дипломатиялық шаралар қолданды. 
Екі армянның бірі қай елдің қоластында қандай жері қалып қойғанын тізіп айтып бере алады. Бұл – тек ел ішіндегі әңгіме ғана емес, мемлекеттік деңгейде де ара-тұра қозғалып тұратын мәселе. Әсіресе, билік басына ұлтшылдығымен әлемге әйгілі «Дашнакцутюн» партиясы келгелі бұл әңгіменің бояуы қоюланып бара жатқанға ұқсайды. «Дашнакцутюн» – ХІХ ғасырдың соңында, түріктердің қоластында қалған армяндарды азат ету мақсатында құрылған партия. Кеңес үкіметі орнаған жылдары бұл партия екі жылдай елдегі билікті қолында ұстаған. Әлемнің 30-ға жуық елінде «Дашнакцутюн» партиясының өкілдіктерді жұмыс істейді, олардың ортақ бағдарламасы бар. Ал ел ішінде бұл – үшінші ірі партия. Парламентте 16 депутаты бар.
«Ленин мен Ататүріктің астыртын келісімінің кесірінен армяндардың тәуелсіздігі аяққа тапталды. Батыс Армения Түркияның иелігіне өтті. Ал КСРО Арменияның қалған жерін бөліске салды. Нахичевань мен Қарабақ – Әзірбайжанға, Джавахк – Грузияға сыйға тартылды. Біздің партияның мақсаты – армян халқының тарихи құқығын қалпына келтіру», – деп астарлай сөйледі бізбен әңгімесінде «Дашнакцутюн» партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі Вахан Ованнисян. «Тарихи құқықты қалпына келтіру – жерді қайтару деген сөз бе?» деген сұрағымызға депутат жалтара жауап берді. «Бірінші мақсат – ХХ ғасырдың басында түріктердің армяндарды аяусыз қырғанын мойындатқызу және соның орнын толтыртып, айыппұл төлеткізу», – деді Ованнисян мырза. Одан соң: «Бірақ біз өз тарихи отанымыздан бас тартпаймыз», – дегенді де әдейі қосты.

 

 

Футбол дипломатиясы

Ереванға кіре сала көшеде Арменияның үш жолақты туын желбіретін жүрген жастарды көзіміз шалған. «Айастан! Айастан!» деп аттанғандарына қарап, шерулетін жүр ме десек, бұл – футбол жанкүйерлері екен. 6 қыркүйекте Ереванда футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Түркия мен Армения құрамалары кездесетін болған. Бұл ойын қарсаңында саясат пен футболдың мидай араласып кеткені сондай, ақыр соңында көпшілік үшін ойынның нәтижесі маңызды болмай қалды. Енді ше, ХІ ғасырдан бері алғаш рет Арменияға түріктердің басшысы жаулаушы ретінде емес, қонақ ретінде келіп жатса! Түрік президенті Абдолла Гүлдің футболды тамашалауға іргеде жатқан Ереванға ат басын бұруын тарихи оқиғаға балағандар көп болды. Себебі, тәуелсіздіктің басынан бері Арменияның екі қанатында жатқан қос түркі елі – Әзірбайжан мен Түркия бұл елмен шекараны тас қамал қылып жауып тастаған. Бұған себеп – «Армения Әзірбайжан құрамындағы Таулы Қарабаққа шабуыл жасап, оны басып алды». Армяндардың да түріктерде кеткен «кегі» бар. Олар 1915 жылы Түркияда армяндарды жаппай қудалау, қырып-жою оқиғасы болғанын мойындауды табандап талап етіп келеді.
Түркия президентінің сапарына орай бұл оқиғаға үн қоспаған адам қалмады десек болады. «Дашнакцутюн» партиясы А.Гүлді әуежайдан «қарсы алып», армян геноцидін мойындау қажеттігін «ескертті». Оппозиция болса, армяндардың ұлттық мүддесін аяққа таптады деп президент Саркисянның өзін айыптады. «Армян ұлттық қозғалысы» оппозициялық партиясының жетекшісі Арарат Зурабянның айтуынша, президент Саркисян геноцидтің болған-болмағанын анықтайтын бірлескен комиссия құру туралы Түркия жағының ұсынысына келісім беріп, ұлт тарихындағы ең қайғылы оқиғаның растығына күмән келтірген. «Армяндардың ішінде осы қырғыннан жапа шекпеген туысы жоқ адамды таппайсың. Демек, бұл – тұтас ұлттың қасіреті», – дейді Зурабян.
Армения құрамасының киімін киіп алған Ашот есімді жанкүйер бір топ жолдастарымен Еревандағы «Раздан» стадионына жаяу тартып бара жатыр екен. Ол футболдан саясат іздемеу керек десе де, ұлттық намыс оянғанда бәрібір тарихтағы оқиғаларды санадан шығарып тастай алмайсың дейді. «Армяндар түріктерден көп теперіш көргенін жақсы білеміз. Бұл ойын – сол кекті қайтарудың өркениетті түрі сияқты көрінеді маған», – дейді Ашот. Оның айтуынша, дәл осы ойынды көруге бұрын футболға онша қызықпай жүрген жастар, әсіресе қыз балалар көп барады. «Дәл бүгін стадионға барып «Айастан» деп айқайлап қайтуды азаматтық борыш санайтындар көп», – дейді Ашот. 
Футбол мен саясаттың біте қайнасып кеткені сондай, «дашнактар» ойын барысында стадионда да геноцидті мойындауға шақырған үндеулер айтамыз деп ескертті. Армян футбол федерациясының басшысы Рубен Айрапетян: «Саяси сипаттағы үндеулердің айтылуына жол бермейміз. Бұл – ФИФА-ның талабы», – деді. Елдің тәртіп сақшылары сол күні стадион айналасында ғана емес, бүкіл қалада қатаң бақылау орнатты. Негізгі көшелердегі қозғалыс тоқтатылды. Полицейлер бейсауат жүргендердің барлығын тоқтатып, тексеріп отырды. Соның арқасында ма, әлде «дашнактар» ақылға келді ме, әйтеуір футбол ың-шыңсыз өтті. Армения құрамасы Түркиядан 2-0 есебімен тізе бүкті. Бұған армян жанкүйерлері күйінгенімен, ресми басшылық футболдың арқасында көршімен қатынасты жақсартып аламыз ба деген үмітпен отыр. Өйткені, түрік басшысы Армения президенті Серж Саркисянды өз елінде болатын қарымда кездесуді тамашалауға шақырды. Армян газеттері «футбол дипломатиясы» деген жаңа термин ойлап тауып, бұл туралы жарыса жазып жатыр.

 

 

Қарабақ «бомбасы»

Еревандағы кітап дүкеніне бас сұқтық. Арменияның географиялық картасына көзіміз түсті. Картада ешбір ел мойындамаған «Таулы Қарабақ Республикасының» жері Арменияның өз жеріне жапсарластыра салыныпты. Екеуінің арасын мемлекеттік шекара бөліп жатыр, десек те картаның маңдайшасында «Арменияның қартасы» деп тұрған соң оған мойындалмаған бөтен елді қосып қоюдың қажеті не деген сұрақ туды. Бақсақ, Арменияда Арцахқа (Таулы Қарабақты олар осылай атайды) деген құрмет ерекше екен. Себебі, біріншіден армяндар бұл жерді Кеңес одағы кезінде Әзірбайжанға берілген армян жері санайды, екіншіден, 1990-жылдары Таулы Қарабақ басшылығы тәуелсіздік алуға ұмтылған Әзірбайжан әскері бейбіт халықты қырып, қантөгіс жасады дейді. Ал Әзірбайжанның ресми көзқарасы бойынша, Армения бұл жерді Ресейдің көмегімен жаулап алған. Ресми түрде бөтен ел саналғанымен Қарабақ ішек-қарнына дейін Армениямен араласып кеткен. Арменияны басқарған соңғы екі президенттің де Таулы Қарабақтан шыққанын, сол аймаққа басшылық еткенін ескерсеңіз болды.
Жақында мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы «тәуелсіздігінің 17 жылдығын атап өтті. Президент Бако Саакаян: «Таулы Қарабақ тәуелсіз ел ретінде халықаралық деңгейде мойындалатын күн жақын қалды», – деп мәлімдеді. Оның бұлай айтатын себебі, Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздіктерін мойындаған соң бұларда да үміт сәулесі оянған.
«Ең бастысы, енді Әзірбайжан жағы Қарабақты күштеп қайтаруға ұмтылмайтын болады. Күш қолданудың қандай болатынын Грузияның мысалы көрсетті», – дейді парламент депутаты В.Ованнисян. «Біз мұнай сатудан байып, армиямызды сақадай-сай қаруландырып, Қарабақты басып аламыз» деген сөзге енді ешкім сенбейді», – дейді саясаттанушы А.Искандарян.
Армян жағы дауды тек бейбіт жолмен шешуді ұсынғанымен, Қарабақты қандай формада болмасын, Әзірбайжанның қоластына қайтаруға үзілді-кесілді қарсы. «Әзірбайжанның басты талабын қарастырғыларыңыз келмесе, онда келіссөз не туралы болуы мүмкін?» деген сұрағымызға бұл мәселеде қатаң позиция ұстанатын «Дашнакцутюн» партиясының өкілі: «Әзірбайжанға Таулы Қарабақтың бөлінгенін мойындап, даулы мәселеге нүкте қоюдан басқа амал қалған жоқ», – деп кесімді жауап берді.
Кавказ елдері бір-бірімен ұстасып тұрғаны сондай, жалпы аймақ жарылғалы тұрған бомба сияқты көрінеді. Грузия – Ресейге, Армения – Грузияға, Әзірбайжанға, Түркияға, Иранға, Әзірбайжан болса – Арменияға, Иранға, Грузияға тарихи жерлері «қателікпен» берілген деп санайды. Әр қаланың, аймақтың бірнеше атауы бар. Айталық, шығыс шайырларының бірі, әйгілі Низами Гәнжәуи шыққан Әзірбайжанның Гәнжә қаласын армяндар Елизаветполь деп атаса, Таулы Қарабақтың астанасы Степанакертті әзірбайжандар Ханкенди дейді. Бұған қоса, әр аймақтың атауын даугер жақ өз тіліне «икемдеп» айтып, өз жері екенін дәлелдеп бағады.

«DVD төңкерісі»

Күн кешкіріп қалғанына қарамастан, Ереванның орталығындағы шағын екі қабатты ғимараттың іші тола адам. Топ-тобымен бұрыш-бұрышқа жиналған еркектер әлденені қызу талқылап жатыр. Бұл –  «Армения ұлттық қозғалысы» деп аталатын оппозициялық партияның кеңсесі. Байқасақ, олар жақында өздері өткізгелі жатқан наразылық шеруіне дайындықтарын пысықтап жатыр екен. Ғимараттың әр бөлмесінде оппозиция серкесі, елдің бұрынғы президенті Левон Тер-Петросянның суреттері ілініп тұр.
Партия серкесі Арарат Зурабян бес ай бойы қамауда болып, жақында ғана денсаулығына байланысты босап шығыпты. Бірақ, Армения Республикасы Қылмыстық кодексінің 225 және 300-баптары бойынша «заңсыз митинг ұйымдастырды», «билікті күшпен құлатуға тырысты» деп айыпталған Зурабянның үстінен тергеу жүріп жатыр екен. Онымен бірге абақтыға оппозиция атынан президенттікке түскен Левон Тер-Петросянның сайлау штабын басқарған Александр Арзуманян да түсіпті. «Денсаулығы сыр бермегендіктен» ол әлі қамауда отыр екен.
«Саяси себептермен тұтқындалған 75 адам түрмеде отыр. Олардың арасында сайлау күні бұрмалаушылыққа жол берілгенін дәлелдегісі келген бақылаушылар да бар», –  дейді оппозиция серкесі.
Биыл 19 ақпанда Арменияда президент сайлауы өтіп, онда аздаған басымдылықпен бұрынғы президент Роберт Кочарянның өз адамы –  Серж Саркисян жеңіске жеткен. Оппозиция жақтастары сайлау қорытындыларымен келіспей, Ереван көшелерінде бірнеше күн бойы шерулеткен. Бұл шерудің арты қақтығысқа ұласып, ресми есеп бойынша 10 адам қаза тапқан. Бейресми деректер бойынша, 1 наурыздағы қақтығыс кезінде 60-қа жуық адамның қаны төгілген. Ел басшылығы Арменияда 20 күнге төтенше жағдай жариялап, ақпарат құралдарында саяси хабарлар таратуға тыйым салған. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, билікке қарсы саяси күштердің өкілдерін қудалау шарасы сол оқиғаның ізін ала басталып, әлі жалғасып келеді.
Армян оппозициясы біз келердің қарсаңында Ереванда ірі қарсылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлаған. Олардың серкесі Л.Тер-Петросян «биыл күзде билікпен ақтық айқас болады» деп қатты айтқан. А.Зурабян мырза бір-екі митинг өткізіп, билікті ауыстыра қоятындарына сенбейді, бұл шара – халықты жұмылдырып, «заңсыз сайланған президентті ел болып орнынан кетірудің басы болмақ» дейді ол.
Саясаттанушы Александр Искандарян да демократиялық күштер Арменияда төңкеріс ұйымдастырады дегенге сене қоймайды. «Егер олар дәл осы күзде билікке наразы халық көшін бастап, елді көтере алмаса, бізде қайтадан әлсіз билік, көтерем оппозиция «ұстасқан» қоймалжың кезең басталады. Сөйтіп, келесі сайлауға дейін Арменияда тұрақты тұрақсыздық орнайды», – деп болжайды А.Искандарян.  
3 миллион халық тұратын Арменияда 16 оппозициялық партия бар. Мұндай оппозиция «көтерем» болса, онда басқа елдер жайлы сөз қозғап керегі жоқ шығар.
«Биліктің қысымына қарамастан, біз бір альянсқа –  Армян ұлттық конгресіне біріктік. Біздің қатарымыз күн өткен сайын толығып жатыр. Осы айдан бастап билікке қарсы күрестің жаңа, белсенді кезеңін бастаймыз», – дейді А.Зурабян. Оның айтуынша, қазір демократияшыл күштер әкімшіліктің арнайы рұқсат қағазын күтпестен, наразылық шараларын бастауды әдетке айналдырған. 
Арменияда ТМД елдерінің көпшілігіндегі сияқты билікке қарсы көзқарастағы партия өкілдерінің теледидардан сөйлеуге мүмкіндігі жоқ. «Қоғамдық арнаға халықаралық ұйымдар қандай да бір мониторинг жүргізіп жатқанда ғана бас сұғамыз. Өз идеяларымызды негізінен 5-6 газет арқылы халыққа таратамыз. Бірақ, көпшіліктің газет сатып алуға мүмкіндігі жоқ», –  дейді А.Зурабян.   
Және бір ерекшелік, мұнда оппозиция өз үндеулерін дискіге жазып тарату әдісін жиі қолданады екен. Өткен президент сайлауы қарсаңында оппозицияның халыққа идеяларын жеткізудің басты жолы осы болыпты. Бұған тіпті «DVD төңкерісі» деп айдар тағып қойыпты. «Шындығында, бұл соншалық көп ақшаны қажет етпейді. Әр оппозиция мүшесі бір-екіден көшіріп таратса, оның өзі біраз адамды қаратуға мүмкіндік береді», – дейді оппозиция серкесі.

 

 

Экономикалық өсім – 10,6  пайыз, десе де жұмыссыздық жүнжітіп тұр

«Голос Армении» газетінің кезекті санында мынадай бір дерек жүр. Армения 2008 жылдың бірінші жартысында жалпы ішкі өнімнің өсу деңгейі жөнінен ТМД елдерінің ішінде екінші орын алыпты. Бұл деректі ТМД Статистикалық комитеті берген. Достастық елдері ішінде ЖІӨ өсімі жөнінен алғашқы үштікте Әзірбайжан (16,7%), Армения (10,6%), және Беларусь (10,3%) тұр. Ал көштің ең соңында 4,3% көрсеткішпен Қазақстан келеді екен. Тәуелсіздік алғалы бері блокадада отырған, тек Грузия мен Иранға шығатын жолы бар, қазба байлықтардан ада алақандай Армения мұндай жоғары өсім көрсеткенде, мұнайы көл-көсір, қаржылық жүйесі дамыған Қазақстан неге төмендеп қалған? Бұл сұраққа жергілікті экономист, Армения парламентінің бұрынғы депутаты Татул Манасерян: «Бәленің барлығы Қазақстанның әлемдік қаржы ұйымдарымен тығыз байланысқа түскенінен болды. Қазақстанның дамуын белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіп отырған батыс алпауыттары қиындыққа ұшырап еді, Қазақстанның экономикасы да сыр берді. Ал Армения Түркия мен Әзірбайжанның құрсауында отырғандықтан, халықаралық қаржы институттарымен еркін байланысқа шыға алмады, қысқасын айтқанда, бұл блокада біздің экономикамыз үшін қалқан рөлін атқарды», – деп жауап берді.
Манасерянның айтуынша, Қазақстан экономикасындағы бұл көрсеткіштер – уақытша нәрсе, себебі біздің елдің экономикасы Армениянікімен салыстыруға келмейтіндей үлкен әрі жан-жақты дамыған. «Егер Армения қаржылық қиындыққа ұшыраса, елдің ол дағдарыстан шығатын мүмкіндіктері өте аз. Сондықтан, біз қайраңға бір батсақ, одан ұзақ уақыт шыға алмаймыз. Ал Қазақстан керісінше», – дейді сарапшы.
Біз сияқты теңізге шығар жолы жоқ Армения Грузиядағы бес күндік соғыс кезінде қатты жапа шекті. Ресейден Грузия жері арқылы келетін жол жабылып, елде жанар-жағармай болмай қалды.  Азық-түлік тапшылығы біліне бастады. «Бір ғана көрші елдегі проблемалар бізді титықтатып жіберуге шақ қалды. Арменияның көрші елдермен интеграцияға бармай отырғанының басты кесапаты осыдан байқалды. Бірақ үкімет тығырықтан шығар жол тауып, мәселені дер кезінде шеше білді», – дейді экономист.
Арменияның ұлттық ақшасы – драмның құны теңгеге қарағанда екі еседей төмен. Номиналы ең төмен қағаз ақша – 1000 драм, одан төмендердің бәрі қарабақыр. Дүкенге кіріп, сүт, май, нан алсаңыз, сізге көп сияқты көрініп тұрған 1000 драм бітіп қалады. Әу баста қымбат көрініп тұрған тауардың бағасын екіге бөліп жіберсең, біздегідей баға шығады.
«Соңғы кездері Арменияда өмір сүру мүмкін болмай барады, себебі азық-түлік бағасы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келеді, ал жалақы мен зейнетақы сол қалпында қалып қойды», – дейді журналист Сергей Арустамян. Оның айтуынша, осыдан үш ай бұрын әлемдегі азық-түлік бағасы қайтадан 20-40 пайызға төмендеді, ал Арменияда баға қандай қымбат болды, сол қалпында қалып қойған. «Биліктегілер нан шығарушыларды қанша қысып көрсе де, онысынан түк шықпады, себебі біздегілер бағаны түсіру дегенді білмейді, тек көтеруді біледі», – дейді ол. Ереванда бір бөлке нан 120 драм (шамамен 50 теңге), сүт 300 драм (шамамен 140 теңге), бір литр өсімдік майы 350 драм (шамамен 160 теңге) тұрады.  
Биік таудың қапталындағы ирелек жолмен кетіп бара жатып терең құздан төмен қарай көз жүгіртесің. Сайда тұрған үйлердің ішінде әдемі етіп жаңа салынған үйлер некен-саяқ. Жұпыны жер үйлердің ішінде егесіз қалған, алқа-салқа тамдар да жиі ұшырасады. Жергілікті халықтың көпшілігі Ресейге, Грузияға, тіпті Түркияға барып жұмыс істеп, күн көреді екен. Кейбір сарапшылардың айтуынша, 3 миллион тұрғынның жарты миллиондайы шетте жүр. Сергей Арустамян мынадай бір дерек келтірді. Молдовада бір бос орынға 1,4 жұмыссыздан келеді екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 2,3 адам, Әзірбайжанда – 4, Тәжікстанда – 5, ал Арменияда бұл көрсеткіш 80 адам екен!
Жағдай бұлайша ушығуының және бір себебін айтып қалды Арустамян. «Біздің парламент халықтың емес, жеке бір топтардың мүддесін қорғайды», – дейді ол.

 

 

Арараттың басында кеме қалған?...

Жаймашуақ Ереванда жан-жағына таңырқай қарап топ-тобымен кетіп бара жатқан туристер көп-ақ. Әсіресе, орталықтағы түрлі кафе, мейрамханалар қаптап тұрған Абовян даңғылы тола шетелдіктер. Олар, негізінен, діни ғимараттарды «түгендеп» жүрген Еуропа елдерінен келген саяхатшылар. Көрші Кавказ елдері – Грузия мен Әзірбайжанмен салыстырғанда мұнда туризм бизнесінің әлдеқайда жақсы дамығаны  байқалып тұр. Осы салаға маманданған мекемелердің көптігі өз алдында, ондағы қызмет көрсету сапасы да жоғары. Ереванның өзін былай қойып, алақандай Армениядағы түрлі тарихи орындарды аралатып шығатын тұрақты туристік бағыттардың жарнамасы көше бойында аяқ аттаған сайын ұшырасады.
Арменияға туристердің ағылуының басты себебі – өкімет елдің жағымды бейнесін қалыптастыра білді дейді экономист, Армения парламентінің бұрынғы депутаты Татул Манасерян бізбен әңгімесінде. EuroNews телеарнасынан күн құрғатпай беріліп жататын “Нұхтан қалған жұмақ» деген мағынадағы әдемі жарнама есімізге түсті. Ежелгі армян аңыздары бойынша, жаһанды топан су басқанда, Нұх кемесі судың тартылуын күтіп тұрыпты. Кіші Арараттың шыңдары судан көрінген бетте, Нұх пайғамбар: «Ереванц!» – деп айқай салған көрінеді. Онысы армяншадан аударғанда «Көрінді!» деген сөз. Армяндардың тіршілігінде осы аңыздың алар орны ерекше. Ереванда Нұхтың атымен байланысты орындар жиі кездеседі. Яғни, олар біз сияқты «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?» деп әншейін әуендетіп жүрмей, аңыздың өзінен елді дәріптеудің амалын тапқан. 
Арменияны туризмнің аралы етіп отырған және бір себеп – шетелде тұратын армяндар. «Бір жағынан олар капитал әкеліп, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету сапасын үлгі етіп жатса, екінші жағынан әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын 10 миллионға жуық армян өз отандарына келіп, ата-бабасының аяғы тиген жерді аралап қайтуды міндет санайды», – дейді Т.Манасерян.
...Туристер автобусы орта ғасырларда салынған ескі шіркеулерді аралап қайтып келе жатқан. Гид қыз армянша бір әнге басты. Автобуста отырған жұрттың жартысы қызға жамырай қосыла кетті. Мағынасы «Сен жауынгер болдың, сен жай армияның емес, армян армиясының сарбазысың» деп келетін әнді Ираннан, Бельгиядан, Австралиядан, Франциядан келген кәрі-жасы аралас халық соңына дейін айтып шықты. «Армян тілін, армян әндерін Иранда мектепте оқытпайды, – дейді анасымен және әжесімен бірге Ереванға келген ирандық Гаяне есімді кішкене қыз. – Біз бұл әндерді үлкендерден үйрендік. Олар бізді үйде тек армянша сөйлеуге үйретеді, отырыстарда тек өз әндерімізді айтады».
«Былтыр да Ереванға келіп қайтқам. Биыл да келдім, ең бастысы – тамырыңнан ажырамау ғой. Балам да жылына бір рет Арменияға келіп кетеді», – деді франциялық Жасмен есімді егде әйел. 
Экономист  Манасерянның айтуынша, қазір шетте жүрген ауқатты армяндар Армениядан пәтер, үй алып қоюды дәстүрге айналдырған. «Пәтер сатып алып, онысына жылына бір мәрте ғана бас сұғатындар көп. Бұл ел ішінде жылжымайтын мүлікке сұранысты арттырып отыр», – дейді сарапшы. 
Кавказ елдері астаналарының бәріндегі артықшылық – көлік қозғалысының дұрыс жолға қойылғандығы. Халқы 1 миллионның ар жақ-бер жағында болса да, Ереванда метро жұмыс істейді, оған қоса жақсы дамыған такси жүйесі бар. Кез келген көшенің бойында тізіліп тұрған арнайы белгісі бар көліктерге отырып, қалаған уақытта діттеген жеріңе барасың. Таксилерінде өркениеттіліктің және бір белгісі – жүріп өткен жолыңды есептеуіш құрал бар. Ешкіммен саудаласып жатпайсың.

 

 

«Орыс тілінің еш зияны жоқ, бірақ армян тілін алға қоямыз»

Такси жүргізушісі Қазақстаннан екенімізді біле сала кеңес армиясы қатарында болған кезін есіне алды. «Орталық Азия елдерінен тек қазақтар ғана орысша жақсы сөйлейтін, қалғандарының орысшаларын әжуа етіп күлуші едік, әсіресе түрікмендерді», – дейді ол. «Таза армяндар тұратын болса да, мұнда орыс тілінің дәурені жүріп тұр екен», –  дейміз біз. «Біз, армяндар, ұлттық тегімізді тілімізді жақсы білеміз, бірақ басқаларды да кері теппейміз. Орыс тілі бізге кедергі келтіріп жатқан жоқ, басқалар сияқты өз тілімізден ажырап қалатындай қауіп жоқ», –  дейді шопыр. Біз ойланып қалдық.  
Армения бір ғана ұлт өкілдері тұратын ел деуге болады. Қарабақ соғысы кезінде ел аумағында тұрған әзірбайжандардың барлығы көшіп кеткен. Қазір ел тұрғындардың  97 пайызы – армяндар. Көшедегі жазулардың көбі армян тілінде жазылған. Кейбіреулері армяншамен қатар орысша, енді біреулері ағылшынша тақтайша іледі екен. Дегенмен, орыс мәдениетінің ықпалы қаладағы шағын бизнес мекемелерінің атауларынан-ақ көрініп тұр. Жақын шетелден келген біз сияқтылар мұнда өзін бөтен сезінбейді. Себебі, мұнда біреуден орыс тілінде бірдеңе сұрасаң, Грузиядағыдай бетіңе таңырқай қарамайды. Бұрыннан қалада тұрып келе жатқан жергілікті халық өзара орысша сөйлескенді ыңғайлы көреді. Ресейдің «РТР», «Культура», «Первый канал» телеарналары ешқандай спутниксіз-ақ жай антеннамен тарта береді. Ол аз десеңіз, Армениямен ара қатынасы онша жақсы емес Түркияның да «ТРТ» арнасы көрсетіп тұр. Жергілікті арналардың кейбірі ара-тұра орыс тілінде жаңалықтар береді. Әзірбайжан мен Грузиямен салыстырғанда мұнда орысша кинофильмдер де көп көрсетіледі. «Бізде бұл жағынан толық еркіндік берілген. Кез келген адам қалаған арнасын көре алады», – дейді жергілікті журналист Анна Исраэлян. Біз көрші Әзірбайжанда Ресей телеарналары түгіл, орысша хабарлар дайындауға тыйым салынғанын айтып едік, Анна мұны «демократияға кереғар шара» деп атады. Ал Грузия өкіметі Ресеймен соғыс басталғалы тіпті кабельдік арналар арқылы Мәскеу телеарналарын трансляциялауға тыйым салды. 
«Голос Армении», «Новое время» газеттері ішкі және сыртқы жаңалықтарды күн құрғатпай сауатты түрде таратып отырады. Үкіметке жақын бұл газеттердің таралымы 5-7 мыңның айналасында. Арменияда бұл жақсы көрсеткіш саналады.
Жергілікті журналист Зара Габриелян Армения басшылығы Ресеймен жақсы қарым-қатынаста отырғандықтан ғана жасанды түрде орыс тіліне құрмет көрсетіп отыр деген пікірмен келіспейді. «Жылдар бойы біз орыс мәдениетімен сусындап келдік, халық орыс телеарналарын қызығып көреді, орыс әдебиетін тамсана оқиды. Оның бәрінен бас тартсаң, орнын немен толтырасың? Халықты қалай күштеп ағылшын етесің?» – дейді орыстілді журналист З.Габриелян.

 

 

Мұхтар Сеңгірбай, тәуелсіз журналист.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498