Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2665 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 05:12

Иса Гамбар, Әзірбайжанның «Мусават» партиясының төрағасы: «Күздегі сайлау барысында Грузиядағыдай төңкеріс болуы да ғажап емес»

Иса Гамбар – Әзірбайжан оппозициясының серкесі. Тұңғыш президент Әбілфаз Елшібейдің кезінде парламент төрағасы қызметін атқарған. 2003 жылғы президент сайлауында ресми мәліметтер бойынша 14 пайыз дауыс алған. 2005 жылғы парламент  сайлауына «Азадлык» блогының құрамында қатысқан. Блоктың 125 орындық Милли мәжілісте 8 депутаты бар.

 

 

Иса Гамбар – Әзірбайжан оппозициясының серкесі. Тұңғыш президент Әбілфаз Елшібейдің кезінде парламент төрағасы қызметін атқарған. 2003 жылғы президент сайлауында ресми мәліметтер бойынша 14 пайыз дауыс алған. 2005 жылғы парламент  сайлауына «Азадлык» блогының құрамында қатысқан. Блоктың 125 орындық Милли мәжілісте 8 депутаты бар.

 

 

– Сіз бірнеше рет парламент сайлауына, бір рет президент сайлауына қатыстыңыз. Сіз айтқандай, сайлау қорытындылары бұрмалана беретін болса, оған қарсы қолданатын шараларыңыз қалмаса, сайлауға қатысып, биліктің жеңісін заңдастырып бергенше, неге бойкот жарияламайсыздар?
– Әзірбайжанда сайлауға бойкот жариялауға негіз болатын себептер көп-ақ, дегенмен, «олай істеудегі мақсат не?» деген сұраққа жауап таппай отырмын. Егер бойкот елдегі жағдайды өзгертетінін білсем, мен бойкот жариялағандардың жағына шығар едім. Әлиевтікі сияқты режимдер тұрғанда сайлауға бойкот жариялау ешқандай оң өзгерістерге әкелмейді. Олар «оппозиция халықтың қолдауына ие болмайтынын біліп, сайлаудан бас тартты» дей салады да, нәтижелерді көп бұрмаламастан, көп күш жұмсамастан жеңіске жетеді.
Біздің қолымызда көп мүмкіндік жоқ екенін білеміз, десек те сайлау барысында жағдайды өзгерту мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз. 2003 жылғы сайлау қарсаңында Грузиядағы жағдай, 2004 жылғы сайлау қарсаңындағы Украинадағы жағдай Әзірбайжандағыдан, авторитарлық режимдегі ТМД-ның басқа елдерінен жақсы болды деп айта алмаймын. Түрлі шарттардың жиынтығы бұл елдерде өзгерістердің орын алуына алып келді. Шуақты күндерді күтіп жата беру тактикасы еш жақсылық әпермейді. Бостандық, демократия үшін дәл қазір біз күреспесек, басқа кім, қашан күреседі?
– 2003 жылғы президент сайлауының қорытындыларын мойындамайтыныңызды білеміз. Өз сөзіңізді дәлелдейтін айғақтар бар ма? Сіз қанша пайыз дауыс алдым деп есептейсіз?
– Біздің қолымызда «Адам» тәуелсіз әлеуметтану орталығы өткізген экзит-полл қорытындылары бар. Ол бойынша, мен – 46 пайыз, ал Ильхам Әлиев 24 пайыз дауыс алған. Біздің қолымызда 15 қазан, сайлау болған күні кешке қолымызға тиген хаттамалар бар. Алғашқы бірнеше жүз хаттаманың мәліметтерін қосып, есептеп көрсек, мен 50 пайыздан артық дауыс алыппын. Өкінішке қарай, биліктегілер сол күні түннен бастап, «Мусават» партиясының өкілдеріне  шабуыл жасап, қорқытуға көшті, ал 16 қазаннан бастап бейбіт митингке шыққандарды қуғындау басталды. Сол күні мыңдаған адам тұтқындалды, олардың арасында «Мусават» партиясының мүшелері ғана емес, сайлау кезінде саяси белсенділік көрсеткен жай адамдар да бар. Сонымен қатар, бұрмаланған хаттамаларға қол қоюдан бас тартқан сайлау комиссияларының мүшелерін де жаппай абақтыға жабу шарасы жүргізілді. Бопсалап, қорқыту әрекеттері де көп болды.
– Әзірбайжанда әділ сайлау өткізуге басты кедергілер не?
– Заңның жетілмегені, кандидаттарға бірдей жағдай жасалмауы, сайлау комиссияларының биліктің қатаң бақылауында болатыны, және т.б. Мұның бәрі биліктің әділ сайлау өткізуге саяси жігерінің жетпейтінінен болып отыр. Біздің бағымыз ба, сорымыз ба, біздегі жағдай, айталық, Ресейдегіден мүлде өзгеше. Онда сайлау әділ өткен күннің өзінде демократиялық күштер бәлендей жеңіске жете алмас еді. Бізде керісінше, оппозиция жылдар бойы тұқыртылып, қуғындалып келсе де халықтың үлкен қолдауына ие. Себебі халық елде өзгеріс болғанын қалайды. Өкімет өзі үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, халықтың көңіл-күйін бақылап отырады. Сол зерттеулер негізінде олар сайлауда жеңіліп қалатынын біліп, түрлі әдістерге барады.
– Халықтың билікке наразы болуының себебі не?
– Халық әділетсіздіктен шаршады. Экономиканы дамытуға ешқандай алғышарт болмаса, оны халық та түсінер еді. Мұнай сатудан түсіп жатқан ақшаның экономикаға жұмыс істеп отырмағанын жұрт жақсы біледі. Мемлекет басшысы мен оның айналасындағы үркердей топтың қалай шалқып өмір сүріп жатқаны да бәрімізге аян. «Элита» мен халық арасындағы айырмашылық күннен-күнге ұлғайып барады. Жұмыссыздық, жалақының аздығы, қымбатшылық, үкіметтің шарасыздығы – осының барлығы халықтың наразылығын күшейтіп отыр.
Екінші себеп – Қарабақ мәселесінің шешілмеуі. Әзірбайжанның біраз жері бөтен елдің оккупациясында қалып отыр, он бес жылдан бері Әлиевтер режимі Қарабақты қайтаруда бір адым да алға жылжи алған жоқ.
– Қазақстанда «демократиялық күштер бытыраңқы, лидерлердің амбициясы күшті, сондықтан олар билікке қарсы бірлесіп күресе алмай отыр»  деген пікір бар. Әзірбайжанда қалай?
– Бізде де мұндай пікірлер көп айтылады. Оның қолдайтын жағы да, қолдамайтын жағы да бар. Біріншіден, көппартиялы жүйенің болуы ел үшін де, әділетті сайлау үшін де еш кедергі бола алмайды. Екіншіден, саны көп, сапасы жоқ партиялардың болуына әділетсіз сайлаулар кінәлі. Сайлау ережеге сай өткен жағдайда, бір-екі науқаннан кейін халықтың көкейінен шығатын партия жеңіске жетер еді де, қай партияның қуыршақ екенін жұрттың бәрі түсінген болар еді. Саяси күштер өз-өзінен халыққа ұнамды саяси топтардың маңайына шоғырланар еді. Үшіншіден, сайлау әділ өтетін болса, оппозицияның бірлікте болған-болмағаны көп рөл ойнамас еді. Билік партиясы елу пайыздан артық дауыс ала алмаса, екінші кезеңге қалуы тиіс. Ал екінші кезеңнің шынымен болатынын сезген демократиялық күштер өз бетімен-ақ одақ құрады.
2005 жылғы парламент сайлауында белді үш оппозициялық партия бірлесіп, «Азадлык» блогын құрып көрдік. Бізде сайлау тек мажоритарлық округтар бойынша өтетін болса да, біз барлық аймақтар бойынша ортақ кандидаттан шығардық. Ортақ саяси платформа жасап, сайлау кампаниясын бірлесіп өткіздік, елдің барлық аймақтарын бірге аралап шықтық.  Аймақтардың жартысында біздің блоктың кандидаттары жеңіске жетті. Одан не шықты? Биліктегілер дауыс беру қорытындыларын бұрынғыдан да дөрекі әдістермен бұрмалады. Ондаған мың адам өз дауыстарын қорғап алаңға шыққан еді, оларды басып-жаныштады, қуғындап, қамауға алды. Оппозицияның бірлесуі мәселені шешіп бермейтіні сонда белгілі болды. Мәселе оппозицияның әркелкілігінде емес, мәселе биліктің әділ сайлау өткізуді қаламайтындығында. Оппозицияның бытыраңқылығы туралы аңызды ойлап тауып, өз мақсатына пайдаланып жүрген – Әзірбайжан өкіметі. Бұл аңыз тек бізде емес, биліктің қылмысын жасырып-жабуды мақсат еткен автократиялық елдердің көпшілігінде кәдеге жарап жүр. Шынтуайтына келер болсақ, белгілі бір себептермен біздегі бұрмалаушылықтарға көз жұма қарап отырған халықаралық ұйымдар да осы стереотипті өз ыңғайына пайдаланады. Бұл пікір бостандық үшін күресуге ерінетін немесе ашық күрестен қорқатын адамдар үшін жақсы қорған болып отыр.
– Ондаған жылдар бойғы күрес нәтиже бермей келеді дейсіз. Бізде «халықтың сана-сезімі күреске дайын емес» деген пікір бар. Соңғы жылдары кейбір саясаткерлер сол үшін де халықтың көзін ашып, ағарту тактикасын таңдады. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
– Демократиялық өзгерістерден үміт күту үшін қоғамдық сана белгілі бір деңгейде болуы керек деген жөн пікір. Өз басым әзірбайжан халқының сана-сезімі төмен деп айта алмаймын. Осыдан бір ғасыр бұрын, 1918 жылы ислам мемлекеттерінің ішінде тұңғыш рет Әзірбайжан еркін де демократиялық мемлекет құрып, Еуропа елдерінің көпшілігінен бұрын әйелдерге сайлау құқығын берген болса, бұл халықтың деңгейі төмендеп қалды деу ақылға сыймайды.  Халықтың жүз пайызы сауатты, белсенді болса ғана демократия орнайды деген де дұрыс көзқарас деп санамаймын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапондардың барлығы «демократия керек!» деп аттандап тұрды деп ойламаймын. Биліктегілердің саналы шешімінің арқасында халық та өзгерістің керек екенін түсінді. Айталық, Украинада халықтың сауаты беларустардан, грузиндердің сауаты армяндардан жоғары деп ойламаймын.   
Ал Қазақстандағы саясаткерлердің ағарту жолын таңдауын дұрыс емес деп айтуға қақым жоқ. Кез келген патриот адам өз елінің кәдесіне жарайтын белгілі бір шаруамен айналысуы керек. Егер олар бұдан басқа жол жоқ деп жатса, онда олардың өз пайымы солай шығар. Дегенмен, қазақтардың да демократиялық сана-сезімі басқа халықтардан төмен дей алмас едім.
– Қазақстан саясаттанушыларының арасында елдегі демократиялық күштерге қатысты «олар халықтан тым алшақ» және «орнығып қалған партия басшыларынан халық жалықты, халық мүлде жаңа адамды көргісі келеді» деген пікір бар. Әзірбайжанда да осындай сөздерді жиі естиміз...
–  Әзірбайжанда өте білімді саясаттанушылар көп, олардың көпшілігін өз басым сыйлаймын, пікірлерін ескеремін. Бірақ саясаттанушы мен саясаткер – жазушы мен сыншы сияқты категориялар. Сыншы жақсы сын айтқанымен ешқашан жазушы бола алмауы мүмкін. Сол сияқты саясаттанушылар да біздің жағдайға теориялық тұрғыдан қарайды, ал нақты жағдайды көбіне ескермейді. Біз бір мекемеде елмен кездесу өткізсек, ол мекеме басшысы ертеңінде жұмыстан алынады, ал мейрамхананы жалдасақ, оның бизнесін тартып алуы мүмкін. Әр кездесуді ұйымдастырған сайын біз халыққа зиянымызды тигізбес үшін осы факторлардың бәрін ескеріп барып, абайлап әрекет етеміз. Халықпен қауышқан әрбір сәтіміз – біз үшін үлкен жеңіс. Осыны кедергілердің бәрін біле тұра, биліктің айт дегенін айтып отыратын «тәуелсіз» сарапшылар да жеткілікті. Олардың мақсаты – беделі бар саясаткерлерді тұқырту.
Ал «орнығып алған басшылар» мәселесіне келсек. Біріншіден, партия басшысын сайлау, орнынан алу – сол партия мүшелерінің қолындағы шаруа. 2001 жылы біздің «Мусават» партиясының жарғысына  менің бастамаммен осы мәселеге қатысты өзгеріс енгізілді. Бір адам партияның сайланбалы органында екі мерзімнен артық қызмет ете алмайды. Бұл талап төраға ретінде маған да қатысты. Біз бұл мәселені партияның жарғысы деңгейінде шештік.
Мәселеге жалпы тұрғыдан қарайтын болсақ, оппозициядағы саясат – монополиялауға болатын сала емес. Егер біреу бізден де ақылды, ізденімпаз, батыл, харизмалы тұлғамын десе, партияны басқарсын. Жылдар бойы серіктерімізбен бірге талай теперішті көріп келеміз. Бұл – жабысып отыратындай мамық та жайлы орын емес. Оның үстіне, халықтың көкейінен шығатын жаңа саяси топ жарқ етіп шықса, олар бұрынғы «сақалды» саясаткерлерді оп-оңай ығыстыра алады. Біз – полицияны жіберіп қорқытатын немесе сарай «сарапшыларына» тапсырыс беріп қолдан рейтинг жасататын әмірі күшті өкімет емеспіз. Біз халықты өз қоластымызда күшпен ұстап отыра алмаймыз. Оппозиция алаңы – билікке наразы азаматтардың басын қосатын алаң. Мұнда кез келген саналы адамға орын табылады.
– Партияның «Иени Мусават» атты өз газеті бар екен. Бұдан басқа қандай ақпараттық ресурстарыңыз бар? Халыққа өз идеяларыңызды қалай жеткізесіздер?
– «Иени Мусаваттың» құрылтайшысы – менмін, бірақ өз басым бұл газеттің ісіне мүлде араласпаймын, олар газетті шығару барысында менімен ақылдаспайды. Ел ішінде оқырмандардың есебінен күн көруге күш салып отырған бірнеше басылым бар. Олар объективті, шыншыл ақпарат беру арқылы оқырмандарды көптеп тартуға тырысады. «Тұран» деген тәуелсіз ақпарат агенттігі бар. Сонымен қатар, биліктің қарауында болса да, оқырмандарды қарату үшін біздің де ақпараттарымызды беріп отыратын ақпарат агенттігі және бар. Телеарналар бізді маңайына жолатпайды. Біздің төменгі дәрежедегі өкілдерімізді аракідік бейтарап бір тақырыптар бойынша пікір айтуға шақырып қояды.
– Біздің ел 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін болды. Ел ішінде Қазақстан мұндай халықаралық ұйымды басқаруға әзір емес деген пікірлер бар. Сіздің не айтарыңыз бар?
– ЕҚЫҰ-ға ТМД-ның жаңа тәуелсіз мемлекеттері тең дәрежелі мүше ретінде кіргелі біраз уақыт болды. Бұл ұйымның басқару органдарына біздің арамыздан да кейбір елдерді тартатын мерзім жеткен сияқты. Екінші жағынан, ЕҚЫҰ-ның өзі дағдарысқа ұшырады. Біз еуропалық саясаткерлермен кездесулерде: «Егер сіздер біздің елдерде демократия бағытында нақты өзгерістер жасауға ұмтылмасаңыздар, сіздердің құрылымдарыңыз да біртіндеп біздің жүйеге ұқсап кетеді», – дегенді жиі ескертеміз. Мәселен, ЕҚЫҰ Шешенстандағы адам құқықтарының бұзылуы мәселесін талқыға салса, Әзірбайжан делегациясының өкілдері Ресейді қолдап шығады. Өйткені, ертең Әзірбайжандағы сайлау нәтижелерінің бұрмалануы мәселесі сөз болса, олар Мәскеудің көмегіне сүйенеді. Посткеңестік елдердің көпшілігі осындай «команда болып қарсы тұру» тактикасын қолданады. Қазір Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясында Еуропада қасиетті саналатын жалпыға ортақ адам құқықтары нормаларын мүлде жоққа шығаратын өте күшті әрі тұрақты топ пайда болды. Бұл – өте қауіпті тенденция. Бір жағынан біздің елдің халықаралық ұйымды басқару құқығын ешкім шектемеуі керек. Екінші жағынан, егер демократиядан алшақ саяси режимі бар ел осындай халықаралық ұйымды басқаратын болса, онда ол ұйымның осыған дейін айтып келген барлық құндылықтары әдірем қалады. Мұнда әңгіме тек Қазақстан туралы ғана емес, егер бұл орынға Әзірбайжан немесе Ресей барады десе де, біз осыны айтқан болар едік. Еуропаның интеллектуалдары осы мәселе төңірегінде мықтап ойлануы тиіс.  
Менің байқауымша, Қазақстанда экономикалық еркіндік саласында жағдай Әзірбайжандағыдан анағұрлым жақсы. Ал экономика – саяси еркіндіктің негізі. Егер экономикалық еркіндік сақталып, әрі қарай өркен жая беретін болса, ерте ме, кеш пе, саясатта оң өзгерістер болмай қоймайды. Өкінішке қарай, Әзірбайжанда тек саясат қана емес, экономика да толық бір топтың уысына шоғырланған. Бұл – өте қауіпті тенденция.
– Президент Ильхам Әлиев әлі жас. Сарапшылар оның бес жылдан соң биліктен оп-оңай кетіп қалатынына сенбейді. Ол қандай әрекеттерге баруы мүмкін?
–  Бес жылдың ішінде не болатынын болжау қиын. Біз «олар ертең не істейді? Бес жылдан соң не істеуі мүмкін?» деп қарап отырмақ емеспіз. Биліктің сан түрлі кедергілеріне қарамастан, біз жеңіске жетуден дәмеліміз. Осы күзде болатын сайлауда-ақ жеңіске жетіп, Әзірбайжанды демократияның жолына түсірмек ниеттеміз.

– Рахмет.

 

 

Мұхтар Сеңгірбай, тәуелсіз журналист.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5473