ШЕТТЕГI ШЕМЕН ТАҒДЫР ҚАМҚОРЛЫҚҚА ЗӘРУ
Редакцияға Қытайдан келген бiр оралман жiгiт хабарласты. «Қытайдағы ұйғырлар оқиғасынан кейiн алып елдегi қазақтар мәселесi қиындап кеттi», - деп шағым айтты. Елiмiзде онсыз да қордаланып тұрған оралмандар мәселесi - өз алдына бiр төбе. Осы мәселелер төңiрегiндегi ой-түйiндi тарқатпаққа Дүние жүзi қазақтарының қауымдастығына хабарластық. Бiзге Қауымдастықтың ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Ботагөз Уатқан оралмандар тақырыбына байланысты жағдайды төмендегiдей өрбiттi.
Қытайдағы ұйғырлар оқиғасынан кейiн қазақтар мәселесi қиындап кеттi деп бiзге ешкiм айтып келген жоқ. Оның үстiне, сол оқиғадан кейiн Қытай елiндегi қандастармен мүлде хабарласа алмай қалдық. Телефон жалғанбайды, интернет жабық. Шетелдегi қазақтар жайлы алуан түрлi алыпқашпа әңгiме бар. Мәселен, олардың тұрмыс-тiршiлiгi, күй-жайы туралы кейде бiз естiмеген жағдайлар айтылып жатады. Анығы мынау: шетелдегi қазақтардың әлеуметтiк жағдайы сол елдiң басқа халықтарымен бiрдей.
Редакцияға Қытайдан келген бiр оралман жiгiт хабарласты. «Қытайдағы ұйғырлар оқиғасынан кейiн алып елдегi қазақтар мәселесi қиындап кеттi», - деп шағым айтты. Елiмiзде онсыз да қордаланып тұрған оралмандар мәселесi - өз алдына бiр төбе. Осы мәселелер төңiрегiндегi ой-түйiндi тарқатпаққа Дүние жүзi қазақтарының қауымдастығына хабарластық. Бiзге Қауымдастықтың ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Ботагөз Уатқан оралмандар тақырыбына байланысты жағдайды төмендегiдей өрбiттi.
Қытайдағы ұйғырлар оқиғасынан кейiн қазақтар мәселесi қиындап кеттi деп бiзге ешкiм айтып келген жоқ. Оның үстiне, сол оқиғадан кейiн Қытай елiндегi қандастармен мүлде хабарласа алмай қалдық. Телефон жалғанбайды, интернет жабық. Шетелдегi қазақтар жайлы алуан түрлi алыпқашпа әңгiме бар. Мәселен, олардың тұрмыс-тiршiлiгi, күй-жайы туралы кейде бiз естiмеген жағдайлар айтылып жатады. Анығы мынау: шетелдегi қазақтардың әлеуметтiк жағдайы сол елдiң басқа халықтарымен бiрдей.
Ресей қазақтары ауқатты, Еуропа қазақтары сол елдiң өлшемiмен жоғары деңгейде, Қытай қазақтарында тiл мәселесiнде қиындық ендi бастау алды. Әлеуметтiк жағдайлары ойдағыдай. Бiрақ мектептерi жаппай аралас болып, қытайландыру саясаты тез қарқынмен жүрiп жатқаны ешкiмге құпия емес. Қытайлардың мұнысын дұрыс саясат деп бiлемiн. Себебi, Қытайда өмiр сүредi екенсiң, онда мiндеттi түрде қытай тiлiн бiлуiң, заңын құрметтеуiң керек. Қазiр бұл елдегi қазақтардың көбi балаларын аралас мектептерден гөрi, қытай тiлiндегi мектептерге басымырақ бередi. Өйткенi өмiр сүрудiң қағидасы - сол елдiң тiлiн меңгеру әрi қажеттiлiк деп түсiнген жөн. Бiздiң Қазақстанда да қазақ тiлiн оқыту мәселесiне Қытай саясаты арқылы қараған жөн болар едi.
Өзбекстандағы қазақ мектептерi де азайып бара жатыр. Бұрын қазақтiлдi 532 бiлiм ордасы болса, қазiр оның 236-сы қалған. Ал Ресей қазақтарында қазақша мектеп емес, қазақ тiлiнiң өзi қолданыстан қалып барады. Бұрын бұл елде де қазақша мектептер жұмыс iстейтiн. Кейiн бәрi жабылды. Алтай өлкесiнде ғана 11 жылдық бiр мектеп бар. Ол Байкамут деген жерiнде. Бар-жоғы 50-дей оқушы оқиды. Директоры - Сапарбек Маусымбаев деген азамат. Ресейдiң заңында қазақтiлдi мектеп ашуға қарсылық жоқ. Сөйте тұра, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қазақ мектебiн ашу жөнiндегi бiрнеше реткi ұсыныстарын Ресей бiлiм министрлiгi қабылдамай отыр. Тiптi аптасына 2 сағаттық факультатив енгiзудiң өзi қиынға соқты. Ал бiздiң елде орыстар үшiн бәрi жасалған. Қауымдастық Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Тiл комитетiнiң бiрлесiп ұйымдастыруымен Самара қаласында 2 рет үлкен конференция өткiздi.
Еуропаның 12 елiнде тұратын қазақ жастары бүгiнгi күнi бiр-бiрiмен сөйлесуден қалды. Бұрын өзара түрiкше сөйлесетiн, қазiр ол да азайған. Соңғы екi жылдан берi Еуропадағы қазақ жастары бас қосып, осы мәселенi талқылап жүр. Өткен жылы немiстiлдi қазақтар Мюнхен қаласында бас қосса, биыл ағылшынтiлдi қазақтар Швецияда жиналыпты. Бiздiң елдегi басқа ұлттар осы қасiреттi бiлсе ғой, шiркiн, деп ойлаймын.
Моңғолияның Байөлкесiнде 40-тан артық қазақ мектебi әлi жұмыс iстеп отыр. Моңғолдандыру саясаты атымен жоқ. Моңғолия - таулы аймақ. Ол - екi алып мемлекеттiң ортасына қоныс тепкен шағын ел. Экономикасы да жұтаңдау. Бiрақ солай бола тұра, ол жақтағы ағайындардың балалары дамыған Еуропа елдерiнде, шығыс мемлекеттерiнде бiлiм алады. Оның үстiне, Моңғолияның жалпы халық саны - 3 миллион, мал басы - 44 миллион. Бұдан халық тұрмысының мешеу емес екенiн бiлу қиын болмас.
Еуропа қазақтарында мектеп ашып, қазақ болуға қадам басу алыстағы арманға айналған. Олай болатыны - қазақтық менталитет жас буынның бойында кемшiн. Орта буын енжар, аға буын сиреген. Бiр байқағаным, шеттегi кейбiр қазақтардың бойында бiздегi сияқты қазақы жалқаулық, енжарлық басым деуге болады. Жалпы айтқанда, қай елде жүрсе де, барлық қазақтың психологиясында ұқсастық көп.
Дүние жүзi қазақтары қауымдастығының соңғы бес жылдағы атқарған шаруасы қомақты. Мәселен, шетел қазақтары үшiн қазақ тiлiн үйренудiң интерактивтi компьютерлiк бағдарламалары мен тiлашар және үнтаспалар шығарып жатырмыз. Сонымен бiрге ол жақтағы ағайындардың кiтаптарын өзiмiздегi «Атажұрт» баспасынан бастырып, тегiн таратып жүрмiз. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi шығарған «Нұрлы көш бағдарламасы» жаднамасын насихаттап, елге оралуларына мұрындық болуға тырысып жатырмыз. Бұл жаднаманы орыс тiлiнен қазақ, түрiк, моңғол тiлдерiне және де төте жазуға аударып, тараттық.
Осы орайда оралмандар мәселесi жөнiнде билiктегi азаматтардың «құлағына - алтын сырға». Бұрын алыстан келген ағайындарға Қазақстан Үкiметiнiң 791- қаулысы бойынша ұлтын анықтайтын «қазақ куәлiгi» берiлетiн. Оның ел iшiнде көп жеңiлдiгi бар едi. Соған өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп, қайта жаңалаудың орнына, мүлде күшiн жойып тастағаны көптеген қиындықтар туғызуда. Бүгiнгi күнi Қазақстанның төлқұжатына өз ұлтын көрсету немесе көрсетпеу әркiмнiң еркi болып отырғаны жасырын емес. Сөйте тұра, ҚР Iшкi iстер министрлiгi Көшi-қон полициясы шетелден келген қазақтарға ұлтыңды көрсететiн құжат әкел деп әуре-сарсаңға түсiредi. Сондықтан № 791-қаулы қайтадан қабылданса, дұрыс болар едi.
Екiншiден, шетелден шақыру қиынға түстi. Бұрын Сыртқы iстер министрлiгiне қолдау хат берiп, ағайындарды ешбiр бөгетсiз атамекенге шақыра алатынбыз. Ендi оған Көшi-қон полициясы мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi рұқсат етпесе, ешкiмдi шақыра алмайсыз. Осының кесiрiнен Норвегияда тұратын қазақ отбасы, өзi Ауғанстан азаматы, Қазақстанға көшiп келген, ҚР азаматтығын алған ата-анасымен қауыша алмай отыр. Мiне, осындай жағдайлардан ба, бүгiнде елге келiп жатқан көш жоқ. Көштiң тоқырауына әсер еткен бұдан басқа да факторлар бар. Яғни шетелден келетiн ағайындарға берiлетiн жер телiмi жоқ, үй бағасы қымбат, жұмыс мәселесi қиын. Жуықта Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаев Өскемен қаласында «Оралмандар форумын» өткiзiп, шетелден көшiп келем деушiлер үшiн жер телiмiн беретiнiн, оларды үй-жаймен, жұмыспен қамтамасыз ететiнiн айтты. Осы игi бастаманы басқа облыс әкiмдерi де жалғастырса, ағайыннан алыстамас едiк.
Қытайдағы қазақтарда Қазақстанға шығатын құжат алу мәселесi қиын. Моңғолияда жол азабы - шекарадан өту қиямет-қайым. Олар Қазақстанға Ресей арқылы екi шекара кесiп өтедi. Оның мысалы ретiнде жуықта шу болған Родина мәселесiн айтсақ та жеткiлiктi. Өзбекстан, Түркмения және Тәжiкстандағы «қаракөздер» де тұрып жатқан елдерiндегi үй, жерлерiн сату сияқты әлеуметтiк жағдай бар. Ол елдерде үй арзан, оның ақшасына мұнда жер де ала алмайды. Ал Ресей, Түркия, Еуропа қазақтарында отанға оралуға деген ниет - жоқтың қасы.
Көп ағайындар Көшi-қон комитетi мен Дүние жүзi қазақтары қауымдастығының мiндетiн шатастырып жатады. Бiзге келiп, квота бермейсiңдер деп ашуланатындары да бар.
Дүние жүзi қазақтарының қауымдастығы - республикалық қоғамдық бiрлестiк. Бiрi - мемлекеттiк ұйым болса, екiншiсi - қоғамдық ұйым. Дегенмен «илегенiмiз бiр терiнiң пұшпағы» дегендей, қолымызды қусырып, қарап отыра алмаймыз. Алыстан келген қандастарымызға жол сiлтеу, құжаттарын жазып, тегiн ақыл-кеңес беру сияқты жұмыстарына көмектесiп келемiз. Бiздiң қызмет - шеттегi ағайынмен рухани байланыс орнату. Ал Көшi-қон комитетi елге келген ағайынның Қазақстандағы азаматтық, квота, жер, үй алу сияқты әлеуметтiк жағдайын реттейдi.
«Нұрлы көш бағдарламасы» - жаңа жоба. Ол да елге келген «қаракөздердiң» Қазақстандағы жай-күйiне, елге тұрақтауына жауапты. Ал оралмандардың түрлi қоғамдық ұйымдарына келер болсақ, ол - Қазақстандағы 5000-нан астам көп қоғамдық ұйымдардың бiреуi. Бiрақ олардың саны бiреу емес, көп. Солардың iшiнде нақты жұмыс атқарып жатқан «Асар» республикалық қоғамдық бiрлестiгiн ғана атауға болады. Басқаларынан хабарым жоқ.
Көшi-қон және оралмандар мәселесiндегi осы күнге дейiн шешiлмей келе жатқан тағы бiр түйiн бар. Ол - Көшi-қонның комитет дәрежесiнде қалып қоймай, жеке министрлiк болып жұмыс iстеу мәселесi. Сонда ғана шеттегi ағайын мен отанға оралған «қаракөздердiң» шаруасы қиындамас едi. Сондай-ақ, қазақ диаспорасын зерттейтiн институт ашылса, бiздiң мәдени мұрамызға қосылар құндылықтардың көбеюi заңды болар едi. Шетелде қанша қазақ бары жөнiндегi сан нақты емес. Егер диаспорология институты жұмыс iстесе, жоғалған қаншама тарихымыз оралар едi. Қауымдастық жанында қазақ диаспорасын зерттейтiн ғылыми орталық бар. Биыл осы Орталық Өзбекстандағы қазақтардың тарихы жөнiнде монографиялық еңбек және Ресей қазақтарының ана тiлi жөнiнде әлеуметтiк зерттеу жазып, жеке-жеке кiтап етiп шығарды.
Қазақстанның болашағы үшiн шеттегi қазақтарды Отанға алдыру мәселесi бiрiншi орында тұруы керек. Кейде қазақпен жақын туысатын Кавказдағы құмық, балқар, қарашай сияқты ұлттармен бiрге Өзбекстандағы қарақалпақтарды, Еуропа елдерiндегi ноғайларды Қазақстанға алдыру идеясын айтатындар бар. Иә, олар да жат емес, жақынымыз. Қарақалпақ ұлтының өкiлдерiне Қазақстан азаматтығы берiлмейдi. Олар қазақтың бiр руы екенi белгiлi. Дегенмен Қазақстанда оларсыз да 140 ұлттың өкiлi тұрады. Дәл қазiргi уақытта бiзге әлемнiң 30-дан астам елiнде жүрген қазақтарды алдыру маңызды болуы шарт. Басқасы - кейiнгi шаруа.
Елiмiздегi кейбiр отандастарымыздың арасында шетелдегi қандастарымызды оқымаған, тек мал шаруашылығымен ғана айналысатын адамдар деп түсiнетiндер де баршылық. Шын мәнiнде, шетелде де зиялы қазақ қауымы көп. Осы орайда Дүние жүзi қазақтары қауымдастығының жанынан ашылған «Атажұрт» баспасы шетелдегi ақын-жазушылардың кiтабын шығарады. Пенде болған соң, кейде соның өзiне өкпе айтып жататындар бар. Мәселен, 2008 жылы 4 кiтап басылды. Оның төртеуi де - Қытайдың Алтай аймағынан шыққан қаламгерлердiкi. Ол кезде баспа редакторы Жәди Шәкен мырза болатын. Соған ренжiген Тарбағатай мен Iледен, Үрiмжi маңынан келген бiр кiсiлер: «Бұларыңыз жерге, руға тарту», - деп, кәдiмгiдей ағайындық өкпе айтты. Оралман ағайындар мынаны анық бiлуi керек: бiз қай жақтың қазақтарының қолжазбасы сапалы, соны шығарамыз. Жерге, руға тартқан түгiмiз жоқ. Ондай бықсықтан жанымыз ада. Қазақстанда үш жүзге бөлiнiп, ырың-жырың боп жүргенiмiз аздай, ендi шеттегi қазақтарды елге, жерге бөлетiн жайымыз жоқ. Бiзге барлық қазақ - бiр қазақ.
Ботакөз УАТҚАН,
Дүние жүзi
қазақтары
қауымдастығының
ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 01 (38) от 06 января 2010 г.