Қазақстандағы АТОМ өндiрiсiнiң болашағы қандай?
Уақыт ушықтырған уран
Биылғы жылдың алғашқы күндерi қазақстандық «Қазатомөнеркәсiп» Ұлттық компаниясы уран шикiзатын өндiруден әлем елдерi арасында бiрiншi орынға шыққанын және жалпы өндiрiлген шикiзат өнiмiнiң 13 500* тоннаны құрағанын, екiншi жүлделi орынға 9 934 тонна өндiрген Канаданы ысырып, уран қоры жағынан әлемде бiрiншi орын алатын құрлық - мемлекет Австралияны да үшiншi көрсеткiшке, яғни 8 022 тоннамен артқа тастап кеткенiн жариялап, сүйiншi сұрады. Алайда бұл көрсеткiш «Қазатомөнеркәсiп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшовтiң Қызылорда облысындағы Шиелiде сол кездегi табиғи уран алынып жатқан 16 уран кенiшiнен, «2010 жылы 15 000 тонна уран алып, әлемде 1 орынға шығамыз!» - деп айтқан көкейкестi арман-жоспарындағы межеден 1 500 тонна кем болып шықты («Казинформ», 23.11.2007 ж).
Уақыт ушықтырған уран
Биылғы жылдың алғашқы күндерi қазақстандық «Қазатомөнеркәсiп» Ұлттық компаниясы уран шикiзатын өндiруден әлем елдерi арасында бiрiншi орынға шыққанын және жалпы өндiрiлген шикiзат өнiмiнiң 13 500* тоннаны құрағанын, екiншi жүлделi орынға 9 934 тонна өндiрген Канаданы ысырып, уран қоры жағынан әлемде бiрiншi орын алатын құрлық - мемлекет Австралияны да үшiншi көрсеткiшке, яғни 8 022 тоннамен артқа тастап кеткенiн жариялап, сүйiншi сұрады. Алайда бұл көрсеткiш «Қазатомөнеркәсiп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкiшовтiң Қызылорда облысындағы Шиелiде сол кездегi табиғи уран алынып жатқан 16 уран кенiшiнен, «2010 жылы 15 000 тонна уран алып, әлемде 1 орынға шығамыз!» - деп айтқан көкейкестi арман-жоспарындағы межеден 1 500 тонна кем болып шықты («Казинформ», 23.11.2007 ж).
Ұлы Жаратушымыз бұл аса бағалы стратегиялық байлықты, яғни келешектегi энергияның сарқылмас көзiн ұлы даламызға, халқымызға молынан ырыс-несiбе етiп берiптi. Қазақстан бүгiнгi күнi табиғи уран кенiнiң қоры жағынан әлемде Австралиядан кейiнгi екiншi орынды алады. Оның барланған қоры - 1 миллион 600 мың тонна. Оның 1,2 миллион тоннасы құмды-шөлейттi аймақтарда орналасқан. Бүгiнгi күнi уран кенiштерiнiң Қазақстандағы жалпы саны 21-ге жеткен. «Қазатомөнеркәсiп» АҚ-ы геологиялық барлау, уран шикiзатын өндiрумен және Өскемендегi Ульба металлургия зауытында атом электр станцияларына ядролық отындық таблеткалар шығарумен, сирек кездесетiн металдар алумен және ҚР Ұлттық Ядролық орталығында (НЯЦ РК) ғылыми зерттеумен де айналысуда. Бүгiнгi күндерi Ұлттық компанияда 25 мың адам қызмет етедi. Бiрақ осы 13 500 тонна табиғи уранның барлығын да «Қазатомөнеркәсiптiң» өзi өндiрiп, қазынаға түсетiн қаржыны тасқындатып отыр ма?
Соңғы жылдары «Қазатомөнеркәсiп» Ресейдiң «Атомредметзолото» холдингiмен, Канада, Франция, Жапония және Қытаймен бiрiккен кәсiпорындар ашып, солармен бiрге Қазақтың кең даласының төсiн жаппай ашып тастап, уран өндiруге кiрiстi.
«Қазатомөнеркәсiп» уран кенiштерiнiң басым көпшiлiгi оңтүстiктегi Қаратау, Созақ, Бетпақдала өңiрлерi мен Мойынқұм-Шу аймағында, Каспий өңiрi мен Маңғыстауда, Қызылорда облысындағы Шиелi, Жаңақорған аудандарында орналасқан. Қазiргi уран алу технологиясы бұрынғы шахты арқылы немесе ашық әдiспен алудан мүлдем ерекшеленедi. Қазiргi күнi ұзын саны 21-ден асатын кенiштерден алынатын уран шикiзаты, негiзiнен, жер астындағы кенi бар жердi бұрғылау арқылы ұңғылар жасалынып, одан кейiн кендi қабатқа күкiрт қышқылын айдау арқылы кен ерiту жолымен өндiрiледi. Одан соң күштi қышқылды ортада ерiген уран мен басқа iлеспе металдар ерiтiндiсi жоғарыға арнаулы сорғылармен сорып шығарылып, бұл ерiтiндiлер арнаулы ыдыстарға құйылып, одан кейiн оны байыту, бөлу және тазалау зауыттарына жiберiледi. Қазiр көптеген кен орындарында байыту мен тазалауды ұйымдастыру үшiн арнаулы технологиялық қондырғылар орнатылған. Бұл әдiстi алғаш рет Кеңес үкiметi кезiнде, яғни 20 ғасырдың жетпiсiншi жылдары Басқармасы Ташкентте орналасқан «Краснохолмск» экспедициясы Өзбекстандағы «Үшқұдық» уран кенiшiнде қолданған. Бұл әдiс уран кендерiн шахталардан қазып алуға қарағанда әлдеқайда қауiпсiз, құмды-шөлейттi аймақтарда суды да үнемдейдi.
Одан кейiнгi ең жауапты кезең - кен ерiтiлiп, сорғызылып алынған жерасты қабаттарындағы қышқылды ортаны залалсыздандыру қажет. Себебi, жер астындағы жыныстардың арасында өте күштi қышқылдар мен радиоактивтi ерiтiндiлер қалып қояды. Жер жыныстарында табиғи сiлтiлi орта өте сирек кездеседi. Оның бәрiн түк қалдырмай сорғылармен сорып алу, әрине, мүмкiн емес. Сондықтан бұл жынысты қабаттарға сiлтi немесе негiз ерiтiндiлерi, ең арзаны сөндiрiлген кәдiмгi әк суы жiберiлуге тиiс. (Таулы жерлердегi жыныстар сiлтiлi болса, яғни онда табиғи әк шөгiндiлерi басым болса, құмды-шөлейттi аймақтарда мұндай табиғи жыныстардың кездесе бермейтiндiгi белгiлi). Сонда ғана қышқылды орта бейтараптандырылып, бұл өз кезегiнде айналадағы жерасты суларының бүлiнбеуiне оң әсерiн тигiзедi. Оған қоса, бұл iс-шаралар қышқылды ортамен табиғат пен қоршаған ортаның күресуiн оңайлатады.
Бұл көп сатылы жұмыс бiткесiн, арнаулы лабораториялар жер астындағы сұйықтықтардың рН - 6,5-8,5 көрсеткiшiне жеткенiне сенiмдi болғасын ғана ураны алынып залалсыздандырылған ұңғыларды жабуға рұқсат бередi. Ендi бұл ұңғыларға мiндеттi түрде қатты (үйеңкi, қызыл ағаш) ағаш бөренелер тасталынып, әр бөрене арнаулы (тампонажды) цемент тығындармен бекiтiлуге тиiс. Себебi, қышқылды, радиоактивтi ортада металл құбырлар шыдас бермейдi. Ал ағаш бөренелер, уақыт өте келе, жер астындағы ауасыз қабаттарда өмiр сүретiн анаэробты бактериялардың әсерiмен қатты жер жынысына айналып кетiп, радиоактивтi сулар мен газдардың қоршаған ортаға таралмауына негiз болады. Бұл - қосымша шығындарды талап ететiн үдерiс.
Осы табиғат қорғау технологиясын «Қазатомөнеркәсiп» сақтап отыр ма? Мiне, бар мәселе осында болып тұр. «Қазатомөнеркәсiп» қышқылды ортаны бейтараптандырмай, ураны алынған жерлердi: «Табиғат өзi залалсыздандырады!» - деп, ұңғыларды жауып кетiп жатыр. Бiрақ бұл ұңғыларды жапқанда, жоғарыдағы талаптар сақтала ма? Мұны табиғат қорғау органдары тексерiп жатыр ма? Тексерсе, қалай тексерiп жатыр? Шетелдiктер жоғарыдағы табиғат қорғау шараларын жүзеге асырып жатыр ма? Әрине, ол жағы белгiсiз. Бәрi де - жабық тақырып! Құпия!
Түптiң-түбiнде бүлiнетiн де, зорланатын да - бiздiң жерiмiз, қоршаған ортамыз, ал зардап шегетiн тiршiлiк көздерi, бiздiң жерлерiмiздегi жан-жануарлар мен жәндiктер, құстар мен аңдар, қала бердi, сол жерлерге жақын орналасқан бiздiң қандастарымыз, халқымыз! Уран кендерi таусылғасын, жайлы жерлерден мекендерiн дайындап қойған шенеунiктер де, уақытша келген шетелдiктер де Қазақстаннан тайып отырады. Оның ауыр зардабын тартатын - тағы да бiз!
Қоршаған орта мен жергiлiктi тұрғындардың денсаулығына орны толмас ойран әкелген «Табақбұлақ» (қазiр «Заречное» деп аталады, Оңтүстiк Қазақстан облысының Отырар ауданында орналасқан) уран кенiшi кеңес өкiметiнiң соңғы жылдары қоғамдық ұйымдар мен жергiлiктi халықтың талап етуiмен 1990 жылы жабылған болатын.
Кеңес үкiметi кезiнде, өткен 20 ғасырдың 40 жылдары Қазақстанда уранды iздеп табу және оны өндiру үшiн құрылған «Волковгеология» экспедициясы осы жерде осындай 889 ұңғыны топырақпен ғана шала-шарпы жауып кеткен. Кейiнгi уақыттарда бұл ұңғылардан сапасының қандай екенi белгiсiз, жерасты сулары көтерiлiп кеткен! Ал айналадағы елдi мекендердегi құдықтардың суы қышқылданып, бүлiне бастаған.
Бұл уран кенiшiн қайта ашуға 2005-06 жылдары жергiлiктi халық пен Оңтүстiк Қазақстан облысындағы қоғамдық ұйымдар қарсы болды. Оның басты себебiн жоғарыда айттық. Алайда сол кездегi Даниал Ахметов үкiметi бұл кенiштi 07.12.2006 жылы қайта аштырып, уран өндiруге кiрiстi. Қазiр мұнда Ресей - Қырғыз - Қазақ кәсiпорындары бiрiгiп уран өндiруде. Оны транспорт және басқа да коммуникациялардан өте қашықтықта орналасқан, оның үстiне стратегиялық маңызы бар ашық су көздерi: Сырдария, Ызакөл, Арыс өзендерiнiң және басқа да үлкен магистралды каналдар үстiмен өтiп жатқан, стандарттарға сай келмейтiн автожолдар арқылы «Темiр» темiржол бекетiне тасымалдауда. Аса улы, қоршаған ортаға өте қауiптi күкiрт қышқылы автоцистерналарға тиелiп, «Темiрден» уран кенiшiне қарай тасымалданып жатыр.
«Заречное» (Табақбұлақ) уран кенiшiнен 2008 жылы 166 тонна уран өндiрiлсе, 02.10.2009 жылғы жоспар бойынша 232 тоннаға жеткiзу көзделген болатын.
Ал осы кенiш ашылған 07.12.2006 жылы бiрiккен кәсiпорындар басшыларының осы жерден 2009 жылы 1000 тонна табиғи уран алмақ болған үмiттерi ақталмады. Оның басты себебi - бұл мырзалардың Кеңес үкiметi кезiнде уранның негiзгi қорының алынып қойылғанын және ол жерде уранның аз қалғандығын ескермегендiгiнен болып отыр. Оның есесiне қазiр бұл жерлерде табиғат пен қоршаған ортаға қиянат келтiрiлiп, мұндағы жерасты сулары бүлiне бастап, айналасы 25-30 шақырым жерлерде құстар мен шегiртке, адамзаттың досы құмырсқаға шейiн жоғалып кеткен... Ал Оңтүстiк Қазақстан бойынша неше түрлi белгiсiз ауру түрлерi мен жастар арасында әлеуметтiк жағдайына қарамастан, өз-өзiне қол салып, асылып қалу жағдайлары көбейiп барады!
2. Қазақстанға АЭС қажет пе?
Қазақстанда Кеңес үкiметi кезiнде 1949-1989 жылдары арасында жердiң үстiнде, атмосферада, жердiң астында 500-ден астам ядролық жарылыс жасалды. Оның үстiне, табиғатқа орны толмас ойран әкелген кеңестiк жүйенiң кезiнде республика аумағында 230 миллион тоннадан астам радиоактивтi қалдық пен қоқыс жиналып қалған. Қазақстандағы алты iрi уран кенi бар геологиялық аймақ пен көптеген уран өндiрiп жатқан кенiштерден бөлiнетiн табиғи радиация және табиғат қорғау ережелерi мен iс-шараларын бұзушылықтың әсерiнен еселене түсетiн радиоактивтi қатер бұл саланы басқарып отырғандарға, тиiстi табиғат қорғау мекемелерi мен олардың жұмыстарын бақылайтын үкiмет органдарына да асқан жауапкершiлiк жүктеп отыр.
Қазiр ғылым мен бiлiм көз iлеспес жылдамдықпен дамып келедi. Әлем елдерiнде атом өнеркәсiбi мен ядролық энергетика айналасындағы ғылыми зерттеулер де өз жалғасын табуда. Бұл салада Қазақстан ғылымы мен өнеркәсiбiнiң алдыңғы қатарда болуын бүгiнгi өмiрдiң талабы туындатып отыр. Елiмiзде кеңестiк жүйеден қалған ғылыми институттар да, ғылыми-зерттеу орталықтары да, ондағы ғалымдар да, мамандар да жеткiлiктi. Адамзат өркениетi келешекте «Бейбiт атом энергетикасына» үмiт артуда, сондықтан бұл салада артта қалып қою кешiрiлмес өкiнiш болар едi. Бiрақ Қазақстанға құрылысы 10-15 жылға созылатын, 15 жыл жұмыс iстеп, тағы да 15 жыл бойы тоқтатылатын, радиоактивтi қалдықтары көп Ресейдiң атам реакторлары қажет емес. Әрi ресейлiк реакторлардан қалатын қалдықтардың өздiгiнен сөнiп, ыдырауы мыңдаған жылдарға созылады. Оны сақтауға да қосымша шығындар қажет.
Оның орнына алдағы онжылдықтарда пайдалануға берiлетiн төртiншi буынды саналатын радиоактивтi қалдықтарды мейлiнше аз қалдыратын, озық үлгiдегi атом реакторларын жасайтын Жапон елi мен бұл салада табысқа жеткен Франция, АҚШ компанияларымен келiсiмге келiп, осындай реакторлары бар АЭС-тердi ғана келешекте Қазақстанда салу анағұрлым тиiмдi болмақ. Тек осы бағытта ғана атом энергетикасын дамытамыз десе, онда үкiметiмiздiң бұл саладағы қадамдары қолдауға тұрады.
Өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап дамыған батыс елдерiнде коммерциялық пайдалануға жетiлдiрiлген, жеңiл сулы «LWR» реакторлары iске қосылды. Олардың iшiнде Жапония мен АҚШ-тың «Hitachi Ltd», «Toshiba Corporation», «General Electric» компаниялары бiрiгiп жасаған, өндiрiстiк қуаты - 1 356 МВт құрайтын, дамытылған «AWBR» қайнайтын реакторын және «ABB Combustion Engineering» компаниясы жасаған, өндiрiстiк қуаты - 1 350 МВт System 80+ эволюциялық реакторын атап өтуге болады. Қазiр әлем елдерiнде жұмыс iстеп тұрған екiншi буындағы реакторлар мен осы биылғы 2010 жылы iске қосылатын экономикалық көрсеткiштерi бұрынғы реакторлардан көш iлгерi, жетiлдiрiлген үшiншi буындағы реакторлардың жұмыстарын зерттеу мен үйрену елiмiздiң атомшыларына да өте пайдалы болар едi.
Iлесбек Байжанов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесi
Шымкент шаһары
*Мақала дайындалып болғанда, «Қазатомөнеркәсiп» компаниясы ҚР Үкiметi Үйiнде 2009 жылдың қорытындысы бойынша берген жылдық есебiнде өндiрiлген уран - 13 665 тонна деп көрсеткенiн бiлдiк.
БIЛЕ ЖҮРIҢIЗ
Уран - Д.И.Менделеевтiң химиялық элементтерiнiң топтық жүйесiндегi табиғатта кездесетiн 92-шi радиоактивтi элемент. (Қазiр бұл жүйеде 109 химиялық элемент бар). Ол - орасан қуат көзi. Уран табиғатта сирек кездесетiн және шашыранды элементтер қатарына жатады. Бiрақ жер қыртысындағы шашыраңқы орналасқан уранның үлесi алтыннан 1000 есе, күмiстен 30 есе көп. Табиғаттағы үлес салмағы мырыш пен қорғасынмен бiрдей болса да, негiзгi массасы тау жыныстарында, топырақта, табиғи суларда шашырап таралғасын, оны өндiру iс жүзiнде тиiмсiз әрi мүмкiн де емес. Табиғатта оның аз бөлiгi ғана кен орындарында шоғырланған. Ал мұндай кен орындары көптеген елдерде мүлдем жоқ.
Айтпақшы
Сауат Мыңбаев, энергетика және минералдық ресурстар министрi:
«Маңызды мәселе: АЭС-тiң құрылысы басталғанға дейiн ресейлiк мердiгер бұл АЭС-те өндiрiлетiн электр қуатының бағасына кепiлдiк бере ала ма? Әйтпесе бұл жобаға 2 миллиард (доллар. - Ред.) мемлекеттiк немесе мемлекеттiк-мiс қаржыны төге салып, бәсекеге сай келмейтiн бiршама жоғары бағаға электр қуатын өндiруге тура келедi. Бiрақ ол кезде шегiнерге жер қалмайды. «ВБР-300» ресейлiк реакторының базасындағы АЭС-тен өндiрiлетiн электр қуаты газ отынымен жанатын ТЭЦ-тен алынатын электр қуатынан қымбат болса, АЭС салудың қажетi бар ма? Себебi, Маңғыстау - газ өндiрiлетiн аймақ».
Министрлiктiң кеңейтiлген алқа мәжiлiсiнде айтылған сөз.
15 қаңтар, 2010 жыл
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 04(41) от 27 января 2010 г.