Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3065 0 пікір 4 Ақпан, 2010 сағат 06:49

Отаршылдар үшiн cенiң жер басып жүргенiңнiң өзi – қылмыс

Қажығұмар Шаб­данұлының (суретте) бостандықта жүрген санаулы жылдарының бiрiнде, нақтырақ айтсам, 1984 жылы Қытайдағы Iле қазақ автономиялы облысы бойынша айтыс ақындарының кезектi бiр басқосуы Нылқы ауданының Шапқы жайлауында өткiзiлетiн болды. Тарбағатай аймағынан айтысқа қатынасатын ақындар тобын Қажығұмар Шабданұлы бастап келедi екен дегендi естiп қалдық. Аламан айтысты Шапқы жайлауында өткiзген ақындар қайтар жолда облыстың орталығы Құлжа қаласына келiп бiрер күн ерулегенi бар. Қажығұмар «Iле» қонақ үйiне түсiптi. Бұрыннан бiр көруге құмар болып жүретiн әйгiлi жазушының жатқан бөлмесiне барып, бет көрiсiп, сәлем бердiк. Бiз барсақ, Құлжа қаласындағы әдебиет пен өнердiң төңiрегiнде жүретiн шығармашылық топтың бетке ұстар белгiлi өкiлдерiнiң барлығы дерлiк Қажекеңнiң төңiрегiне жиналып қалған екен. Сол кездесуде бiр байқағанымыз: үш аймақтан жиналған ақындар болсын, Шыңжаң қазақ әде­биетiнiң көш бастар серкеле­рiмiз деп жүретiн, орталық қалада тұратын ақын-жазушылар мен өнер адамдары болсын, барлығының да Қажекең­нiң алдынан кесе өтпейтiн құрмет-iлтипатын көрдiк. Тарым лагерiнде бiрге болған жазушылардың Қажекеңе деген құрметi тiптен ерекше екен. Кейбiреуi Қажекеңнiң қолын алып, қасиет тұтып, кө­зiн сүртiп жатты. Мiне, осының өзiнен-ақ Қажығұмар Шаб­данұлының өз әрiптестерi­нiң арасында, өнерсүйер қауымның ортасында аса жоғары абройға ие екен­дiгiн бағамдадық.

Қажығұмар Шаб­данұлының (суретте) бостандықта жүрген санаулы жылдарының бiрiнде, нақтырақ айтсам, 1984 жылы Қытайдағы Iле қазақ автономиялы облысы бойынша айтыс ақындарының кезектi бiр басқосуы Нылқы ауданының Шапқы жайлауында өткiзiлетiн болды. Тарбағатай аймағынан айтысқа қатынасатын ақындар тобын Қажығұмар Шабданұлы бастап келедi екен дегендi естiп қалдық. Аламан айтысты Шапқы жайлауында өткiзген ақындар қайтар жолда облыстың орталығы Құлжа қаласына келiп бiрер күн ерулегенi бар. Қажығұмар «Iле» қонақ үйiне түсiптi. Бұрыннан бiр көруге құмар болып жүретiн әйгiлi жазушының жатқан бөлмесiне барып, бет көрiсiп, сәлем бердiк. Бiз барсақ, Құлжа қаласындағы әдебиет пен өнердiң төңiрегiнде жүретiн шығармашылық топтың бетке ұстар белгiлi өкiлдерiнiң барлығы дерлiк Қажекеңнiң төңiрегiне жиналып қалған екен. Сол кездесуде бiр байқағанымыз: үш аймақтан жиналған ақындар болсын, Шыңжаң қазақ әде­биетiнiң көш бастар серкеле­рiмiз деп жүретiн, орталық қалада тұратын ақын-жазушылар мен өнер адамдары болсын, барлығының да Қажекең­нiң алдынан кесе өтпейтiн құрмет-iлтипатын көрдiк. Тарым лагерiнде бiрге болған жазушылардың Қажекеңе деген құрметi тiптен ерекше екен. Кейбiреуi Қажекеңнiң қолын алып, қасиет тұтып, кө­зiн сүртiп жатты. Мiне, осының өзiнен-ақ Қажығұмар Шаб­данұлының өз әрiптестерi­нiң арасында, өнерсүйер қауымның ортасында аса жоғары абройға ие екен­дiгiн бағамдадық.

Қажығұмар Шабданұлы ортадан сәл ғана жоғары бойы бар, денесiнде қырып алар артық ет жоқ, бар иманы бетi­не шыққан, ақ сұр өңдi, тез сөйлейтiн, қағы­лез адам екен. Шашы шымқай аппақ болып ағарыпты. Кең маңдайы келiс­тi жүзiне жарасып-ақ тұр. Кәдiмгi сигареттiң өзiн ұстарамен ортасынан екiге бөлiп, мүштекке кигiзiп тартатын әдетi бар екенiн де сол отырыста байқадық. Бiр сағаттай отырып, Тарымда өткен күнде­рi­нен айтқан әңгiмелерiн тыңдап, мол әсер алып, қанаттанып қайттық.

Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы - жанры жағынан ғұмырнамалық роман. Шығармадағы оқиғалар басты кейiпкер Биғабыл арқылы өрбидi. Биғабыл - Қажығұмардың өзi. Шығарма жеке адамның тағдырын бүкiл ұлт­тың тағдырымен астастыра отырып, қилы заман қырсықтарын қылыш жүзiн­дей жарқыратып көрсетедi. Шығармадағы кейiпкерлердiң ба­сым көпшi­лiгi - өмiрде болған адамдар. Тек аттары өзгертiлiп алынған. Кейбiр белгiлi тарихи тұлғалардың аттары ғана өзге­рiс­сiз, өз қалпында берiлген. Жазушының романында суретте­летiн әке-шешесi, аға-бауыр, қарындастарының барлығы да - өмiр­де болған адамдар. Шабдан әулетi шығармада «Жаппар әу­летi» деп аталынады. Жазушы өз романында көзi шалып, көңiлi тартқан тақырыптың бәрiн сыпыра жазып, сипай қамшылай бер­мейдi. Шығармадағы барлық құбылыс бас кейiпкер Биғабылдың көкiрек көзiнен, ой елегiнен өтiп отырады.

Ендi бiз жазушының осы алты томдық романының желiсiн жүлгелей отырып, Қажығұмар Шабданұлының өмiрiне қысқаша шолу жасап, романның жалпы мазмұнына аздап болса да тоқтала кетудi мақсат етiп отырмыз. Әрине, алты томнан тұратын эпопеяны бiр мақаланың аясында түгелдей талдап-тарату мүмкiн емес екенi де белгiлi. Ондай кең көлемдi зерттеулер, моногра­фиялар алдағы күннiң еншi­сiн­де деп бiлемiз.

 

***

Қажығұмар Шабданұлы қа­зiргi Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы мен Үржар аудандарының шегiнде 1925 жылы дүниеге келген. Ежелгi Барқытбелдiң баурайын мекендеген найман тайпасының Қаракерей, оның iшiнде Семiзнайман бұтағынан тарайды. Арғы аталары би де, бай да болған. Қажығұмардың ұлы атасы Құрманның тұсына келгенде ата дәулетi шайқалып, өз әкесi Шабданның заманында бұл әулет қарақасқа кедейдiң қатарына қосылыпты. Құрман қырық жасқа жетер-жетпесте ерте қайтыс болады да, одан қалған үш ұл жастай жетiм қалады. Бұл тұс - Кеңес одағының қанды қырғынмен өз билiгiн орнатып жатқан кезi. Ауылдың атқа мiнген ақкөз белсендiлерi «арғы атаң бай болған, би бол­ған, сен де - кеңес өкiметiнiң жауысың!» деп Шабданды қырына ала бастайды. Басқа халыққа бодан, кiрiптар болып жүргенi­мен, қырыпсал белсендiлiгi жағынан, отаршылдарға жандайшап болуы жөнiнен қазақ алдына бас­қа ешбiр ұлтты салмай келген халық қой. Тiптi қазақты бодандықта ұстап отырған орыс пен қытайдың өзi қазақ белсендiле­рiнiң қолына су құйып бере ал­ған жоқ. Әйтпесе, кеңес өкiметiнiң дақпыртын алыстан ғана естiп, өз алдында, иен таудың қойна­уында жатқан шағын бiр қазақ ауылының өз iшiнен iрiп, бiрiн-бiрi «халық жауы» деп тауып, тапа-тал түсте бiрiнiң шаңырағын бiрi ортасына түсiре қоятындай не жөнi бар едi?! Тiптен естiр құ­лаққа ұят. Өзде­рiнiң Қытайға ауып, қалай бос­қын болып кет­кендiгiн Қажығұмар романда былайша жеткiзедi:

«...Бұл қыстауда бiзбен бiрге отырған Санатбай, Ақтай атты ағайынды екi жiгiт болды. Сол кезде Санатбай қырық жастан асқан едi, Ақтай - отызда. Екеуi де әлiге дейiн некеленбеген бойдақ. Олардың басын қосып, түтiнiн түтетiп отырған шешесi едi. Екеуi де белсенiп, бiлек сыбанып шыға келдi. Тiптi Ақтай аудан жағалап жүрiп, партия қатарына өтiп алыпты. Содан кейiн оның бүкiл өңiрге«Ақтай - коммунист» деген атағы шықты...». Қажығұмарды атамекен, қара қыстауынан қуып шығып, Қытайға қашуға мәжбүр етiп, қаңғытып жiберген де осы Ақтай - коммунист. Шабдан әулетiнiң Қытайға өтуi де - олардың шынжыр балақ, шұбар төс болған кесiрлiгiнен де, кеңес өкiметiне қарсы шыққандығынан да емес. Қалт-құлт етiп әрең жан бағып отырған қарақасқа кедей Шабданды Ақтай коммунист итжеккенге айдататын болған соң, балаларын қолынан жетектеп, 90-ға келген шешесiн ертiп, Шабдан байғұс Қытайға ауады.

Романда жазушы тап осы тұстарды өте әсерлi суреттейдi. Алдында ғана жалғыз сиырларын алып кеткен белсендiлер, ендi ұраға тыққан азғантай астығын тартып алып кетедi. Әрi қарай тыңдайық:«Қаупiң неден болса, ажалың содан», кешке дейiн көз алдымызға елестеген құбыжықтар ымырт жабыла сау ете түстi. Есiк алдында жиналған адамның бiр тобы үйге кiрiп тiнту жүргiз­дi. Бiрнешеуi ұраларды қазып, астық қаптауға кiрiстi. Ұясын қорғаған қызғыштай быжақ қағып, шешем барды олардың қасына. Тыңдаған бiреуi болған жоқ: алып жатыр, арбаға басып жатыр.

- Обалдарың өз ауылдарыңнан шыққан атқа мiнерлерiңе! Бiз айтқанды ғана орындаймыз! - дедi де олар астығымызды, аузымыздағы нанымызды алып жүре бердi.

Бiз тағы да үрпиiсiп, есiк алдында тұрып қалдық. Қап-қараңғы түн болғанымен кетiп бара жатқан ырыздығымыз көңiлiмiзге жап-жарық. Жазда күндiз кеткен қызыл қасқа сиырдай ап-анық кетiп барады. Алыс­таған сайын айқындалып, ауыр күйiнiшiмiз бен қайғымызды ауырлата, жап-жас қабырғамызды күйрете жаншып кетiп бара жатқандай... Кiшкентай саусақтарымызбен әрең терiп, балғын табандарымызға найзаларын сұққанына қарамай, әрең тапқан тары-талқанымыз, қош бол!»

Мiне, қараңыз, ендi қаңғы­мағанда не қалды?! Барар жер, басар тау жоқ. Жалғыз ғана жол қалды. Ол - Қы­тайға қашып құтылу. Әйтпесе, шиеттей қызыл қарын бала-шаға аштан қырылайын деп тұр. Ал, әкесi Жаппарды (Шабданды деп ұғыңыз - автор) қызыл өкiмет ертең таңертең ұстап, итжеккенге айдағалы жатқанын заң орынында iстейтiн, жақын бiр ағайындары жасырын келiп айтып кетедi. Ендi кетпегенде не қалды?! Бұл кезде Биғабыл (Қажығұмар) жетi жаста. Осы жайыттарды оқып отырып, ештеңенiң байыбына бармайтын, өзiнше тарихшы бол­ғысы келетiн баз бiреу­лердiң «сол кезде Қытайға кеңес өкiме­тiне қарсылар, байлар, билер, бандылар қашып кетiп едi...» деп көсемсiгенiне не дерсiң...

«Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несi бар». Бұлар да Қытайда құдасы немесе нағашысы болғандығынан емес, шекараның арғы бетiнде жағалай жұрт, қалың қазақ отырған соң, соларды пана тұтып барды. Оның iшiнде байы да, кедейi де, алаштың небiр асыл азаматтары да бар болатын. Қазақ өзiнiң ел болып, ұлан-байтақ далада өмiр сүргелi берi дәл осындай бере­кесiздiктi, бiр-бiрiне мейiрiмi кетiп, бауыры суыған, қиракез қастандықты бұрын-соңды көр­меген-дi. Алаш жұрты тектiсiн көрге тығып, тексiзiн төрге шығарған кер заманға тап келгенi анық едi. Адамнан аяушылықтың, адамгершiлiк- бауырмалдықтың кетiп, азғындауы да осы кеңес өкiметiнiң орнауы кезеңiнен бастау алғаны белгiлi.

Романның бұдан былайғы оқиғасы Қытай жерiнде өрiстей­дi. Жат ел, жат жердегi сергелдең тiрлiк. Ошарлы бiр отбасының жерсiз, сусыз, баспанасыз, мал-мүлiксiз өмiр сүруiн ойлаудың өзi қорқынышты. Қазақстанның шекаралық аймақтарынан барып жатқан босқындар жыртылып айырылады. Шәуешек қаласының көшелерi топ-топ бос­қындар мен бiр тiлiм нан сұрап, тентiреп жүрген тiленшi­лерге толып кеткелi қашан! Қарап тұрудың өзi үрей туғызады. Бiрақ, ендi осыған көну керек те, тыр­ба­нып тiрлiк жасау керек. Биғабыл мен шешесi Шәуешек шаһарына жетiп, өздерiнiң та­ныс­тарының дерегiн бiлмек болып кезiккен жұрттан жөн сұрай бас­тайды. Сондағы шаһардың тұр­ғы­лықты ұйғырларынан естi­ген алғашқы сөздерi мынау екен:

« - Сұмалак календырлар (сүмелек қайыршылар) қайдан келедi осында!»

Бұны айтқан бiр жастау қыз. Роман бұл оқиғаны әрi қарай былайша баяндап кетедi:

- Қалендiр емеспiз! Олай деме, шырағым!.. Еш нәрселе­рiңнiң керегi жоқ, жөн сұрайық, - деп шешем назалана кiрдi аулаға.

- Қалендыр деген немене, апа? - деп сұрадым қыздың жанынан өте берiп.

- Қайыршы дегенi болар! Құдайдың уақтысы ғой мұны естiрттiрген! Келмей жатып естiдiк-ау...

Бiр кекселеу қызыл-сары әйел шешемнiң сөзiн естiп күлiмсiрей қарады:

- Кейiмеңiз. Қайыршы тым көбейiп кеттi, жақыннан берi ығыр болып қалдық. Бейшаралардың бәрi де «қайыршы» десе шамданады. Бұрын ешқайсысы қайыр тiлеп көрмеген адамдар көрiнедi...

Осы аралықта тағы бiр әйел кiрiп келдi. Ол да қазақша сөй­леп, бiздiң жердегi жайтты сөз еттi.

- Апа, бұлар да сарт па? - деп сыбырладым шешеме, - бұлар бiздi қайдан бiледi?

- Бiздiң ел көп келiп жатыр ғой, солардан естiген шығар.

- Мына бала бек пакiз (таза дегенi) екен, - дедi үй иесi әйел жаңа келген кекiлдi әйелге қарап, - Матiриым бай «бiр ұл бала бағып алсам» деп жүр едi. Осы баланы сатып бершi!...

- Сұмдық-ай, лақ емес, қозы емес, бала сатқаны несi! - деп шешем екеуiне кезек қарады. Екi қатын қатар күлдi:

- Балаңызды бiзге берсеңiз, жақсы жерге орналастырып қояр едiк, ақша берер едiк!

Шешем шошып кеттi. Әлгi қатындар:

- ...Арғы беттен келгендерден бала сатып алып жүргендер көп болған соң сұрап едiк, бермесеңiз ықтиярыңыз!...» - дедi де кете бердi».

Осыларды оқып отырып, тағы да баз бiреулердiң Қытай асып кеткен елдi сейiл-серуен iздеп, нағашысiнiкiне қыдырып кеткендей көрiп, отарлаушы жұрттың көңiлiнен шығу үшiн аузына келгенiн көкiп, айнала оттап отыратыны ерiксiз еске түсiп, қаның қайнайды. Ал босқын болып бар­ған жұрттың көрген күнi әлгi.

Жаппар әулетiнiң бұдан былайғы сергелдең тiрлiгi Қытай жерiнде өтедi. Ақпанның аязындай азынаған азап, көзтүрткi өгейлiкке ұшыраған өмiр. Тоз-тоз болған, баянсыз босқын тiр­лiк... Осыны оқып отырып, көзiңе жас, көкiрегiңе мұң ұялайды.

Бүкiл әулеттiң еңбекке жарайтын естияр адамының барлығы байға жалшы, бардамға малай болады. Ит талап өлтiр­ген, көшеде аштан өлген, бiр дорба тары-талқанға сатылып кеткен жас жеткiншек, бала-шаға қаншама?! Жоқшылық пен аштыққа шыдамай, төнiп келген ажалдан аман қалу үшiн Құдай қосқан қосағынан, айрандай ұйып отырған отбасынан безiп, тұрғылықты жердiң жас шамасы өздерiнiң әкесiмен қарайлас ұйғырдың байына, сiбе-солаңның әкiмқараларына, қытай мен дүңгеннiң жаңгүйдейлерiне тоқалдыққа, үшiншi, төртiншi кiшi­лiк­ке тиiп кеткен жас келiншек, ару қыздар қаншама!

Жаппар әулетi мың бiр бейнет көрсе де алдағы күннен үмiт, тiлеулерiн үзбей, адал еңбек, маңдай терлерiмен жан бағып, ешкiмнiң ала жiбiн аттамай, «арым үшiн жаным садаға» деген ата жолын ұстанып қалады. Қа­зандарына арам ас салмай, пәкi­зе, таза, қоңыртөбел тiрлiк кешедi.

Биғабыл бала күнiнде аса бiр зәрулiгi болмаса көп сөйлемей­тiн, тұйық-тұңғиық болса керек, сондықтан оны тетелес өскен аға-бауырлары «мылқау» деп атайды. Бiрақ, өзi алғыр, ұғымтал, оқу, жазуға икемдi. Оқи келе, есейе келе ашылып, ойға көсем, сөзге шешен бола бастайды. Адалдық үшiн арысқа түсетiн, жансебiл, жалаңтөс болып ер жетедi.

Ендi Қажығұмардың өмiрiне келейiк. Қажығұмардың отбасы Тарбағатай аймағының Шәуешек шаһарынан 50 шақырымдай қашықтықтағы Дөрбелжiн деген жерге 1934 жылы барып, сол жердi мекен етiп, тұрақтап, тұрып қалады. Қажығұмар осы аудандағы тұңғыш ашылған қазақша орталау мектепте оқыған. Осы мектептi тәмамдағаннан кейiн, Үрiмшi қаласындағы мұғалiмдердi дайындайтын педколледжге оқуға түседi. Бұл сол тұста Шығыс Түркiстандағы ең жоғарғы оқу орнының бiрi болатын. Қажығұмар осы оқу орнында оқып жүрген кезде «Шығыс Түркiстан республикасының» Үрiмшiдегi жасырын ұйымдарына қатынасып, үш аймақтың қарулы күресiне қатынасу үшiн, ұйымдасқан топ болып, қаладан қашып шығады. Бiрақ әлдекiм­дердiң сатқындығынан Гоминдаң өкiметiнiң қолына түсiп, түрмеге қамалады. Үш аймақтың қарулы қосыны Үрiмшi қаласына таяп келе жатқанын ескерсе керек, өкiмет бұларға «кеңшiлiк» жасап, абақтыдан босатады. Көп өт­пей жасырын ұйымның бұл мүшелерi Үрiмжi қаласынан тағы да қашып шығып, Манас өзенiнiң бойында жатқан үш аймақтың ұлттық армиясына келiп қосылады. Бұнда ол ұлттық армия қосынында штабтың әскери хатшысы, саяси нұсқаушысы болып қызмет атқарады. Қажығұмар осы аралықта, егер соғыс қайта бастала қалса, дереу қосынға қайтып келетiн болып, бас штабтың жолдамасымен Дөрбiлжiндегi үйiне қайтып кетедi. Ауылына келгеннен кейiн көп өтпей бұндағы үш аймаққа қызмет iстеп жүрген, бұғып қалған бұрынғы гоминдаңшылдар Қажығұмарды «шпион» деп жала жауып, ұстатып, Құлжа қаласына айдатып жiбередi. Онда тағы да бiр қыс түрмеде жатып, көрмеген қорлықты көрiп, одан әрең ақталып шығады. Ауылына қайтып келгеннен кейiн, басқа лауазымды жұмыстардың барлығынан бас тартып, мектепке барып мұғалiм болады. Оқу-бiлiмнен кенде қалған ел-жұртының көзiн ашып, бiлiм берудi алдына мақсат етiп қояды. Қажығұмардың шығармашылықпен айланысатын тұсы да - осы кез. Кейiн өлкелiк оқу-ағарту бөлiмi жұмысқа шақырып, Үрiмшi қаласына барып коныстанады. Осы мекемеде Шыңжаңдағы алғашқы қазақ тiлiндегi орта, бастауыш мектептерге арналған оқулықтарды құрастырады. Бұдан кейiн өлкелiк әдебиет-көркемөнер бiрлестiгiне жұ­мыс­қа ауысып, бiрыңғай әдеби шығармашылықпен шұғылданады. Сонымен бiрге қазақ тiлiн­дегi алғашқы әдеби-көркем журнал «Шұғыланы» шығаруға атсалысады.

Шыңжаң қазақтарының ең алғашқы көлемдi, көркем прозалық шығармасын да Қажығұмар Шабданұлы жазған екен. Оның «Бақыт жолында» атты романы, «Бiздiң үй» деп аталатын дастаны, тағы басқа да жыр-дастандары, әлеуметтiк өмiрдiң алуан тақырыбында жазған шығармалары - Қытай қазақтарының жазба әдебиетiнiң негiзiн қалаған шығармалар. Жазба әдебиетi ендi қалыптасып келе жатқан елге жазушының атын ерте мәшһүр еткен де оның осындай еңбектерi едi. Қажығұмар өлке­нiң орталығы Үрiмшi қаласында оқу-ағарту, әдебиет, мәдениет саласында қызмет iстей жүрiп, әлеуметтiк, саяси мәселердiң барлығына белсене араласқан қаламгер. Қазақ ұлтының сөзiн сөйледi, оның басқа халықтармен теңдiгiн талап еттi.

Қытай елiнде бiр толастамай, алуан түрлi айдармен жүргiзiлiп отыратын саяси науқан 1958 жылы «Қажығұмардың өкiметке қарсы ұлтшылдық тобы бар» деген жалған жаламен оны әйгiлi Тарым лагерiне айдайды. Жазушы 1958-1978 жылдар аралығындағы 20 жылды сол лагерде өткiзiп, 60-тан асқан шағында ақталып, ауылына қайтқан болатын.

80-жылдардың басында жазушының көп томдық әйгiлi «Қылмыс» романының алғашқы екi томы әрқайсысы 15000 данамен жарыққа шықты. Iркес-тiркес баспадан шыққан романды жұрт қолма-қол талап, сатып алды. Сөйтiп әр үйдiң кiтап сөресiнде Қажығұмардың «Қылмысы» қасқайып тұратын болды. Қолдағы екi том «қылмысымызды» оқып болып, кезектi үшiншi томдағы «қылмысымызды» тағатсыздана күтiп жүргенде, аяқ астынан «Қажығұмар Шабданұлы Кеңес одағының тыңшысы екен, Кеңес одағына ақпар-мәлiмет берiп жатқанда ұсталыпты» деген суық хабар дүңк ете түстi. Бұл Қытайдағы бүкiл қазақ қауымының төбесiнен жай түскендей әсер еттi. Қажығұмармен аралас-құраластығы бар ақын-жазушылар, былайғы сыйлас-сыбайлас адамдар бiр мезгiл бiр-бiрiмен кездесуге бата алмай, «бiздi қашан ұстар екен» деп, шайын есiк пен терезесiне жалтақтап отырып iшетiн күйге түсiп қалды.

Қытай үкiметi жазушыны Үрiмшiнiң әйгiлi №1 тас түрме­сiне әкелiп қамап қойды. Сот жабық жағдайда жүргiзiлдi. Оған айырым мекемелердiң сенiмдi, қырыпсал белсендiле­рiнен шағын ғана топты қатынастырды дегендi естiдiк. Бұл жолы Қажекеңдi 15 жылға соттап, үкiм шығарды. Бұл 1986 жыл болатын. Өзi 20 жыл Тарым лагерiнiң тозағында болып, сүр­гiннен келген, 60-тан асқан қарт жазушының мына қараңғы қапас­тағы ендiгi 15 жылдық азапты күнi не болмақ? Тiптi ойлаудың өзi қорқынышты. Бiрақ, тектi атадан жаралған, талай сыннан сүрiнбей өткен сүйегi асыл Қажығұмар Шабданұлы 80-ге жетеқабыл жасында 2000 жылы бұл реткi қапастан да аман-есен шықты. Бұдан былай да басқа адамдармен еркiн кездесе бер­мейтiн, емiн-еркiн жүрiп-тұруына шек қойылған, алысқа ұзап шы­ғуға болмайтын, бақылау астында болатын бес жылдық үй қа­мағы тағы бар екен. 2005 жылға дейiн оны да өтеп бiттi. Бұған дейiн екi рет түрмеде отырғаны бар, осылардың бәрiн қоса келгенде, Қажығұмар Шабданұлының жалпы қапас-қамақта отырған жылдары 45 жылға жуықтайды. Бұл ендi әлемдiк рекорд. Әйтеуiр қай кезде де, қайсы өкiметтiң тұсында да Қа­жекеңе түрме дайын тұрған ғой. Сонда деймiн-ау, өкiмет пен билiк қан­ша ауысқанымен, соның бәрiне де ұлттың ой-пiкiрiн ашық айтып, жаза алатын қазақ қай­рат­керiнiң қоғамда еркiн жүрiп-тұруының қажетi болмағаны ғой...

Қазiр Қажығұмардың жасы 85-те. Шәуешек қаласында тұрады. Не айлық жалақысы, не зейнетақысы жоқ. Кемпiрiнiң алатыны - 8000 теңге (бiздiң ақшамен). Осы кемпiрiнiң азғантай зейнетақысымен күн көрiп отыр. Қажығұмар Шабданұлының өмiр сапарының бiз бiлетiн ұзын ырғасы осындай.

 

***

Ендi «Қылмыс» романына келейiк. Романдағы бас кейiп­кер Биғабыл 1968 жылы Тарымдағы лагерден қашып шығып, ата­жұрт­қа, Қазақстанға өтiп кетпек­шi болып, үлкен тәуекелге бел байлайды. Биғабыл Тарым лаге­рiнен амалын тауып қашып шығады. Ұйғырдың мүгедек, зағип шалы болып түрiн өзгерткен Биғабыл Үрiмшi қаласына келiп, ендi Еренқабырға тау­лары арқылы шекараға жетпек­шi болып жолға шыққанда, қайтадан түр­меге қамалады. Онда да Қытай өкiметiнiң құзырындағы заңды түрме емес, «Мәдениет төңке­рiсi» кезiнде өзара қырқысып жатқан төң­керiс­тiк топтардың бiрiнiң қолына түсiп, солардың құ­зырындағы заңсыз, жасырын зынданға тасталады. Бұл зынданның үрейлi, сүркейлi болғандығы сонша, Биғабыл әуелi сол өзiнiң бұрынғы жатқан Тарымдағы жаза лагерi­не зар болып қалады. Биғабыл бұл зынданда екi жыл жатады.

Әрине, мұның бәрi Қажығұмардың өз басынан өткерген тiрлiктерi ғой. Ендi осы орайда сұрақ туады. Сонда Қажығұмардың 6 томдық «Қылмыс» романының басты идеясы неде? Бiздiң­ше, оның басты идеясы мынау: дүниеде бодандықтан өткен қорлық жоқ. Бодан елдi ұйпалап үйренген отаршылдар үшiн се­нiң бүкiл тiрлiгiң - қылмыс. Тiптi сенiң жер басып, қалқайып жүргенiңнiң өзi - қылмыс. Сондықтан да ел болам десең, ең алдымен бодандықтан, отансыздықтан, тәуелдiлiктен құтыл! Қорыта айтсақ, «Қылмыс» романының басты идеясы - Тәуел­сiздiк идеясы!

Алты томнан тұратын Қажы­ғұмар Шабданұлының «Қылмыс» атты романдар циклi оның көзiмен көрген, басынан өткiзген өмiр кешулерiн өзек ете отырып, өткен ғасырдағы Ресей мен Қытай империяларының шекаралық аумағында кiрiптар, бодан болып отырған қазақ елiнiң бiр ғасырға жуық көрген қорлық-зорлығын көзiнен тiзiп, мөлдi­рете отырып көрсетiп бередi. Бүкiл бiр ғасырды қамтып жат­қан қым-қуыт, қиян-кескi саяси оқиғаларды төкпей-шашпай, өзiндiк өрнек-нақысымен, барынша кемелдi етiп, кестелеп жеткi­зедi. Кенен ойлы, кесек бiтiмдi жүздеген көркем бейнелердi кескiндеп, алаш жұртының азаттық жолындағы күрестерi мен азапты кезеңдерiн алдыңызға жайып салады. Шығарма аса қуатты әлеуметтiк сарында жазыл­ған.

Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ

Желiлес алты томнан тұратын, тұтастай бiр ғасырдың суре­тiн салған бұл шығарма көркем­дiк бiтiмi жөнiнен қазақ әде­бие­тiне жаңа өрнек енгiздi. Тың сарын әкелдi. Бұл романды қазақ әдебиетiне бiр ғасырда бiр-ақ қосылатын үлкен қазына деп қабылдауымыз керек. Бұндай шығарманы елеусiз қалдыру - бiздiң елдiгiмiзге сын. Сондықтан мен өз басым бұл шығарманы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығына бiрден-бiр лайық туынды деп бiлемiн. Туған өлкенiң тұман басқан мұ­нар­лы кезеңдерiн, мұңлы жырын тыңдағыңыз келсе, «Қылмыс» романын қолға алыңыз, көзiңiз көп нәрсеге жететiн болады!

 

Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi

Жас Алаш №09 (15467) 2 ақпан, сейсенбі 2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345