Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2392 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 07:29

Абайтану аясы кеңейе түсті

Астанада Мәскеуден шыққан «Абай» кітабының тұсаукесері өтті
Кешегі күн абайтану аясының тағы да кеңейе түскендігімен айшықталса керек. Себебі сол күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында ресейлік атақты «ЖЗЛ» – «Жизнь замечательных людей» («Өнегелі адамдар өмірі») сериясымен Мәскеуден жарыққа шыққан «Абай» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Авторы – танымал орыс сыншы-жазушысы, көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Николай Аркадийұлы Анастасьев.

Астанада Мәскеуден шыққан «Абай» кітабының тұсаукесері өтті
Кешегі күн абайтану аясының тағы да кеңейе түскендігімен айшықталса керек. Себебі сол күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында ресейлік атақты «ЖЗЛ» – «Жизнь замечательных людей» («Өнегелі адамдар өмірі») сериясымен Мәскеуден жарыққа шыққан «Абай» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Авторы – танымал орыс сыншы-жазушысы, көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Николай Аркадийұлы Анастасьев.
Көкірек көзі ояу оқырман аталмыш «ЖЗЛ» айдарының қаншалықты беделді екенін жақсы біледі. Бұл сериямен көркем-өмірбаяндық кітаптар шығарудың негізін сонау 1890 жылы орыс ағартушысы Ф.Ф.Павленков қалаған. Кейін, 1933 жылы Максим Горькийдің бастамасымен «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен кітап шығару ісі қайта жалғасын тапты. 1938 жылы «Молодая гвардия» баспасының иелігіне берілген серия содан бері үзіліп көрген емес. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезінде де тоқтамай шығарылып тұрды. Үшбу серия бойынша жыл сайын 20-30 өмірбаяндық кітап жарық көреді. Олардың мазмұны мен сапасы сол ХХ ғасырдың 50-жылдары редакция жария еткен үш түрлі қағидатқа сай болуы тиіс. Олар: ғылыми дәлдік, аса биік әдеби деңгей және қызғылықтылық-тартымдылық. Бүгінде бұл серия бойынша шыққан кітаптардың жалпы таралымы 100 миллионнан асқан. Кеше тұсаукесер рәсімді ашқан ҚР-дың Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның айтуынша, мұндай нәтижеге жеткен серия әлемде жоқ. Сонымен қатар аталмыш айдар анау-мынау адамға беріле бермейді де. Енді сондай беделді сериямен қазақтың бас ақыны һәм ақылманы Абайдың өмірбаяны көркем кестеленген кітаптың 150 миллиондық ормандай халқы бар орыс оқырманына жол тартуы, сөз жоқ, елеулі жаңалық. Бұл оқиғаның маңызына үлкен мән берілгені жөн екендігін Мәдениет және ақпарат министрі қадай айтты. – Бүгін Қазақстанның рухани және мәдени өміріндегі айтулы күн деуге болады, – деп бастады жиынашар сөзді Мұхтар Абрарұлы. – Қазақтың кешегісі де, бүгіні де, болашағы да Абаймен өлшенеді. Абай – біздің ұлттық паспортымыз. Руханиятымыздың ең үлкен шамшырақ-маягы. 1940 жылдары әзірбайжандардың Низамиі, содан соң 50, әлде 60-ыншы жылдары татар ағайынның Тоқайы осы «ЖЗЛ»-дан шыққанда біз Абайымыздың содан жарық көретін күнін арман еткен едік. Ештен кеш жақсы. Міне, ақ түйенің қарны жарылған сол ақжарылқап күн бүгін туып отыр!
Осылай деп қазақ ақыл-ойының алыбы Абай және оның мұрасының игерілуі турасында тебірене, төгіле сөйлеген министр жарыққа шыққан маңызы зор кітаптың жазылу тарихы мен авторына да арнайы тоқталып өтті. Сонымен қатар ол кітап авторы Николай Анастасьевке күллі қазақ халқы атынан алғыс айтып, өңіріне өз қолымен «Қазақстанның мәдениет қайраткері» белгісін тақты.
Министрдің мемлекеттік қызметтегі қауырт шаруаларына қарамастан, уақыт тауып, шараға арнайы келуінде мән бар екен. Ол Николай Анастасьевпен 2001 жылы оның қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі санатындағы Әбдіжәмил Нұрпейісов шығармашылығы туралы «Небо в чашечке цветка: Абдижамил Нурпеисов и его книги в мировом литературном пейзаже» атты кітабының тұсаукесерінде танысыпты. Сол кезден басталған жылы қарым-қатынас жалғасын тауып, шығармашылық һәм достық байланысқа ұласқан. Күндердің күні Мұхтар Абрарұлы жазушы-профессорға «Өнегелі адамдар өмірі» сериясы үшін Мұхтар Әуезов тақырыбын жазуды ұсынады. Нәтижесінде аталмыш айдар бойынша қазақтың ұлыларына арналып бұған дейін шыққан санаулы бес кітаптың бірі Әуезовке бұйырғаны белгілі. Содан соң Мұхтар Абрарұлы аға-досына енді Абайды жазу жөнінде кеңес береді. Кешегі оқиға соның нақты нәтижесі деуге әбден болады. Осы арада әлдебір символикалық нышаны бардай мына бір жайт ойға оралады: ғұмырын абайтануды арналы сала ретінде қалыптастырып-негіздеуге, кемеңгерді өз қазағына танытуға арнап, соған ғаламат еңбек сіңірген Мұхтар Әуезов, Абайдың таңдамалы өлеңдерінің 1981 жылы Мәскеуден шыққан жинағын құрастыруға көп күш-жігерін жұмсаған Мұхтар Мағауин, енді, міне, «Абай» кітабының Мәскеудің атақты «ЖЗЛ»-дан жарыққа шығуына мұрындық болған Мұхтар Құл-Мұхаммед. Құдауанда, үшеуі де Мұхтар!.. Абайдың әр жаңа ашылуын бейне Мұхтарлардың маңдайына жазып қойған дерсің!...
Хош. Жөпшендіні менсіне бермейтін мәскеулік сериядан, сонымен, қазақтан тұңғыш рет 1972 жылы Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллині», сонан соң бертінде ғана «Кенесары» (авторы Едіге Уәлиханов), «Шоқан Уәлиханов» (авторы Ирина Стрелкова), «Қаныш Сәтбаев» (авторы Медеу Сәрсекеев), «Мұхтар Әуезовтерден» кейін кешігіңкіреп болса да «Абай» жарыққа шығып отыр. Тәуба делік.
Рас, атағы дардай айдарға лайық өмірбаяндық көркем кітапты жазып шығуға лайық мықтылар өзімізде де жоқ емес-ті. «Мақұл, Әуезовтің ақын өмірі мен шығармашылығына арналған монографиясы жанры жөнінен сәйкес келмеді дейік, ендеше Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жанының» аудармасы да соған әбден лайық еді-ау» дейді бір ойымыз. Алайда бұл мәселеде министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мына бір пікірі құлаққа қонымды: «Әрине, солай. Бірақ біздің қазақта «Танымасын сыйламас» деген мәтел бар емес пе? Орыс ағайындар үшін өздері біліп-мойындайтын, сөзін сыйлайтын Николай Анастасьевтердің авторлығы бағалырақ, соны да ескерейік». Ал Николай Аркадийұлы бұған дейін 20-дан астам монографиялық еңбек, мыңнан аса мақала жазған, туындылары Ресейді айтпағанда АҚШ-та және Еуропаның көп елдерінде басылған майталман әдебиетші әрі мәшһүр жазушы-ғалым. Ол өз шығармашылығында әлем әдебиетінің айрықша құбылыстарына көңіл аударады. Негізінен ХХ ғасырдағы Америка әдебиетінің маманы. Мәселен, оның «Феномен Набокова», «Творчество Эрнеста Хэмингуэя», «Владелец Йокнапатофы» тәрізді шығармалары шетелдерде аса кең танымал.

 

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ
“Айқын” газеті 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445