Сауатсыз басшыдан "сақалды құрылыс" қалады
Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің «майданымен» басталып, күтпеген жерден төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың «байбаламымен» аяқталды.
Нокин нұқып айтты
Отырысқа үш бірдей баяндама құшақтап, тас түйін келген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин ойда жоқта білімсіз мамандарға қарсы «майдан» ашатынын жариялап жіберді. Себебі еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының төрттен бірінің құрылыс саласына қатысты арнайы білімі жоқ екен. Серік Нокин мырзаның сөзіне сенсек, елімізде шатқаяқтап тұрған құрылыс нысандарына дағдарыстан бұрын осындай біліксіз басшылар қауіптірек секілді. «Қазіргі уақытта еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының 25 пайызының арнайы білімі жоқ. Тұтастай алғанда, бақылаушы органдардағы кадрларды дайындау деңгейінің өте төмендігін атап өту қажет. Мәселен, соңғы жоспарлы аттестаттау барысында жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының 70 қызметкерінің 29-ы немесе 41,1 пайызы аттестациядан өтпей қалды», деген Серік Нокин құрылыс саласын түбегейлі реформалау үшін жаңа құжат Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетінін мәлім етті.
Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің «майданымен» басталып, күтпеген жерден төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың «байбаламымен» аяқталды.
Нокин нұқып айтты
Отырысқа үш бірдей баяндама құшақтап, тас түйін келген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин ойда жоқта білімсіз мамандарға қарсы «майдан» ашатынын жариялап жіберді. Себебі еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының төрттен бірінің құрылыс саласына қатысты арнайы білімі жоқ екен. Серік Нокин мырзаның сөзіне сенсек, елімізде шатқаяқтап тұрған құрылыс нысандарына дағдарыстан бұрын осындай біліксіз басшылар қауіптірек секілді. «Қазіргі уақытта еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының 25 пайызының арнайы білімі жоқ. Тұтастай алғанда, бақылаушы органдардағы кадрларды дайындау деңгейінің өте төмендігін атап өту қажет. Мәселен, соңғы жоспарлы аттестаттау барысында жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының 70 қызметкерінің 29-ы немесе 41,1 пайызы аттестациядан өтпей қалды», деген Серік Нокин құрылыс саласын түбегейлі реформалау үшін жаңа құжат Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетінін мәлім етті.
«Елімізде озық елдердің тәжірибесі бойынша Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетін болады. Құрылыстың барлық компоненттерін, атап айтқанда, нормативтік базасын, қадағалау және бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Осы жағдайда ғана реформа табысты бола алады. Үкімет бекітетін бұл құжат құрылыс саласының техникалық конституциясы болуы тиіс», деді ол.
Ол сондай-ақ отырыста арзан үй аламын деген азаматтарға жаңа бағдарлама әзірленіп жатқанын атап өтті. «Жобаны Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігі мен Тұрғынүй жинақбанкі бірлесіп жасап отыр», деген ол бірінші кезекте Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында 745 пәтер салып береміз деп уәде етті. «Астанада 364 пәтер, Алматыда 285, ал Ақтөбе облысында 96 пәтердің құрылысы аяқталмақ. Жоғарыда аталған үш аймақта жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге қаржы керек. Жергілікті әкімшіліктердің алдын ала есебі бойынша Тұрғынүйқұрылысжинағы арқылы берілетін пәтерлердің шаршы метрі Алматыда 142 мың теңге немесе 950 доллар, Астанада 121 мың, ал Ақтөбе облысында 90 мың теңге», деді ол.
Бүгінгі күні Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің 17 мыңдай салымшысы бар екені белгілі. Жаңа жүйе бойынша кез келген қазақстандық азамат тұрғын үйге қол жеткізе алады. Нокиннің бұл жобасы өзге облыс басшылары тарапынан да қолдауға ие болып жатты. «Тұрғынүйқұрылысжинағы жүйесі бойынша пәтер алу механизмі қарапайым әрі қолайлы, сондықтан бұл жоба бүкіл аймақты қамтыса», дейді өзге облыс әкімдері.
Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің айтуынша, бұл жоба маңызы зор жоба болмақ. «Менің ойымша, осы аптада бұл мәселеге қатысты соңғы нүкте қойылады. Одан кейін бағдарламаны орындауға кірісу қажет. Облыс әкімдері өз өңірлерінің аумағындағы жобаларға тікелей жауапты екендігіне тағы да назар аудартқым келеді. Бұл сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңыз бағаланатын критерийлердің бірі», деген Үкімет басшысы аталмыш бағдарламаның қалай дайындалып жатқанын әрбір министр мен әкімнен бүгін тағы да жеке-жеке сұрап білген соң, аймақтарды аралауға өзінің де шығатынын мәлімдеді. «Себебі дәл осы бағдарлама Қазақстанды әлемдік дағдарыстан шығарып, алдағы 10 жылда дамыған елдер қатарына қосуға көмектеседі деп ойлаймын. Бағдарламаның дайындалуын қазір вице-премьер Өмірзақ Шөкеев пен индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев әрбір өңірге барып бақылап жүр. Бүгін орталықтың екінші отырысы өтті. Өмірзақ Естайұлы, Әсет Өрентайұлы, өңірлерге шығып, туындаған мәселелерді шешуді жалғастыра бересіздер. Жақында мен де аймақтарды аралайтын боламын», деді Үкімет басшысы.
Шығыстан жеткен шу
Шудың шығуына көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов себепкер болды. Арқа жұрты көктемнің иісін сезіп жатқанымен, қыстан қиыншылық көріп шыққан еліміздің шығыс өңірінде қар көбесі әлі де сөгілмеген. Шығыс Қазақстан облысының жолдарында үш күннің ішінде 800 автокөлік қардың құрсауында қалып қойыпты. Мұндай қорқынышты жаңалықты отырыста көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов «дүңк» еткізгені. «Соңғы үш күнде 803 автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Бүгінде қар тазалайтын 157 арнайы техника үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Ол аздай, жақын күндері осы аймақтағы таулы жерлерде қар көшкіні жүру мүмкіндігі күшейіп отыр», деді ол түсі бұзылып. «Бақсақ, бақа екен» демекші, Құсайыновтың шу көтеретіндей жөні бар екен. Облыстағы жалпы жолдың 884 шақырымын, яғни 25 пайызы 1-3,5 метрге дейін қалыңдықтағы ақ көрпе басып қалыпты. «Бұл аумақта көктем өте қиын болмақ. Жолдың көп бөлігін су басатын секілді. Олардың жағдайы онсыз да күрделі», деді министр.
Бұл жерге келгенде төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко да байыз тауып отыра алмады. Облыстағы қар орташа жылдық нормадан 2-3 есе көп түсіп, 60 сантиметрден 2 метрге дейін жеткенін жеткізген Божко отырғандарға Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауылын су басып қалу қаупі барын хабардар етті. «Әсіресе, Зырянов пен Күршім ауданының тоғыз ауылын, ал Үржар ауданының жеті бірдей елді мекенін су басып қалу қаупі зор. Сондай-ақ Тарбағатай, Қатон-Қарағай, Зайсан аудандарының біраз бөлігінде қауіп-қатер басым», деп, отырғандардың одан сайын берекесін кетірді.
Қырсық болғанда, министрдің қауіпті мәліметтері мұнымен шектеліп қалмады. Облыс аумағындағы көлік жолдарының 70 учаскесі мен үш теміржол бөлігі, сондай-ақ Красноярка, Маховка, Бұқтырма және Үлбі өзендеріндегі көпірлерді де су шайып кетуі мүмкін екен. Бұл шаралардың алдын алу үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Ол үшін әкімдікпен тізе қоса отырып есеп жүргізгіміз келеді. Осы шараларға 1 млрд 200 млн теңге қажет болады» деп барып бір-ақ тоқтаған министр «мұндай қарлы қыс соңғы 30-40 жылда болмапты», деп жағасын ұстады.
Әкімдер шекара сырын түсінбей жатыр
Отырыстың бір ұрымтал тұсында вице-премьер Өмірзақ Шөкеев тақырыпты үйіріп әкеліп Кеден одағына тіреді. Оның ойынша, оңтүстік өңірлердегі шекаралар арқылы ағылып келіп жатқан заңсыз тауар тасымалын азайту үшін тұрғындар арасында тиісті түсіндіру шараларын жүргізу мен шекараларды нығайту керек. «Жергілікті әкімдер бұл бекеттерді әкімшілік емес, мемлекеттік шекара екендігін түсіндіруі шарт. Олар шекарашылармен, кеденшілермен тізе қоса отырып тиісті шараларды атқаруы керек», деді ол. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те Қырғызстан арқылы елімізге ағылып келіп жатқан қытайлық сапасыз тауарларға өз алаңдаушылығын білдіріп жатты. «Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас кедендік бақылау қосынындағы жағдай біршама тұрақтанғанымен, қытайлық тауарлар Қырғызстан шекарасы арқылы бәрібір келіп жатыр», деді ол. Осыған байланысты Үкімет басшысы қазақ-қырғыз шекарасын нығайту үшін қаражат бөлінетінін атап өтті.
Отырыс соңында Үкімет басшысы Әділет министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтардың бала асырап алуын заңнамалық тұрғыдан реттеуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы өткен аптада Қазақстанның әйелдер қауымының өкілдерімен кездесті. Онда өте маңызды мәселе балалар үйінен бала асырап алу жайы көтерілді. Рашид Төлеутайұлы, Гүлшара Наушақызы, осы мәселені пысықтап, менің қарауыма ұсыныңыздар. Бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан реттеу қажет», деді Үкімет басшысы.
Бүркіт НҰРАСЫЛ
Түпнұсқада мақала "Басшысы білімсіз болса, құрылыс қайдан оңалсын?" деп берілген
www.alashainasy.kz