Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4005 0 пікір 14 Наурыз, 2010 сағат 08:13

«САХНАҒА КҮН КӨТЕРІП ШЫҒАТЫН» Ыдырыс Ноғайбаевты неге ұмыттық?

«Амплуа дегенді білмей кеткен актер»

«Өнер» баспасынан келер жылы туғанына 80 жыл толатын КСРО халық әртісі, екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Ыдырыс Ноғайбаевтың фотоальбомы жарық көрді.

Театр өнері - бекзат, дегдар. Десек те, қас-қағым сәт. Зейнетінен бейнеті басым - шүбәсіз. Сахна қойылымы кино секілді қайталап көруге келмейді. Қазақ топырағындағы актерлік өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ы.Ноғайбаевтың та бірде-бір спектаклі таспаға басылмапты. Ал әртіс қатысқан телеспектакльдер үшті-күйлі жоқ. 1986 жылы Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов М.Әуезовтің «Абайы» бойынша телеспектакль түсірген. Қайда қазір сол «Абай»? Ұлттық арнаның алтын қорында болса, неге көрсетілмейді? «Аласталған Алитет», «Бұл Шұғылада болған», «Ботагөз», «Өмір соқпақтары», «Асу», «Алғашқы ұстаз», «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Нан дәмі», «Жаушы», «Қала қалқаны», «Толқындар жағада өледі»... Актер қатысқан аталмыш фильмдердің көпшілігін қазір, неге екенін, көгілдір экраннан көре алмай жүрміз. Рухани жадаулық осындайдан, барымыздың бағасына жетпеуден, жарқыратып көрсете білмеуден өрбісе керек. Оның байыбына барып жатқан кім бар...

«Амплуа дегенді білмей кеткен актер»

«Өнер» баспасынан келер жылы туғанына 80 жыл толатын КСРО халық әртісі, екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Ыдырыс Ноғайбаевтың фотоальбомы жарық көрді.

Театр өнері - бекзат, дегдар. Десек те, қас-қағым сәт. Зейнетінен бейнеті басым - шүбәсіз. Сахна қойылымы кино секілді қайталап көруге келмейді. Қазақ топырағындағы актерлік өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ы.Ноғайбаевтың та бірде-бір спектаклі таспаға басылмапты. Ал әртіс қатысқан телеспектакльдер үшті-күйлі жоқ. 1986 жылы Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов М.Әуезовтің «Абайы» бойынша телеспектакль түсірген. Қайда қазір сол «Абай»? Ұлттық арнаның алтын қорында болса, неге көрсетілмейді? «Аласталған Алитет», «Бұл Шұғылада болған», «Ботагөз», «Өмір соқпақтары», «Асу», «Алғашқы ұстаз», «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Нан дәмі», «Жаушы», «Қала қалқаны», «Толқындар жағада өледі»... Актер қатысқан аталмыш фильмдердің көпшілігін қазір, неге екенін, көгілдір экраннан көре алмай жүрміз. Рухани жадаулық осындайдан, барымыздың бағасына жетпеуден, жарқыратып көрсете білмеуден өрбісе керек. Оның байыбына барып жатқан кім бар...

Біз осы қазақ сахнасында батыр тұлғалы образдардың тұтас галереясын жасап кеткен қаһарлы актер Ыдырыс Ноғайбаевты ұмытып кеткен сияқтымыз. Талант баршаға ортақ емес пе? Талайларды төл баласындай көрген құшағы кең Алматы жұртшылығы, осыны ескерсеңіз екен. Ноғайбаевтың өнер сүйген халқынан басқа сенері де, сүйенері де жоқ. Жаратқан маңдайға жазып қойса, жалғыздыққа не шара? Көзінің тірісінде ешкімнен ештеңе сұрамаған, өз биігінде асқақтап өткен майталман актердің аруағын табалдырықта телмірткеніміз, бізге, ұлы актердің ел-жұртына жараса қояр ма екен? Жадымыз нашар екен ғой. Кеше ғана театрға сыймай саңқылдап жүрген Ыдырыстарды қалай тез-ақ ұмытып кетті бұл қазақ? Өнердің киесі ұрып жүрмесін.

Ы.Ноғайбаевтың әр жылдардағы 180-ге жуық фотосы біріктірілген, әлі бояуы сіңе қоймаған фотоальбомды қарап отырып, актердің әсемдік әлеміне сүңгіп кеткендейсің. Мына сұсты батыр да, аңқаулау бозбала да, тырбиған шал да, ойлы интеллигент те, жан жарасы қатпар-қатпар жігіт ағасы да - бір-ақ адам десе, сенбейсің. Бірақ шыны сол. Бұл - түр, келбеттің сыртқы құбылуы ғана емес, жан-дүние, таным-түсінік, психология өзгешелігі (көзіне қарамайсыз ба?!). Басқа сөзбен айтқанда, актердің тереңдігі, кеңдігі, байтақтығы. Кейіпкержандылығы. Жүз отызға жуық рөл. Ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Егор Булычев, Көтібар, Есен, Қобыланды, Қарабай, Абай, Данияр, Сыбанқұл, Қоспан, Қален, Сауран, Петруччио, Отелло, Агабо, Астров, Март Туйск... Ыдекең өнеріне қазақтың ғана емес, күллі Кеңестер одағының Күреңбайлары әділ бағасын еншілеп қойған. Оқыған сайын, таңдай қағасың. «Іші жалын, сырты мұз» батыр бейнесі көз алдыңа келеді.

«Табиғатынан актер болып жаратылған, қандай рөл болса да үңіле қарастырып, ерекше танымдық сипат танытқан Ы.Ноғайбаев, амплуа дегенді білмей кеткен актер. Қай заманның тыныс-тірлігіне байланысты кейіпкер болмасын, жан-жақты барлау, терең бейнелеу - оған тән шығармашылық қасиет болатын... Ы.Ноғайбаев өзінің шығармашылық палитрасында көрермендер мен театр мамандарына, актерлерге үлгі-өнеге, сабақ болар көптеген ешкім күтпеген, ойламаған жаңалықтар ашты».

Б.Құндақбаев, «Самғау».

 

«Ыдырыспен бірге батырлар да кетті»

 

«Расын айтсақ, Ноғайбаев кейіпкерлері сүйсінтеді, ызаландырады, аятады, бірақ, жирентпейді. Өйткені, Ноғайбаев ойнаған оңбағанның өзінің обалы бардай көрінеді. Актердің өз бойындағы имандылық, аңғалдық, ақпейілділік бала аюдың қорбаңындай, қолапайсыз сүйкімділіқ ол ойнаған қай кейіпкерге де көрермен тарапынан жақсы ықылас, жанашырлық шақырмай қоймайды. Қашан да сахнаға күн көтеріп келе жатқандай жадырай кіретін Ноғайбаев жасаған бейнелердің ірі болмауы, ұнамды болмауы еш мүмкін еместей. Ол актердің кескін-келбетінің, тұлға-тұрпатының ірілігінен емес, жан дүниесінің ауқымынан, адамдық сүйкімінің молдығынан...». Ә.Кекілбаев, «Сардар».

Соған қарамастан, «Ыдырыс - менің досым» дейтін адамның өзі «Оның жан-дүниесінің тереңіне бойладым деген адамды көргенім жоқ» дер еді. «Ол кей кездері неге тек өзімен-өзі болып, айналасындағыларды неге жатсынып, жатырқады, ондай сәттерінде нендей ой кешті, оның жанын азапқа салған нендей жәйттер - бұл сауалға жауап бере алар жан шамалы шығар. Ең дұрысы - мұндай азапты ой кешулердің сыры оның өзіне ғана мәлім еді». Шыңғыс Ноғайбаев, «Әке».

Тұрмыс-тіршілігін, жан-дүниесін сахнаға сыйлаған, өнерді өмір деп таныған адамда ғана осындай ұлы құпия болады. Ал Ыдырыс сахнада қандай еді? Әріптестерінің естеліктеріне көз жүгіртелікші.

Сәбира Майқанова: «Ш.Айтматовтың «Ана - Жер Анасында» ол - Сыбанқұл, мен Толғанай рөлін жасадым. Соғысқа аттанып бара жатқан Сыбанқұлдың менімен: «Толған...» деп қимай қоштасатын сәті бар. Ыдырыстың даусының дәп бір өмірдегідей шынайы шығатыны сондай - ет-жүрегім езіліп кете жаздайтын. Ыдырыс жасаған пауза (кідіріс) қашан да өзін-өзі ақтаушы еді» дейді. Зәмзәгүл Шәріпова былай дейді: «Ыдырыс - Отелло, мен - Дездемона. Екі көзі қып-қызыл болып оттай жанып, жақындап келе жатқанда зәрем ұшып, орнымнан атып тұрып кете жаздайтынмын». Сахнадағы әріптесінің (және қандай әріптесінің!) өзі актер ойынына иланып қалса, залдағы көрерменнен ес кеткені де!

«Абай» спектаклінде Әбіштің науқас екенін білетін сәтінде: «Қуатым-ай, не дейсің?» деп ұмтылып келіп, мені құшақтағанда, тап бір туған баласы өлім аузында тұрғандай үнсіз солқылдап күңіренуші еді. Осы бір көрініс әр спектакль сайын өзгеше түрмен, басқаша сезіммен, шермен қайталанатын. Сахнадағы мұндай сәттер актердің жүрегін бөлшектеп жатушы еді. Әдіске салмайтын шынайы актер Ыдырыс ағаның өмірінің қысқа болуы да сондықтан болар» деп еске алады марқұм Райымбек Сейтметов.

Қазақ театрының тұтас дәуірін арқалаған Әзірбайжан Мәмбетов болса: «Олжастың: «Из эпоса джигиты мчат, опаздывая лет на триста» дегеніне лайық еді Ыдырыс. Болмыс-бітімі өзгеше, даусы қырандай шаңқылдаған, кесек тұлғалы Ыдырыс өзімен бірге сахнадан күнделікті тірліктен жоғары тұратын батырлық-романтикалық қаһармандарын да ала кетті. Қазір театр да, актерлер де жұртқа жұмбақ, таңғажайып қалпын жоғалтты» деп мұңайған.

«Ыдырыс аға көп сөзге жоқ, тәкәппар көрінгенмен, ешкімді шеттетіп алаламайтын. Сахна жұмысшылары да қалжыңдаса беретін. «Ақан сері - Ақтоқты» спектакліндегі Мылқаудың ашуланған кезде «түп-тамырымен қопарып алатын» ағашын бірде сахна жұмысшысы әрі құрдасы Аруп Әкбаров мықтап шегелеп тастапты... Спектакль кезінде Мылқау ағашты бір ырғап еді, жұлынбады. Отты көзімен сахна сыртындағыларға жалт қарады да, «Әуп!» деп ағашты шегелеген өзге декорациясымен қоса көтеріп алды»... Ә.Рахимов.

Сөйтсек, батыр болып туған, кіл сардарларды сомдау үшін өнерге келген Ы.Ноғайбаев Шапырашты Наурызбайдың ұрпағы екен. Оның «жер қозғалса қозғалмайтын» ерекше табиғатының сыры осында. Құдайберген Сұлтанбаев, Уәйіс Сұлтанғазин, Тоқсын Құлыбеков, Лидия Кәденова, Мұрат Ахманов - профессор Ыдырыс Ноғайбаевтың шәкірттер тізімі мұнымен шектелмейді. Ноғайбаев - көзі тірісінде-ақ аңызға айналған актер. Ол-ол ма, сахна сыртындағы жүріс-тұрысымен-ақ өзгелерге үлгі болған, жасы кіші әріптестерінен шығармашылық құпиясын аямаған шебер.

Уәйіс Сұлтанғазин: «Бірде мылтық ататын эпизодқа дайындалдым. Соны көрген ұстазым, мылтық атудың жиырма шақты әдісін көрсетіп берді» десе, кино алаңындағы інісі Нұржұман Ықтымбаев: «Ыдекең сені, яғни партнерді қыспақта жалғыз қалдырмайды. Ерінбей-жалықпай репетицияны бірге жасайды, ақыл-кеңес береді. Ең соңында сенің рөліңді өзі ойнап көрсетеді» деп еске алады. «Нан дәмі» фильмінде түсірілімдер аяқталады деген күні Ы.Ноғайбаевтың кейіпкері - Кемеловтің мәтіні жаңаша жазылды. Төбе шашымыз тік тұрды. Аз дегенде 8-10 күндік жұмыс! Ыдырыс аға біраз дайындалды да, түнгі төрттер кезінде павильонға тартып отырып, бір-екі апталық жұмысты еш монтажсыз, қайталау-дубльсіз түсіріп шықты» дейді ол тағы бірде.

«Тұғыры биік тұлға» деген естелік кітаптан алынып отырған бұл үзінділер актердің бар болмысын түсіндіріп бермесе де, ұжымдық портретіне эскиздер бола алады ғой деп ойлаймыз. Ыдырыс Ноғайбаевтың өмірінен, өнерінен тереңірек сыр тарту үшін Фарида апай Шәріповаға жолыққан едік...

 

Фарида Шәріпова, КСРО халық әртісі:

- Өнердің қос жұлдызы, барша әріптестері қызыға да қызғана қарайтын екі актер қалай қосылған еді?

- Отеллоның «Она меня за муку полюбила, я ее за состраданье» дейтін сөзі бар. Бізді қиыншылық қосқан шығар. Бір-бірімізге оң-солымызды танып қалған, өмірдің ащы-тұщысын татып көрген кезімізде жолықтық. Студент шағымызда театрдан шықпайтынбыз, орын жоқ болса, баспалдаққа отырып ойын көретінбіз. Бұл - Ыдырыстардың нағыз герой болып жүрген кезі. «Фархад - Шырындағы» Фархад еді, қыран көзді, қыр мұрынды, бұйра шашты, апай төс, кең маңдай сахна сұлтанына ғашық болмау мүмкін емес-ті. Романтикалық стильде қойылған тамаша спектакль болатын, Хадиша Бөкеева Мехменебануды, Шолпан Жандарбекова Шырынды мүсіндесе, Нұрмұхан Жантөрин мен Ыдырыс Ноғайбаев Фархадты сомдады. Даусы қандай еді! «Е-е-й, Теміртау!» деген кезде бүкіл театр жаңғырып кететін. «Сүйіспеншілік - екі адамның бір-біріне қарауы емес, бір бағытта қарауы» дейді ғой. Біздің жан-дүниемізді шығармашылық дәнекерлеп тастады. Театрға келгенімде Ш.Айтматовтың «Жәмиласын» берді. Мен Жәмила, ол Данияр... Бізді қосқан сол спектакль.

- Естеліктерден «Ыдырыс сырын бермейтін, жұмбақ жан еді» дегенді жиі оқимыз. Ол сіз үшін де жұмбақ па еді?

- Өте тұйық адам болатын. Ішкі толқыныстарын, азапты толғаныстарын ешкімге аша бермейтін. Бір-біріміздің өнерімізді қадір тұттық. Қандай жағдайда да сұрақ қойып, қазбалай бермейтінмін. Оны Талғарда дүниеге келді деп жүр, Шилікемер деген селода туған. Небәрі бір жасында әкесі қайтып, шешесі қара жұмыс іздеп Алматы төңірегіне келген. Оның балалық шағы Казачья деген кішкентай көшенің бойында өтті (қазір Жетісу көшесі). Сол мыжырайған кішкентай үй әлі күнге дейін бар. Қазақтың маңдайына біткен сақа актердің іздеушісі, жоқтаушысы табылмағаны жаныма батады. «Менің ерім сондай еді» деп мен ешкімнің табалдырығын тоздыра алмаймын. Мен айтсам, Ыдырыстың әріптесі, өнерінің құдыретін сезінген сахналасы ретінде ғана айта аламын. Қалада Ы.Ноғайбаевтың есіміне бір мектеп берілсе, шағын музейін жасасақ деген арманым бар. Театрмен тұрақты байланыста болса, сол мектептен Ыдырыстай таланттар өніп шықпасына кім кепіл? Менің 60 жылдығымда әрең дегенде Ыдырыстың атына Бірінші Алматы мен Екінші Алматының ортасындағы, адам баласы баспайтын жерден кішкентай көше берді. Талғардың түбінде Қарой деген ауылдан шағын мектеп берді. Музейін жасайық деп неше рет шақырдық, директорына ештеңе керек емес. «Әкеме неге бюст қойдырмайсың?» деп балам ұрсады. Менің қолымда не бар?..

- Ағаның телеспектакльдеріне іздеу салып көрдіңіз бе?

- Киностудияға да, Кинематографистер одағына да айттым. Басқа не қайран қыларымды білмей отырмын.

- Ыдырыс ағаның актерлік ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

-  Ол жанр таңдамайтын. Гротеск, трагедия, комедия, драма, лирикалық драма - бәрін ойнаған. Шәкен ағадан кейін Отелло мен Петруччионы, Қалибек Қуанышбаевтан кейін Абай мен Мылқауды, Серке Қожамқұловтан кейін Қарабайды алды. Ел есіндегі, ел жүрегіндегі осы образдардың үдесінен шығып қана қоймай, оның бәріне өз көзқарасымен келу міндеті тұрды. Қарабайды мүсіндеген кезде сахнаға бүкірейіп, даусын қарлықтырып шығатын. Гобсек деңгейіндегі гротескілік образ жасады. «Айман-Шолпанда» Басыбарды сахналағанда, жасанды атқа мініп, осқыртып ойнайды. Сондағы күлгенінің өзі жылқының кісінегеніндей еді. Ыдырыстың Басыбары нағыз батыр еді... Қазір сахнаға қараймын, бір кездегі Ыдекең кейіпкерлері тым бейшара болып барады. Отыз жасында Абайды ойнады. Есен, Басыбар - өңшең «жындыларды» ойнап жүрген актер үшін Абайдай салмақты, телегей-теңіз парасатты тұлғаға «өту» оңай дейсің бе? Қ.Қуанышбаев философты ойнады, Ыдекеңнің шәкірті Б.Әбділманов ақынды ойнады. Ал Ыдырыстың Абайы күрескер болып шықты. Ал «Абай» телеспектакліне түсіп жүргенде, тіпті түскі ас ішпей жұмыс істеді. Үзіліс бола қалғанның өзінде жапсырылған сақал-мұртымды бүлдіріп аламын деп, нәр сызбай отырып алатын. Әттең, нағыз батырларды ойнайтын кезінде кетіп қалды. «Жаушыға» түскенде аттан құлап, аяғын сындырып алды. Сонда да аяғын гипстеп қойып, киноға түсуін жалғастырып жүрді. Кейін де гипсімен жүріп «Шыңғыс жүзгенді жақсы көреді» деп, бізді Қапшағайға апарып келетін. Жанкешті еді. Сөйтсек, аяғына ғана емес, омыртқасына зақым келіпті. Оны біз білмегенбіз. Сол жерден басталған дерт бүкіл денеге жайылды. Ыдырыс өте фактурный актер еді, грим салсаң, танымастай өзгеріп кететін. Әзекең: «Бұл «идиоттан» кез-келген образды шығаруға болады» деп күліп отыратын.

- Алып актер тұрмыста қандай адам еді?

- Болмысынан сабырлы кісі ғой. Жиырма сегіз жыл жұптасып өтіппіз. Ірі спектакльдерді дайындап жүрген кезімде бар ауыртпашылықты өзіне алатын. Мен дубляжға кетіп қалсам, дайындап кеткен асты ішпей, түннің бір уағына дейін күтіп отыратын. Талғамы жоғары еді, кірпияз, әсем киінетін. Мәшине қою үшін шықса да галстугін тағып шығатын. Мейрам сайын жаңа костюм алатынбыз. Гастрольге шықсақ, екі шабаданмен барамыз. «Тас салып қойғансың ба?» деп маған ренжиді ғой баяғы. Барған соң: «Ана костюмім қайда, мына костюмім қайда?» деп есіңді шығарады. Біз қай уақытта да бірге болдық. Театрда да, үйде де, демалыста да. Іші-бауырыңа кіріп тұрған достарымыз да аз еді, бір-бірімізге сүйеу болып, екеумізге ғана тән өз әлемімізде өмір сүрдік. Марқұм Әзекең Ыдырысты «нағыз досым» деп отыратын. Театрға шет елден қонақ келсе, міндетті түрде біздің үйге әкелетін. Ыдырыс біреуге сенсе, өзіндей сенетін. Көңілі қалса, көрмей кететін. Жан баласын ғайбаттауды білмейтін, кішіпейіл еді. Өзінен жасы кіші әріптестері: Асанәліні Асанбай десе, Райымбекті Райымбек Ноғайбаевич, Сәбитті Сәке деп атайтын. Альбомның мұқабасына «Жаушы» фильміндегі Бөгенбайдан көрініс беруді жөн көрдік. Себебі Ыдекең ылғи да қолын кеудесіне басып сөйлейтін, оның болмысында осындай кішіпейіл қимылдар көп болатын. Өйткені мемлекетіне, халқына адал еді.  Сосын, Ыдырыс нағыз қазақ болатын. КСРО халық әртісі маған бір жыл бұрын бұйырған. Сонда Ыдырыс үйден шықпай қойды. Өйткені өз деңгейін біледі ғой. Театрдағы әріптестері: «Ыдырыс, Қонаевқа кірейік» деп телефон соғады. Сонда: «Барсаңдар, өздерің барыңдар, қатынымнан қалып қалдым деп басшыға баруға намысым жібермейді» деді.

-  Ыдекеңнің шығармашылық зертханасы көз алдыңызда өтті ғой. Қандай құпияларын баса айтар едіңіз?

- Ол қашан да ой үстінде еді. Сөйтсем, образдарына толғатып жүреді екен ғой. Нұрмұхан аға Жантөрин театрдан кетіп қалғанда біраз жыл қиналып қалды, көпке дейін жалғызсырап жүрді. Өйткені қасында онымен тең түсетін, кейде асып түсетін, өнер жарыстыратын бәсекелес табылмай қалды. Өнерде өсіретін бәсекелестік керек екеніне сол кезде көзім жетті.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әсия Бағдәулетқызы, «Алматы Ақшамы», 27-ақпан, 2010 ж

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417