Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3216 0 пікір 21 Сәуір, 2010 сағат 11:15

АЛАШ ЖҮРЕКТI ӘЛИХАН

Тәуба, тәуелсiздiк алғалы АЛАШ арыстарын танып бiлуге зор мүмкiндiк алдық. Әйтсе де, осынау «зор мүмкiндiгiмiздi» бүгiнде тиiмдi пайдалана алдық па? Күнi кеше «халық жауы» деп айыпталған алаштықтардың ақтала бастағанына жиырма жылдың жүзi болды. Жиырма жыл бiр адамның өмiрi үшiн ұзын сонар уақыт шығар, ал тарих үшiн қас қағым сәт қана. Осы орайда Алаш ұлтшылдарын қай деңгейде зерттеп, зерделедiк деген заңды сұрақ туындайды. Ғылыми тұрғыдан алғанда, белгiлi бiр нәтижелерге жеткенiмiздi мойындау керек. Ал саяси тұрғыдан қарағанда, Алаш арыстары өзiне лайықты тұғырдан көрiне алмай тұр. Дұрысы, көрсете алмай тұрмыз.

ӘЛИХАН ЖӘНЕ ТIЛ

Арада бiр ғасырдай уақыт өтсе де, Алаш арыс­тары көтерген мәселелердiң күн тәр­тi­бiнен түспеуi - барлығымызды қалың ойға салады. Әлихан Бөкейхан араша түскен қазақ тiлiнiң мәселелерi әлi күнге дейiн шешiмiн таппай отыр. Әрi-берiден соң, қазақ тiлi «кеңсе тiлi» болмайынша, өз орнын ала алмайтыны белгiлi бола бастады. Бұл сөздiң ауаны билiк тiзгiнiн ұстағандар қазақ тiлiне толық мойынсұнбай, iс нәти­желi болмайтынын аңғартады. Кебекбай шешеннiң тiлiмен айтсақ, бұлақтың басынан тұнатынын бiздегi «бұлақ басы» - билiк­тiң өзi бiлмейдi.

Тәуба, тәуелсiздiк алғалы АЛАШ арыстарын танып бiлуге зор мүмкiндiк алдық. Әйтсе де, осынау «зор мүмкiндiгiмiздi» бүгiнде тиiмдi пайдалана алдық па? Күнi кеше «халық жауы» деп айыпталған алаштықтардың ақтала бастағанына жиырма жылдың жүзi болды. Жиырма жыл бiр адамның өмiрi үшiн ұзын сонар уақыт шығар, ал тарих үшiн қас қағым сәт қана. Осы орайда Алаш ұлтшылдарын қай деңгейде зерттеп, зерделедiк деген заңды сұрақ туындайды. Ғылыми тұрғыдан алғанда, белгiлi бiр нәтижелерге жеткенiмiздi мойындау керек. Ал саяси тұрғыдан қарағанда, Алаш арыстары өзiне лайықты тұғырдан көрiне алмай тұр. Дұрысы, көрсете алмай тұрмыз.

ӘЛИХАН ЖӘНЕ ТIЛ

Арада бiр ғасырдай уақыт өтсе де, Алаш арыс­тары көтерген мәселелердiң күн тәр­тi­бiнен түспеуi - барлығымызды қалың ойға салады. Әлихан Бөкейхан араша түскен қазақ тiлiнiң мәселелерi әлi күнге дейiн шешiмiн таппай отыр. Әрi-берiден соң, қазақ тiлi «кеңсе тiлi» болмайынша, өз орнын ала алмайтыны белгiлi бола бастады. Бұл сөздiң ауаны билiк тiзгiнiн ұстағандар қазақ тiлiне толық мойынсұнбай, iс нәти­желi болмайтынын аңғартады. Кебекбай шешеннiң тiлiмен айтсақ, бұлақтың басынан тұнатынын бiздегi «бұлақ басы» - билiк­тiң өзi бiлмейдi.

Өз заманында алаштықтар баспасөз беттерiнде қазақ тiлiне байланысты үнемi мақалалар жазып тұрды. Олардың iшiнде Ә.Бөкейханның мақалалары ерiксiз назар аудартады. Ол: «Қа­зақтың қайбiр облысында өткен сайлауда орысша хат бiлмейтiн кiсi болыс болмайды деп, қазақтың бұрыннан болыс болып жүрген қадiрлi кiсiсiн жолдан қалдырады», - дей келе: «Қазақ болысы орысша хат бiл­сiн, орысша хат бiлмесе, тас­қа түсуге жарамайды деген закон бұл күнге дейiн жоқ. Сөзiн адам тыңдамайтын халыққа қадiрсiз сорлы жастар «Мен орысша бiлемiн!» - деп, болыс бола қалды», - деп кейiстiк бiлдiредi.

Мұндай заң патша үкiметiнiң заңында мүлде жоқ екенiн Әлихан Бөкейхан ашына жазып, жымысқы саясаттың астарынан қауiптенген. Билiк басына ұлт­тық санаға мейлiнше кедей жас­тарды отырғызып, қалауын жүргiзе берудi ойлаған патша үкiметi ұлтсыздандыруды сол кезден бастап кеткен-дi.

Ахмет ағаның осы пiкiрi бүгiнгi күнi де өз маңызын жойған жоқ: бiздiң билiктiң басында да ұлттық санасы жұтаңдар жортып жүр. Ол кезде заңда көрсетiлмеген талапты жүргiз­ген патша жарлығы емес, шенеунiктердiң өзi болатын. Осындай деректерге назар аударатын болсақ, патшалық Ресей­дiң кез келген қызметкерi қазаққа үстемдiк жүргiзгенiн аңғарамыз. Ана тiлiмiздiң аясын тарылтуға бiлек сыбана кiрiскен патшаның шовинист шенеу­нiктерi бекерден-бекер еркiн­сiн­бегенi белгiлi. Оларға жоғарыдан «осылай iстеңдер» деп бұйрық берушiлер болды.

Ә.Бөкейханның «Мұсылман сиезi» деген мақаласында ана тiлiмiздiң сол кездегi ауыр хал-ақуалын аңғаруға болады. Мақалада: «Көп таластан кейiн сиез рухани мекеме қағазы «татар-түрiк» тiлiмен жазылсын дедiк. Бiз қазақ тiлi законға жазылсын деп қарыса алмадық, бүктемеде қалатын болған соң...» - дей келе, ойын ары қарай өрбiтедi: «Жығылатын болған соң, «тү­рiк» де­ген­нiң iшiне кiрдiк қой деп тоқтадық», - деген өкiнiш бiл­дi­редi.

Аталмыш сиезде рухани мекеме қағазы «татар-түрiк» тiлi болып бекiтiледi. «Қазақ тiлi болсын» деп Ә.Бөкейхан мен Жаһаншаһ Досмұхамбетұлы қанша талап етсе де, ұсынысы ескерiлмей, бүктемеде қалуы - тiл күресiнiң бүгiннен басталмағанын аңғартады. Алайда мұның сыры ауыр әрi күрделi болатын. Себебi, сол кездiң өзiнде қазақ тiлiне дәл бүгiнгiдей қарсы шыққандар болғанын аталмыш мақала айғақтап бередi. Мәселен, Ә.Бөкейхан: «Бақытжан ағамыз қазақта тiл жоқ дедi», - деп кейiстiк бiлдiре тұра, Бақытжан Қаратаевты «аға» дейдi. Бұл мiнез қазақтың үлкендi құрмет­тейтiн iзеттiлiгiн бiлдiрсе керек. Әйтсе де, қазақтың тiлi жоқ деп басқа емес, қазақ айтқаны өкi­нiштi. Дегенмен бұл сөз «қазақтың жауы - қазақтар» деген орынсыз ойды бiлдiрмейдi. Бұл - жеке адамның жеке ойы.

Абай мен Шәкәрiмнiң және Мiржақып Дулатұлының өлең­дерiн еске ала отырып, Ә.Бөкейхан: «Осылардай ақыны бар, бiр жерде тiзе қосып отырған бес миллион қазақтың тiлi қалай жоқ болады?» - дей келе: «Бiз­дiң қазақтың осы тiлiн тастап, татарға мiнгескенi адасқандық болар, бiз, қазақ, татар тiлiне шорқақпыз, татар тiлi деген тiл тағы бiреу емес, Кавказ, Қырым ауы­лындағы татарларды Қазан татарымен сөйлестiрсе, бiрiн-бiрi ұға ма, жұртқа ыңғайлы болуы үшiн рухани мекеме қағазы әр облыста әр жұрттың өз тiлiмен жазылсын дедiк Жаһаншах екеу­мiз», - деп, татар тiлiнен гөрi, қазақ тiлiнiң артық екенiн емеурiнмен бiлдiрiп өтедi. Мәселен, Алтай мен Атырау немесе Қытай мен Моңғолия қазағы бiр-бiрiн еркiн түсiнедi емес пе? Ұлты бiр болса да, тiлi бiрнеше ұлттар көптеп кездеседi. Бiрiн-бiрi ұғыспау мәселесi тек татарларға ғана тән емес, сонымен қатар дүниедегi көптеген ұлттарға қатысты. Осы жайттардан хабардар Ә.Бөкейхан ана тiлiмiз­дiң бiртұтастығын меңзеп отырса керек. Оған: «Анық тү­рiк затты халық тiлi бiздiң қазақта» деген ойы дәлел бола алады.

Алаш арыстарының басым бөлiгi бiлiмдi татар тiлiнде алды. Бiр сөзбен айтқанда, ол кезде болашақ қазақ зиялыларына татар тiлiнiң ықпалы басым болды. Алайда соған қарамастан, олар бүгiнгi орыс тiлiнде бiлiм алғандар сияқты ұлтсызданып кетпей, ұлтшылдығын сақтап қалған болатын. Алаштықтардың басты ерекшелiгi - оқу-бiлiмдi жаттан меңгере тұра, қазақ мүддесiне жұмыс iстей бiлгендiгi деп ойлаймын.

Әлихан Бөкейхан тiлге байланысты толғамын былай қорытындылайды: «...Түбiнде бiздiң қазақ тiлi бiзбен тiл тұқымы бiр өзге мұсылманды байытпаса, бiр-бiрiмiзге қоңсы қонбаймыз ғой. Ғұмыр жүзiнде қазақ тiлi өз бәйгесiн алар: Абай, Ахмет, Мiржақып, Шәкәрiм, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрiнiп тұр ғой», - деу арқылы тiлiмiздiң келешегiне сенiм бiлдiредi.

 

ӘЛИХАН

ЖӘНЕ ДIН

Қасиеттi Рамазан айында жолдасым екеу­мiз Алаштың адуын­ды ақыны Мұхтар Шахановқа арнайы сәлем бере бардық. Бiздiң ораза ұстағанымызды бiлгеннен кейiн Мұхтар аға: «Сендер мынаған жауап берiң­дершi. Дiнге бет бұрып, намаз оқыған жастардың көбiсiне ұлт керек емес. Неге олар тiл, ұлт мәселесiне бастары ауырмайды?» - деп, бiздерге тосын, дегенмен орынды сұрақ қойды.

Ақын ағамыздың бұл сұрағына нақты жауап беру мүмкiн емес едi. Өйткенi елiмiзде дiнге бет бұрған бiрқатар жастар ғана емес, сонымен қоса кейбiр ақсақалдардың да iс-әрекетi үрей туғызатын. Бiрде жасы алпыстан асқан ақсақалға: «Айтысқа бармадыңыз ба?» - деген сұрағыма адам таңғаларлық жауап алдым. Ол кiсiнiң пайымдауынша, айтыскерлер өтiрiк айтады және сонымен қоймай, халықты адастырады екен. Қысқасы, намаз оқып, Алладан басқаны ойламау керек деген сөз айтты.

«Елiмiзде түрлi секталардың емiн-еркiн жұмыс жасап жатқаны - дiн туралы заңымыздың әлсiздiгiнен», - дейдi ұлт зиялылары. Оларды жиыстырып қойып, өзiмiздiң ата дiнiмiздегi келең­сiз­дiктерге қысқаша көз жүгiр­тiп өтсек.

Жастардың ислам дiнiне бұрылып, намаз оқығанын жақсылыққа жорып жүрмiз. Әйтсе де, көбiсiнiң сыңаржақ көзқа­рас­ты бойларына сiңiрiп жатқаны туралы жақ ашпаймыз. Ақи­қа­тына келер болсақ, ислам дi­нiн­­де жүздеген, тiптi мыңдаған пiкiр қайшылықтары туындап отыр. Солардың «небәрi» алтауын жан-жақты таразылап өте­йiн.

Бiрiншiсi - қазақ қызының қара хиджабқа орануы. Бiр қарағанда, менiң бұл пiкiрiм баз-бiреу­лерге ұнамауы мүмкiн. Әйт­­се де, жәудiреген қара көз әпке-қарындастарымыздың «қа­ра жамылуы», қазақ көзқарасымен қарасақ, тым оғаш. Бұл пi­кiрге қарсы әлдебiреулер: «Хиджаб кию ашық-шашық жүр­ген­нен жақсы ғой», - деуi бек мүм­кiн. Жоғары оқу орындарында және басқа да қоғамдық орындарда хиджаб киген қызды мүйiздеп, жартылай жалаңаш санын жалтыратып жүргендерге ұлттық киiм кигендей қарайтындар баршылық.

Бұл арада екi жақты да ақтап алуға болмайды. Хиджаб киген кейбiр қыздарымыз ұлттық мерекелерiмiзге мұрын шүйiре қарайды. Мәселен, ұлыстың ұлы күнi Наурыз мерекесiн қомсынып, ислам дiнiндегi Құрбан және Ораза айт мерекелерiнен бас­қаны елемеуге тырысады. Бiр намаз оқушы жiгiт ағасы: «Қа­зақ дiндi өзгелер сияқты қы­лыш­пен емес, жүрегiмен қабыл­даған. Сондықтан арабтардың ықпалы аз болды. Ал хиджаб киiп жүрген ұлттар дiндi күшпен мойындаған», - деген едi. Ме­нiң­­ше, осы пiкiр көңiлге қонымды сияқты. Қазақ ежелден әйел затына хиджаб емес, кимешек кигiзген. Иә, әрбiр әйел заты өзi­нiң қазақ екенiн ұмытып кетпейтiндей киiнгенi жөн.

Екiншiден, жастар арасында өзiнiң қазақ болғанына арланып, араб болмағанына өкiнетiндер бой көрсетуде. Олардың айтуынша, қазақ ырым-тыйымға тым сенгiш екен. Арабтардың жа­һил­дiк заманда қыздарын тiрi­дей жерге көмгенi белгiлi. Ол кезде бүгiнгi қазақтың түп атасы - түркiлер қыздарын жерге тiрiдей көмдi ме? Жоқ. Керiсiн­ше, әйел затына құрметпен қарады. Мәселен, түркi сахарасында әйел зорлаған еркек еш ойланбастан өлiм жазасына кесiлетiн болған. Осы заңымызды Қытай халқы өзiне үлгi тұтқанын тарихи деректер растайды.

Үшiншiден, кейбiр «дiншiл­дер» жаңа түскен келiннiң бетiн ашуға қарсы. Олар «адамға тәу етуге болмайды» деген ойды алға тартады. Қазақ бiр-бiрiне iзет­пен қараған. Жаңа түскен келiн адамға жалбарынбай, тек сәлем жасайтынын олар ұғынбаса керек. Бет ашуға қарсылық өз миссиясын бiртiн-бiртiн орындап келедi. Жақында шаңырақ кө­тер­ген бiр жiгiт келiншегiнiң бетiн аштырмады. Неке заңында әр ұлттың өзiне тән ерек­шелiктерi болады. Беташарды солардың бiрi деп ұққан жөн.

Төртiншiден, мешiтте талтайып немесе екi қолын кеуде­сiне (әйелдерше) қойып намаз оқи­тын жастарды байқаған шығарсыз. Олардың түсiндiруi бойынша, иық пен аяқтың арасы бiрдей болуы керек. Өздерiңiзге белгiлi, Астанада немесе елiмiз­дегi басқа да қалаларда жұма намазы күнi мешiтке адам сыймайды. Осының салдарынан мұсылмандардың көбiсi суық күнде далада намаз оқуға мәж­бүр. Ал әр адам талтайып намаз оқи беретiн болса, мешiт iшiне әдеттегiден аз адам мiнәжат ететiнi белгiлi. Мұндайда өздерi менсiнбейтiн қазақ: «Көңiл сыйса, бәрi сыяды» деп адамшылық танытушы едi. Әрi-берiден соң, өзiңiз құрметтейтiн ата-анаңыз немесе басқа да сыйлы адамдардың алдында талтайып тұрмайсыз ғой. Ол азаматтық этикаға да жат. Жаратушы Алла тағала алдында талтайып тұру дегендi өзiңiз таразылай берiңiз.

Бесiншiден, кейбiреулердiң айтуынша, мұсылман емес кәпiрлердi өлтiрсе «түк те күнә емес» екен. «Негiзгi дiни мағлұматтар» деген кiтаптан ислам дiнiн жете меңгерген мұсылман көмекшiсiне қой сойдырып: «Еттiң бiр бөлiгiн көршiлерiме тарат, алдымен мұсылман емес­терiнен баста», - дегенiн оқып едiм. Сонда әлгiнiң мұсылман еместердi өлтiрмек түгiл, оларға құрмет көрсетiп тұрғанын байқайсың. Ал жастар жағы шала-шарпы меңгерген iлiмiнiң аздығын ескермей, уағыз айтуға әуес.

Алтыншыдан, еркектер мен әйелдердi оқшаулау. Намаз оқып жүрген жiгiт қызға қараса, иманы әлсiрейдi екен. Қызға бiр қарағаннан-ақ иманы жұр­дай болатын болса, оның басқалардан айырмашылығы қайсы? Қазақтың бұрынғы өмiр салты, тыныс-тiршiлiгiне көз жүгiр­тетiн болсақ, қыз бен жiгiттi алшақтатпағанын байқаймыз. Мәселен, алтыбақан тебу, ақ­сүйек ойнау - бiле бiлгенге қыз бен жiгiттi таныстыруға бағытталған бiрден-бiр жол.

Қазақ қоғамының дiни ахуалындағы «әттеген-айларға» назар аудара беретiн болсақ, мысалдар көптеп кездеседi. Осы орайда Әлихан Бөкейхан қандай көзқараста болған деген заңды сұрақ туындауы мүмкiн.

Әлиханның қыз бен жiгiттiң қарым-қатынасы туралы айтқан сөзiне назар аударсақ, ерлер мен әйелдердi алшақтатпағанын аңғарамыз. Мәселен, ол: «Бақытсыз Жамалды» оқығанға белгiлi, Ғали мен Жамал жасырын қосылған. Шариғат жолында мұның екеуiне де жүз таяқтан дүре бар дей келе, ойын былай сабақтайды: «Жiгiтпен ойнадың деп, қазақ қызына дүре сала ма? Жiгiт пен қыздың ойнағаны қазақ рәсiмiнде күнә ма?» - деп, орынды сұрақ қояды. Ә.Бөкейханның тiлiнде айтылған «жiгiт пен қыздың ойнағанын» басқаша түсiнбеу қажет. Автор бұл жерде шынайы махаббатқа, яғни екi ғашықтың қосылуына тiлек­шi болып отыр. Қазақ қызының терiс қылыққа салынуын Ә.Бө­кейхан қош көрмесе керек.

Өз мақаласында Әлихан Бөкейхан: «Шариғат ұрының қолын кесiп таста дептi. Қай қазақ ұрының қолын кесiп алып тастамақ? Бұл ұрының қолын бiздерге кiм кестiрмек? Ұрының қолын кессе, мұнан қазаққа қанша бақыт шықпақ?» деп ойлы сауал тастайды. Қазақ даласында абақты болмағаны мәлiм. Елде тентектiк танытқандарға айыппұл салып, қылмысына қарай жаза бұйырған. Ғалымдар жазаны неғұрлым қатаңдатқан сайын, қылмыс соғұрлым өршелене түсетiнiн айтып жүр. Ә.Бөкейхан қолды кесiп тастауды ауыр жаза деп, өз наразылығын бiлдiрiп тұр.

Ә.Бөкейхан қазақ тыныс-тiршiлiгiнен дiндi бөле жара қарамаған. Әйтсе де, қазақ жо­лы­ мен дiн жолын салыстыра келе, кейде ұлттық мүдденi бәрiнен жоғары қойған. Бұл «Ә.Бөкейхан дiнсiз болған» деген сөзге ерiк бермесе керек. Мәселен, өздерiн «дiншiлмiн» деп жүрген сабаздар қай аяттың қай сүреде жазылғанын бiлер ме екен? Ал Ә.Бөкейхан өз мақаласында әр аяттың қай сүреде айтылғанын жалпылама емес, нақ­тылап атап өткен.

Жаңа деректерге назар аударатын болсақ, Қара теңiз жағасында Әлихан Бөкейхан қажыға бара жатқан Төлеубай ақсақал­ға: «Жат жұрттың бейшараларынан бұрын, әуелi қазақтың қалың жарлы-жақыбайларын тойдырмадыңыз ба?!» - деп ренi­ш бiлдiрiптi. Қажылыққа барғаннан гөрi, қалың қазақты тойдырғанды қош көрген Әлихан ойы, қай жағынан алсақ та, орынды. Себебi, ұлтың тарығып жатқанда еш ойланбастан қажылыққа бару дегендi өзiңiз таразылай берiңiз...

Ислам туралы тосын ойларын Әлихан өз жанынан шығар­ған жоқ. Оның осы пiкiрде болуы - Абай салып кеткен жәдит­тiк бағытты жан-жақты меңгер­гендiгiнен. Алаштықтар Абай Құнанбайұлына қарап бой түзегенiн көзi қарақты оқырман бiлсе керек. Ол туралы Тұрсын Жұртбай: «Қадымдық және жәдиттiк бағытқа ымырасыз жiктелген мұсылман қауымының Абай атап өткен «нақыли өкiлдерi» Ә.Бөкейханның бұл пiкiрiн барынша терiс түсiнiп, оны: «Кәфiрдiң кәфiрi, дiнсiз­дердiң дiнсiзi! Мұсылмандар! Оған жоламаңдар! Артынан ермеңдер! Иттiң үргенiне аспандағы айдың нұры кетпес!» - деп, «Ығ­ламнама» жариялады», - дейдi «Ұраным - Алаш» әфсанасы кiтабында. Ата дiнiмiзде ол тiптi мұсылман болмаса да, «Кә­фiр» деп айыптау ауыр күнәлардың бiрi саналады. Қадымдық, яғни ескiшiл көзқарастағылардың шеттен шығуы (кәфiр деуi) олардың ислам дiнiнен сауатсыз екенiн айғақтамай ма?

Әлихан Бөкейханның: «Бiз шығыстың сәлдесiмен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсiсiмен өркениеттiң табалдырығын аттай алмаймыз. Дiн iсi мемлекеттен бөлiнген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек», - деуi Мұхаммед пайғамбардың хади­сiндегi: «Заманмен қоса дамыңдар», - деген өсиетiмен үндеседi. Ал «Дiн iсi мемлекеттен бөлiн­ген...» деген сөзiне келетiн болсақ, бұл жерде Әлихан Бөкейхан бүгiнгiдей көпдiндiлiктi көксемеген. Мәселен, алаштың бiртұ­тас ұлттық идеясы бес түрлi тұжырымға негiзделген болатын. Соның төртiншi тұжырымдамасында: «Қазақ мемлеке­тiнде мемлекет құраушы ұлттың тiл, дiн, дiл үстемдiгi болуы керек» деп қадап айтқан. Ал қазақ ұлтының негiзгi дiнi бұрын да, қазiр де, Алла қаласа болашақта да ислам дiнi болатыны белгiлi. «Дiн үстемдiгi» дегендi ис­­лам дiнiнiң үстемдiгi деп түсiнген жөн.

Баба қазақ: «Алтау ала болса - ауыздағы кетедi, төртеу тү­гел болса - төбедегi келедi» де­ген мақалды жиi тiлге тиек етедi. Жоғарыда келтiрiлген алты мысал болашақта алты алаштың алауыздығын тудыра ма деген қауiп бар. Өйткенi ұлттық ерекшелiгiмiздi ескермей, уағыз таратып жүргендер - ұлтқа танымал азаматтар. Халық оларға сенедi, қауiптенбей, айтқанын айтқанындай қабылдап жатыр.

Қорыта келгенде, әр қазақ өзiнiң дiнде адасқаннын сезсе, әуелi Ә.Бөкейхан тағылымына жүгiнгенi жөн. Себебi, Әлихан тағылымы әуелi ұлтшыл, сонан соң дiншiл болуды үндейдi.

Серiк ЖОЛДАСБАЙ,

altyalash@mail.ru

«Общественная позиция»

(проект «DAT»16 (53) от 21 апреля 2010 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415