БАТЫР БАЯН ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?
«Асыл болсаң, Керей бол,
Үш қазаққа мерей бол.
Уақ болсаң, Шоға бол,
Қос айылға тоға бол».
Төле би
Бұрыннан жақсы білетін, сыйлас ағаларымыздың бірі – Есмұханбет Смайылов келіп, мақаласын ұсынды. Өзі – математик, ірі ғалым. Алаш арыстарына тән жан-жақтылығына, әр саладан хабардарлығына, әсіресе, тарихымызға қатысты ізденімпаздығына тәнті болып жүруші едім. Бұл жолы қатты разы болдым. Қазақтың біртуар тұлғасы – Батыр Баян туралы мақаласын ізетпен алдыма қойды. Биыл – Батырдың 300 жылдығы. Ұрпақтары ас бермек Павлодар облысында. Бүкіл қазаққа сауын айтатын жөн бар. Әйтеуір, өздері тірлік жасап, қамданып, жиналып, үлкен шаруаның басы қайырылмақ.
Мақаласын оқыдым да, газет номеріне жедел салғыздым. Оған себеп көп. Бірі – Мағжан Жұмабаев ақталмай тұрғанда ақынның «Батыр Баян» поэмасын өзіміздің «Орталық Қазақстан» газеті республикада бірінші болып жариялады. Ақынның атын айту ол кезде мүмкін емес. Жайық Бектұров ағамыз поэманы көзінің қарашығындай сақтап жүріп, сол кездегі Нұрмахан Оразбековке әкеліп көрсеткенде, батыр редакторымыз «Орталыққа» жариялап жіберіп, айды аспаннан шығарған. Е.Смайылов ағамыз Батыр Баян Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Нұркен ауылының Шекшек қорымында жерленуі мүмкін деген аңызды алға тартты бұған қоса. Оған үстеме – «Айбын» әскери энциклопедиясында тура осы дерек Қ.Ерғазы атты автордың титімдей мақаласында жүр екен. Оқырмандарға қысқа ғана жай-жапсарды айтып, сұрау салдым. Ауыздан – ауызға, ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша архивімізден там-тұм хабарлар келе бастады. Балқаштан Серік Қамбарұлы, Абай қаласынан Ардақ Қайдарұлы – екеуі де «Шет ауданының Қарабұлақ ауылының жанында Сары-Баян деген жота бар. Сол жерде үлкен қорымның барын бұрынғы қариялардан естігендерін және қай жерде екенін көрсете алатындарын» айтып, ұзатпай-ақ хабарласты.
Ең үлкен олжаны әріптесім – Төрехан Майбас тауып әкелді. Шет ауданында автоклуб меңгерушісі болған, республикалық ақындар айтысына қатысқан Самат Мұсабековтің (1924-1981) «Есей – Дос» деген дастанын алдыма қойды. Есей мен Дос Қаракесектің Керней және Әлтеке бұтақтарының батырлары. Бұл екі бабамыздан тараған ұрпақтан атқа шыққандары – Көкбөрі Жарылғап пен Жидебай батырлар. Екеуі де Батыр Баянның тұстастары. Жас айырмалары – он немесе жиырма жыл болуы мүмкін. Самат Мұсабеков Есей мен Дос туралы дастанында Батыр Баянның жерленген жеріне, неше сарбаз қоса шейіт болғанына дейін жырына арқау етеді. Содан үзінді оқып көрейік.
Содан бастап Толағай Есей жері,
Жыл өтті үш ғасырдай одан бері.
Дос, Жидебай, Жарылғап, Қараменде,
Батыры Орта жүздің, ардақты ері.
Бұған қоса Торақты, Сары, Баян,
Бодықтың Жалаңтөспен атағы аян.
Итқара, Сағындық пен
Жомарт батыр,
Құтқарған жаудан елін келген зиян.
Деріпсалы, Байғозы, Баубек тағы,
Арпалысқан жаулармен сынбай сағы.
Қара сойыл, қара күш Жантай бұлақ,
Дәуірінде бұлардың өскен бағы.
Бұларға Жомарт батыр ақылшы боп,
Батырлар сөзін құптап мақұлшы боп.
Аттанарда жорыққа, жортуылға,
Шығады екен Жарылғап батасын ап.
Сары, Баян, Итқара, Жорат, Торақ,
Мекенін қоныс еткен Қарабұлақ.
Жерленген сүйектері осы араға,
Тарихи ескерткішке болып тұрақ.
Атағы ел аузында ерте бастан,
Тараған ешбір дерек жазылмастан.
Есімі ардақты ерлер еске түсті,
Қиссаның кейіпкері Есей, Достан.
Қазірде Қарабұлақ жалғасында,
Тұрсынның Ақтөбесі шың басында.
Мүрдесін Итқараның қадір тұтып,
Топтасып жатыр қолы дәл қасында.
Аңызға қарағанда – үш жүз адам,
Жорықтан қайтқан сапар есен-аман.
Төбенің түбіндегі Қарасуда,
Жатыпты жақындап кеп елге таман.
Іш ауру сатқақ дей ме, ауру келіп,
Бір жүзі үш жүзінің кеткен сөніп.
Ұрпағы батырлардың өркен жайып,
Ел болды кейінгі кез өсіп, өніп.
Сары-Баян аталатын Кіндіктөбе,
Томсарып жатыр ішке сырын бүге.
Арасы Ақтөбенің үш шақырым,
Жерленген Сары, Баян оған неге?
Менің білуімше, тарих – өте қиын ғылым. Ойдағы мен қырдағыны мидай араластырып, топшылай қиялап, долбарым – дұрыс, болжамым – шындық деуге келмейді. Дастанда «Сары мен Баян бірге жерленген» деген сөз бар. Осы тұсқа келгенде көңілге күдік кірді. «Уақ шежіресінде» Шоға руынан Сары мен Баян бір ата-анадан туған ағалы-інілі емес, бес атадан туысатын батырлар. «Сары батыр 1690 жылы дүниеге келіп, 1771 жылы Еділ бойындағы қалмақпен болған ұрысқа қатысып, жараланады. Еліне жеткізіліп, Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Тимирязев ауданындағы Докучаев ауылынан 4-5 шақырымдай жерде жерленген. («Уақ шежіресі». 27-бет. «Фолиант» баспасы. Астана қаласы. 2009 жыл).
Тарихтан мәлім, орыс патшасынан қатты қысым көрген Үбашы тайшы бастаған 170-180 мың адам, 40 мың қол Еділді кешіп өтіп, қазақ жерінің үстімен байырғы қоныстары – Жоңғарияға өтеді. Ежелден қастасқан ата жауын қазақ аямайды. Жолшыбай ұрыс. Әуелі Нұралы хан ойсыратады қалмақтарды. Ақыры, осы Мойынты бойында Абылай хан қоршауға алады. Қалмақтар сауға сұрайды.
Хан кеңесі шақырылып, үш күн ырғасады батырлар мен билер. Абылай сонау Еділ мен Жайықтан Арқаға дейінгі шұбырындыда (қазақтың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламасынан» да ауыр болса керек) қазақ қосындарының соққысынан әбден қалжаураған, бірақ, әлі де тұяқ серпуге шамалары бар қалмақтарды ата қоныстарына соғыссыз өткізіп жіберуді ұсынады. Ойы белгілі – екі ғасырдан астам қазақпен қидаласса да, Жоңғария қазақ пен қытай арасындағы сына (буфер) бола тұрсын деген әріден ойлаған, тереңнен толғаған Абылайдың ақылмандығы деп пайымдайды М.Мағауин бастаған жазушы-тарихшылар. Болмаса, ойда орыспен, қырда қалмақпен, түстікте Қоқанмен майдандасып, бұлағының өзі суалмаса да, көзі бітелуге таяған, саны селдіреген қазағының бауырына салып, бытырадай шашып, түбі бір түркі – қалмақты қазаққа басы бүтін сіңіріп жібермек болады. «Қатының болсын қалмақтан, қосының болсын қазақтан» деген сөз сол кезден қалған болса керек. Осыдан кейін Абылайда сексен кісінің ақылы бар («Ханда қырық кісінің ақылы бар») деп айтпай көр.
Қош, сол хан кеңесінде «... Батыр Баян өз сөзінде: «Үбашы мен Серен ойда орысты, қырда қытайды алдаған, сені де алдайды», – депті» (М.Мағауин. Толық шығармалар жинағы. 11-том, 137-бет. «Қағанат» баспасы. Алматы. 2002 жыл). Хан кеңесі ұзаққа созылғанынан секем алған қалмақ түн қараңғысын пайдаланып, қоршауды бұзып, Жоңғариясына қарай тартады. Батыр Баян, Жанатай батыр бастаған қазақ қолы түре қуып, қалмақтың қалғанын меңдете қырып жібереді. 14 мың ғана жоңғар өз жеріне өліп-талып жетсе керек. «Шаңды жорық» аталған қанды жорықта Жанатай батыр мерт болса, қайтар жолда Батыр Баян шейіт болған. Мен бұл оқиғаларды жанымнан шығарғам жоқ. Шоқан Уәлиханов тасқа басып, одан кейінгі тарихшылар мен тарихқа тарихшылардан да жетік жазушы ағаларымның жазғандарынан келтірдім.
Мұнан кейінгі дерек пен дәйегіміз әзірге – болжам. Бір дерек көзі Батыр Баян сарбаздарымен қайтар жолда Алакөлден (Итішпес) су ішіп, ауырғанын айтады. Аты айтып тұрған көлден қазақ қаталап өлсе де, шөл баспайды. Біздікі – жай ғана логика. Ал, қашып бара жатқан қалмақ улап кеткен құдықтан су ішіп, мерт болды деген уәж ептеп қисынға саяды. «Уақ шежіресінде» Баянның ағасы Сары 1771 жылы Еділ қалмақтарымен ұрыста жараланып, еліне жетіп жерленгені жөнінде дерек келтіріледі. «Шаңды жорық» 1771 жылы тәмам болған. Дастанда «үш жүз адамның жүзі уланып, шейіт болды» дейді. Бәлкім Батыр Баян осы Қарабұлақта көз жұмып, сол тұсқа жерленіп, Сары батыр еліне хал үстінде жеткізілген шығар. Уақытша аманаттап жерлеу рәсімі де бар. Осы шайқастан кейін қытай әскерімен қақтығыс болғаны тарихтан мәлім. Батыр Баянның сүйегін алып кету мүмкіндігі болмауы да кәдік қой соғыс жүріп жатқанда. Батыр Баянның есімі үнемі ағасымен бірге «Сары-Баян» аталады. Қарабұлақтағы жотаның Сары-Баян аталуы содан шығар.
Бұл тұста қисық қайыңды тезге салып, қиындау мәселені қиюластырып, қисынға жығып беруден аулақпын. Тарихқа қиянат жасалса, аруақтарға шет боламыз. Бар мойынұсынғаным, жүгінгенім – бүгінге әзер жеткен халық есінде еміс-еміс қалған ескі әңгімелер.
***
Жер дегдісімен Қарабұлаққа барып, қорымдарды көзбен көріп қайту – мақсатымыз. Қарағандылық археологтарға, оның ішінде, Әлкей Марғұланның соңғы шәкірті, досымыз Сағындық Жауынбаевқа қолқа салдық. Сөзге келген жоқ. Діттегеніміз – бара салып, қорым қазып, қабір ашу емес, ең болмаса, қай ғасыр, қай жыл екенін айырып алу. Арғы жағы Алланың ісіне, Батыр бабамыздың аруағының алқауына байланысты.
Мағауия СЕМБАЙ
«Орталық Қазақстан» газеті