Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 7482 0 пікір 11 Қыркүйек, 2014 сағат 11:24

КІНӘЛІ ҚАШАН ДА ҚҰЛМАНОВТАР МА?

Кейінгі кездері біздің облыстың басы даудан арылмай-ақ қойды. Жақында бюджеттен жырымдап 375 миллион теңгеге сән-салтанаты жарасқан Салтанат сарайын салып едік, қып-қызыл шығынға батып қалдық. Басында жекеге өткіземіз деген дәмемен салынған бұл ғимаратты ешкім де алмай, халықтың мойнына қосымша салмақ болып, «қызығынан шыжығы» басым болып шықты. Енді мұны не істерін білмей жергілікті биліктің шақшадай басы шарадай күйде.

Бұл шудан бір құтылғандай болып едік, жақында тағы бір ши шықты. Облысымыздағы Қамысты ауданы әкімінің орынбасары Дәулетбай Құлманов деген азамат бюджеттің ақшасын оңды-солды шашты деген айыппен орнынан босталды. «Бақсақ бақа екен» дегендей бұл пақырыңыз былтырғы жылдың қазан айында осындағы «Қамысты» бірлестігінің аудандық мәдениет үйінің есепшотына аударған 3 миллион теңгені алып, Астанаға барып еркін бір бой жазып қайтыпты. 2 миллион теңгенің қайда кеткендігін дәлелдейтін құжаттар әкелгенімен, қалған 1 миллион теңгенің қайда жұмсалғандығы тарс есінен шығып кетіпті. Тек ойында қалғаны, бір топ адам болып Астанадағы  «Венеция» мейрамханасында бас-аяғы 865 мың теңгеге тойып тұрып, бір тамақтанғаны. Әрине, біздікі «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегеннің кері емес. Тек біздің кейбір шенеуніктердің «кедейдің бір тойғаны—шала байығаны» деген ұранмен бюджеттің есебінен көңіл көтеруді әдетке айналдырғандығы таң қалдырады.

Жалпы, бір қарағанда әлгі әкімнің орынбасарының істегені заңға томпақ келетіндігі басы ашық жайт. Алайда барлық кінә тек осы Дәулетбай Құлмановта ғана ма? Оны қызметтен босатқанмен барлық шаруа тынды деп, көңілді тоқ санауға бола ма? Жоқ, тіптен де олай емес. Мәселе, тек Құлмановта ғана емес. Бар түйін біздің биліктің бюджет ақшасын өз әкесінен мұра болып қалған, түпсіз байлық есебінде қарайтындығында. Кез-келген шараға халықтың ақшасын судай шашып, жоғары жаққа жақсы атты болып көріну үшін қандай да ысырыпқа баратындығында. Ал аяқ астынан бір кездейсоқ тексеріс бола қалса, құрбандыққа шалып жіберетін бір байғұс табыла кетеді. Құлманов та осындай «құрбандықтың» бірі. Өйткені Дәулетбай Астанаға еріккеннен барған жоқ. Ол сол кезде Астанада өткізілетін Қостанай облысының мәдениет күндері мен ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізуге жауапты адам есебінде барған. Жылына бір өтетін мұндай шарада не істеу керек? Қайткенде де жатпай-тұрмай облыстың имимджін көтеріп, өңірдің жетістігіне таң қалып, аузын ашып, көзін жұматындай жағдай туғызу керек. Ол тегін істелмейді, әрине. Ең кемінде жақсылап тұрып  ішкізіп-жегізіп, көңілдерін көтеріп қойған абзал. Ол шығын қалтаңнан емес, бюджеттің есебінен болады. Ал халықтың ақшасы өзіңің ақшаң емес, аянып қалмасың анық. Әйтпесе, Құлмановтың бір миллион теңгеге жуық мейрамхананың тамағын іше алмайтындығын айтып жатудың өзі артық шығар. Бір өкініштісі, рахатын өзгелер көреді де, жауабын Дәулетбай береді. Қазекем мұндайда «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» деп бекер айтпаса керек.

Жалпы осы ішіп-жеу мәселесі қазіргі біздің жемқорлықтың бөлінбес бір бөлшегі десек, аса қателесе қоймаспыз. Біздің шенеуніктер Астанадан жергілікті жерге іс-сапармен келсе де, болмаса бірдеңені тексеруге келсе де біреудің есебінен күн көргісі келеді. Жатар орны мен тамағын өзгелер көтергенді ұнатады. Бақай есебі — іс-сапарға бөлінген қаржыны үнемдеп қалу. Осындай жасырын жемқорлықтың кесірінен талай азаматтар жазықсыз жапа шекті де. Бұдан бірер жыл бұрын облысымыздағы Лисаков қаласының әділет басқармасының бастығының ісі тәртіптік кеңесте қаралып, қызметінен босатылды. Сөйтсе, әлгі азамат Астанадан бір тексеріске келген комиссияны кешкілік тамаққа жақсы бір дәмханаға алып барып, жақсылап тұрып кеңірдектен келгенше ішіп-жейді. Кешкі отырыстың құны 40 мың теңгеден асып жығылады. Басқарма бастығы дәмхана директорына мұны кейін төлейтін болып келіседі. Алайда, оның бұл уәдесі тым ұзаққа созылып кетеді. Жаңағы директор қарыздан мүлдем күдер үзіп, тәртіптік кеңеске жүгінеді. Қорытындысы жоғарыдағыдай. Бір қызығы, бұл қарыздың неден болғандығын басқарма директоры ашық айтады. Оны дәмхана басшысы да мақұлдайды. Ал енді мұндай қылықты сыбайлас жемқорлықтың бір түрі емес деп айтып көріңіз. Сөйте тұра, бізде бірде-бір шенеунік ол үшін еш уақытта жазаға тартылған  емес.

Кінәлі қашанда Құлмановтар.

Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3507