Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 5760 0 пікір 21 Мамыр, 2014 сағат 11:46

«Әлихан қазақтың Абайдан кейінгі ұлы тұлғасы!»

Рейтинг: Алаш тақырыбына қызығушылығың Ұлттық арнада жүрген сәтте ерекше өршіген сияқты көрінеді...

Болат Мүрсәлім: Оның рас. Ұлттық арнаның басшысы кезінде Ғалым Доскен ағамыз «Мезгіл» бағдарламасының әр аптадағы хабарына Алаш қайраткерлерінің өміріне, шығармашылығына, атқарған істеріне қатысты бір мәселені қосып отыруды міндеттейтін. «Мезгіл» жексенбі күні эфирге шығатын еді. Жексенбі күні «Мезгілдің» режиссер, операторынан өзге арнада кім болсын? Эфирге шығатын соңғы нұсқасын бір қаратып алуға сол кездегі Төраға орынбасары Амантай Шәріп ағамыздың кабинетіне барам. Жексенбі болған соң, қарсы беттегі кабинетінен шығып, Ғалым аға келеді немесе біз ол кісінің кабинетіне кіреміз. Содан екі ағамыз әңгімені Алаштан бастап, одан Қазақ хандығы дәуірі, Түркі дүниесі, тастағы таңбалар, Шумерлер, әлемдік мәдениет пен дүниежүзілік тарих пен философияға тартады. Қаншама авторлар, қаншама кітаптар сөз болады. Біз – тыңдаушы. Небір концептуалды түйіндер естіп шығасың. Іштей эфирге асығып отырасың. Кейін «Қазақфильмде» «Алашорда» деген деректі фильмге сценарий жазғанда, бұл тақырыпқа басыбүтін енгенімді түсіндім.

Рейтинг: «Алашорда» деректі фильмімен қатар Алаш қайраткерлерінің фотоларын жинауды әуелі хобби іспетті бастағаныңды білеміз. Оны альбом жасау туралы ой қашан, қалай келді?

Болат Мүрсәлім: 2008 жылы сценарийді жаза бастадым. Күрделі, жауапкершілігі мол әрі өзім қолға алған алғашқы дүние болған соң, оны алты ай жаздым. Сол сценарий бойынша, Гүлнәр апа Дулатова Алаш қайраткерлерінің суреті жапсырылған, сырты қоңыр былғарымен қапталған альбомды парақтап отырып әңгімесін айтуы тиіс еді. Ол ойым қиялдан әрі аспады. Бірақ фото жинауды тоқтатпадым. Ғаламтор арқылы Ресейдің мұрағаттарын кездім. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Думаға депутат болған кездегі фотосын тапқанда қатты қуандым. Осы фото өзіме біртүрлі ыстық. Фотоальбомның алғашқы бетінде осы сурет тұр. Ол өзім тапқан соң ыстық емес. Сол суреттен кәсіби саясатқа алғаш қадам басқан, құнсыз-сұраусыз қазаққа теңдік әперуге бел буған, бет-жүзінен ар-ұяты көрініп тұрған тұлғаны көрем. Сол үшін ыстық. Бұл фото Петербургтың мұрағатында мүлде басқа адамның аты-жөнімен сақталып жатыр екен. Дәл сол қордан М.Тынышбаев, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов, А.Қалменов сияқты Дума депутаттарының суреттері шықты. Сапасы дәл бүгін түсірілгендей анық. Сол кезде Петербургте Булла деген еврей суретшінің ательесі түсірген екен бәрін. Сол ізденіспен Әлихан атамыздың жерленген жерін қарастырдым. Төрт-бес ай бойы күнде интернет ақтарам. Сол кезде миымнан мектептегі геометрияда оқыған «кері жору» деген тәсіл кетпей қойды. Әлиханның Дон зиратында жерленгенін де осы тәсілмен тапқан сияқтымын. Өйткені, Әлихан 1937 жылы Мәскеуде атылды. Мәскеуде атылғандардың барлығының жатқан жері анық. Ендеше, Әлиханның да қайда жерленгені шығуы тиіс. Әлиханды І (бірінші) категориялы үкіммен атқан. Ондай үкімге И.Сталинның тікелей өзі қол қойған. Бұл категориямен Совет одағының ең мықты деген мемлекет қайраткерлері оққа байланыпты. Ресей архивтерінің бір озған тұсы – көптеген тарихи құжаттарының интернетте көшірмесі бар. Сталиннің І категориялы үкімдерінің тізімінің дәл Әлекеңді атуға қол қойған күнгі парағын, өкінішке қарай, таба алмадым. Дәл сол тізіммен Нығмет Нұрмақов та Әлиханмен бірге 27 қыркүйек күні атылған. Дегенмен 1937 жылы Мәскеуде І категориялы тізіммен атылғандардың дені Дон зиратында жерленгенін білдік. Дон зиратында жерленген мыңдаған боздақтардың тізімін, қай күні атылып, қай бауырластар бейітіне өртеліп көмілгенін ресейлік «Мемориал» қоры жасап шыққан екен. «Мемориалдың» қыруар тізімін ары да, бері де ақтарып отырып, Әлиханның Дон зиратының қай бейітіне жерленгенін анықтадым. Сол кезге дейін «ұлт көсемінің жерленген жері белгісіз, оны НКВД мүлде құпия құртқан» деген тәрізді әңгімелер көп болатын. Тіпті, Әлиханның Мәскеуде өмір бойы тұрған немересі де, Алматыдағы шөбере інісі Сырым да білмей келді. Ол кісілерге әуелі айтқан кезімде сенбеді де. Кейіннен сол бейітке профессор Н.Дулатбеков ағамыз белгі орнатты.

Рейтинг: Фотоларды жинақтау қаншалықты жеңіл я ауыр болды? Көп фотосуреттердің авторлық құқы бар ғой...

Болат Мүрсәлім: Алаш қайраткерлерінің фотосуреттері – ұлттық жәдігер деп есептеймін. Ол ешкімнің де меншігі емес. Бірақ қазіргі этикаға қарағанда, оны қиын күндерде сақтаған, я болмаса мұрағаттардан алғаш тапқан адамдардың аты-жөндері ұмытылмауы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, фотоальбомға енген барлық суреттердің кімнен, қай кітаптан, қай газет, қай сайттан алғанына дейін түгел сілтемесін көрсеттім. М.Дулатовтың қызы Гүлнар ападан, М.Тынышбаевтың ұлы Дәулет ағамыздан бастап, барлық адамдардың рұқсатын алып, аты-жөндерін атап, айрықша алғыс білдіретінімізді кітапта жаздық. Тек Кенесары ханның немересі Әзімхан Кенесариннің фотосын ғана қыздары бергісі келмеді. Әзімхан атамыздың суретін кейіннен Шымкенттегі Ханбибі Есенқарақызынан алып қостым.

Рейтинг: Жұрт білетін сұлу Сәкен, бекзат Бейімбет, данышпан Ахмет суреттеріне көзіміз үйренген. Азап көрген, азған-тозған бірді-екілі суреттерін де білетінбіз. Сен жинаған суреттер одан да сорақы талай жайдың бетін ашты. Сол суреттерге кезінде қандай комментарийлер беріліпті?

Болат Мүрсәлім: Ол суреттердің барлығы НКВД-ның тергеу материалдарынан алынған. Олардың дәл өзінде комментарий жоқ. Көбіне суреттердің астына аты-жөндерін жазған. Адамның жүрегін ауыртатын, атылар алдындағы, Алаш тұлғаларының соңғы секундтарда НКВД түсірген суреттері. Жаһаншаның инсульт алған бетте Мәскеу түрмесіне түсіп, сол жерде үстіне іле салған костюммен түскен шарасыз түрі қалай есіңнен кетеді? Сол кезде фотографтар бір костюмді бәріне суретке түсірер алдында кигізе салатын деген естеліктер бар. Әлиханның 1930-жылдары жиені Ескендірмен түскен суреті мен атылар алдындағы суретінің де арасынан азап пен мехнаттық жолдың таңбасын көресің. Әлиханның ең соңғы 1937 жылғы тергеуінде оған ұлттық күреске қатысты, барлық қазақ қайраткерлеріне қатысты сұрақтар қойған. «Алаш қозғалысы, Алашорда дегенді білесіз бе?» дейді тергеуші. Әлихан: «Білгенде қандай?! Мен сол қозғалысты құрған, басқарған, сол үшін бүкіл жауапкершілікті мойныма алған адаммын!» – деп жауап береді. «Сіздің Совет өкіметіне көзқарасыңыз қандай?» деген дәстүрлі сұраққа: «Мен қазақ халқын Совет өкіметіне қарсы көтерген адаммын. Ұлттық зиялылар сол үшін мені Ұлт көсемі деп атады», – дейді. Ал қазақ қайраткерлері туралы сұрағына Әлихан: «Қазақ қайраткерлерінің ішінен тек қана Нығмет Нұрмақовты жек көремін. Ол нағыз әлсіз адам, ұлтшыл емес, советшіл», – дейді. Жаңа Әлихан мен Нығметтің бір күнде, бір түрмеде атылғанын, бір бейітке қатар жерленгенін айттық. Соған қарағанда, Әлекең Нығметті «советшіл» дей отырып, ақтап қалғысы келген шығар деген ойға қаласың. Өйткені, атылатынын біліп отырған адамның Н.Нұрмақовты қаралайтындай ешқандай реті жоқ еді.

Рейтинг: Ең тағдырлы сурет қайсысы?

Болат Мүрсәлім: Бәрі – тағдырлы суреттер. Алашордашылардың жанкешті өмірінің, сәулелі шығармашылығының, жұмырбасты пенде ретіндегі отбасылық бақыты мен қуанышын, олардың ғашықтық сезімін, пендешілігі мен адамдық биігін көзге елестететіп отырып, сол дәуірдің тұтас колоритті полотносымен қарағанда, әр суреттің тағдырлы екенін түйсінесің.

Рейтинг: Деректі фильмге және фотокітапқа деректер жинау барысында Алашордашылар туралы қандай соны жаңалыққа тап болдың?

Болат Мүрсәлім: Ең соны жаңалығым – дерек емес, түйсінуден туған жаңалық сияқты. Өйткені, мен алаштанушы емеспін, алаштанушылар тапқан асыл дүниенің насихатшысы ғанамын. Түйсінгеніміз – Әлихан қазақтың Абайдан кейінгі ұлы тұлғасы. Әлиханды біз ары кеткенде саясаткер, мемлекет құрушы тұлға ретінде ғана білеміз. Бірақ Әлихан жай саясаткер емес, қазақтың зиялы қауымының ұйытқысы, «ағаларының ағасы», зиялылардың тәрбиешісі, ары мен ұяты болатын. Кейінгі Ганди мен Мандела сияқты ұлтты отарлаудан аза ете отырып, өзгелерді отарламау қағидасы, саяси шешімдерді адамгершілік негіздерден аттатпау ұстанымы Әлекеңде де болды. Әлемде мемлекет құрған қайраткерлер көп, бірақ гуманистік ұстанымдардан айнымай отырып республика орнатқандар аз. Әлихан – сондай санаулылардың ішіндегі сирегі.

Рейтинг: Біраз мұрағаттарды ақтардың. Жалпы патшалық билік, одан кейінгі уақытша үкімет, сосынғы кеңестік билік кімнен көбірек сескенді?

Болат Мүрсәлім: Патшалық билік те, Советтік билік те – империялық, басқыншыл, өзімбілемдік билік болды. Олар отардағы ұлттарды құрамынан шығарғысы келмеді. Олардың басты мақсаты, жаттандылау болса да айтайық, отарындағы елдерді қанау, байлығына ие болу. Уақытша үкімет – Ресейдің арғы-бергі тарихындағы либералдық-демократиялық құндылықтарға ұмтылған жалғыз үкіметі. Бірақ олардың өзі Ресейдің федерациялық негізіне қарсы шықты. Олардың ешқайсысы да бұратана атанған халықтардан сескенген жоқ. Дегенмен қазақтың бөлініп кетуінен қауіп көргені рас. М.Шоқайдың ондаған жылдардан кейінгі: «1917 жылы орыс демократтарына сенуіміз ұлт зиялыларының қателігі болды. Бірақ, оларға сүйенбестен тәуелсіздік аламыз деу де – аңғалдық болар еді», – деген түйіні – дәл жасалған түйін.

Рейтинг: Алашорданың мемлекетті құру концепциясы сол кездегі дәуір талабымен қаншалықты үндесті?

Болат Мүрсәлім: Кадеттердің, эсерлердің, большевиктердің, украин, татар, башқұрт, кавказ халықтарының сол кездегі партиялары мен үкіметтерінің бағдарламалық құжаттарын салыстыра айтар болсақ, Украин Радасы мен Алашорданың ұстанымдары – мемлекет құрудың нағыз демократиялық қағидаларына сай ұстаным. Кадеттердің великоростық танымға негізделген унитаризмі, большевиктердің адами құндылықтарды таптай отырып тәркілеу мен террорды қолға алуы, жекелеген ұлттық өкіметтердің «тең атаның ұлы» болып келіссөздерге бара алмауы – Әлихан бастаған Алаш қайраткерлерінің саясатта бастігерлігін, интеллектуалдық ортада биіктігін, парасатта адамшылығын көрсетеді. Кейбіреулер «Алаш мықты болса, неге большевиктерге қарсы тұра алмады?» деп мысқылдайды. Мен айтар едім: күш тең емес. Большевиктің «қызыл террорына» Алашорда түгілі, бүкіл әлем 70 жыл бойы қарсы тұра алмады.  

 Рейтинг: Алашордашылардың өз ішінде алауыздық болды ма? Болса, ол қалай реттелді?

Болат Мүрсәлім: Алашордашылардың өз ішінде алауыздық болған жоқ. Түсініспеушіліктер, аздаған реніштер болды. Алашорданың жариялануы кешеуілдеген тұста, Жаһаншаның Ойыл уәлаятын құруы бар. 1-2 айдан соң, Әлихан бастаған қайраткерлер Ойыл уәлаятын таратып, Батыс Алашорда бөлімі ретінде оны қайта құрды... Т.Рысқұловтың Сталинге, әлде Қ.Сарымолдаевқа жазған хаты бажасы Жаһаншаның үйінде жатады. Соны бір күні Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Сұлтанбек Қожанов алып, ашып қояды. Осыған қатысты Жаһаншаның өзінің жазуынша, ол 5-6 жыл достарымен араласпай кеткен... 1925 жылы Түркістан өлкесінде қазақ облыстары Қазақстан құрамына толық кіріп, Түркістаннан келген Сұлтанбек пен Қазақстанда жүрген Смағұлдың арасында келіспеушіліктер болды. Екеуі де – большевиктік билік жағдайында Алаш қайраткерлерінің орнын басқан, олардың ұлтшылдық ісін бірде жасырын, бірде ашық түрде жалғастырған тұлғалар. Мәскеуде үйқамақта жатқан Әлихан Бөкейханов Смағұлдың атынан билет алып Қызылордаға келіп, екі арысты татуластырған. Өйткені, Әлекең Смағұл мен Сұлтанбектің ірі тұлғалар екенін, екеуінің топшылдыққа салынуы қазақ халқын бөлшектеп жіберіп, Кремль мен Голощекин билігінің одан сайын асқынуына жол беретінін түсінген.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

(«Рейтинг» газетінен алынды. Түпнұсқадағы тақырыбы өзгертілді)

oinet.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512