Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 14171 0 пікір 27 Қараша, 2014 сағат 14:54

ЭКСПОРТ, ИМПОРТ, ШИКІЗАТ....

 

Қазақ елі   ең алдымен Отандық астықты экспорттауға мүдделі.   Қазақстан бұрыннан астық алып келе  жатқан мемлекеттерге ғана емес,  Солтүстік Африка, Таяу шығыс, Қытай және Оңтүстік-Шығыс азия елдеріне де  ас атасы- астықты саудалауға ниетті. Алайда  ауылшаруашылығы министрлігі  мейлінше ауқымды нарықты  жаулап алуға еліміздің экспорттық мүмкіндігін толыққанды жүзеге асыра алмау кедергі келтіріп отырғанын айтады. 

Еліміздің бүгінде 8-9 млн тонна астық экспорттауға мүмкіндігі бар. Қазақстан астығының  дәстүрлі импортерлары Орта Азия елдері яғни Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербайжан  және Иран. Аталған елдерге соңғы бес жылда 6,2 млн тонна астық, жалпы экспорт көлемінің 76 % -ы  импортталады. Қазақстан 2007-2013 жылдары Ресейге жалпы құны 2,6 млн.тенге астық экспорттаған.   Ресей Федерациясына экспортталған қазақ ұнының жалпы көлемі -8,7 мың тоннаны құраған.  Сонымен қатар еліміз  Ресейге сары май, ірімшік, өңделген сүт,  консервіленген ет өнімдерін де саудалап отыр.  2014 жылдың 1 жарты жылдығында 2013 жылға қарағанда  еліміздегі өндірілетін өнім көлемі артқаны байқалғанын Ауылшаруашылығы министрлігінің мамандары мәлімдеген.  Аталған мекеменің мәліметтеріне сүйенсек, негізінен  отандық өнім  ТМД елдеріне экспортталады. Олар Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдері.  Ал, Қазақстандық кондитерлік өнімдер мен шоколад өнімдері  Алмания мен Қытайға, ұн және макарон өнімдерін  Монғолия,  Ауғанстан мен Грузияға саудаланып жатыр.  Еліміз 2013 жылы жалпы  құны 2,8 млрд. $ ауылшаруашылығы өнімдерін   экспорттаса, аталған көрсеткіштің 545,7 млн.$  немесе 20%-ы Ресейге  жөнелтілген. 2013 жылы  Ресейден  негізінен ұн, астық, жарма және мақта өнімдеріне  сұраныс түскен. Алайда шекаралас жатқан елге ет, сүт, көкөністер мен жеміс жидектер де экспортталғанымен, олардың көлемі жағынан басқа бәсекелес экспортер елдерден  төмен тұрғанымыз ақиқат.  Қазақстан өндіруші ел ретінде  бәсекеге қабілеттілікті арттыру яғни өнім сапасын көтеру мәселесін күн тәртібіне қойып отырғаны белгілі.   Ауа –райының қолайсыздығы мен астық қоймаларының жеткіліксіздігінен   экспортталатын астығымыздың сапасын түсіріп,  тіпті ысырап қылып алатын кездеріміз жыл сайын қайталанып  отыратынын айтпасқа амалымыз жоқ. Күзде қар жауса болды, жаңалықтардан қар астында қалған астықты көрсетеді.  Бұл көрініс жыл сайын қайталана беретіндіктен көзіміз үйреніп қалуы мүмкін, бірақ көңілімізді тыныштандырмайды.   Ия, қоңыр күзде қар жауса  Жаратқан  берген нәсібін ұқыптап жинай алмай, ырысап қылатын, диқанның маңдай терін бағалай алмайтын  атқамінер ағаларға деген  өкпемізді айтып жеткізе алмай күйіп- пісіп, санымызды сабалап қаламыз..... Қазақта «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» деген ақиқи сөз бар... Иә,  бәрі ас атасы астыққа келгендегі жан айқай . Салғырттықпен астық сапасын төмендетіп алсақ, бағасын да түсіріп алатынымыз белгілі.  Алайда  халықаралық азық-түлік  нарығында Бразилия мен Аргентина етіне қарағанда қазақ малының еті сапалы әрі арзан екен. Экспортерлардың таңдауы қазақтың киелі топырағының шөбін жеп жетілетін мал етіне түсетін көрінеді. Қазақстан еті нарықта бәсекеге қабілеттілік танытқаны көңілімізді көншітті. Соңғы кезде шиеленіскен Ресей мен Украина арақатынасы салдарынан елімізден экспорталатын етке деген сұраныс артқан.   Бірақ бәрімізге белгілі ет бағасы елімізде шарықтап тұр. Егер Ішкі  нарықты  толыққанды қамтамасыз ететін болсақ, ет бағасы бүгінгідегідей шарықтамас еді. Алайда  малжанды  қазақ «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де мал баққан озады» деп мал ырысын бағалай білген.    Қанша заман дамыды, инновациялық технология қарыштады десек те  халқымыздың «Мал баққан озадысы» дұрыс екендігі дәлелденіп отыр.   

Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша биылғы жылы  жиырмадан астам Отандық тауар өндіруші кәсіпорындар өз өнімдерін ресейге экспорттауға мүдделі екендіктерін білдірген.  Аталған компаниялар  ресейге  130 мың тонна ұн, 161 мың тонна  көкөніс,  21 мың тонна құс еті өнімдерін,  10 мың тонна сүт өнімдерін, 9 мың тонна ет  және 7,5 тонна ет консервілерін  экспорттай алатындарын мәлімдеген.  Отандық тауар өндірушілер ресейге  6 мың тонна күріш,  3,7  мың тонна қарақұмық жармасы, 3 мың тоннадан астам макарон және кондитер өнімдерін саудалауға ыңғай танытып отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерін Ресейге саудалауда  Қазақстанға ТМД елдері мен Польша, Болгария,  Греция, Литва, Чехия, Молдова, Грузия, Германия, Финляндия, Дания, Австралия, Түркия, Қытай, Венгрия, Бразилия және Аргентина елдері бәсекелес болып тұр.   Әрине бәсекелестік нарық заңдылығы. Бәсекелестік бар жерде сапа күшейетіні мәлім.    Енді не өндірсек те сапалы өндіруді қолға алатын уақыт жетті.    Саннан  сапаға көшу қажет-ақ. Ұлттық брендке  айналатын   тауарлар өндіріп, экономиканы ғана емес, ұлт абыройын да асқақтататын  кезең басталып кетті.         

Мәрия  Майлықұтова.        

 

 Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057