ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ
Қызылорда облысының бюджеті 211,7 млрд. теңгені құрап, 26,5 млрд. теңгеге ұлғайды. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасының көмегімен Қызылорда облысында 2014 жылы жұммыссыздық 5 пайызға дейін азайды. 9 айдың көрсеткіші бойынша салық түсімдері 15 пайызға артты.
Елбасының үдемелі индустриалды – инновациялық даму жөніндегі тапсырмасын орындауда аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, өндірісті әртараптандыру басты міндеттердің бірі болып белгіленді.
Қызылорда облысында шыны зауытының құрылысы қараша айында басталады. Бүгінде Қазақстан тұрмысқа қажетті шыныларды (шыны табақшаларын) Қытай, Ресей, Қырғызстан және Түркиядан сатып алып отыр. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда жылына 200 мың тонна шыны шығарылады. Осы арқылы ішкі қажеттіліктің 70 пайызын өтеп, қалған 30 пайызын Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында шағын бірақ жоғары техникалық кәсіпорындар ашыла бастады. Атап айтсақ, машина дөңгелектерін қайта өңдеп, резеңке ұнтағын және жерасты суару түтіктерін жасайтын, Қазақстанда аналогы жоқ, иннновациялық өнім – резеңке төсеніш бұйымдарын әзірлеп шығаратын «SmartRubber» (Смарт Раббер) кәсіпорны жұмыс жасауда.
Шиелі ауданында қиыршық тас зауыты іске қосылды.
Ас және техникалық тұз өндіретін «Арал тұз» АҚ өндірісін жаңғырту жобалары аяқталды.
Әк өндіру зауытының алғашқы сынамалық өнімдері шығару басталды.
Желтоқсан айында тағы екі жобаны аяқтау жоспарланып отыр: мия тамырын өңдеу зауыты мен құрама жем зауыты.
Бұған қоса, жыл соңына дейін 2,3 млрд.теңге құрайтын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Соңғы екі жыл қатарынан күріштен мол өнім алынды. Бұл ең алдымен ерте көктемнен қара күзге дейін тынымсыз тер төгетін дихандар еңбегінің нәтижесі. Ал, сол шаруалар Қазақстанда өндірілетін күріштің 90 пайызын қамбаға құйып отыр. Яғни, барлығы 78939 гектар күріш алқабынан астық жиналып, орташа өнім гектарына 50,1 центнерді құрады. Бұл ел тәуелсіздік кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш.
«Байқоңыр»ӘлеуметтікКәсіпкерлікКорпорациясы арқылы ауылшарушылығы өнімдерін өндірушілерге үлкен қолдау жасалуда. Экономиканың барлық саласына белсене араласып, өңір дамуына ерекше серпін беріп тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және әлеуметтік салаларда да табысты еңбек етіп жатыр.
Қызылорда әлеуметтік салаға қаржы бөлуден көш бастап тұр. Мәселен, биыл 122 млрд. теңге қаржы қаралса, бқл өткен жылмен салыстырған 20 пайызға артық.
Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 90 пайызға жетті. «Балапан» бағдарламасы 2020 жылы емес, келер жылы толықтай орындалады. Өткен жылы өңірде үш ауысымда білім беру мәселесі түбегейлі шешілді. Ал 2015 жылы апатты жағдайдағы мектептердің барлығы жаңаланатын болады.
Облыста метталургиялық кластердің құрылуына орай қажетті 130 студент Ресейдің маңдайалды оқу орындарында білім алуда. Екі жылда 365 талабы бар түлектер облыс әкімінің грантын иеленді.
Денсаулық саласында да оң өзгеріс бар. Биыл ана мен бала орталығы ел игілігіне пайдалануға берілді. Ана мен бала өлімі, туберкулез ауруынан қайтыс болушылар азайды. Қазір облыстағы жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен. Сондай-ақ биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша өзге инвестициялардың көлемі 30 пайызға дейін артты.
Осы жылдың тоғыз айында Қызылорда облысында 94 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, аймақтағы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 25 пайызға артқан.
Қызылорда әуежайына «халықаралық» мәртебесі берілді. Енді қызылордалықтар Бейжің, Стамбул, Мәскеу, Дубай қалаларына тікелей ұшатын болады. Үш жылда Қызылорда облысының 70 пайызы көгілдір отынмен қамтылады. «ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында биыл 81 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен бірнеше жоба жүзеге асуда. Үлкен сыйымдылықтағы 20 автобус әкелінген болса, оның қатары тағы 100-ге көбейетін болады.
Abai.kz