Сенбі, 23 Қараша 2024
Болған оқиға 6953 0 пікір 25 Қыркүйек, 2014 сағат 14:16

МИНИСТРДІҢ КЕЛУІ

                         

    Қыркүйектің орта шені болатын. Оныншы сыныптан он бірінші сыныпқа өтіп, өзімізді қой бастаған серкедей сезініп, мектептегі бетке ұстар беделді атанып сәнденіп жүрген шағымыз еді. Бір күні мамыражай тірліктің қаймағы бұзылып, аяқ астынан аласапыран басталды. Сынып жетекшімізден сұрастырып білгеніміз, мектепке арнайы білім министрі келетін көрінеді-міс. Айдаладағы ауылда министрдің несі бар, - деп таң-тамаша болып отырсыз ба? Таңғалатын түгі де жоқ. Несі бар, өзінің өсіп өнген ауылын, түлеп ұшқан мектебін көргелі келе жатыр. Бір есептен бұл да бізге өте тиімді болды. Сабақ болмайды, үй жұмысы дегенді аузыңа алмай-ақ қой. Тек қара боп қалқайып отырсаң болғаны. Мұғалімнің сенімен шаруасы жоқ. Қалам мен қағазды жаңа көргендей қадалып алып, журнал толтырудан, әдістемелік құжаттарды реттеуден бір бас алмайды-ау шіркін! Жиналыс та жиілеп кетті. Мен де шолақ белсендінің бірі едім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары кеңсесіне шақырып, арнайы тапсырма жүктеді. Түсінгенім, осы екі-үш күннің ішінде асыға күткен қонағымыз келіп қалуға тиіс. Cоған дейін мен мікеңнің атағын асырып, айбынын асқақтататын мадақ жырын жазуым керек. Жазып қана қоймай, мәнерлеп образбен оқып беруім шарт. Жаттап алсам тіптен жақсы. Сабақ біткеннен түгел босатылдым. Тосын жаңалыққа тосырқап тұр едім, саған керегі тыныш жер болар, отыр онда осында, - деп орынын босатып кеңсесінен жылыстап шыға берді апайым. Мырза қамақ. Өзі жиі-жиі келіп, құр ұйқас қуалаған шимай-шатпағыма бір үңіліп кетпесе қаны бойына тарамайды-ау деймін.

    «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мақалдың мәнін мен сонда түсіндім. Ертесі сыныпқа кіріп келгенде бәріміздің аузымыз ашылған қалпы, аңтарылып тұрдық та қалдық. Мектеп те, сынып та бәрі орнында, тек ішкі көрінісі мүлдем адам танымастай өзгеріп кеткен. Терезенің алдына қойылған сан алуан гүлдердің жұпар исі танауыңды қытықтайды. Біздің сынып қазақ тілі пәніне арналғандықтан негізінен әр түрлі тілдік талдаулар, ереже-заңждар жазылып, әдемі безендірілген тақталар ілініпті. Арт жақтағы су жаңа шкафтардан жоғары орналасқан көркем сөз бен тұлғалардың көрнекі суреттері де мен мұндалап тұр. Мұның да сыры белгілі болды көп ұзамай. Аудандық білім бөлімінің бастығы өз қарамағындағы  құрығы жетер маңайдың бар жылтырағын үйіп-төгіп осында жинатыпты. Қош, мікеңнің келетін күні ертең. Ауданыңыз былай тұрсын әнеугүні апайдың кеңсесіндегі сөреден суретін көрген облыстағы кісінің өзі осында жүр. Мен байғұста шыр жоқ. Өзіме де сол керек, нем бар еді ақынсымақтанып. Мадақ жырын директор бір оқытады, ауданыңыз екі оқытады, оданда зоры тағы бар. Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда демекші қарбаластың көкесі ертесі күні таңмен таласа басталды. Бәрінен бұрын өмірі галстук тағып көрмегендерге обал-ақ болды. Көгендегі қозыдай бастарын бұлғақтатып, қайта-қайта жағаларын түзеп, мазалары кетті сабаздардың. Еден жуушы апайлардың тынымсыз қимылдары оңды-солды ойқастап жүрген ақ айдындағы хоккейшілерден бір айнысайшы.  Мектептің алдындағы асфальтқа ақ сызық сызылып, әр сынып өз ретімен қаз-қатар тұрғызылды. Кеше әр балаға екі шардан алып келу арнайы тапсырылған. Жұрттың бәрі сол шарларын үрлеп,бойларын түзеп әуре сарсаңға түсіп жатқанда “келді,келді”-деген сыбыс шықты. Бәріміз іштен тынып,айқара ашылған қақпаға қадалдық. Іле-шала екі жаққа ырғалып,аяңдай басып шуап кіріп келе жатқан ауылдың табынын көргенде “ду”ете түстік. Әні келеді міні келедімен сағат тілі сырғып екіні көрсетті. Ал қонағымыздың төбесі көрінер түрі жоқ. Бір мезетте облыстағы кісінің телефоны сыңғыр етті, сөйлесіп болғасын ауданға сыбыр етті, директор жыбыр етті. Жамырап мектептің алдына шығып алғандарыңыз жарамас, сыныпқа өтсін балалар деген бұйрық жетті. Жарқырап тұрған еденді бүлдірер, - деп шәкірттердің шоғырын бұзбастан шуатқан күйде мектептің артын айналдырып, қосалқы есікпен кіргізбекке дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері ертіп кетті. Арада аз өтпей тағы да телефон сыңғыр етті, біреулер сыбыр етті, біреулер жыбыр етті. Жоқ, менсінбегендей сыныпқа жайғасып алу жарамас, қошаметпен қарсы алу керек, - деген тың ақпарат екен. Тағы да мектепті айналып, ескі орындарына келді салқар көш. Атам қой санағанда түгел болмаса қорадан қайта шығарып, қайта санайтын әдеті бар-тын. Мына көрініс еріксіз соны еске салып-ақ тұр. Көз алдымда асфальтқа туфлилері тықылдап, балалар мектепке екінші мәрте еніп бара жатты. Ендігі зобалаңның бізге де келмесі бар ма. Келінді күткен жеңгелердей есіктің көзіне жиылып тұрмай ішке енуіміз талап етілді.

   Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде асыға күткен қонағымыз келді-ау әйтеуір. Алдымен бастауыштың екі бүлдіршіні тақылдап тақпақ айтып, қолдарындағы гүл шоқтарын ұсынды қадірлі мейманға. Келесі кезек менікі. Микрофонды ауызыма тақап(оның аппараты далада қалғаны есімде жоқ)мадақ жырын жаңылмай оқып шығып,терең тыныстадым.

Өзіңізбен марғасқам деп мақтанады ел бүгінде!

Баса назар аудардыңыз тәрбие мен білімге.

Өсер елдің өрендері өзіңіздей болсын деп,

Шын жүректен жыр арнайын туған ана тілімде!...

   Мектебімізге дарынды тұлғаның есімі бұйырса да, мүйісті былтыр ашылған-ды. Оны таныстыру директордың өзіне жүктелген. Сөзінің сәні қашып, қиюын келтіре алмай әбден қара терге малшынды. Біз де жарытып ештеңе түсіне алмадық. Тап осы тұста епті орынбасар ортаға шығып,министрге мектептің мұражайымен танысуды ұсынып,жұрт назарын өзіне бұрып әкетті. Бас-аяғы он бес минуттың ішінде талай күнгі сарсаңның соңғы нүктесін қойып, аттанып кетті қадірлі қонағымыз. Сыңғырлай соққан қоңыраудың үні сол жаңалықтың жаршысындай болып естілді маған. Сыныптан шыққан досым, құр сүлдері қалып, сүлесапа отырған менің жаныма келіп:

-         Мына министрдің келетін түрі бар ма?,- деп сұраулы жүзбен қарады.                                                                                           

Қыдырбек Тасқын,

Еуразия ұлттық университеті

филология қазақ тілі

мамандығының

3-курс студенті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377