Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 7146 1 пікір 8 Шілде, 2015 сағат 13:09

ТҮРКИЯДА ИМ-ГЕ ҚОСЫЛЫҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Қазақстанның БАҚ- тарында ИМ (Ислам Мемлекеті) туралы жиі жазылып та, айтылып жүр. Дегенмен бұл ұйымға басқа елдерден де қатысушылар туралы біле бермейміз. Сіздерге көршісінде соғыс болып жатқан Түркияның өз басындағы қиындықтар мен  түркиялық ИМ сапындағы «жиһадшы отбасылар» туралы мәлімет бергіміз келді. Бұл ұйымға қатысушылар кімдер? Олар не үшін соғысқа аттануда? «Жихадшылардың» жас шамалары қандай деген сұрақтар көпшілігімізді мазалайтыны анық!

2011 жылдардан басталған Сириядағы соғысқа, көршісі Түркиядан «жиһад» деп аттанғандар да баршылық. Жалпы Түркия мемлекеті Таяу Шығыс аймағында орналасқан. Қақтығысқа толы аймақта бейбіт өмір сүру, ел азаматтарын іргедегі көршісінің соғыстарына араластырмау қиынның қиыны- ақ. Сыртқы күштердің Таяу Шығыстағы ойынында ұтылып қалмау, соғыс өрті шалған көршілерінің кебін кимеу- Түркияға сын болмақ.  

Екі жылдан астам Сирияда зерттеу жүргізген 21. Yüzyıl Türkiye Enstitüsü, Таяу Шығыс зерттеу бөлімінің басшысы, доктор Серхат Еркменнің таяуда ғана Түркияның танымал «Хурриет» газетіне берген сұхбатын сіздерге өзгертпестен ұсынбақпыз.

Таяу Шығыс зерттеушісі Серхат Еркмен (суретте) соңғы 10 жыл бойына Әл Кайда, екі жарым жыл ИМ және Әл Нусра радикалдық «жиһадшы» топтары туралы зерттеп келе жатқан азамат. Ол соңғы үш жылда «жиһадшы» топтарға қосылу үшін 10 мың адам Түркиядан Сирия мен Иракқа кеткенін айтады. Бұлардың 7000-нан астамы ИМ сапына қосылғанын айтып отыр.

Соғысушылар қатарында Түркиядан барған жүзден аса отбас  өзін-өзі  «Ислам мемлекеті» деп жариялап алған  ұйымының қол астында өмір сүру үшін Сирияның Ракка, Мосул, Телафер аймағына қоныстанған.

Түркиядан ИМ- ге қосылуға ниет еткендердің басым көпшілігі Ыстамбұл, Анкара, Кония, Адана, Диярбакыр, Газиянтепе қалаларының тұрғындары болып табылады.

Екі жылдан астам Сирияда зерттеу жүргізген Серхат Еркменнің журналистпен болған «Хурриеттегі» сұхбаты төмендегідей, біз оны еш өзгертпестен жария еткенді жөн көрдік:

-Түркиядан Сирия және Ирактағы «жихадшы» ұйымдарға қатысушылардың деңгейі қандай?

- Ирактағы Әл Кайда, Сириядағы Әл Нусра, Жундул Шам, Ахрару Шам секілді ұйымдар, сондай- ақ ИМ ұйымында да бұрыннан түріктер бар. Соңғы екі жыл ішінде ИМ ұйымы әлем назарында. Түркиядағы кейбір исламдағы радикалдық жолды ұстанатын адамдардың да назарын аударып отыр. Түркиядан Сирия және Иракқа «жихад» ету мақсатымен кеткендердің, оларға ерген отбасылардың, оларды жеткізіп салатындардың және қаржылай көмек берушілер мен кері оралғандардың барлығын қосқанда 10 мыңға жуық адамды құрап отыр. Түркиядан соғысқа аттанушылардың 70 пайызы ИМ- ге қосылған.

 Жүздеген отбасы «Ислам мемлекетінде» өмір сүру үшін кетті

- ИМ- нің бақылауындағы аймақтарға кеткен отбасылардың үлесі қаншалықты?

- Сирияға қоныс аударған отбасылар туралы қазірге дейін көп айтылмады. Түркияның әр жерінен көптеген отбасылар шағын топтар болып немесе бір отбасының барлық мүшелерінен құралған түрде көшкен. Бұл отбасылар Сирияның Ракка, Мосул, Телафер аймағына қоныстанған. Бұлардың кейбірі ол жерде өмір сүрудің қиын екенін, ешқандай «жиһад» жоқ екенін көріп Түркияға қайтып оралып та жатыр. Ал, қайсібі барған бетте балаларын, әйелін, әке шешелерін қасына алдыртуда. Барғандардың жартысынан көбі яғни 60 пайызы бүтін бір отбасылар.

Шекарадан өтудің оңай болуы, барушылар санын арттырып отыр

Бұлардың ИМ- ге қатысудағы негізгі мақсат не?

- Менің зерттеуім бойынша, Түркиядан «жиһадқа» аттанғандардың ойында «діндегі бауырларының қиындығын бөлісу, исламда парыз саналатын жиһадқа аттану және халифат қол астында өмір сүру» деген мақсат болған. Бұл екі соғыс аймағына кеткендердің 90 пайызының ойы «жиһадқа қатысу» болған. Бірақ, кейіннен бұларды ұйым басшылары теріс мақсатта пайдаланып кетті.

- Түркиядағы отбасылардың көшіп кетуіне басқа қандай жағдай әсер етуі мүмкін?

- Зерттеу барысында бұл отбасылар қандай да бір ақшалай көмек үшін немесе біреудің мәжбүрлеуімен кетпегенін байқаймыз. Көпшілігі діни тәрбиеде өмір сүретін бұл кісілер, өз қалауларымен, ойларындағы «Ислам мемлекетінде» тұрғылары келгендіктен кеткен. Әлемнің әр жерінен Сириядағы соғысқа отбасыларымен аттанғандар да бар. Әсіресе, Түркиядағы отбасылардың қоныс аударуына себеп: географиялық жақын орналасуы болса керек. Қазіргі дейін шекарадан өтудің қиындық туғызбауы, көптеген отбасының бір сәтте жүгін жинап, Сирия аймағына аттанып кетуіне мүмкіндік бар.

- Қазіргі таңда шекарадан өту жағдайы қалай?

- Қазіргі кезде шекарадан өту бірашам қиын, бірақ, шекарадан асу мүмкіндіктері де жоқ емес. Белгілі бір жасырын өтетін жерлері бар. Түркия шекарашылары бұл жерлерді қырағы қадағалауда. Кейде амалын тауып мұндай жерлерден заңсыз өтіп кетіп жататындары кездеседі.

- Түркияда ИМ- нің топтары бар ма?

- Түркияда ИМ ұйымының топтары бар деп айтқанымызбен бұл топтар қай жерлерде бар екеніне қатысты қауіпсіздік органдарында да әлі де жеткілікті мәлімет жоқ. ИМ –  жылдам күш алған және әрі аймақта жедел жайылып үлгерген ұйым. Ұйым ирерхиялық жүйемен құрылғандықтан, бұл топтардың санын білу қиындық туғызып отыр. Дегенмен, ұйымның әрекеттері Ислам «жиһадына» сәйкеспесе де Түркиядағы халық арасында бұл ұйымды қолдайтындар да табылып жатады. Бұл дегеніңіз – қосылуға ниеттілердің әлі де бар екенін  аңғартады. Дінде жоқ адам бауыздау, отқа жағу, азаптау, жас балалар мен кәріге дейін «мұсылман емес» деп қырып жоятын қауіпті ұйымды қолдауы, біз үшін бұлар өте қауіпті.

Түркиядағы халықтардан ИМ- ге қосылғысы келетіндердің саны артуда ма, әлде кеміп жатыр ма?

- Түркиядан бұл ұйымға қосылғысы келетіндер көбейіп барады. Сирияға бару жолдарының оңай болуы, ИМ ұйымының жағдайы Түркия баспасөзінде жиі жариялануы, халықтың діннен хабардар болуы ұйым сапына қосылуға ниеттілерді арттырып отыр.

 

-  Ұйым сапына аттанғандар қай қалалардан және қатысушылардың жас шамалары қанша?- ИМ- ге аттанғандардың ең көбі Ыстамбұл, Анкара, Кония, Адана, Диярбакыр, Газиянтепеден. Сондай-ақ, Бурса, Сакария, Бингөл, Муш, Адыйаман секілді қалалардан да аттанғандар бар. Дегенмен, басқа аймақтардан да кеткендер кездеседі. Салыстырып қарасақ, Түркияның шығыс және оңтүстік шығысынан көп кететіндерін байқаймыз. ИМ- ге қосылушылардың жас аралығы 17- 25 аралығын құрайды. Ал, Әл Нусра майданындағылардың жас- шамасы біршама үлкен. Әйтседе қатысушылардың дені жастарды құрайды.

 Түркиядан қатысушылардың ішінде қолбасшы деңгейіне жеткендері де бар

Түркиялық ИМ сапындағы «жиһадшылар» қандай қызметтерді атқарады?

- Арасында қарапайым сарбаз, басқарушы, кейбір тәжирбесі бар кісілердің қолбасшылық қызмет алғандары да бар. Бұл қолбасшылардан белгілі бір аумақтарға жауапкершілік алғандары да кездеседі.

ИМ ұйымынан қазіргі кезде Түркия үшін қандай да бір қауіпі бар ма?

- Әлемнің кез- келген мемлекеті үшін бұл ұйым қауіпті. ИМ- нің қазіргі сәттегі мақсаты майдан шебін Түркияға бұру емес. Бірақ, қазір түрікше «Konstantinniye» деген журнал шығарып, ИМ- ді қолдаушыларылардың кезігуі, күндердің бір күнінде Түркияға ашық қауіп төндірері анық. Еске сала кетсек, Түркияда Әл Кайданың екі үлкен шабуылы 2003 жылы қарашада болып, кейін де шағын шабуылдар ұйымдастырылған еді.

Мақаланың адресі: http://www.hurriyet.com.tr/dunya/29383934.asp  Түпнұқсадағы тақырыпты тәржімасы: СИРИЯДАҒЫ СОҒЫСҚА ТҮРКИЯДАН 10 МЫҢ АДАМ АТТАНҒАН  

Мақаланы аударып, әзірлеген «Қала мен Дала» газетінің тілшісі, дінтанушы -  

Назар Тұрықбайұлы.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377