Баршаға белгілі бұл күндері бір мемлекетті немесе бір ұлтты дүние жүзіне бірден жақсы жағынан танытудың ең ұтымды да ұтқыр тәсілі – сол елдің тек қана өзіне тән болған ерекше спорт түрі немесе ғылым-техника, өнер- білімдегі жаһанды жалт қаратар жаңаша жетістіктері мен топтан озған толағай табыстары болып келеді. Мысалы: әлем елдері, ғылым-білім, техника дегенде Америка, Жапония, Германия, Израилды бірден көз алдына елестетсе, ал спорт дегенде: футбол десе бірден Бразилияны, каратэ десе Жапонияны, бокс десе шығу тегі Египет, бүгінгі Куба, бұқа сайысы десе Испанияны ... дегендейін.
Ал біз, қазірше дүниенің назарын ғылымдағы жетістіктеріміз бен техникадағы жаңалықтарымыз арқылы тәнті ете алмайтынымыз бесенеден белгілі. Ендеше қазақ халқын, қазақ мемлекетін дүние жүзіне тек қазірше спорт арқылы ғана таныту мүмкіндігіміз бар. Сонда ол қандай ұлттық спорттың түрі? Бәрімізге аян, ол көкпар болуға тиіс. Әрине, Егемен ел болғаннан бергі 22 жыл ішінде спорттың бокс түрінен дүниежүзі тани бастаған Қазақстан елі атандық. Бұған бәріміз де қуаныштымыз. Әрі осы үрдісімізді жолынан жазбай жалғаса берсе екен деп тілейміз. Менің басты айтайын деп отырғаным: ұлттық спорт арқылы яғни, қазақ деген ұлтты қайткенде де таныту.
Біраз жылдардан бері мемлекет ішінде жыл сайын әр аймақтың көкпар командалары өзара сайысқа түсіп, кейде халықаралық жарыстар жасап: қазақ, қырғыз, түрікмен, қытай, маңғол дегендей біраз мемлекеттер қатысқан дүбірлі додалар өткізіп те жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Мақтап -мадақтап үздіксіз телеарналарда көрсетіп халықтың ойынан шығып көкейіне де қонақтаған сияқтымыз. Дегенмен, «осындай нағыз ер жүрек егей азаматтар ғана ойнайтын, қас батырлықтың қаһары мен айбатын әйгілейтін ауқымы айдынды спорттың айбынын, айтарлықтай көрсете алып жүрміз бе?» деген заңды сұрақ туындайды. Егер біз шыныменде кереметтей етіп көрсете алған болсақ, неге санаулы ғана бес-алты мемлекеттен басқа елдер таң қалып, таңырқап, тәнті болып тамсанып, өз жерлерінде команда құрып жарыстар ұйымдастырмаса да қазақ еліне келіп, өліп-өшіп көріп, шалқар шабытпен көзайым болып қайтпайды? Көкпар дегенде неліктен шетел азаматтары, қазақты көз алдына елестете алмайды? Демек біз осы ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан қасиетті спортымыздың деңгейін дерліктей көрсете алмағанымыз болуы керек.
Әу баста, осы ұлттық спортымыздың өмірге келу, жарыққа шығу тегінің көк бөрі сөзінен, яғни, «көк бөрі тартудан» келгенін аңыз әңгіме ретінде бәріміз де айтамыз. Бірақ, оның нақтылы қай замандар да қандай себепке байланысты туындағанын, он бесінші ғасырдың ғұламасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан тыңдағанымыз жөн сияқты:
«Қақбасқы торға күнби салтанат іші етек басқы. Осы шақ Қазғақ күнби жеулік тұтқайыл ауыз татым ынтықталған көкбөрі қайдан келгілік білмеулік ешкім. Арыс тұтас лап еткі. Көкбөрі қол ұсталғы. Қәтер жоғалғы. Бұл қәтер жаратқан ие жібергілігі аяндық. Ел алаш арыс-арыс күнби құтқарғылықтаулығы қуанғы. Төбе-төбе тапқы. Әуел қорқытқы, үрей үшқылық. Көкбөрі тұтылғылығы қуанулықтаулық. Алмауыт мінгі сайлауат көкбөрі ұстаулықтағандық әйгі тартар таласқы. Борбай- борбай,бас- бас, құйрық-құйрық,қабырға-қабырға, құлақ, сирақ демеуліктемеулік. Жан -жақ тартқы. Әуел көкбөрі жанталасқы, қапқы, жарғы. Соңғылық парша -парша қол басы жұлынғылық қан араласқы ет түк. Қызық. Қолда барлықтар қашқы, басқа таласқы. Телім-телгі, қашқы- қуғы, көз көргі күнби Қазғақ қуанғы, соңғылық жалғасқы көкбөрі тартқы жарлық шыққы, жалғасқы.»
Қазіргі тіліміздегі аудармасы: «Төрдің бас ағасы Қазғақ күнби салтанат ішінде төрге отырды. Жиналған арыстарға шарапат шаттығы тасыған мұндай күн тым сирек кезігетін. Осы кезде тұтқиылдан бір көк бөрі күнбиді жеуге ұмтылды. Оның қайдан шыққанын ешкім білмеді. Арыс біткен лап қойды. Көк бөрі қолға түсті, қатер жойылды. Бұл қатерді Жаратқан Ие жібергендігі айқын. Алаш елі арыстары күнбиді құтқарғандықтарына қуанысты. Төбе-төбеге жиылды. Тубаста жаны мұрнының ұшына келе қорықты. Көк бөрінің қолды болғаны қуантты. Атты жасақтар ұсталған көк бөріні таласа тартқалы тұрды. Бас демей, бұты-қолы демей, құйрығы демей, қабырға, сирақ, құлақ демей, қолы ілінгенін ұстап, жан-жаққа тартты. Алғашында көк бөрі жанталасып қапты. Жарып та жіберді. Артынан пәре-пәресі шығып, қаны мен жүні араласқан еті көрінгеннің қолында кетті. Қызық-ақ болды. Қолына ілінгендер қашты, басқалар қуа таласты. Қым-қуыт қашып жүр, қуып жүр. Көріп отырған күнби Қазғақ қуанғанынан көк бөрі тартуды жалғастыруға жарлық түсірді.» (“Шипагерлік баян”. Шынжаң ғылым-техника, денсаулық сақтау баспасы. 436 бет.)
Мінеки бұл ойынның өмірге келуінің өзі осындай қызықты, тарихи оқиғаға байланысты, тартымды да, тамаша болатын. Әрине, кейіннен қызықты нәрсеге кім қызықпасын, өмірдің озуымен дәуірдің өтуіне байланысты, көрші-қолаң басқа ұлыс, ұлттарға да жұғысты болып, олар да өз шама-шарқыларынша «лақ» тарту дәстүрін қалыптастырды. Менің естуімше, тек қазақ халқы ғана «көкпар» деп, басқа ұлттардың бәрі өз тілдерінде «лақ, ұғлақ...» деп, атайды. Осының өзінен-ақ көкпардың тап-таза қазақ халқының ұлттық ойны екендігі білініп тұрған жоқ па? Ендеше, осы ұлттық ойнымызды әу бастағыдай тартымды-тамаша күйінде көрсетіп, әлемді неге таңдандырмаймыз? Бұл қолдан келетін шаруа. Бұл үшін, тек көк бөріні тірідей ұстап, аузын адамды қауып алмастай етіп томағалап ( сырт көзге білінбестей етіп), ақ қар құрсанған мидай жазыққа немесе жасыл алқапты жазираға қоя беріп, қазақы ұлттық киім киінген, жарау аттары жалақтаған, бойлары жүз сексеннен биік көкпаршыларға тартқызып, таспаға түсіріп, әдемі де әсерлі көріністер жасап, әлем жұртына интернет арқылы, қазақ, орыс, ағылшын тідерінде тарату керек деп ойлаймын (егер, бөріні тірідей тартуға дәтіміз бармаса, онда анимациялық фильм түсіріп таратса да болады) . Сонда дүниежүзі көкпар ойнының қадыр-қасиетін бүгінгіден гөрі терең түсініп, кешегі сайын даланы сан ғасырлар бойы дүбірлеткен арысы көшпенділер, берісі «Қазақ» деген ер жүрек халықты біле жүруіне септігін тигізер еді.
Шаяхмет Қалиұлы
Abai.kz
КӘСІПҚОЙ БОКСТІҢ ҚАҒАНЫ - ҚАНАТ ЖЕҢДІ!
Енді көкпар туралы әңгімеден соң Доминикан Республикасында олжа салған Қанат Исламның жеңісіне ат басын бұрайық. Қанаттың жеңісі базбіреулер үшін ірі жеңс саналмауы мүмкін. Бірақ, ел намсын қорғап жүрген оғаланның кезекті рет мерейінің үстем болғанына неге қол соқпасқа? Өзі туып өскен ҚХР жеріндегі өлкесін тастап Атажұртына оралған ол осы күндері кәсіпөой бокс өнерінде биік асуларды игеруге бет алған. Сонымен, 30 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам мәнсабындағы 20-шы жеңісіне қол жеткізді сүйінші хабар таратты alaman.kz сайты.
Қанаттың бұл жолғы қарсыласы Доминикан Республикасының 31 жастағы боксшысы Джонатан Батиста болды. АҚШ-та өткен алғашқы орта салмақтағы жекпе-жек бірінші раундта-ақ өз мәресіне жетті. Қазақстандық боксшы қарсыласын нокаудқа түсірді.
Осылайша, кәсіпқой бокстің қағаны - Қанат Ислам бауырымыз 20-шы жеңісіне қол жеткізді. Ал 23 жекпе-жек өткізіп үлгерген Джонатан Батиста 8-ші жеңілістің ащы дәмін татты.
Abai.kz