Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәйекті 7987 0 пікір 27 Сәуір, 2016 сағат 14:17

МҮФТИЯТ НЕГЕ ҮНСІЗ ОТЫР?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі күллі мұсылманның басын бір шаңырақтың астына біріктіріп отырған өте ірі һәм іргелі ұйым. Сол іргелі ұйымға елімізде болып жатқан әр оқиға, әр реформа жанама түрде болсын әсер ететінін ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі, біз қанша зайырлылықтың қалыбына салып, «дін мемлекет ісімен айналыспайды» дегенімізбен, халықты сабырға, ынтымаққа, бірлікке шақыратын діни басқарма екенін ұмытпауымыз қажет.

Атырау халқы дүркіреп алаңға шығып, алаң көңілін білдірді. Сол халықтың жүз пайызы қазақ һәм діні ислам екені белгілі жайт. Алла-Тағаланың ақ жолындағы сол көпшіліктің «жер жалға берілмесін» деген талабының астарында не жатқанын бесіктегі бала да біледі.

Мәселен, біріншіден жер қытайлықтарға 25 жылға жалға берілсе, ол қытайлықтар жер игеруге мыңдап қандасын жетелеп келсе, олар жаппай қазақ қыздарын әйелдікке алса, көзі қысық, діні басқа жиендер көбейсе, бұл ертең діни басқарманың бас ауруына айналмай ма? Діні мен түрі басқа азаматтардың көбеюіне елі сенген хазіретті мүфтиіміз Ержан Малғажыұлы қалай қарайды?

Екіншіден, қазір халық үлкен толқыныс үстінде. Жер жерде, қазақ жерінің мәселесі сөз болып, үлкен мінберлерден ұлт пен мемлекетшілдіктің әңгімесі қызу талқылануда. Мұндай сәтте еліміздегі радикалды топтар атқа мінбесіне кім кепіл? Олар тарапынан арандату істері жүргізілмейді деп айтудың өзі қиын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырауда болған ланкестік әрекеттерді әлі ұмыта қойған жоқпыз. Мұндай сәтте діни басқарманың үн қосуы, елдің, бұқараның жағында болуы аса маңызды деп білеміз.

Үшіншіден, Құдай сақтасын, әлдебір арандату бола қалып, қан төгілген жағдайда діни басқарма қандай позицияда болады? Еліміздегі мұсылмандарды неге үгіттеп, неге үндейді?.

Төртіншіден, Отанымыздың ұлтарақтай жерін жалға беруге дін ғылымы, шариғат қандай пәтуа шығарады? Бұл ісіміз дұрыс па, бұрыс па?

Бесіншіден, осындай алмағайып заманда, елдің күйі алаңдатарлық болып тұрған кезеңде аталмыш басқарма нендей жұмыстар жасап жатыр?

Қош! Мүфти бұл мәселеге не үшін үн қосу керектігі осы мысалдардан-ақ белгілі болды деп ойлаймыз. Сондықтан сөзді соза бермей, айтарымыздың тоқ етеріне бір-ақ тоқталсақ. Еліміз бен жеріміз болмаса, тәуелсіздік алмасақ, біз бүгінгіндей өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ата дінімізбен қауыша алмас едік. Сол ата дінімен қауышқан ел мен жердің тағдыры қыл үстінде тұрғанда (негізі қоғамдағы тіл мәселесінің дүмпуіне де мүфтидің көзқарасы маңызды екенін ескерте кеткен жөн секілді) Ержан Малғажыұлы ресми түрде мәлімдеме жасап, өз ойын ортаға салу қажет деп білеміз.

Әйтпесе, күллі қазақ мүфтидің бұл үнсіздігі не үнсіздік екенін түсіне алмай отыр.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048