Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7738 0 пікір 17 Наурыз, 2016 сағат 09:53

БИШІ МЕН САТУШЫ «ҚАЗАҚМЫСТЫҢ» ҚАЗАҚША ГАЗЕТІН БАСҚАРАДЫ

Олар: «Мысты өңір» газетінің директоры Зәуреш Исмагулова мен редакторы Ульзира Жанназарова. Біріншісі мәдени-ағарту училищесін бітірген, екіншісі — кәсіптік-техникалық училищенің түлегі.

Қызметін кеншілер қаласындағы «Арман» ансамблінде бишіліктен бастаған бастапқысы талай «төбенің» тебінгісін тоздырған. Бірақ, арасында журналистикаға қатысты біреуі жоқ. Сатушының куәлігін сол заматта сандықтың түбіне зытырған кейінгісі жасы жер ортасынан ауғанша ғұмырын мақаланың мәтінін теріп, газеттің бетін жасауға арнаған. Алайда, өмірінде алпыс жол ақпарат жазып көрмеген.

Суретте: «Мысты өңірдің» жаңажылдық санының бірінші беті.

Қаламы қарымды тума талант болса әңгіме басқа, ендеше, екеуі газеттің басшылығында неге жүр? Жезқазған журналистен жұтаған ба? Жоқ! Егер қысқа қайырсақ, мәселенің мәнісі мынада: құрылтайшының қолдауы мен көмегіне көңілі толмайтынын ашық айта бастаған газет ұжымы бұдан алты жыл бұрын редакцияның қаржысын талан-таражға салып, сотталайын деп тұрған жерінен өзі құтқарып жіберген редактордан қалған сегіз жарым миллион теңге қарыздан алты айда құтылғанын, ең бастысы, өзі отырған екі қабатты ғимаратты жекешелендіру жөнінде «Қазақмыстың» басшылығымен мәмлеге келгенін кездейсоқ білген жастар одағының төрағасы С.Тысевичтен таза маза кетті. Сосын жатпай-тұрмай сылтау іздеп, ақыры бір жылда біраз шаруаның басын қайтарған білікті журналист Абдолла Дастановты орнынан алып тынды.

Шындығында, газеттің қамы емес, коммерциялық мүддені көздеген құрылтайшы — «Қазақмыс» компаниясы жастар одағының төрағасы С.Тысевичке айтқанынан шықпайтын адам керек еді. Оны да тапты. Ол — қазақшаны қақпайтын, жастар одағы мен кәсіподақ кезінде әрең құтылған, жұмыссыз жүрген З.Исмагулова еді. Былтыр мамырда басшылыққа келген жаңа директор он шақты адамнан тұратын шағын ұжымның ойранын шығарды. Оны директорлыққа тағайындауды құптамаған кейбір қаламгер өзі кетті, кетпей қарсы келгенін Зәуреш ханым күштеп «қыр асырып» жіберді. Журналистер мен авторларға қаламақы төлеуді тоқтатты. Қазақтың қасиетті тіліне қырын қарайтын директор жанына жағымпаздарды жинап, жағдайын жасады. Соның бірі — дизайнерліктің өзін жол-жөнекей (практик) меңгерген  У.Жанназарова.

Сорақысы сол, редакторлыққа тағайындағанда З.Исмагулова: «жоғары білімді журналист» деп таныстырған У.Жанназарованың дипломы жалған болып шықты. «Университет ректораты Ульзира Сержанқызы Жанназарова 2011 жылы «журналистика» мамандығы бойынша күндізгі және сырттай бөлімді бітіргендер тізімінде жоқ екендігін хабарлайды» дейді әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры М.Бүркітбаев мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ауданаралық Жезқазған аймақтық басқармасына былтыр жазда жіберген жауабында. Осыған орай Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасы «Құжатты қолдан жасау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс «қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты» деген желеумен 2015 жылы 29 желтоқсанда жабылды.

Қылмыстық іс бойынша қабылданған шешімнің заңдылығын тексерген Жезқазған қаласының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру талапқа сай толық зерттелмеген деп тауып, істің мән-жайын жан-жақты анықтау үшін таяуда қосымша тергеуге жолдады. Бірақ, содан бірдеңе шығатынына сенім шамалы. ҚІІБ қызметкері қылмыстық іс қайта жабылатынын ашық айтып отыр. Себеп? «У.Жанназарова өзінде диплом болғанынан бас тартты. Оны мойындату мүмкін емес. Түпнұсқасыз сараптама жасалмайды. Онсыз істі сот қабылдамайды». Сонда У.Жанназаровадан: «Жоғары жалақы төлету үшін төрт жыл бұрын бухгалтерияға берген диплом көшірмесін қайдан алдың?» деп, сұрауға болмай ма? Болмайды екен. Заң солай!

Сонымен, директоры — «дүбара», дизайнері — «данышпан» газеттің сапасын сұрамасаң да болады. Бірнеше мысал. Міне, былтырғы Металлург күніне арналған мерекелік нөмір. «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Б.Қрықпышевтің құттықтауынан грамматикасы мен аудармасын қосқанда 16 (!) қате кеткен. Компания басшылығы «Мысты өңірді» оқымайтынын осыдан-ақ байқауға болады. Оқыса, сауатсыздардың сазайын тартқызар еді.

Газеттің сол санындағы сол кездегі Жезқазған мыс қорыту зауытының директоры Б.Тәненовпен сұхбатта да жоба жоқ. Бағлан бауырымның өзі бірдеңе түсінбесе, біздің түйсікке түк бармады. Орысша мәтінді аударғандар сұхбатты «өндірістік анекдотқа» айналдырып жіберген. «Ширақ шихташылар» деген мақаланың басы қайда, авторы кім? Біліп болмайды.

Айтпақшы, «Ресей Қырымнан кейін Киевті қашан қосып алған?» деп, оқырмандардың бір дүрліккені бар. Сөйтсек, «данышпан» дизайнер-редактор У.Жанназарова мен газет тартау бөлімі бастығының міндетін қоса атқаратын «кемеңгер» корректор К.Қасымова таза сауатсыз болып шықты.Олар бір материалда: «Ресей астанасы — Киев қаласында» деп ұрып жібіріпті. Украинадағылар «Мысты өңірді» оқымайтыны қандай жақсы, әйтпесе, халықаралық жағдай ушыққан үстіне ушыға түсер еді. Білдей бір елдің астанасын білмеген! Ал, З.Исмагуловаға бәрі — бір!

«Сауатсыз» дегеннен шығады, «Құрмет көрсетілді» деген қысқа хабарда керемет кенші, Социалистік Еңбек Ері Демберген Баймағамбетов ақсақалдың омырауындағыны «Ленин», «Жұлдыз» төсбелгісі деп, ал тағы бір ақпаратта «Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағының иегері Талғат Бигилдинов» деп, айды аспанға шығарыпты. Немесе баяғыда бақилық болған адамның мерейтойы туралы «Абай Құнанбаев — 170 жаста!» деп жаза ма?

Грамматикалық, орфографиялық қателерге көңіл аударып қайтеміз, газетте журналистиканың талабына толық жауап беретін мақала жоқтың қасы. Оны айтқанға У.Жанназарова: «Жастардың жанры осындай» дейтін көрінеді. Туындыны жанрға емес, жанрды кәрі-жасқа бөлу, бұл — енді жаңалық! Сірә, «стиль» деп айтқысы келген болуы керек. Бірақ, стиль мен жанрды айыруға оның өресі қайдан жетсін?!

Оқырман үміті жаңа жылда да ақталмады. Корпорация басшысы Э.Огай мен т.б. құттықтауын қате-қате жариялаған газет жаңа жылдың алғашқы нөмірінің бірінде көзі тірі Социалистік Еңбек Ері Д.Баймағамбетовтің суретін жариялап, мәтініне дүниеден өткен Соцалистік Еңбек Ері Қ.Кентаевтың есімін жазып, елді тағы бір шулатты. Жалпы газетті жоспарлауда жүйе жоқ. Әйтеуір, бетті қалай болса-солай толтыруға тырысатыны көрініп тұр. Әйтпесе, бір бетке Сәтбаев қалалық сотының үш бірдей судьясының мақаласын сала ма?  «Қазақмыстың» қазанынан ырысын айырып отырған «Мысты өңір» түгіл, сол қаладағы әкімдіктің «Шарайна» газетінің өзі ондайға барғанын байқамаппыз.

Көзге бадырайып көрініп тұрған тағы бір өрескелдік — «Мыналардың қызметкері көп екен» деп, ойлап қалсын дей ме екен, лақап аттың астына да «Мысты өңір» деп жаза салады. Қызды-қыздымен балаларының атынан берілген хабар-ошардың астына да солай қонжитады. Мәселен, «Мысты өңірдің» қатарында қол қойып жүрген Дарын Айдос газетке кейін келген келіншектің балабақшаға баратын баласы болып шықты.

Газеттің қамын емес, «редакция ғимаратын қолдан шығарып алам ба» деп, өзінің жайын ойлаған құрылтайшы С.Тысевичтің осы тірлігі қазақша басылымды қорлау екенін «Қазақмыстың» басшылығы білмейтін шығар? Білгенде қандай! Қанаттас қоныстанған қос қаланың зиялы қауым өкілдері ортаңқол басшыларды былай қойғанда, Э.В.Огайдың өзіне хат жолдаған. Бірақ, былқ еткен біреуі жоқ. Өйткені, ширек ғасырлық тарихы бар, «Баспасөз туралы» заң талаптарына сәйкес 2000 жылы амалсыздан «Қазақмыстан» қоғамдық ұйым ретінде жастар одағының қолына өткен «Мысты өңір» мен орыс тілді «Подробностиді» жекешелендіріп алған С.Тысевичке ешқайсысының тісі батпайды...

«Қазақмыстағы» сенімді дереккөздің айтуынша, таяуда С.Тысевич: «Мұның бәрі — құрылтайшы орыс болғасын көре алмаушылардың ісі» деп ақталыпты. Бұндай адамның қолына қуатты идеологиялық қаруды беріп қою қаншалықты қисынды?!

Өкінішке орай, өздері оңбай отырғанда, оларды желіктіріп қоятындар кездеседі. Өткенде Зәуреш: «Тулеген ага «газет тамаша!» деді. Для нас — оның айтқаны очень дорого!» деп, есіп отыр. «Тулеген агасы» — кезінде қазақ тілінің жанашыры болған адам. Қазір «Қазақмыста» ардагерлер кеңесін басқарады. Зәурештің айтқаны рас болса, онда менің сөзім жоқ!

Әлібек ӘБДІРАШ,

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты.

ЖЕЗҚАЗҒАН.

РЕДАКЦИЯДАН: «Мысты өңір» газетінің басшылығы жоғарыдағы мақалаға қарсы пікір білдіреміз десе, жариялауға әзір екендігімізді ескертеміз.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502