Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 4178 0 пікір 14 Шілде, 2016 сағат 17:20

АСТАНАНЫҢ МЕКТЕБІНЕ М.ШОҚАЙ АТЫН БЕРУГЕ КІМ КЕДЕРГІ?.

Астанадағы №51 мектеп гимназиясының директоры Күнімхан Дүйсенова Ыстамбұлдағы от жаққан жерімізге келіп, дастарқандас болған еді. Осы бір білімді директор, асыл мұғалім қазақтың біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың атын өзі басқарып отырған мектепке беруді он жылдан бері армандап келеді екен.

 

Осы орайда шоқайтанушы ғалым ретінде бізбен танысқысы келетінін, оның сәті бүгін түскенін айтып, қуанышын білдірді. Оның бүкіл арманы 1941 жылға дейін Қазақстан тәуелсіздігі үшін қажымай күрес жүргізген және осы ұлы мақсат жолында жанын құрбан еткен Мұстафа Шоқайдың атын өзі басқарып отырған мектепке беру. Бірақ бұл туралы тиісті орындарға берген өтініш құжаттары он жылдан бері қабылданбай келеді екен.
Иә бұл әр адам түсіне бермейтін күрделі мәселе. Бұдан Қазақстанда ұлттық-тарихи сананың әлі толық қалпына келмегендігін байқаймыз. Бір мақаламда жазып едім: "Саяси тәуелсіздік бір күнде келеді. Ал сана тәуелсіздігі бір күнде келмейді, оған ондаған жылдар керек. Мәселен Қазақстан парламенті 1991 жылы 16 желтоқсанда шешім қабылдап, елдің тәуелсіздігін жариялады. Бітті. Сөйтіп Қазақстан сол кезде бір минутта тәуелсіз мемлекет болып шыға келді. Ал сана тәуелсіздігі болса, солай бір минутта, бір сағатта, тіпті бір жыл, он жылда пайда бола алмайды. Кеңестік үкіметтің қазақ халқының санасына 74 жыл бойы сіңірген өзінің ұлттық тарихына, ұлы мемлекет қайраткерлеріне нұмқұрайды, тіпті оларды менсінбеу, сатқын ретінде қарауға негізделген идеологиясынан арылу оңай емес. Оған ондаған жылдар керек.
Мәселен, тәуелсіздікке 25 жыл толса да, Қазақстан тәуелсіздігінің басты тұлғасының бірі Мұстафа Шоқайға әлі де болса ел ордасы және тәуелсіздіктің символ қаласы деп аталған Астанада бір көше аты берілмей отырғанын қалай түсінеміз? Көше былай тұрсын, директоры он жылдан бері бүкіл құжаттарды дайындап жанын салып үкіметтік орындарға өтініш хаттар берсе де, бір мектепке Шоқай атының берілуіне ұлықсат етілмей отыр. Бұған кім кедергі болып отыр?
Әрине, әлі Кеңестік идеологиядан тәуелсіздігін толық ала алмай келе жатқан кейбір адамдардың санасы. Солай болса да, Күнімхан директор үмітін жоғалтпаған. Оның ендігі үміті, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты биыл беріліп қалуы. Лайым солай болғай!
Әбдіуақап Қара

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5685