Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 7977 0 пікір 6 Маусым, 2016 сағат 02:12

BOOKING.COM-ДА ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫН ҚАЗАҚ

Booking.com деген компания бар. Əлемге əйгілі компания. 1996 жылы Амстердамда негізі қаланған. Booking.com арқылы туристер кез келген қаладағы, кез келген қонақүйді алдын ала брондай алады. Бұл жүйе қызмет көрсету саласындағы көшбасшыға айналған.  Əлемде Booking.com-ның қызметіне жүгінбейтін туристер кемде-кем. Осы компанияда қазіргі кезде Əлібек Датбаев деген жап-жас қазақ жігіті жұмыс істейді. Оны «Ұланның» оқырмандарымен таныстырғым келді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді Абай. Мүмкін, біраз оқырманға үлгі болар… Бізбен сұхбатқа келіскен кейіпкеріміз əңгімесін былай деп бастады: 

– Павлодар қаласында туып-өстім. 2006  жылы «Жас дарын»  атты дарынды балаларға арналған мектепті бітіріп, Қазақ-Британ Техникалық Университетіне IT мамандығы бойынша оқуға түстім.

– Сізді ел Booking.com  компаниясына  жұмысқа орналасқан соң біле бастады. Booking.com компаниясында нақты не жұмыс істейсіз?

– Нақты айтқанда, қызметімнің атауы – IT Developer, яғни бағдарлама жасаушы. Booking.com компаниясының ішкі қолдау қызметі жүйесімен жұмыс істейміз. Менің командамда жеті адам бар, оның біреуі жетекші менеджер, қалғаны  бағдарлама жасаушылар. Бəріміз əлемнің түкпір-түкпірінен келдік – біреуі Мысырдан, біреуі Аргентинадан, біреуі Үндістаннан, біреуі Ресейден деген сияқты.  Негізінен мұнда Ресейден жəне Оңтүстік Америка елдерінен келгендер көп. Маған да ендігі жерде испан тілін меңгеру қажет сияқты…

– Booking.com  компаниясына  жұмысқа орналаспас бұрын қай жерлерде істеп едіңіз?

– 2014-2015 жылдары АҚШ-тың Калифорния штатында ipsy.com стартапында қызмет атқардым. Сайт пайдаланушы ретінде айына 10 доллар төлейсіз, ал сізге сол үшін келесі айдың басында 4-5 түрлі косметикалық  тауарға толы  сөмке жіберіледі. Айтпақшы, сөмкені жеткізу құны 10 доллар. Бүгінгі таңда сервисті екі миллионнан астам адам қолданып жүр. Қарапайым арифметика қолдансаңыз,  компанияның айына шамамен қандай ақша табатынын біле аласыз. 2015 жылдың жазында виза жəне  басқа жағдайларға байланысты компаниядан да,  АҚШ-тан да кетуге мəжбүр болдым.

– Шетелде жұмыс істеудің артықшылықтары, кемшіліктері қандай?

– Ең басты кемшілік –  жаныңда отбасың мен достарың болмайды. Қазақстанда жүргенде  достарыммен көп араласып, кездесіп тұратынмын. Шетелде жұмыс істеудің тағы бір қиыншылығы  – денсаулықты сақтандыру. Нидерландыда айына 100 еуроны сақтандыруға төлеуге міндеттісіз. Егер жедел жəрдем шақырсаңыз,  бір шақыру үшін 1000 еуроға дейін төлеу керек болады. Қазақстанда бұл тегін. Сондықтан Нидерланды халқы өздерінің денсаулықтарын күтіп, спортпен айналысуға тырысады.

Артықшылықтарды атап кетсем, шетелде жұмыс тəжіри-бесі бағаланады,  төлейтін ақылары біздікіне қарағанда бірнеше есе  көп. Мысалы, Амстердам қаласында бағдарлама құраушы маман айына 4-5 мың еуро айлық табады. Ал, Калифорнияда программистердің  орташа жылдық жалақысы 100 мың долларға жуық.

– Бізде бағдарлама жасаушылар көп. Олардың бəрі шетелдік компанияларда жұмыс істеп жүрген жоқ. Ал сіз осы деңгейге қалай жеттіңіз?

– Студент кезімде шетелде жұмыс істеймін деген ой болған да жоқ. Университет бітіргеніме 3 жыл болғанда ғана түрлі шетелдік компанияларға өтініш жаза бастадым. Ал Booking.com компаниясынан  жұмысқа шақырту алу үшін 3 ай қатарынан 40 шақты компанияға  өтініш жіберіп, 120-дан аса сұхбаттасудан өттім.

– Өзіңіз сияқты шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардан кімдерді білесіз?

– Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны  күннен-күнге артып келеді. Соңғы 2-3 аптада менімен 4 Қазақстан азаматы хабарласты, олардың бəрі Booking.com компаниясына жұмысқа орналасу үшін  соңғы турға дейін  өтті. Қазіргі кезде АҚШ-та жұмыс істейтін қазақ программистер баршылық. Мысалы, онда Қуат Есенов, туған ағам Жəнібек Датбаев, Нұржан Бакибаев, Кеңес жəне Серік Бекетаевтар, Сергей Макагонов, Мадияр Айтбаев, Ғазиз Тəженов, Шамиль Арсунукаев, Есенжар жəне Нұрлан Қанапиндер, Олжас Үсіпбаев сынды қазақтың жігіттері бар.

– Бағдарлама жасаушы мамандығын өзіңіз таңдадыңыз ба, əлде ата-анаңыздың ықпалы болды ма?

– Ата-анам мамандық таңдауыма  мүлде ықпал еткен емес. Менің ойымша, мамандықты бала өзі таңдау керек. Ата-аналардың мақсаты – баланың  қабілетін дұрыс байқап,  оны одан əрі нығайту жəне арттыру.

– Қанша тіл білесіз?

– Қазақ, орыс жəне ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, жазамын. Түрікше  аздап  сөйлеймін. Испан тілін меңгеруге тырысып жүрмін.

– Ағылшын тілін қалай тез үйренуге болады? Тəжірибеңізбен бөлісе аласыз ба?

– Ағылшын тілінің негіздерін бастауыш  сыныптарда оқи бастадым. АҚШ-қа ағылшын тілін білемін деп барғам. Бірақ, ол жаққа бара сала  практикалық деңгейімнің төмен екені байқалды. Айналамның бəрі  ағылшынтілділер болғасын  үш-төрт айдың ішінде сол тілде еркін сөйлеп кеттім. Тіл үйренуге практика көп əсер етеді.

– Кітапты көп оқисыз ба?

– Кітапты көп оқимын деп айта алмаймын.  Бұны өзімнің ең үлкен кемшілігім деп санаймын. Негізінен техникалық əдебиет оқимын.

– Қандай сайттарды, газет-журналдарды  қарайсыз?

– Газет-журналды парақтап оқымаймын, электронды нұсқасын қараймын.  Techcrunch.com, crunchbase.com, producthunt.com, index.co, thenextweb.com, news.ycombinator.com деген сайттарды үзбей қарап тұрамын. Өйткені, біздің салаға қатысты жаңалықтар осы сайттарда қамтылады.

– Соңыңыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарыңызға не айтар едіңіз?

– Жұмыс, жұмыс жəне тағы да жұмыс. Еңбек пен бақыт егіз деп тегін айтпаған. Бүгін көп жұмыс істесеңіз, ертең бақытты өмір сүресіз.  Өмірде қандай жағдай болса да, басыңызды тік көтеріп, өзіңіздің айналысатын жұмысыңызға күш салып, еңбектенуден тоқтамаңыз. Бұны өзімнің басымнан кешкен тəжірибе нəтижесінде қорытқан түйін ретінде айтып отырмын.

– Əңгімеңізге рахмет.

 Əңгімелескен Қания ТАБЫС, СДУ студенті

  «Ұлан», №22

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572