Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 5249 0 пікір 29 Мамыр, 2016 сағат 12:02

ҚАЗАҚТАР ҚАЛАЙ ҚАРСЫЛЫҚСЫЗ ҚЫРЫЛА БЕРГЕН?

Қып-қызыл қантөгіспен келген Кеңес өкіметінен біздің қазақтың көрмеген құқайы бар ма? Небір зорлық-зомбылықтың бәрін көрді, соған көнді. Отызыншы жылдардағы ашаршылықты қалай ұмытамыз? Үш миллионнан астам бейкүнә қазақты жасанды жауыздықпен жою – ұлтымызға көрсетілген геноцид.

Алайда бұл ақиқат мойындалған жоқ, тіпті тарих беттерінде айқындалып жазылған да жоқ. Қазақтар өздерінің жуастығынан, дәрменсіздігінен ел аман, жұрт тынышта аштан қырылды деген көпірме сөздерді естіп те, оқып та жүрміз. Қой екеш қой да кеңірдегіне пышақ тигенде тұяқ серіппей ме? Қалайша біз, қазақтар, еш қарсылықсыз, күрессіз, шегіміз үзілгенше өле бердік?

Бұл шынында да намысқа тиетіндей пікір екенін теріске шығару үшін, тарихты түбегейлі зерттеу қажет. Мәселен, тек Жетісу жерінде үлкенді-кішілі қаншама көтерілістер, қанды қақтығыстар болды. Ел есінде қалған ең ірі көтеріліс – Ақсу-Қапалды жайлаған Найман руынан тараған қалың Матай ұлдарын бастап шыққан Өтебай Ғали мен Бөрте Мұқанның көтерілісі. Бөрібай аталарының аруағын шақырып, бастарын бәйгеге тіккен боздақтардың бәрі мұздай қаруланған әскерлермен ақтық демдері қалғанша шайқасты, есіл ерлердің бәрі дерлік опат болды.

Сол кездері үкіметтің нұсқауымен «маңқа ауруына» ұшырады деген жалған себеппен ауыл-аймақтың бар жылқысы Ақсу аймағында қырып тасталды. Тау болып үйілген қайран жануарлардың өлексесінен айнала маң сасып, ел арасына індет тарады. Сол жер әлі күнге «Маңқа» деп аталады.

Ол – ол ма, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Қайдан тапсаң одан тап, қаптың түбін қақ!» деген айқай-шу ұрандармен үй-үйді тіміскілеп, бала-шағаның ауыздағы азықтарын сыпыра жинап әкетті. Қарсылық көрсеткендердің бәрін «банды» деп атты, айдады. Осындай қорлық пен қатыгездікке қазақ шыдап отырды деп кім айтады?

Тарихта қалған қантөгістің тағы бірі – Сартау төре қырғыны. Ақсу өңірін қоныстанған Шыңғыс ханнан тараған Сартау төренің ұрпақтары ашаршылықтан бала-шағаны аман алып қалу үшін үдере Қытай жаққа көшуге бет алғанда, жансыздардың хабарымен арттарынан қуғын түседі. Тек орыстардан жасақталған қызыл әскер Ақсу өзенінің арғы бетіндегі Демікпе асуында бейбіт көшті қуып жетіп, қанжоса қырып тастайды. Сол қырғынға қатысқан қызыл командир қазақтардың қарусыз шайқасқанын, өліспей беріспегенін, бала-шағаны қорғау үшін қарсы шауып, жанталаса алысқанын, содан солдаттар да шығынға ұшырағанын мойындапты. Куәлардың айтуы бойынша, көшті бастаған сексендегі Тұрсын төре мен оның жиырмадағы немересі Мәжін қылышпен турап өлтіргенше ат басын бұрмапты. Ол жайлы «Жетісу байларын тәркілеу» атты архив материалдарында тарихи дерек бар.

Айгүл Асылбекова-Нөкербаеваның ФБ-парақшасынан

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (338) от 26 мая 2016 г.


0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512