МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІДІ МЕШЕЛ ЕТІП АЛМАЙЫҚ!
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНЕ
ДЕПУТАТ БАУЫРЛАРЫМА
СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ Қ. К. ТОҚАЕВҚА
МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ Б.С.ІЗМҰХАМЕДОВКЕ
Құрметті төрағалар! Қадірлі депутаттар! Сіздерге арнайы хат жазуымның бірнеше қағидатты себептері болып отыр. Бүгін тілдік кеңістікте, әсіресе ана тілімізге қатысты қайшылықты мәселелер көбейе түсуде. Егемендіктің елең-алаңында мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің басына қауіп төніп тұр десем, артық көрмеңіздер. Біріншіден, заңдық негізсіз Білім және ғылым министрлігі балабақшаларға арнайы мұғалім бөліп, ағылшын тілін оқытып жатқаны екінші жылға айналды. Олардағы ұл-қыздарымыздың көбі ана тілдерін білмейді, тіпті олардың әке-шешелері де қазақша сөйлей бермейді. Былтыр осыларды Үкіметке, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовке жазып едім. Сөйтсем, қазақ тіліндегі хатты Үкіметте ешкім оқи қоймайды екен. Әйтеуір «тіл» деген сөзді түсінгендеріне шүкір, хатты Мәдениет және спорт министрлігіне жолдапты. Олар балабақша туралы бір ауыз сөз жаза алмапты.
Бұл аздай үстіміздегі оқу жылынан бастап орта мектептердің бірінші сыныбынан оқушылар ағылшын тілін оқуда. Республикадағы білім беру жүйесіндегі қазақ тілінің жай-жапсарын білер-білместен, министр болар-болмастан Ерлан Сағадиев Елбасының «үш тілдің бірлігі» (әсте «үш тұғырлы тіл» емес) деген өміршең идеясына сәйкес қазір мектепте оқытылып жатқан қазақ, орыс және ағылшын тілдерін игерудің тиімді жолдарын іздеудің орнына мектептерде үш тілде білім беру туралы жар салғанда үнсіз отыра алмай, үстіміздегі жылдың 24 наурызында хат жазуға мәжбүр болдым. Жалғыз мен емес шығар. Бірақ менің хатыма әлі күнге жауап жоқ. Бәлкім, хат қазақ тілінде жазылғандықтан жауап жазуға қиналып отырған болар. Осылайша, Премьер-Министр не Министр мырзалардан тиісті жауап ала алмағаннан соң, «Парламент менің тоғыз жыл қызмет еткен, мені тек жақсылыққа жетелеген қасиетті мінбе еді» деген үмітпен Сіздерге хат жазып отырмын.
Хат жазуымның тағы бір үлкен себебі – мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі бүгінгі таңда елеулі құқықтық қиыншылықтарды да басынан кешіп отыр. Мысалы, Конституцияның 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», 2-тармағында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген құқықтық қағидалар барлығыңызға белгілі. Екінші норманың түп -төркіні де Сіздерге аян. Алайда осы қағидатты мәселелердің орындалуын қатаң қадағалайтын тиісті органның әлсіздігінен не жоқтығынан «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабының екінші бөлігінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деген маңызды қағида еш ескерілер емес. Шынына келгенде, Конституцияның 7-бабының 2-тармағы 1-тармағының рөлін ойнап кетті. Бұған мысалдарды Өздеріңіз күнде көріп жүрсіздер.
1998 жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» жақсы қаулы қабылдады. Соның «1. Орталық атқару органдары, барлық деңгейдегі әкімдер: 1) «Қазақстан Республикасында тіл туралы» Заңның 23-бабына сәйкес, мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, мемлекеттік органдарда іс-қағаздарын кезең-кезеңмен қазақ тіліне көшуге байланысты іс-шаралар жоспарын жасап, жүзеге асырсын» деген тапсырманы орындадық деп облыстық әкімдіктердің жоғары жерлерге рапорт бергеніне біраз жыл болды, бірақ іс көбіне аудармашылардың күшімен жүзеге асып отыр. Ал қаулының «2) іс қағаздарын жүргізу және ресми құжаттар әзірлеуге қатысты құрылым мамандары мемлекеттік тілді білуі мен оны мемлекет қаржысының есебінен оқып-үйренуі кәсіби біліктілік талаптары қатарына жатқызылсын» деген қағиданың қандай деңгейде орындалып жатқанын бір Алла біледі. Осы қаулыдағы «орталық атқару органдары 1999 жылдың 1 қаңтарына дейін өздерінің ресми шараларын, алқа мәжілістері мен түрлі жиындарын өткізетін залдарын ілеспе аударма жасауға қажетті техникалық құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етсін» деген тапсырма да қадағалаусыз қалды. Осыған байланысты республикалық, тіпті билік мекемелерінде өткен жиындарда сөйленген сөздер екінші тілге аударылмай, қазақ азаматы өз тілінде ақпарат алу және өз тілінде сөйлеу құқығынан айырылып, конституциялық норма тікелей бұзылып, кейбіреулердің айтатынындай, түсінікті тілде - орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болып жүрміз. Мінекей, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесн арттыру, оны меңгерудің қажеттілігін тудыруға қатысты жүйелі жұмыс жүргізілмегендіктен қазақ тілінің қолданыс аясы күннен-күнге тарылып барады. Газеттерде жарияланған зерттеулер бойынша қазір қазақтың 60 пайызы тек орыс тілін пайдаланады. Ал солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш бұдан да төмен. Ең қиыны – жастарымыз қарым-қатынас құралы ретінде көбіне орыс тілін қолданады, өйткені қазіргі қоғамда қазақ тілді орта әлі әлсіз. Орыс мектебін бітірген ұл-қыздарымызды былай қойғанда, қазақ мектебін бітіргендердің де жетісіп тұрғаны шамалы. Үйде орысша, мектепте қазақша, содан олар я қазақша не орысша таза сөйлей алмайды. Олардың ең басты тәрбиешілері – орыс тіліндегі телехабарлар, газет-журналдар, компьютер, түрлі орыс және басқа тілдердегі түрлі ойын құралдары т. б.
Ана тіліміздің мәселесі көңілдегі түйткілді ой болғандықтан, оның кешегі тарихы маған азын-аулақ мәлім. Сонау 1938 жылғы 13 наурызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық Комиссариаты қабылдаған «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысын елімізде жүзеге асыруда ұлттық мүддеге қайшы ұсыныстар жасалып, кейін қазақ тілінің бейшара күйге түскені туралы басылымдарға жазған болатынмын. Маған бүгінгі «реформа» осы қаулының тонын теріс киген төл баласы сияқтанады. Менің білуімше, ағылшын тілді елдерден басқа бірде-бір ел балабақшада ағылшын тілін оқытып жатқан жоқ. Іргелес көршіміз Ресейде ағылшын тілін екінші сыныптан, Қытайда - үшінші сыныптан, Жапонияда - бесінші сыныптан бастап оқытады, бірақ Ресейде де, Қытайда да, Жапонияда да өз тілін білмейтін жас ұрпақты не ересек кісіні қолға шырақ алып жүріп таба алмаспыз.
Міне, жоғарыда айтылғандардың барлығы, кешіріңіздер, менің мемлекеттік тілді мешел етуге жол ашып отыр деуіме негіз бола алады. Бұдан шығар жалғыз ғана жол - ол кез келген балабақшада ағылшын тілін оқытуды тыйып, қазақ тілін жүйелі түрде үйретуге, бастауыш мектептің алғашқы екі сыныбында ұл-қыздарымыздың тек қазақша жаза, оқи және сөйлей алуына, олардың ұлттық ойлау жүйесінің қалыптасуына ерекше мән берген жөн. Сонан соң білім мен тәрбиені қазақ тілінде жүргізіп, оны адамгершілікті берік ұстанған ұлттық құндылықтарымызға негіздеп, бүгінгі замана талаптарын өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып жүзеге асырған тиімді болар еді.
Әлемдік білім-ғылымның биігін игеру үшін ағылшын тілін - үшінші, орыс тілін төртінші сыныптан бастап, жалғыз пән ретінде оқыту керек те, қалған уақытта оқытушы мен оқушы қауым өзара мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасағандары жөн. Жоғары оқу орнында да осылай болып жатса, Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген талабына сай келер еді. Ал ағылшын тілін ұл-қыздарымыздың қабілетіне қарай сегізінші сыныптан тереңірек оқытуға жол ашсақ болады. Бәлкім, министрлік көп айтып жүрген он екі жылдық оқуды осы үш тілде білім берумен де байланыстыра жүзеге асыруға болар.
Мұның барлығын әлі де парасатты пайымға, таразы басына салып, ақылдаса отырып, асықпай шешкен жөн. Онсыз негізгі нысанамыз - білім де тиісті нәтиже бере қоймайды. Қай тілде оқытуды шеше алмай жүргенде басқа нәтиже күту орынсыз.
Ашық хатыма міндетті түрде жауап күтемін.
Өздеріңізге деген үлкен құрметпен,
Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры,
саяси ғылымдарының докторы - Әбдіжәлел Бәкір
Астана қаласы, Абай даңғылы, 1 үй,7 пәтер.
Т.т.237006, 87077459878. Abdizhalel_bakir@mail.ru
Abai.kz