Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 5614 0 пікір 3 Тамыз, 2016 сағат 12:41

ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕГІ МҰСЫЛМАН ҰСТАНЫМЫ

Жаһандық үдерістерге орай бүгінгі таңда мұсылмандар тығыз орналасқан кейбір мемлекеттер саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстарды басынан кешіруде. Дағдарыстардың бірсыпырасы әлемді бөліске салғысы келетін алпауыт мемлекеттердің империялық пиғылынан және базбір субектілердің ішкі функциясында жүргізілген шалағай саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалардан туындап жатқаны белгілі. Сондай-ақ, сырттан төнетін экономикалық һән қаржы дағдарысқа қуаты бәсең мемлекеттер қауқарсыздық танытып, төтеп бере алмай жатады. Осы тенденциялардың кейбір элементтері біздің елімізге де тән десек қателеспейміз.  

Әлбетте, дағдарыс орын алған әрбір елдің өзіне тән локальді ерекшеліктері болатыны сөзсіз. Десе де, саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс орын алған кезде мұсылмандар қандай ұстанымда болуға тиісті? Дін негіздерінде осыған қатысты қандай парасатты үкімдер берілген?  

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) өміріне назар салар болсақ, Меккедегі Құрайыш мүшіріктерінің мұсылмандардың діни сенімін әжуалап, әлеуметтік тұрғыда төмендетіп, ұдайы күшпен зорлық-зомбылық көрсеткеніне куә бола аламыз. Алайда, мұқым ғаламға тек бейбітшілік тілеген мұсылмандар мүшіріктер тарапынан небір құқай көрсе де, төзімділік танытты. Өйткені, Жаббар Хақ: «Сізден бұрын кітап берілгендер мен мүшіріктерден көп реніш естисіңдер. Егер, сабыр етсеңдер және сақтансаңдар өте жақсы» (Әли-Ғымран, 186) деп бұйырған болатын. Хз. Хамза және хз. Омар секілді батыр сахабалар пайғамбарымызға (с.а.у) мүшіріктерді жазалау туралы ұсыныс білдіргенде, Ұлы Жаратушы: «Шапқыншылық жасамаңдар, Алла шабуылшыларды жақтырмайды» (Бақара, 190) деп ағаттық жасауды ада-күде тыйған еді.  

Мекке кезеңінде (610-622) мұсылмандар Құрайыш мүшіріктерінен қанша қысым көрсе де, күннен күнге Хақ діннің өрісі кеңейе түскен еді. Мұсылмандарды түбегейлі тұқыртудың жолдарын қарастырған мүшіріктер оларға қарсы саяси және экономикалық қарар қабылдады. Жазбаша жазылған бұл қарар бойынша Құрайыш тайпасының өзге рулары Хашым мен Муталип руларынан қыз алып, қыз беріп құдаласуға, сондай-ақ, олармен сауда-саттық жасауға да үзілді-кесілді тыйым салынған еді. Құрайыш алпауыттарының бұл шешімі мұсылмандарға аса ауыр соққы болып тиді. Ұзын-ырғасы үш жылға созылған осы шетқақпайлау кезінде мұсылмандардың тігерге тұяғы қалмай әбден кедейленді. Тіпті, үрерге иті, сығарға биті қалмастан, аш-жалаңаштанды. Мұсылмандар қосынында аштықтан аңыраған дауыстар шығушы еді.  

Мұсылмандар осы ұлы нәубетті сабыр етумен еңсерді. Аталмыш қаралы жылдары мұсылмандар бірде-бір рет Құрайыш мүшіріктеріне қарсы келген жоқ. Алла мен Елшісіне (с.а.у) мойынсұнған мұсылмандар тауқыметке төзіп, сабыр етудің арқасында мәселені соғыссыз шешті. Құрайыштың ішіндегі Мағзум, Шамс, Жумақ, Абдуддар секілді бейтарап ұстанымдағы рулардың араағайындық жасауымен қаралы шешім күшін жойды. Сөйтіп, мұсылмандарға қысастықпен жасалған үш жылға созылған саяси және экономикалық қарар тоқтатылған болатын.  

Иә, сабырлы болу һәм қажет кезде төзімділік таныту қай кезде де мұсылманды ұшпаққа шығаратыны даусыз. Бұл туралы Хақ елшісі (с.ғ.с.) бір хадис-шарифінде: «Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлылық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. Адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан бақыт жоқ.  

Әз сахабалар Алла елшісінен (с.а.у) «Иман дегеніміз не?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.у.): «Сабыр», – деп жауап қатқан. Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153 аятында: «Уа иман келтіргендер, сабыр жəне намазбен көмек сұраңдар. Күмəнсіз Алла сабырлылық қылушылармен бірге», – деп бұйырады.  

Ислам – қоғамда орын алуы мүмкін әртүрлі дау-дамайлардан (фтина) аулақ болуға шақырады. Әлбетте, егер дау-дамайларды шешу мүмкіндігі бар болса, оған мұсылман атсалысуы қажет. Ал, шешімі жоқ ит-қырқылжың дау-дамай болса, Хақ жолындағылар ондай пәлекеттен бойын аулақ ұстағаны жөн. Бұл туралы Алла Елшісі (с.а.у): «Ілгеріде дау-жанжалдар болады. Бұл дау-жанжалдар болған кезде оған араласқаннан жүріп кеткен қайырлы. Аса сақ болыңыз! Бұл кезде түйесі болған түйесімен шұғылдансын. Мал-мүлкі болған оны қорғасын» деп, мұсылман үмбетін фитнадан қашық тұруға шақырған. 

Пайғамбарымыз (с.а.у) қандай бір экономикалық қиын жағдай туындамасын, мұсылмандарға адал еңбек етумен тығырықтан шығуды нұсқайтын. Мысалы, бірде ансар сахаба қайыр сұрап келгенде, әз Елші (с.а.у) оған үйіндегі бар мүлкін сатып, оның бір бөлігіне азық-түлік алуды, бір бөлігіне ара сатып алып, отын саудасымен шұғылдануға кеңес береді. Әлгі сахаба арамен отын дайындап сатып, аз уақыттың ішінде әлеуметтік жағдайын түзейді. Сонда Хақ Елшісі (с.а.у) ансар сахабаның күйінің түзелгенін көріп: «Осылай еңбек етуің ақырет күнгі пешенеңе жағылған қайыршылық дағынан әлдеқайда қайырлы...» деп мұсылмандарды еңбек етіп, адал несібе табуға үндеген болатын.  

Жалпы, ислам діні бейбітшілік сақталған қоғамда қарыштап даму мүмкіндігіне ие. Ал, дағдарыстардың алдын алып, бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ететін институт ол — мемлекет. Мемлекеттік құрылым және сол саяси жүйенің заңдарына һәм басшыға бағыну арқылы қоғам баянды бақытқа қол жеткізе алады. Осы себептен де ислам шариғаты бойынша мемлекет басшысына мойынсұну діндарлықтың басты ұстындарының болып есептеледі. Бұл туралы Алла Елшісі (с.а.у): «Маған мойынсұнған Аллаға мойынсұнған, маған қарсы келген Аллаға қарсы келген саналады. Мемлекет басшысына мойынсұнушы маған мойынсұнушы, мемлекет басшысына қарсы келуші маған қарсы шығушы»(Ибн Мажа, Мукаддима, 1) деген болатын.  

Керісінше ислам шариғатында мемлекет пен басшыға бағынбаушылық үлкен күнәлардың қатарына жатады. Хақ Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім мемлекет басшысына себепсізден себепсіз мойынсұнбаса, қиямет күні Алланың құзырына (осы қылығы үшін) ешқандай дәлелі болмастан (пұшайман күйге түседі) барады. Мемлекет басшысына мойынсұнуға уәде бермеген адам жаһилиет дәуірінде өлгенмен тең саналады» (Муслим, Имара, 58) деп, мемлекет басшысына қарсы шығудың жазасы ауыр болатынын ескерткен.  

Әз Пайғамбарымыздың сүннетіне жүгінсек, әрбір мұсылман баласы саяси, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс орын алған жағдайда, мемлекетке бағынып, қал-қадерінше адал еңбек етіп, сабырлы болуға бекінуі тиіс. Ислам ғұламалары да өз постулаттарында төзімділік (әт-тасамух) танытуды мұсылманшылдықтың негізгі сипатының бірі ретінде қарастырған. Иә, мұсылман үшін бұл баянды бақыттың бастауы. Себебі, ислам – тыныштықта құлпыратын жауқазын тәрізді.  

Мұхан Исахан,  МСМ ДІК ДМҒЗТО Исламды зерттеу бөлімінің басшысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385