Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4545 0 пікір 7 Желтоқсан, 2016 сағат 17:46

«Сарыағаш жер сыйы» ЖШС бау-бақшаны жайнатып отыр

Оңтүстіктегі ауылшаруашылығы саласының хас шеберінің бірі «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің басшысы Танабай Шынтасов. Шаруашылық элиталық көкөніс, жеміс-жидектер мен жүзім көшеттерін өңдеумен айналысады 

2002 жылы құрылған серіктестіктің 14 жылда атқарған жұмысының айғағы — жайқалған жасыл желек. «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС осыдан 10 жыл бұрын жүзім мен түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін сату арқылы ауылшаруашалық өнімдері нарығына кіріп келді. Мұның барлығы көп жылғы еңбектің нәтижесі болатын. Танабай Шынтасовтың оқыған мамандығы гидротехник. Жамбыл гидромелиоратив институтын бітірген соң, туған жері Сарыағашқа оралып, кейіннен еліміздің мақтанышына айналған бау-бақшасын және жүзім алқабын егуді қолға алды. Сарыағаш – Қазақстандағы жүзім алқабы 850 гектарды құрайтын бірден-бір аудан болды. Ол кезде барлық колхоздар мен совхоздар бағбандықпен айналысқанымен, Танабай бағбан ауылшаруашылығында көшет дайындауда біршама қиындықтармен бетпе-бет кездесті. Алғашында бұл кәсіпке жай ғана қызығушылықпен қарағанымен, кейін ол өмірінің бір бөлшегіне айналатынын білген жоқ.

1990 жылдың басында Танабай Шынтасовты «Сарыағаш» совхозының директоры етіп тағайындайды. Бұл совхоздың шаруашылығында ағаш көшетін дайындайтын аумағы 50 гектарды құрайтын ірі тәлімбақ болды. Бұл кезде Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай ірі тәлімбақ — 2, ал, республикада — 8 ғана болатын. Сарыағаштықтар бұл кезде Қазақ ғылыми-зертеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Танабай Бектанұлы бағбандықпен түбегейлі айналысу үшін 38 жасында аспирантураға тапсырды. Оның ғылыми жетекшісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, Кемал Кариұлы Танабайға оңтүстікте өсіруге болатын ағаш тұқымдарын зерттеуге кеңес берді.

Танабай бағбан Сарыағаш ауданының табиғи-климаттық жағдайы тек жемістер мен көкөністерге арналғандығын жақсы біледі. Совхоз директоры шаруашылықта жаңа инновация ендіруге тырысады. Ғалымдар да мұның дұрыстығын айтып, қолдау көрсетеді. Мәселен, 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Жамбылдың су шаруашылығы мамандарының көмегімен 9 га жерге телінген бүршік (екпе, ұластырылған шыбық) материалдарды ұлғайтуда импульсті жаңбырлатып суғару жүйесін енгізді. Бұдан бөлек, бағбан жаңа технология немесе жаңа сорттарды ойлап табуда түрлі тәжірибелерді жасап көргісі келді. Алайда, бұл уақытта көшеттерге деген сұраныс болған жоқ. Себебі, дүкендер мен базарларды сырты жылтыраған, бірақ дәмі не иісі жоқ жемістердің сан түрі қаптап кеткен болатын.

2002 жылы «Красный восток» колхозында бос жатқан жерді Танабай Шынтасовтың жетекшілік етуімен елімізде алғаш рет жеке тәлімбақ жасайды. 35 га жерді құрайтын территория басында төмпешіктер мен сай-салалы жерлер еді. Маманның еңбекқорлығының арқасында жердің сай-дөңдерін реттестіреді, ал, жүзім сұрыпын таңдауға Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары көмектеседі.

«Еңбек – түбі зейнет» деген осы болар. Үш жылдан кейін тәлімбақтың мыңдаған көшеттері Алматы қаласына отырғызуға жөнелтіледі. Бұл кезде бағбандықпен айналысатындарға мемлекет тарапынан көмек болмады. 2007 жылы ғана субсидиялау басталды. Содан кейін «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС тәлімбағынан 100 мың, одан кейінгі жылдары 200 мыңнан аса көшет сатылды

– Көшет өсіріп, жүзім шаруашылығын дамытуға ерте ме, кеш пе келетінімізді білдім. Жүзім шаруашылығының болашағы бар екеніне сендім. Өйткені, әлем елдерінің бұған қызығушылығы жоғары. Артықшылығы да бар. Айталық, Қазақстанда алманың орташа түсімділігі гектарына 47-50 центнерден. Ал, тырбиған көшеттерді (карликовых саженцов) пайдалана отырып, оны 50-60 тоннаға дейін жеткізуге болады, — дейді Т. Шынтасов.

Бүгінгі таңда «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС бау-бақшасында жергілікті көшеттер ғана өседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын франциялықтар 17 мың көшет сатып алған. 3 гектарына аналық телінген бүршікті түрі отырғызылған. Оның әрқайсысы орташа он шақты тамырдан тұрады. Олардың жақсы өсіп-жетілуіне отандық өнімдер қолданылады. Сарыағаштың климаты француздардың табиғатымен ұқсас болғандықтан, жаңбырлатқыш қондырғымен қамтамасыз етілген.

Қазіргі таңда тәлімбақ аумағы 94 га құрайды, оның 65 га жерге тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Компьютерлік бағдарлама суғаруды реттеп, бір уақытта минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуін өзі жүйелеп отырады. Бұл су мен минералды тыңайтқыш шығынын 3 есе азайтады.

Серіктестікке тиесілі 94 гектардың 23 гектарында бау, 11 гектарында жүзім, 15 гектарында көшеттер отырғызылған. Серіктестік өңірдің ғана емес, елдің шаруа қожалықтарын жергілікті жерге бейім жеміс-жидек және көкөніс көшеттерімен қамтуда еңбек етуде. Күзгі жиын-терім аяқталысымен «Сарығаш жер сыйы» ЖШС-нің жұмышылары көктемге жүзімдік көшеттерін әзірлеуге кіріседі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475