ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі кино саласына ерекше ықылас таныта бастағанға ұқсайды. Расында да өнердің ішіндегі ең ұлысы саналатын киноиндустрияға бет бұрмайынша, бетбұрыс жасамайынша, бұл сала кенжелеп, заман ағымына ілесе алмауы мүмкін. Ведомство жетекшісі Арыстанбек Мұхамедиұлы жуырда ғана өткен Үкімет отырысында маңызды мәселелер көтеріп, Қазақстанға кино туралы жеке заң қажет екенін қадап айтты. Бұған дейін Қазақстандағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының қабылдануы да еліміздегі кино ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екені белгілі. Өз сөзінде Үкімет басшысы Б. Сағынтаев «Шын мәнінде сол киноның қандай қиындықпен келетіні, қандай тердің төгілуімен келетіні... оны біз көбіне біліп жатпаймыз» дей келе, осы мәселе төңірегіндегі барлық соны пікірлердің ескерілетінін тілге тиек еткен. Сондай-ақ, ірі қалалардан шалғай тұратын азаматтарды қамту мақсатында шағын шаһарларда да кинотеатрлар желісін іске қосу қажеттігі айтылды. Мұның бәрі кино индустриясына бағытталған арнайы заңды дайындау барысында ескерілмек екен.
Орталық Азиядағы ең ірі киностудия – «Қазақфильм» кейінгі жылдардағы әлемдік экономикадағы дағдарыстар мен мәдени тоқырау туралы әңгімелерге қарамастан жыл сайын ондаған көркем, 30 деректі және анимациялық фильмдер түсірді. Олардың дені халықаралық марапаттарға ие.
1991-2016 жылдар аралығында киностудияда шамамен 500-дей көркем, деректі, қысқаметражды және анимациялық фильмдер түсіріліпті. Оның 117-сі – толықметражды көркем фильмдер. Мемлекеттік стратегияға сәйкес және отандық аудиторияның алуан сипатты талап-тілегін ескере отырып, «Қазақфильм» көпжанрлық кино жасауды, ел беделін биіктететін имидждік, сондай-ақ көрермендік және фестивальдік бағыттағы жобаларды жүзеге асыруды қолға алып, жалпы алғанда жұртшылық тарапынан ұлттық киноға қызығушылықты арттыру міндетін, әсіресе кейінгі кезде табысты атқарып келеді. Фильмдер тематикасы «Мәңгілік ел» кешенді жоспарын іске асыруға арналып, халқымыздың көне дәуірлерден бері қарайғы бастан кешкен дүбірлі оқиғаларынан бастап, елдіктің басты негізі саналатын қазақстандық патриотизмнің, көпұлттылықтың қалыптасу кезеңдерін, «қазіргі заманның қаһармандары» – тарихи тұлғалар мен абзал азаматтар туралы баяндайтын ауқымды киножобалар сериясын жасау қолға алынған.
Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына арналған «Қазақ елі» тарихи сериалы осы мақсаттарға орай түсірілген еді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен жүзеге асқан ауқымды жоба телепрокатқа 2017 жылдың наурыз айында шығады. Ал осы сериалдың кино нұсқасы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен таспаланған «Алмас қылыш» фильмі биылғы 5 қаңтардан бастап ел кинотеатрларында көрсетіліп те жүр.
Қазақ хандығының айтулы мерейтойына арналған тағы бір жоба – «Дешті Қыпшақ: Құпия таңбалар» атты екі сериялы деректі фильм ежелгі түркі-қыпшақ жазба ескерткіштері жайында сыр шертеді. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «САҚ-дала» киностудиясы болашақ хандар – Керей мен Жәнібектің ат жалын тартып мініп, азамат болып қалыптасар балаң шағын бейнелейтін «Қазақ елі» тұңғыш тарихи анимациялық фильмін түсірді. Отандық мультипликаторлар тарихи тұлғалардың балғын шағын бас алмай қарайтын қызықты туынды етіп шығара алған.
2016 жылдың 19 мамырында Қазақстан мен Орта Азия аймағының тұңғыш кәсіби тарихшысы, көрнекті ғалым Ермұхан Бекмұхановтың тағдырын тәспірлейтін «Аманат» тарихи көркем фильмі жарыққа шақты. Көрермен қауымның ризашылығына бөленген туынды мамандар тарапынан да оң бағасын алып, «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығынан үміткер ретінде ұсынылды.
Алдыңғы табысты фильмдердің жалғасы іспетті «Жұлдыздар тоғысқанда» атты кинокартина «Көшбасшы жолы» топтамасының желісін үзбей, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тартысқа толы тағдырлы өмірбаянының ең қиын тұсы – Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіз Қазақ мемлекетінің құрылу кезеңі жайында сыр шертеді. Топтама аясындағы қай фильм болсын, сол жылы қазақ кинематографындағы басты оқиғаға айналып отырды және прокаттағы ең табысты туындылардың қатарынан орын алды. ХХ-ХХІ ғасырлардағы аса көрнекті тұлғаның мемлекеттік және халықаралық саяси қызметін толық тәспірлейтін «Көшбасшы жолы» киноэпопеясы әрі қарай да жалғасатын болады.
2016 жылғы табысты картиналардың бірі – режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты тарихи драмасы болды (бас продюсері Әлия Назарбаева). Фильм сюжеті Қазақстан тарихының аса күрделі кезеңдерін қамтиды: ұжымдастыру дәуірі, ұлт басына төнген қасіретті нәубет – ашаршылық, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Оқиға ортасында көрмеген қиындығы жоқ – балалар үйі, сұрапыл соғыс, тұтқындар лагері, т.б. бүкіл азапты жолдан өткен адамның тағдыры көрсетіледі, ана мейірімі, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдық жырланады. Фильм Ялтада (Ресей) өткен «Еуразия көпірі» Халықаралық кинофестивалінде Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Халқымыздың басынан өткен ең бір қиын жылдарды арқау еткен тағы бір кинолента – «28 панфиловшыларды» ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен РФ Мәдениет министрлігінің қатысуымен Санкт-Петербор тәуелсіз студиясы түсірді. Фильм 1941 жылдың қараша айында Мәскеуге бет алған неміс танктерін Волоколамск тасжолында тоқтатқан Панфилов дивизясының атқыштар ротасы жауынгерлерінің ерлігін баяндайды. Картинаны ең алғаш Астанада екі елдің аймақаралық қарым-қатынастарына арналған форумда Қазақстан мен Ресей президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин тамашалады. Мемлекет басшылары Алматыда құрылып, Мәскеуді жаудан қорғаған батырлардың қаһармандығын екі елдің келешек ұрпағы да есте сақтауы керек десті. Сол себепті де, Арыстанбек Мұхамедиұлы «28 панфиловшы» фильміне қосқан үлесі үшін «Жыл адамы – 2016» атағына ие болды.
«Қазақфильм» киностудиясында қазір де қарбалас жұмыс қызып жатыр. Өткен жылы кинорежиссер, суретші Сәбит Құрманбеков шартты түрде «Төретам» (немесе «Оралман») деп аталатын жобаны қолға алды. Туынды ХХ ғасырдың 30-жылдары атамекенінен ауа көшуге мәжбүр болған, сосын араға ондаған жылдар салып Отанына қайта оралған оралмандар тағдырын сипаттайды. Сондай-ақ, биыл «Киномеханик» (режиссері Ермек Тұрсынов), «Он алты қыз» комедиясының жалғасы (реж. Қанағат Мұстафин), «Шыңырау» (реж. Жаңабек Жетіруов), «Талан» (реж. Болат Қалымбетов) көркем фильмдері түсіріліп бітпек. Бұлармен қатар «Нұртас Оңдасынов», «Кәукен Кенжетаев. Үйге күлімсіреп кір», «Бейсетай Дәуренбеков және 12 ғұмыр», «Үмітсіз күн келмейді», «Қасиетті күмбез астында» секілді деректі фильмдер де дайын болады.
Арайлым Мелдешова
abai.kz