Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 8044 0 пікір 3 Сәуір, 2015 сағат 14:36

СҰЛУ ЖАРАЛҒАН СҰҢҚАР АҚЫН

Ар ма? Армаңыз? Армысыз? Осының қайсысы мақұл? Қазіргі әдеби тіл айырып алып, «Армысызға» айдар таққан. Сонда қалған екеуінің халі қалай болмақ? Ѳлең сѳздің қадірін бізден гѳрі тәуір білген бұрынғы шалдар «Ар ма?» дегенді қолай кѳрген сыңайлы. Оның жауабы, екі бастан «Бар бол!». Біз бүгінде «Сәлеметсіз бе?» деп амандасып, оған жау­ап бергенде «Ал, қайтесің?!» дегендей «Сәлеметсіз бе?» деп қайта сұраймыз. Осынымыз орыстың «Здравствуйте» дегеніне дәл солай «здравствуйте!» деп сәлемдесу рәсімінің көшірмесі емес пе екен? Сәлемге әлік алғанда абзалы «Сәлемет болыңыз» деу емес пе? Хо-о-ш, «Ар ма?»дегенге қайта оралайық. «Батырлар жырында» қалай деуші еді? «Жанына келді ар ма деп, алдында кісі бар ма деп». Ѳзбек пен ұйғыр, қарақалпақ пен түрікмен және сол ағайындармен қолтықтас жүрген ѳз қандастарымыз әлі күнге бірімен-бірі «Армаңыз», «армаңдар» деп амандасып жатады. Бұдан шығады – осының үшеуі де бізге бѳтен емес. Бѳтенсіреп жүрген ѳзіміз. Сѳз – дүние. Дүниені сыртқа тасымайды, ішке тасиды. Үйім кѳрікті, сәнді, жиһазды болса екен деп тасиды. Әттең, кейде біз ішке тасудың орнына, далаға тастаймыз. Сѳздің «ауруын» дәл білетін шалдар бүгінде сирек. Ілгеріде сирек те болса бар еді. Соның бірі – Қуан ағаң-тын, қазақтың кѳрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев. Сол Қуан ағаң кітабына «Ар ма, республикам» деп ат қояды.

Біз осы тұсқа келгенде «Ар» сѳзін омоним ауылынан іздейміз. Іздесек оны ұят-иман, обал-сауаптың елінен табамыз. Қуан ағаң тұңғыш кітабын «Ар» деп атаған. Мұндағы «Ар» - атақты орыс ақыны Владимир Соколов айтқан «Нет школ никаких. Только совесть». Қуан ағаңның поэтикалық генезисінің түп-тамыры тұңғыш жинағы «Ар» жарық кѳргенде, Мұхтар Омарханұлы Әуезов өлеңге ұлттың арын арлайтын ақын келгенін біліп, балаша қуанған. Ѳкінішке қарай, қуаныш ұзағынан сүйіндіре алмады. Екеуіне де «ұлтшыл» деген айып тағылып, ел іші ала тайдай бүлінді. Аққу – киелі құс. Назырқанса, шошыған кѳліне қайтып оралмайды. Қуан ағаң сол кеткеннен табаны күректей ширек ғасырға тақау уақыт бойы ѳлең ауылына атбасын бұрмапты. Ѳлең – баяғының ертегілерінде айтылатын қырық бірінші қақпа секілді дүние. Дұрысы – мұны ашпау керек. Аштың екен — басың жерге жеткенше қыр соңыңнан қалмайтын қырсық пен қызық, сәтсіздік пен қуанышқа ѳзім барып ұрындым дей бер. Қырық бірінші қақпа, ақыры, ѳз дегенін істеп тынды. Қуан ағаң ѳлеңге қайта келгенде: "Ар! Сен сау болсаң, сана, сабыр, сарқылмас, Әділетімнің толы арнасы тартылмас, Қара дүние қаптап келсе, қаймықпан, Ажал қаупі ар күшінен артылмас", – деп келді. Сырбаздықтың түп қазығы – ұят пен иман. Ұят, иман деген кісі әр нәрсеге аялай қарайды. Топтай шабу, қосарлай тізу, қосамжарлай өзеуреу - сырбаздыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қасиеттер. Жаратылысында кірпияз, бекзат Қуан ағаң Құдайдың құтты күні тоқпақ жал, тобан аяқ шобыр да, құйған қасық-құлын мүсін жарау да аламан тасыр ғып жататын жыр жазығына ѳз жүйрігін сирек шығарды. Ѳзегін ѳртеп, жүрегін жарып шыққан жыр жинақтарының қолдан-қолға тимей, оқырманына жетіп жататыны да сол себеп.

Қуандық Шаңғытбаев – сонысымен бірге, қалыптан шықпас тақуалықтан ада еркін ақын. (Чехов есіңізде ме, «Человек в футляре») Ол – бәсеке-таластан, жасандылықтан іргесін аулақ ұстайтын еркіндік. Осыдан аттай 75 жыл бұрын (1940 жылы) ѳлең табалдырығын: "Ѳмірдің шалқар кѳшесін, Кешемін еркін шаңдатып, Ѳңгеріп алтын кесесін, Сімірем қанбай шәрбатын", – деп батыл да ағынан жарыла аттапты. Міне, содан бері оның өмірі ѳзін де, ѳзгені де қайталамай, жыр жарысында шашасын шаңға шалдырмай, тарлан шабыста өтті. Сѳз сиқырын сынаптай мысқалдап, қызғыштай қориды. Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов оның «Ар» атты тұңғыш жинағын оқығанда қандай күй кешкені бізге беймағлұм. Ол кешегі тілі қазақша шығып, медреседен сауат ашып, содан үлкен мәдениетке құлаш ұра бастаған жақсы мен жайсаңды кѳзінен тізіп әкеткен кербақ заманнан кейін ескі мұраларды игеруге ешкімнің де батылы бармай, «атам да сен, анам да сен – партияның» қылышынан қан тамып тұрғанда: "Мен – қазақ! Қымбат маған бабам жері, Тырналар қиқу салған самал кѳгі. Бедер жоқ айдынында айнадайын, Аз алқа айналайын Шаған кѳлі. Арқада аққан сел боп жасты білем. Шұбырған ақ табан боп ашты білем, Қан исі қолқаны атып, Аңырақайда, Жер қапқан атанәкес қасты білем. Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ, Сүйемін жерімді абат, елімді азат. Жоныңа жаным пида, тума мекен, Бір саған бағышталған пейіл таза, ақ!" – деген ѳлеңді оқып, кѳптен кѳрінбей кеткен ескі танысын кѳргендей қуанса керек. Ескі таныс деуіміздің екінші жағы тағы бар. Мұхаң ескіше оқып, жазу былай тұрсын, Шығыс әдебиетін ѳте жақсы білген. «Тартыс» атты сегіз суретті пьесасының кейіпкерлері Юсуф қари мен Жәлел әпенді фарсы тілінде сөйлеседі. Жоқ, дұрысы Мұхаң оларды фарсыша сөйлетеді. Тіл өзге тілдер арқылы байып отырады. Кезінде қазақ тілін арабизмдер, фарсизмдерден «чистарту» науқаны жүргенде, талай әсем тіркес, әдемі сѳздердің қосақ ара бос кеткені мәлім. Соған іштей жаны ашыған Мұхаң Шығыс әдебиетін тәуір білетін Қуан ағаңның ѳлеңдерінде жиі ұшырайтын «гүлстан», «гүлтәж», «нәпәқа», «жәннәт», «илхам», «сүмбіл», «құмбыл», «майса сабат», «ақ торқа бұлт», «ыраңкѳк дала», «пүліш бел», «қамқа қыр», «күміс мизан күз кезі», «нарт қызыл күн» секілді нағыз қазақы тіркестерді кѳріп, сүйсінсе керек.

Ол, әсіресе, бауырлас татар халық поэзиясын жақсы білетін. Марқұм Ғалым Ахмедов ақсақал, Сырбай Мәуленовпен кейде татарша сөйлесуші еді. Біздің шығыс поэзиясына қызығушылығымызды құптап, татар ауыз әдебиеті үлгілерінен тәржіма жасауды ұсынғаны бар. Сол ә дегенде-ақ сәтсіз басталып, «бесігенде тұншыққан» ісіміздің кейбір үлгілері ғайыптан тайып сақталып қалыпты: "Қара да ғана қара ормандар бар, Қазанат керек өтерге, Қиямет досқа жаралғандар бар, Сен, жылама, еркем, бекерге. Қара ормандардан қара желдер ескенде, Қар түн керек жырларға. Сол жасыл тоғайларға, сол белестерге, Қайта оралатын күн бар ма. Қалай ұмытасың Еділді көркем, Еділге жылда соғалық, Орысқа шешкенше беліңді, еркем, Өле қал бұрымыңа оралып". Оқып шығып, түпнұсқамен салыстырған Қуан ағаң: «Сенің мұның қазақшаға қарап ұлып тұр, аудармада нағыз татар мұңы сезілуі керек, әйтпесе, бәрі бекер» деп шорт кесті. Кейін ол татар өлеңінің ең абыройлы, ең талантты өкілінің бірінен саналатын «Дәртнаманы» үлгіге алып, жеке кітап жазғанда нағыз татар мұңы деген, расында осындай болуға керек шығар деген ой келді. Қадыр Мырзалиев «Дәртнаманы» оқып «мынадай тәржіма менің қолымнан келмес еді» деп шынын айтты. Анығында, ол тәржіма емес еді, ол Қуан ағаңның төл шығармасы болатын. Әлбетте, көш басында татар шығармасы тұрғаны анық. «Бері келе татар әдебиетімен жүйелі түрде танысып, бейтаныс саф тұнығынан қана жұттым. Бұрын өткен Құл Ғали, Мұхамедияр, Қандаои, Чоқыриярларды (осының дұрысы Чоряр, яки, Шаряр, демек баяғы біздің Шәді төре жырлаған «Төрт дос» болуы да бек мүмкін) былай қойғанда, бертіндегі Закир Рамиев, Ғабдулла Тоқай, Сағит Рамиев, Шайхзада Бабич, Һади Тахташтардың әрқайсысы ұзақ тарихы бар татар мәдениетінің биік-биік бір-бір асқары сияқты» деп жазды Қуан ағаң кейін. Ол «Дәртнаманың» авторы Закир Рамиевтің шығармашылығын қатты қадірледі. «Ол екеуміз Ордың суын тел ішкен жерлеспіз »деп те жазды («Егемен Қазақстан», 01.08.1992). Закир Рамиев өз заманының абыройлы ақыны болып қана қоймай іскер азамат ретінде қазақ пен татарға көп еңбек сіңірген кісі көрінеді. Әуелі татар молдаларынан білім алып, оқуын Ыстамбұлда жалғастырса керек. Елге оралғанда шығыс мәдениетін жетік білетін шарқшұнас-ориенталист ғана емес, сауда-саттық, іскерлік қабілеттерімен кең танылады. Оның иелігінде ірілі-ұсақты зауыт-фабрикаларға қоса бірнеше алтын кені де болған. Ресейдің аса ірі алпауыттарының бірі бола тұра өзінің бірде-бір кітабын шығармаған, керісінше, татардың талантты ақындарын көп қамқорлапты. Закир Рамиевтің өлеңдерін Сырбай Мәуленов те татар тілінде жалықпай оқушы еді. Әттең, туыс елдермен осы секілді байланыстар соңғы жылдары мүлде азайып кетті. Ол әлбетте кейін айтылатын, арада жылдар өткен соң, заман өзгерген соң асықпай жіктеп-жіліктеп айтылатұғын әңгіменің арқауы.

Қуан ағаңның тілін ақын Серікбай Оспанов арнайы зерттеп, тамаша еңбек жазды. "Қыраттағы қызыл қыршын ішінен, Қопал самғап кѳтерілді күшіген. Әрең қалды аман-есен бейшара, Бір саудайы бала түлкі тісінен" немесе: "Боз буази бастапты. Ѳтті кѳктем. Отты селін шілдігер тѳкті кѳктен. Жанастырды жоғары кѳтеріп ап. Сағым шайқап келеді көп түбектен!". Не: "Көк жиекте қалғып тұр, Көк ала бас көп бұлт, Неге сонша өртейді, Ѳзегімді ѳрт қылып". Байқап қарағанда, табиғат салған суреттің астарынан адамдар кешкен тіршіліктің тынысын тануға болады екен. Табиғат пен адам әрекеті әдемі үйлесім тауып тұр. Шеберлік жанар арбайтын көріністер арқылы шешімін тапқан. Асылы, артық бояусыз ой мен сезім тұтастығына жүдә қатты назар аударды. Қуан ағаң ѳлеңдерінің ә деп басталғанынан еркін құйыла жөнелетіні де содан болар.

"Кѳк жусанның шашағына құмырсқа. Шығып алып шыққа шомып тұр әлі, Тыңын тастап тұнып тұрған тұрмысқа. Антеннасын ары-бері бұрады". Міне, осы шумақта ақындық ғажап аңғарымпаздығы байқалады. Бұл тұста тағы бір байқағанымыз, терең ой айтып, үлкен полотно жасау үшін үлкен тақырыптар іздеу тіпті де шарт емес екен. Кѳңіл кѳзімен қарай алар адам үшін, айналамыздағы мамыражай тіршіліктің ѳзінен ѳлең-ѳмірдің ѳзегі кѳрінбек. Қуандық Шаңғытбаев шығар­машылығын сөз еткенде әдебиеттің басты элементі – тіл мәселесіне ерекше тоқталып ѳткен жѳн. Ѳйткені, халықтың тіл қазынасын пайдаланудағы оның үнемшілдігі мен шеберлігі, талғампаздығы, ѳлең өнерін мұрат еткені кім-кімге де ѳнеге боларлық. Кейінгі толқын ақындар, ѳмірден ерте ѳткен Кеңшілік Мырзабеков пен Жұматай Жақыпбаевтан соны аңғарар едік. Осы бір тұста, жасыратыны жоқ, ақын өлеңдерін оқығанда кейбіреулер «Қуандық жырларында түсініксіз сѳздер көп» дегенді жиі тілге тиек етеді. Бірақ біздіңше дәл осы жерде ақынға кінә арту артық. Түптеп келгенде тілді білу бар да, оны ѳлшеп қолдану тағы бар. Орынсыз қолданылған сөз – орнықсыз. Ол өлеңге опа бермейді. Жырдың шырайлы болуы үшін тілдің шұрайлы болуы шарт. Соңғы жылдары Отанымызға тағдыр тәлкегімен бір кездері шетке ауып кеткен қандастарымыз оралуда. Араларында әдебиетшілері аз емес. Қай қайсынан да аңғаратынымыз – оралман ағайындар мейлі, Қытайда, мейлі мұңғылдың даласында жүрсін ана тілімізді қаймағы бұзылмаған қалпында таза сақтай алған. Шан-шараф, ізет-үрмет оларға! Егер Қуан ағаң секілді сөз қадірін білетін ескі шалдар тірі болғанда оралман ағайындардың елге тез сіңісіп, әдеби-саяси, әлеуметтік процестерге интеграцияланып, етене аралас кетуі бұдан гөрі жылдам, бұдан гөрі жеңіл, бұған қарағанда маңыздырақ болар ма еді?! Ескі мақал: «Бидің айтқанын құл да айтады, әттең ауызының дуасы жоқ», дейді. Дуалы ауыз қарияларға зәру екеніміз талас тудыра қояр ма екен? «Елге ел қосылса құт» деген көне сөзді жаңа шыққан күндей жақын тұтатынымыз содан.

Ана бір жылы Бейжіңге жолымыз түсті. «Балқан, Балқан, Балқан тау, ол да біздің барған тау» дегендей, Бейжіңде де қазақ аз емес екен. Қытай Халық Республикасы Ұлттар университетінің жанында қазақ тілі мен әдебиетін үйрететін, зерттейтін арнаулы ұжым бар. Шетінен сен тұр, мен атайын отанпәруар жігіттер мен қыздар. Қазақ өлеңі десе ішкен асын жерге қояды. Еркін, Мұхтар, Болаш секілді ұстаздар шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беруде өз істерінің үздігі атанып келе жатқан жандар екеніне көзіміз жетті. Шетте жүрсе де тілін, ділін, дінін жоғалтпай, елім Қазақстан, ұлтым Қазақ деп жүрген сол азаматтарды көргенде еріксіз тебіренесің. Есімізде ерекше қалғаны - сол Қытай Халық Республикасы Ұлттар университетінің мұғалімдері де, түлектері де Қуаң ағаң жырларын жақсы көреді екен, неге дегенде тілі бізге жақын, әсте, Алтай не Тарбағатайдың қазағы болуға керек деп жобалайды. Жақсыда жаттық жоқ деген осы да. «Қанша жасап өлсе дағы ақынды, Жас еді деп еске алыңдар, туғандар!» – деген сөз бар. Осы жолдар Қуаң ағаң типтес кісілерге арнап айтылған секілді. Ол биыл тоқсанға келеді екен, тоқсан деген мәужіреген шалдың жасы ғой, Қуан ағаңды оған қалай қиямыз? Ілекең, Ілияс аға Жансүгіров шалдықты қалай суреттеуші еді: «Қаудырап аппақ қудай сақал-шашы, Қалтырап жынданғандай қолы, басы… іріңдеп, сығырайып екі көзі, біздерше хат білмейтін бір қатты шал, Жуан ит сүйек бермес жалмауызы». Бұл – аулақ асыл ағадан! Ол сол ақ жібек көйлегінің өңірін ақ самалға ашып тастап, қою қара шашы желмен желбіреп, сәуірдің осы жаңа ғана жауып өткен жұпар жаңбырынан соңғы шық толы шалғынды кешіп өртеңге өрлеп бара жатқан сұлу қалпында көз алдымызда қалып қойған. Басқа басқа, кәрілік, егделік әуел баста сұлу жаралған сұңқар ақынға еш жараспайтын секілді ғой, тегі.

Қуан ағаңның қызы Гауһар әкесінің шығармашылығын халыққа насихаттауда ерен еңбек сіңіріп келеді. Өзі жетекшілік жасайтын «СаГа»баспасынан әке мұраларын шығарып, талмай іздену үстінде. Ұлы Жәнібек (Әз Жәнібек) Шаңғытбаев әкесінің өлеңдерін сағаттап жатқа оқиды. Қуан ағаң «Кәрі бүркіт» атты атақты жырында қантүбіт, қансүрек, шәулі атау­ларын көп білетінін көрсету үшін әдейі алып отырған жоқ, тақырып табиғаты соны талап етеді. Жыр жарасымы орынды қолданылған сөз, тілге орамды үндестікте екеніне көз жеткіздік. Ақынның таңдаулы дүниелерінің бірі «Шажа» аңыз дастаны. Осы бір шағын да болса, салмақты шығармадағы ауырлығы – аманаттай, қиындығы – қияметтей күнді басынан кешірген Қазақ елінің қайғы-мұңы оқушының өн бойын тітіркендіреді. Ә дегеннен-ақ, бір-бірімен шымыр байланысқан шумақтар шырмауына ілігіп, оқиға иіріміне бой ұсынасыз. Зұлымдықтың бетін қамшы болып осқан абыздың сѳздеріне кѳз жүгіртелік: "Салулы орда сан жұртым, Сахара кезген кербақпын. Салалап кешкен сан бұлтым, Саясыз безген бейбақпын. Таудағы тарлан тарғылым, Табаны тиген кербақпын. Арлан да құба алғырым, Шалағай шүйген бейбақпын". Немесе мынаған құлақ салайық: "Тарп ұрған таудың тағысы, Тарпаңдай басып келесің, Тарлауыт нудың барысы. Ашаңдай басып келесің, Қайрауық долы бозкүйім, Шанақты теуіп кернесін, Желкілдек соққан жезкүйім, Жерегей бұлттай өрлесін". Мұнда оқушыны баурап алатын алма-кезек алшылы-шік түсіп жатқан аллитерация, ассонанстардан да бұрын ѳлеңдегі фольклорлық сарын үлгісі. Иә, қайталап айтамыз, фольклорлық сарын үлгісі. Ѳзіміздің төл әдебиетімізде ғасырлар елегінен өтіп, ѳлшеніп, бізге саф алтын күйінде жеткен алтын қазына. Бұл – атадан қалған мұра. Ұрпақ борышы – мұраны тоздыру емес, оздыру десек, сөзге арқау еткен дастан діттеген жерінен шыққан. Ішкі ырғақтар, афоризмдер, теңеулер, синонимдер, идиомалардың небір әсем үлгілері де осында. Оқушы Шажа аярлығына күйінген сайын абыздың адалдығына, ағыл-тегіл төкпе айтқыштығына сүйінеді. Тіл шұрайын төге әспеттелген бұл дастан Қуандық ақын талантының бір қыры. Бұл - көпшілік кѳңілінен шыққан шығарма.

Қуандық Шаңғытбаевтың тағы бір ерекше атап ѳтетін қыры - оның аудармалары. Бір кезде ұлы Мұхтар Әуезов бағалаған ақынның аудармашылық қасиеті әлі де ашылуын күтіп жатқан кезекті бір тың дүниелер. Сол ақын: "Ѳлеңсіз менің күнім жоқ, Оңаза емен олжаға. Елесе елім ұлым деп, Жетеді маған сол ғана", – депті. Ақын арманының іске асып, жыр-сүйер қауымға сүйікті болғанына қаншама уақыт өтті. Әйтсе де, жыр жиһазында жасау-жабдығы түгел өлеңді өмір деп ұққан ақын қашан да ізденіс үстінде екенін кітаптан соң кітапта дәлелдеп өтті. Жалпы, сөз басында айтылған Арлылыққа ешкім де үйретпейді. Ол туа бітті қасиет екендігі – аксиома. Бірақ үлгі тұтарлық, ұлағат аларлық азамат ақын болатыны басқа, ѳзінше бір әңгіме. Осы тұрғыдан келгенде ѳзін ақынмын деп сезінгендерге Қуандық Шаңғытбаевтан алар үлгі-ұлағат ұшан-теңіз. Ѳйткені, ол тіл мен сѳзді ғана үндестіріп қоймайды, азаматтық пен ақындықты, арлылық пен адамгершілікті айрықша биік қояды. Содан барып ақынның кірпияздығымен астасқан ішкі әлем тазалығы кім-кімді болса да еріксіз елең еткізеді. Рух шексіздігін тудырған уақыт – деп қазіргі аумалы-тѳкпелі, қиыны мен қызығы қайшыласқан кезеңде соны талап етеді. «Сапар шалғай, жол алыс, Ақынға жоқ ешуақытта демалыс», – дейді Қуан ағаң «Түркістан» атты өлеңінде. Сіз әлі де сапардасыз, ұстаз!

Есенғали РАУШАНОВ,

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

АЛМАТЫ.


Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570