Заңғар Кәрімхан. Жағымпаз шенеуніктен жағымпаз ақын қауіпті
Патша туралы сөз айту, оның ерлік істері мен өнегелі қасиеттерін жырға қосу бұрыннан бар. Хандар мен патшалар туралы жырламаған, сөз айтпаған қазақ әдебиетінде жанр жоқ десе де болатындай.
Көне дүние тарихына үңілсек, тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде-біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып қан майданның ортасында жүргенін тілдерінің майы тамып, тамсана айтады [1].
Патша туралы сөз айту, оның ерлік істері мен өнегелі қасиеттерін жырға қосу бұрыннан бар. Хандар мен патшалар туралы жырламаған, сөз айтпаған қазақ әдебиетінде жанр жоқ десе де болатындай.
Көне дүние тарихына үңілсек, тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде-біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып қан майданның ортасында жүргенін тілдерінің майы тамып, тамсана айтады [1].
Демократия - ойды бүркелемей ашық айту деген сөз. Демек, хан бұйрығымен бас кететін заманда біздің даңқты жырауларымыз «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қағиданы мықтап ұстаған. «Ай, хан ием, мен айтпасам, білмейсің! Айтқаныма көнбейсің!» дейтін Асан Қайғы, «Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті» дейтін Шалкиіз, «Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім!» дейтін Жиембет, «Ей, Қатағанның хан Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын!» дейтін Марқасқа, «Кебеже қарын, кең құрсақ, артық туған Абылай» дейтін Тәтіқара, «Ұмыттың ба соны, Абылай» дейтін Үмбетей, «Ау, тақсыр, елге барсам, шынымды айтам» дейтін Жанақ, «О, Барақ жас, Барақ жас, Жегенге тоқ, ішсең мас» дейтін Дулат, «Хан емесссің, қасқырсың» дейтін Махамбет, «Байеке, елің бар ма бүлдірмеген?» дейтін Шернияз, «Ұлы жүздің төресі Тезек едің, Алып қалсаң болмай ма, шамаң келсе?!» дейтін Сүйінбай, «Сұпекең мені жек көрді, Сұпының сөзін кек көрдім» дейтін Қашаған, т.б. заманында ел билеген ұлықтар мен хандардың абыройлы ісін мадақтады, сондай-ақ жағымсыз істерін аямай әшкерелеп отырды [2].
Азаттықтың ақ таңы атқан шақта ақын-жазушыларымыз нені жырлау керек, бүгінгі кейіпкер кім деген тақырыптар тұрғысынан абдырап қалғаны жасырын емес. Себебі социалистік реализм деп аталатын қағиданың жадта жақсырақ жатталып қалғаны сондай, әлі күнге дейін содан айырылмай келе жатқаны тағы бар. Басты образға таптық көзқараспен қарау, ұлтқа қатысты дүниелерді ашық айта алмау, заманның ығына жығылу сияқты мінездер бодандық әдебиеттің дамуына қатты ықпал етті. Ленин мен Сталин сынды көсемдерді жырламасаң, өнерің өнер болмайтын тым ауыр кезең бастан өтті.
Содан болар, тұңғыш Президентті жырлау ақындар шығармашылығының өзегіне айналды. Бұл топтың басында көрнекті ақындар Тұманбай Молдағалиев, Тұрсынхан Әбдрахманова, Шөмішбай Сариев, т.б. тұрғанын айту керек.
Ақын Тұманбай мен президенттің арасындағы тілектер мен құттықтаулар өлең түрінде болғанын М. Қасымбековтың естелігінен оқуға болады.
Шөмішбай Сариев - елбасы Н. Назарбаевты көп жырлап жүрген ақындардың бірі. Көп жырлағаны соншалықты, кейде айтатын сөз, теңейтін зат таба алмай таусылатындай көрінеді. «Жер бетінде тұңғыш жаралған бірінші қазаққа ода» деген сала-құлаш тақырыбы бар өлеңін ақын:
...Жер бетіндегі бірінші қазақ,
Мен саған басымды ием, -
деп бастайды. Содан кейін:
Бал бұлақтар көзінің жасы дерсің,
Қаншама есік ашып ғасыр енсін.
Бір сенен басталған бірінші қазақ,
Үш жүздің ұрпағының басы сенсің, -
деп шұбыртады [3]. Онсыз да жақсы адамды асыра мақтау мақталған адамға ғана емес, жырлаушыға да абырой әпермесі анық.
...Кең даламда ескерткіш бірінші қазақ,
Әуелі саған орнатар едім, -
дейді тағы бір жерінде. Астананың ең көрікті жеріне көзі тірі елбасының ескерткіші осы ақынның сөзінен кейін ашылған шығар, кім білген?!
Әсіреқызыл жырлауға көшкенде, бастықтар қасындағы жағымпаздық мұның қасында жолда қалады. Өйткені, бұлар - қатардағы жай адамдар емес, не мемлекеттік шенеунік те емес, аузына халқы қараған, жырын тыңдаған ақындар. Ал қасиетті Құран Кәрімде адасқан ақындарға азғындар ереді деген сөз бар. Демек, азғындықтың басы - ақынның жөн-жосықсыз сөзі болмақ. Осы орайда хакім Абайдың: «Шайыр бұзылса, құрады шайтан өрмек» деген сөзінің жаны бар.
Жағымпаз шенеуніктен жағымпаз ақын өте қауіпті. Қай заманда да. Себебі, жағымпаз шенеунік айналасын, әріптес-қызметтестерін адастыруы мүмкін, ал жарамсақ ақындар бүкіл елді бүлдіреді, патшаны масқаралайды. Бұл - ақиқат. Біз бұл орайда жыл сайынғы жолданатын жолдаудың әр сөйлеміне ұрылатын қол шапалақтың санын не әлдекімнің мақаласының он сөйлемінде «Президент» сөзінің он рет кездесетінін айтып отырғанымыз жоқ, жылқы мінген жайсаң жұрттың қазіргі ақындарын, оның шығармаларын, жекелеген өлең жолдарын жазып отырмыз.
Тарихтан тағылым іздер болсақ, кезінде Рим императоры Неронға ақыны бар, басқасы бар - барлығы: «О, Нерон! Сен - ұлы патшасың!», «О, Нерон, саған жетер патша жоқ!» - дегенді айтады. Күнде еститін сөзі осы болса, сау адам жынданбай қайтеді?! Патша есінен адасады. Әйгілі Рим қаласының отқа оранатыны осы кез болса керек.
Санасына жарықшақ түскен әдебиет өкілдері осыдан тәлім алса, атқамінерлеріміздің есінен ауып, жүрісінен жаңылмайтыны, Астанамыздың асқақтаған күйінде тұра беретіні сөзсіз.
Көкірегін жылытқан сұр даланың,
Бәрі биік жұлдызды мұнараның.
Нұрлы арманға жетпеуі мүмкін емес
Нұрлы жолын таңдаған Нұрағаның [4].
Бұл өлең жолдарының авторы - ақын Рафаэль Ниязбек. Тарихтан «Қасым салған қасқа жол», «Есім салған ескі жол» деген заңдарды бәріміз білеміз. Осыған ұқсатып, президент жүргізген саяси жолды «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп атау пайда болды. «Нұрлы көш» бағдарламасы жасалып, жұмыстар атқарылып жатыр. Ақын Рафаэль Ниязбек Елбасы туралы бұдан да басқа бірнеше өлең жазған. «Елбасының жұлдызы», «Нұрағаны жырласам», т.б. өлеңдерінде ақынның көсемге деген ойы, көзқарасы жақсы сипатталған:
...Қателессе оқыстан Елбасы егер,
Жол шегеді халқы да қателесіп.
Сүйегі асыл кісі ғой арға сенер,
Жүрегіне жол тауып жалғаса бер.
Туған елдің жұлдызы қайдан жансын,
Елбасының жұлдызы жанбаса егер.
***
...Аруақтанып кетемін қасиетінен
Нұрағаны айбынды жырлағанда.
Мұң торласа көңілді теңбілденіп,
Өлең жазсам қаламын жеңілденіп.
Нұрағаны жырласам жата алмаған
Туған жердің тасы да тебіреніп.
Ақындар президентті мақтағанда небір сөздің маржанын теріп жазады, сөздің асылын айтады, арнайды. Онсыз да ғажайып һәм көркем тіл - қазақ тілінің ең көрікті, ең сұлу сөздерімен жазылған жыр келісті шығады, таза әрі анық болады. Ақын Күләш Ахметова:
Сен - қазақсың!
Алғызбайтын барыссың!
Ар-ожданның асқағысың, намыссың!
Тағдырыңды танығысы келгендер
Тасқа басқан тарихыңмен таныссын! -
дейді [5]. Президент те адам, ол да халық арасынан шыққан. Халықтың басында тұрып, елді басқаратын биік лауазымы болмаса, кәдімгі кісі. Айырмашылығы, ақын айтқандай, тағдыры оның халық тарихымен бірге, байланыста. Елбасыны таныған адам ол басқаратын елдің өткенін де танысын деген ойдың ұшын аңғару қиын емес.
Президенттің бір ұлық жиында құлап бара жатқан туды түсірмей қағып алғаны қалың жұртшылыққа ғана емес, ақындарға қатты әсер етсе керек. Осынау тағылымды оқиғаға орай біршама жыр дүниеге келген. «Ту ұстаушы» деген өлеңінде ақын Оразалы Асқар:
Желкесінде қырағы көзі бардай
Арқасымен әп сәтте сезіп, Алла-ай!
Жалт бұрылып жеткізбей жерге туды
Ұстап қалды Президент өзі қармай, -
деп шабыттана жырлап, елбасының өнегелі істерін паш етеді [4]. Ал ақын Дүйсенбек Қанатбаев «Елбасымыздан ең жақсымызға» деп аталатын топтама өлеңдерінің «Қасиетті қас қағым» тақырыбында:
Бар екенсің азаттығым, асқағым,
Бар екенсің арқа сүйер асқарым.
Көз алдымда... салтанатты сәттегі
Мәні мәңгі ескірмейтін қас қағым!
Көз алдымда... тіл жеткісіз күй мүлдем,
Тосын жайдың болатынын кім білген? -
Құлап бара жатқан туды Елбасы
Ұстап қалды көз ілеспес қимылмен!
Айтар кезде «Ел тағдырын оңда!» деп
Бұдан асқан қандай кие болмақ ед -
Көз алдымда... дүр сілкінген әлеумет
«Тәуелсіздік туы берік қолда!» деп.
Кең даламның қайта ашылып тынысы
Қуанышқа толды қуыс-қуысы.
Көз алдымда... тұрып қалды біржола
Елбасының ту ұстаған уысы! -
деп толғайды. Әдетте ақындар өздеріне ерекше әсер еткен оқиғалар мен айрықша жайттарды өлеңге айналдырады. Бұл келтірген мысалдар - соның айқын айғағы десек те болады.
«Диогеннің бөшкесі» деген аңызға бергісіз ақиқатты қазақ ақындары білмейді емес, біледі. Заманға күйлеу, тұрмысқа жығылу сияқты кеселдерге ұрынғанда жағымпаздық пен жантықтық «ауруларға» ұшырамауы мүмкін бе?! Әдебиет - ең алдымен асқақ рухтың, биік елдіктің жаршысы. Олай болса, қазақ ақындарының Президентке деген құрметін, сыйластығын жағымпаздыққа ұластырып алғаны көңілге қаяу түсіреді.
Ақындар мен патшалар туралы сөз болғанда «Патшасы ақынын іздеген ел бақытты, Ақыны патшасын іздеген ел бақытсыз» деген ұлағатты сөздің айтылмай қалуы мүмкін емес. Ақындар шығармаларын елбасыға арнаса, өз кезегінде президент те ақындарды қабылдап, олармен сөйлесіп, керек деп тапса, жеке өміріне жағдай жасап беретіні бар. Қос жылда бір келетін дүбірлі дода Мемлекеттік сыйлықты иеленген өнер адамын өз қолымен марапаттайды, орден береді, шапан жабады. Бұл - өнерге жанашырлықты, ақындарға қамқорлықты көрсетеді.
Сондықтан қазіргі кездегі ақындардың шығармашылығына қарап айтар болсақ, ақындар еңбектерін таразылау - ойы таза, рухы биік Алаш баласының өз еркінде.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. http://www.zhastar.biz/index.php?name=files2&op=view&id
2. Нар заман мен зар заман поэзиясы. Алматы: Раритет, 2007.
3. Сариев Ш. Шығармалары, 1-том. Астана: Фолиант, 2009.
4. Тәуелсіздіктің нұрлы таңы. Алматы: Раритет, 2010.
5. Астана - жыр шуағым. Астана: Фолиант, 2006.