Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дін 5656 6 пікір 11 Сәуір, 2017 сағат 09:47

Мешіт тәртібін сыйламаған адам, дінді де сыйламайды

2016 жылғы 16 қарашада Қазақсан мұсылмандар діни басқарма (бұдан әрі – ҚМДБ) мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі бекітілгені белгілі. Аталған ереже ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мәжілісінде талқыланып, қолдау тапты.

Осы ережені қабылдау жайдан-жай туған жоқ. Соңғы жылдары мешітке келушілердің арасында жамағатпен намаз оқу кезінде және жұма намазы барысында имамның айтқанын тыңдамайтындар шыға бастады. Олардың осы әрекеті мешіт жамағатының мазасын алып, құлшылықтарын тыныш орындауларына кедергі бола бастады. Осындай жағдайда, ҚМДБ мешіт ішіндегі тыныштықты сақтау және діндарлардың құқын қорғау мақсатында мешіттердің ішкі тәртіп ережесін қабылдауларына тура келді.

Аталған ереженің ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңына, еліміздегі басқа да қолданыстағы заңнама нормаларына, инструктивті құжаттарға және еңбекті ұйымдастыру саласындағы нормативтік актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес дайындалды.

Соңғы кездері осы ереже қолданыстағы заңнамаларға қайшы екен деген пікір таратып жүргендер бар.  Бірден айтайын, бұл  елдің арасын бөлуді көздейтіндердің пасық тұзағы деп қабылдап және қарсы тұруымыз керек.  Өйткені ҚМДБ-ның мешіттерінің ішкі тәртіп ережесін қабылдауына толық құқығы бар.

Енді осыған тереңірек үңіліп қарайық. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы заңының (бұдан әрі – Заң) Преамбуласында мемлекеттің «...ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын негізге алады» деп, көрсетілген.

Бүгінде елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислами діни бірлестігі осы заңның шеңберінде тіркелген және барлық мешіттер Діни басқарманың филиалы болып тіркелген және өзінің жұмысы барысында соның жарғысын басшылыққа алады.

Заңның 13-бабының 2 тармағында «Діни бірлестіктің мынадай белгілері: 1) ортақ діни ілімі; 2) діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындау; 3) өз қатысушыларын (мүшелерін) және дін ұстанушыларын дінге тәрбиелеу;  4) қызметінің діни бағыты болуға тиіс» екені көрсетілген. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі жоғарыда көрсетілген негіздерді басшылыққа ала отырып, өздеріне қарасты мешіттерінің ішкі тәртіп ережесін бекіткен. Осы ережеге сәйкес мешітке келушілер ханафи мәзхабына сай құлшылық жасауға, намаздағы «Әмин» дұғасын іштей айтуға және мешітке келушілер мешіт қызметкерлерін құрметтеуге, басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға, сондай-ақ жамағат тыныштығын сақтауға, алауыздық тудырмауы міндеттелетіні бекітілген. Енді осы көрсетілгендерге, яғни мешіттердің ішіндегі жағдайға толығымен жауап беретін жалғыз мекеме ол ҚМДБ.

Осыған орай, елімізде Ханафи мазхабының рөлі мойындалатынын негізге ала отырып, ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің «Амин» сөзі туралы шығарған үкімдері мен шешімдері еліміздің аумағында орналасқан мешіттерде мүлтіксіз орындалуы тиіс. Оған бағынбағандар діни қызметке кедергі келтірген болады. Оның дәлелі заңда анық жазылған. Атап айтқанда, заңның 3-бабы 5 тармағында «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді» деп жазылған.

Осыған орай, «Әмин» сөзін дауыстап айту мешіттегі құлшылықтың атқарылуына кедергі келтіретінін мешіт жамағатының өзі-ақ айтып береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі  мешітке келген жамағаттың негізгі құқықтары мен міндеттерін сондай-ақ діни қызметке байланысты басқа да мәселелерді реттеуді, Қазақстан Республикасындағы конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді негізге ала отырып қабылдаған Ережесіне бағынып амал жасасақ ең абзал сауапты іс болары анық.

Қасиетті Құран Кәрімде «Бүлік шығару адам өлтіргеннен де ауыр күнә» деп бұйырады. Ендеше, дүниеде және ахиретінің қайырлы болғанын қалағандар бүлік шығарғандардан ұзақ тұрғандары абзал.

Балғабек МЫРЗАЕВ, дінтанушы, теология ғылымының докторы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2047