Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 4501 4 пікір 19 Сәуір, 2017 сағат 20:37

Астанада молдалар бас қосып, өз үндеулерін жариялады

Бүгін Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы болып өтті. Егемен еліміздің түкпір-түкпірінен 500 имам жиналды. Форумға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Дархан Қамзабекұлы бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінің бас мүфтилері, Ресейдің Омбы, Алтай аймағының мүфтилері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, игі бастамаға орай оң пікірлерін білдіріп, баяндама жасады.

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған Республикалық имамдар форумы асыл дініміздің дамуына тың серпін беріп, жаңа белестерге жетелері сөзсіз. «Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» ескерсек, бүгінгі бірегей басқосудың да бағасы тым ерекше. Дін саласындағы жұмыстарды оңтайландырып, тиімді жүйе қалыптастырудағы маңыздылығы да ұшан-теңіз.

Осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілген Республикалық имамдар форумында ҚМДБ-ның жұмыс бағытын айқындап, бағдарын межелеген төрт бірдей құжат қабылданған болатын. «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» деп бұл тарихи құжаттар сол форум аясында бірауыздан қабылданып, содан бері асыл дініміздің дамуына лайықты үлес қосып келеді. Осы құжаттар негізінде еліміздегі дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілігі, әдебі мен мәдениеттілігінің жаңа идеалы қалыптасып, мұсылман жамағатының жарқын бейнесі сомдала бастаған болатын.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да өз баяндамасында діни басқарма алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – қазіргі заман талабына лайықты имам дайындау екенін айта келіп, «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасын – дін қызметкерлерінің беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам деп бағалады.

«Қабылданғалы тұрған Тұжырымдамада дін қызметкерлерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқындалды. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге кезең-кезеңімен сатылап тағайындалатын болады.

Өйткені, имам қызметі тек бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейді. Имамның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шараларды ұйымдастыру сынды өзіне жүктелген жауапкершілігі жоғары мол жұмыстары бар.

«ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты құжаттың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық принциптерді ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету. Сонымен қатар, бұл Тұжырымдама еліміздің мұсылмандарын бірлікке, татулыққа шақырып, халықты ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын сыйлауға, зайырлылық принциптерді ұстануға, діни экстремизм мен терроризмнің кез келген түріне төзбеушілікке үндейді», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс үдерісін жаңа белестерге көтерген бұл тарихи құжаттардың заңды жалғасы ретінде бүгінгі ІІ Республикалық имамдар форумында екі бірдей тарихи құжат талқыланып, қатысушылардың бірауыздан мақұлдауына ие болды. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз форумға қатысушыларға «ҮЗДІК ЗИЯТКЕР ИМАМ» тұжырымдамасын таныстырып, бірегей құжаттың берер пайдасы мен тигізер көмегі жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Ел аумағындағы мешіттерде діни білімі мен біліктілігі жоғары, жасампаз, діни мәселелерді үйлестіруді шебер меңгерген үлгілі, іскер, ағартушы мамандар қалыптастыруға негізгі тірек болатын құжат жайында өзге де қонақтар оң пікірлерін білдіріп, форум жұмысына ниеттестіктерін жеткізді. Айта кетейік, «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасы дін саласындағы қызметкерлердің мансаптық тағайындауларына тың тәртіп енгізетін болмақ.

ІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған келесі құжат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын айқындайтын «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі –  Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы». Аталмыш құжатты форум қонақтарына ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» Орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырды. Бұл құжаттарды қабылдаудағы негізгі мақсат – бүгінгі ХХІ ғасыр талабына жауап беретін білімді, тәжірибелі, бірнеше мамандықты меңгерген білімі жан-жақты имамдар тобын қалыптастыру, сонымен қатар дәстүрлі мәзһабымыз – Әбу Ханифа мәзһабын жалпы халық арасында, әсіресе жастар арасында көбірек насихаттау болып табылады.

Форум аясында қатысушыларға ҚМДБ-ның былтырғы жылы атқарған іргелі істеріне шолу жасалып, арнайы бейне фильм де көрсетілді. Қазіргі уақытта ҚМДБ тарапынан бекітілген төрт жұмыс бағыты бойынша атқарылған ауқымды шаралар нақты деректермен өрнектеліп, алдағы жұмыс жоспары да қоса айтылды.

Басқосу соңында «Ислам және Өркениет» атты ІІ Республикалық имамдар форумының арнайы үндеуі қабылданды.

 

ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫНЫҢ

ҮНДЕУІ

 

Біз, дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі –  Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы», сондай-ақ «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» Тұжырымдамасын мақұлдай отырып, дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын насихаттау, ХХІ ғасыр имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық қағидаттарды ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету, Қазақстан мұсылмандарын бірлікке, татулыққа, әдет-ғұрыптарды сыйлауға, зайырлылық қағидаттар мен рухани құндылықтарды құрметтеуге шақыру бастамасын қолдаймыз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу, радикалды көзқарасқа «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау қажеттігі жөнінде тапсырмалар жүктеді.

Осы орайда, Жолдау жүктеген міндеттерді сапалы орындау мақсатында діни экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жан-жақты білімді, білікті және мемлекеттің мүдделерін қорғай алатын, өзекті діни мәселелер бойынша терең ғылыми ізденістер жасай алатын имамдар корпусын жетілдіру қажет деп санаймыз.

Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар Исламның бірлік пен бейбітшіліктің, ғылым мен өркениеттің діні екенін тағы да паш етеміз. Асыл дініміз ғылымды жоққа шығармайды, ол – заманауи ғылымның негізі, іргетасы. Сондықтан Ислам – бүкіл адамзат өркениетінің көшбасшысы. Бүгінгі заманауи өркениет, ғылым қашан да Ислам құндылықтарына қарыздар деп санаймыз.

Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген соңғы иләһи дін – Ислам адамзат баласын Құранға сүйенумен қатар, логика мен ғылымды пайдалануға үндейді. Осы қағидат бүгінгі күнге дейін түрлі саладағы ғылымның дамуына негіз қалап келеді.

Біз, Қазақстандағы діни конфессиялардың көшбасшылары барша халықты бірлік пен бейбітшілікке, береке мен татулыққа, ғылыми ізденістер жасауға шақыра отырып, ел азаматтарын деструктивті идеологияларға қарсы тұруға, радикалды көзқарасқа мүлде төзбеуге үндейміз.

 

Форумға Қазақстанның, Ресей мен Орталық Азия елдерінің Бас мүфтилері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.

Астана қаласы 19 сәуір 2017 жыл

 Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387