Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әттең... 8324 20 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 16:09

Орақ пен балға арасындағы жанталас

Қазан төңкерісінен кейін үкімет басына большевиктер келген соң қоғамда пролетариат диктатурасының ызғарлы аязы қақап тұрды. Бірақ, шын мәніне келгенде жұмысшы табының емес, солардың атынан партиялық аппарат пен кеңестердің атқарушы органдары «көсемсымақтарының» билігі жүргізілді. Осы тұста қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы оқыған зиялылары, Алаш партиясы өкілдерінің басты ұстанған идеясы қазақ елінің тәуелсіздігі еді. Алаш партиясының негізгі мақсаты ұлт мүддесі, ұлт тағдыры, ұрпақ қамы болатын. Алаш арыстары елінің өркениет көшінен өзіне тиеселі орын алуын көкседі.

Керісінше жаңа құрылған Кеңес өкіметі өз саясатында басқаша мақсат-мүддені көздеді. Орынбор губерниясы РКП (б) органы «Коммунар» газетінің 1920 жылғы 2 қазан сенбілік санында Е.Плюдов деген «К всекиргизкому съезду» деген шағын мақаласында: «Многие именно из киргизких представителей, особенно так называемого «Алаш Ординского» толка, забывают главные предпосылки, с которыми революционный пролетариат, в лице коммунистической партии, подходит к осуществлению принципа самоопределения национальностей: «Советская власть и диктатура пролетариата». И как бы ни было трудно – киргизкий народ с помощью революционного пролетариата РСФСР перейдет к нему, как к единственному залогу своего освобождения», - деп кесіп-пішіп пікір білдіреді.

Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі Жанша Досмұхамедов өз уақытында: «Біздер – Алаш азаматтары халқымыздың тағы да ұлы державалық, ұлттың тонын теріс айналдырған экономикалық, саяси үстемдігіне, қазақтарды ұлттық мешеулікте ұстап, үстем ұлттың құйыршығы, табанын жалаушы қалде қалуына үзілді-кесілді қарсымыз», - деуінің өзі біраз нәрсені аңғартса керек.

Соның айғағындай 1917 жылғы «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасында «қайткенде де осы күнгі земстволықты қабыл алу қажет» делінген.

Земство Ресей империясында 1864 жылғы реформаға сәйкес құрылған жергілікті өзін-өзі басқару органы. Қазақ жерінде земство мекемелері патша өкіметі құлағаннан кейін, Уақытша үкіметтің 1917 жылғы 17 маусымдағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай және Орал облыстарында земство мекемелерін ашу туралы» қаулысына сәйкес құрылды. Осыған орай Бірінші жалпықазақ сиезі земство мәселесін күн тәртібіне қойып, қазақтардың земство мекемелерін құруға белсенді түрде ат салысуына ерекше мән берді. Қазақ жеріне алғашқы земство мекемесі 1917 жылғы 16 қазанда Торғай уезінде ашылды. Облыс деңгейіндегі земство басқармалары Қазақстанда 1918  жылғы қаңтарда құрылды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары – ауылдық, болыстық, уездік земство комитеттері болды. Орал облысындағы земство басқармасының төрағасы болып Х.Досмұхамедов сайланды. Қазақ жерінде облыстық және уездік деңгейде ашылған земство мекемелері халықтың шаруашылығын реттеуде, оқу ісін жолға қоюда елеулі жұмыстар атқарды. Мұғалімдер даярлайтын курстар, бастауыш мектептер ашты. Сол кезеңде Гурьев уезінде Есбол, Сімбірті, Гурьев, Қаратөбе, Былан, Қарабайлы, Жаршық, Жем, Жем-Атырау, Ақбас, Бестөбе, Ақжал, Қарашағыл, Кермеқас, Қарабау, Қызылқоға, Тайсойған болыстары болды. Бұл болыстық бөлімдер 1925 жылға дейін сақталған, ауылдарды кеңестендіру жылдарында осы болыстар негізінде аудандық кеңестер құрылған.  Осы болыстардағы қара халықпен тілдесетін тілмаштар, іс қағаздарын жүргізетін хатшылары сол кезде орысша оқыған қазақ азаматтары болды.

Алашорда мүшелері, туған еліне қал-қадірінше адал қызмет атқарған жерлестеріміз Сағыз уезі земство төрағасы орынбасары Қазмұқаш Ибрашев Орынбордың мұғалімдер семинариясын бітірген. Қазмұқаш екі тілде бірдей сөйлеген. Қазақшадан орысшаға сөзбе-сөз шебер аудармашы болған. Қуғын-сүргін құрбаны болды. Жұмағали Аңқылдақов Гурьевте төрт кластық қалалық училищені бітірген. Өте сауатты адам болған. 1937 жылы мемлекеттік банкіде жүрген кезінде ұсталған. Қожаров Ғабдолла 5 ауыл, қазіргі 7 ауылда оқыған. Екі кластық қазақ-орыс мектебін бітірген. Төңкеріс алдында болысқа хатшы болып істеген. Кезінде халық арасында беделді және жазуға өте шебер адамдардың бірі болған. 1939 жылы 55 жасында қайтыс дүниеден озған. Ибраш Әлжанов бұрынғы 9 ауыл, қазіргі 15 ауылда екі кластық қазақ-орыс мектебін бітірген. 1930 жылы бақилық болды.

Алаш туы астында қызмет еткен және алашордашылар идеясына мүдделес болғандарға қарсы шабуылдар  кеңестік баспасөз беттерінде кең орын алып, оларды  әшкерлеу жаппай белең алды.

Гурьев округтік «Социалды құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1937 жылғы 9 шілдедегі санында «Қазақ ұлтшылдарына және соған қарай ауа жайлаған уклонға қарсы» атты бас мақаласында «...Контрреволюцияшыл қазақ ұлтшылдығымен ойдағыдай күресе алу үшін Алаш партиясының ертеде объективті революцияшыл рөлі болды дейтін партияға, советке қарсы шірік теориялардың қалдықтарын біржола құртуымыз керек. Өйткені, мұндай шірік теория контрреволюцияшыл қазақ ұлтшылдарына қарсы күресуімізді бәсеңдетеді, қырағылығымызды төмендетеді, осымен бірге жауыз ұлтшылдарға олардың қаскүнемдік істерін жүргізулеріне мүмкіндік беретін бетперде болады. Бірақ, кейбір коммунистер (Аспандияров, Мұқанов, Тоғжанов тағы басқалар) соңғы уақытта дейін өздерінің кітаптарында Алаш- орданың объективті революцияшыл рөлі бар деген шірік теорияны пропагандалаудан арылмай келеді. Контрреволюияшыл қазақ ұлтшылдығы жапон-герман фашизмінің агенті болып, мемлекетімізге саяси қауіп келтіріп отырғанда, олардың революцияшыл рөлі болды дегеннен артық ұлтшылдыққа жәрдем беруге болмайды!»,- деп жазды.

Округтік «Социалистік құрылыс» газетінің 1937 жылдың 3 желтоқсан күнгі нөмірінде «Манаш мектебін кім басқарады» деген мақалада «Гурьев ауданы, Манаш ауылындағы орталау мектептің директоры болып отырған, Иманғалиев Бекіш патша заманында екі класты бітірген адам. Ол 1918-19 жылдары Алашордашыларға белсене қатынасты»,- деген «жаңалықты» жазады.

Алаш ісіне қатысты екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Мұстафа Шоқайдың қолына түскен бір жапырақ қағазға жазып берген жерлесіміздің өтініші назар аударарлық.

Қойын дәптердің парағына араб қарпімен жазылған мына бір құжат аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешкен, бірақ қиындықтарға қарамастан алға ұмтылған қайсар қазақ жасының өмірінен белгі береді. Өлім алдында тұрса да, рухын жоғалтпаған бұл жас: «Сәлем бердік. Нашарға жағдай туғызу мақсатында алыс жерден келген мұсылман баласы. Сізге жүрегімнің терең түкпірінен шыққан махаббатқа толы сырымды ұсынып, төмендегі жағдайымды еске алуыңызды өтінемін.

Мен Гурьев (Үйшік) облысынанмын, Қаңбақтыны жайлаушы Қосымбай болыстың туған немересі Жалғасұлы Сембай боламын. Орта білімім бар. Мамандығым оқытушы, Гурьевтегі оқытушылар курсын бітірдім. Бірақ жасымнан газет-журнал жұмысына араласудамын. Бұл іс – өмірлік алға қойған мақсатым.  Мұның қайнар бұлағы – ақын-жазушылық жұмысы. 30-жылдан жазушылық талаппен қазақтың көркем әдебиетімен таныстым. 31-жылдан өз бетіммен қолыма қалам алып, түрлі жағдайға арнап өлең, әңгіме жаза бастадым. Бірақ Қосымбай болыстың («бөрінің») тұқымы деп... менің шығармаларым керексіз пұлға айналып отырды. Мектеп бітіргеннен кейін облыстық газетке жұмысқа кіріп, қазақтың көне фольклорын жинау жөніндегі комиссияға іліндім. Сонымен «Алаш заманындағы ақын-жазушылардың сойылын соғушы», - деп облыстық газет алқасынан шығарды. Көп адамдармен бірге мені де қуды. Сіздің есіміңіз біздің елде өшпес орын алды. Францияда дегенді естіп, елде жүргенде армандаушы едім. Сол тілегім орындалып, сізбен бүгін жолыққалы отырмын. Мен бір түпсіз тұңғиыққа батқан қара тастай қайғылы ауыр халде тұрмын. Болашақ жас талантты өлім халінен алып қалуыңызды сұраймын. 4-жұмысшы тобы, 2-барақ. Жалғасұлы Сембай. 19.Х.41».

Екінші дүниежүзілік соғыста Германияда құрылған Түркістан легионы құрамына «Темір атындағы Түркістан батальоны», 162-ші түріктер дивизиясы және қазақтардың «Алаш» отряды кірген. Түркістан легионында болған жерлесіміз Ғ.Бейісов Берлиндегі 1943 жылы салынған «Алаш» мектебі турлы мәліметтер береді, бұл мектеп оберкоманда Вермахтың барлау тобының 4-бөліміне қараған,  барлау тобының жетекшісі фон Ганний Граф, орынбасары, жерлесіміз Әлихан Ағаев (шын аты-жөні Әмірхан Тілеумағамбетов) болды. Ғ.Бейісов Ә.Ағаевпен кездесіп дәмдес болған. Ол Әлихан Ағаевты орта бойылыдан биіктеу, артық біткен ет жоқ, қанжардай қатқан кеуделі, әскери адам деп суреттейді. Кейін Ә.Ағаев 1944 жылы он екі адамдық топты екіге бөліп Атырау жеріне десант болып түскені белгілі. Бұл туралы ҰҚК офицері С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабында баяндалады және мерзімді баспасөздерде де жазылды. 

...Кеңес елінің алқызыл туындағы балға мен орақ белгісінің арасында қалған Алаш қайраткерлері мен мыңдаған қарапайым мүшелері туған елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі жолындағы күрес жолында өмірлері мен идеялары кеңестік орақпен орылып, балғамен мылжаланып, қызыл қанға батқаны тарихымыздан белгілі.

Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  профессор, тарих ғылымдарының докторы

Abai.kz

 

 

 

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048