Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жанайқай 11139 29 пікір 20 Мамыр, 2017 сағат 16:02

Қаңғырып жүрген қазақ жастарын Сағынтаев неге қолдамады?

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутат Азат Перуашевтің жастарға арналған жатақжай салу туралы ұсынысын қабылдамады.

Премьердің  Перуашевқа айтқан жалғыз уәжі – әлеуметтік жатақжайларда тазалық сақталмайды-мыс. Бұған бюджетте қаржы жоқ көрінеді. Сондықтан тиімсіз.

Ал депутат Азат Перуашевтің ұсынысы бойынша мұндай баспаналардың шаршы метрі аз болғандықтан, шығыны да 40 пайызға арзан түседі. Қара қазақтың қалап отырғаны да осы емес пе?

Біз жастар атынан Мәжіліс депутаты Азат Перуашевке бейбіт елдің баспанасыз босқындарының жанайқайын жеткізген ек. Ол өзінің депутаттық уәдесін орындады. Үкіметке біздің жанайқайымызды айтып сауал жолдады.

Ал, Бақытжан Әбдірұлы жастарды неге қолдамады?

Ішкі миграцияның салдарынан қазір елімізде бейресми босқындар көші пайда болды. Мысалы, уақытша тіркеу кезінде ресми түрде 690 мың ішкі мигрант есепке алыныпты. Бұл көрсеткіштің әлдеқайда көп екені түсінікті.

Баспанасыз жастар

 

483 мың адам 14-29 жас
Жас маман 30 мың (75 пайызы үйсіз) 21-22 жас
Студенттер 46 мың (квартиранттар) 18-22 жас

 

Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты басқармасының дерегіне сүйенсек, былтырғы жылдың қорытынды есебі бойынша, Алматы қаласында 14-тен 29 жасқа дейінгілер санатында   483 мың адам бар екен.

Ал, жыл сайын Алматы қаласында 30 мыңға жуық жас маман ЖОО аяқтайды. Олардың 7 мыңға жуығы Алматы қаласының тумалары болса, қалғандары өзге қалалардан келгендер.

Ресми статистикаға сүйенсек, жоғарыдағы 30 мың жас маманың 75 пайызы Алматыда қалуды жөн көреді екен. Бұл тізімге Алматы маңындағы (Қаскелең, Талғар, Іле ауданы) қалашықтардың жастары кірмеген. Күнделікті келіп-кетіп жатқан жастардың есебіне жету мүмкін емес.

Ал қазірдің өзінде әйдік шаһардағы 81 мыңға жуық студенттің бар болғаны 35 мыңы мемлекеттік жатақханамен қамтамасыз етілген. Қалған 46 мың студент пәтер жалдап тұрады.

Бұл аз десеңіз, Алматы халқының 70 пайызы өзге қалалардан келгендер.

ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ – ЛОББИЛЕР АЙҚАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛМАУЫ КЕРЕК!

Бұл Тәуелсіз Қазақстаның келешек тұтқасы болар жастардың бүгінгі жай-күйі. Өз елінде, өз жерінде босқын дәргейінде жүрген жастарға жанашырлық танытар Үкімет пе? Бақытжан Сағынтаев па? Бір байқағанымыз, Бақытжан Сағынтаевтың сынық сөзінің артында лоббилер шайқасы тұрғандай...

Депутат Азат Перуашевтің ұсынысы бойынша баспанасыз жастарға баспалдақ болар уақытша жатақжай салып беруді Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшысы да қолдады. «Егер Үкімет қабылдайтын болса, біз жастарға жатақжай салып беруге әзірміз» деді. Ендеше Бақытжан Әбдірұлы неге бұлай, үзілді-кесілді бас тартып отыр?

Тіпті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы №555 қаулысы бойынша «Коммуналдық мақсаттағы құрылыс обьектілеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарда» жатақжайлар ережесі нақты көрсетілген. Аталған ереженің 8-бөлімінде:

-әр дәлізде 10 бөлмелден;

-пәтерлер бойынша әр дәлізде 3 бөлмеден;

-Әр блокта ортақ қолданыстағы ас үй, әжетхана мен жуынатын бөлме;

-Әр бөлмеге 2-3 адамнан;

-Әр адамға 0,6 м2 жерден қарастырылған.

Бұл принціп бойынша Мемлекеттік «Нұрлы жер»бағдарламасы әлеуметтік жатақжайлар салуда. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, алғашқы салымыз баспана алу үшін бір қалада кемінде 2 жыл тұрақты тіркеуде болуың шарт. Ал тұрақты тіркеуге тұру үшін – пәтер керек. Парадокс.  Кез-келген мигрант жас (ішкі еңбек мигранты) 2 жыл пәтер жалдап тұған күнің өзінде тұрақты тіркеуге тұру мүмкіндігі болмайды.

ТҚЖБ-НЫҢ ЕҢ ТӨМЕНГІ САЛЫМЫН САЛА АЛМАЙДЫ

Сондай-ақ, Қазақстандағы орташа жалақы алатын адам Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ең төменгі салымын (30 пайыз) сала алмайды. 120 мың теңге жалақы алатын адам жинақтаушы қорға 30-50 мың теңгеден салым салды деген күннің өзінде, Мемлекеттік баспананың жарты құнын 5-7 жылда жинақтай алады. Демек, тағы 7 жыл пәтер кезіп, босып жүруге міндетті болады.

Ал Алматы шәріндегі орташа жабдықталған 1 бөлмелі пәтердің орташа бағасы – 50-70 мың теңгені құрайды. Мұның сыртында адам төзгісіз барақтар бар. Біз бір аулада 15-20 отбасының қысылысып-қымтырылысып тұрып жатқанын барып көріп, жаздық.

САҒЫНТАЕВ КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒЫП ЖҮР?

Қазақта «Басы ауырмағаның Құдаймен де ісі жоқ» деге сөз бар. Үкіметтің, Бақытжан Сағынтаевтың бұл кереғарлығы осы сөздің астарын ашып бергендей болды.

Біз алғаш болып, баспанасыз жастарға жатақжай салуды көтергеннен бері, редакциямызға хат жазып Үкіметтің дәргейіне жеткен осы мәселені аяқсыз қалдырмауымызды сұрауда. Қазіргі таңда Перуашев мырзаның бастамасын қолдап, 20 мыңнан астам жас  қол жиналды. Әлі де жиналуда. Барлығының бас қайғысы – баспана!

Тіпті, Азат Перуашев ұсынысын Алматыдағы бір топ жас талқыға салған жиын өтті. Қоғам белсендісі Дәурен Бабамұратов бастамашы болып, «Жас қазақ» республикалық апталығы мен «Болашақ» жастар қозғалысы ұйымдастырған жиынға Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасы басшысы, Қазақстаның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдері мен бірсыпыра журналист қатысты. Жиын қорытындысы бойынша, депутат Перуашевтің ұсынысына толықтырулар айтылды. Ұсыныс қолдау тапты.

Біз көтерген мәселе Республикадағы аты мәшһр басылымдарды жария етілді. Дәл осы мәселе «Abai.kz», «Qazaquni.kz», «365info.kz»,«minber.kz»,«arasha.kz»,«dalanews.kz»,«ult.kz», «Алауинформ» ақпараттық порталдарында, «Дала мен Қала», «Время» басылымдарында жария болып, ұзын-ырғасы 2 миллионға жуыадамның қолдауына ие болды.

Рас, депутат Перуашевтің ұсынысы ипотека алуға мүмкіндігі жоқ жастар үшін тиімді-ақ еді. Өкінішке орай, бұл Бақытжан Сағынтаев басқаруындағы Үкіметке тиімсіз болса керек. Сағынтаев мырза кімнің сойылын соғып жүр? Баспанасыз жастардың ба, әлде...

Жоғарыдағы Үкімет басшысының үзілді-келісді жауабынан кейін, біртүрлі ойға қалдық. Бағасы арзан жатақжайларды салуға қарсы Сағынтаев, жастарды ипотекаға итермелеп отыр ма? Әрине, Үкімет үшін қымбат ипотека тиімді. Ал қара қазақ үшін ше?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052