Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3097 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 10:56

Екібастұзда вагон жасау қуаты сәтті жүзеге асуда

Теміржолдағы вагон құралдарын сатып алғысы келетін отандық кәсіпорындар енді басқа елдің тауарына телмірмейтін болды, оны жасау өзімізде қолға алынуда. Екібастұздағы «Таман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында былтырдан бастап жаңа жоба іске асуда. Келешекте жылына 2500 вагон шығару мүмкіндігі бар зауыттың алғашқы кезегі жақында қосылып та үлгерді. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін атаулы жоба өңір экономикасына жаңаша серпін алып келмек.

Теміржолдағы вагон құралдарын сатып алғысы келетін отандық кәсіпорындар енді басқа елдің тауарына телмірмейтін болды, оны жасау өзімізде қолға алынуда. Екібастұздағы «Таман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында былтырдан бастап жаңа жоба іске асуда. Келешекте жылына 2500 вагон шығару мүмкіндігі бар зауыттың алғашқы кезегі жақында қосылып та үлгерді. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін атаулы жоба өңір экономикасына жаңаша серпін алып келмек.

«Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-дегі вагон жасау өндірісін құру үш іске қосу кешенінен тұрады. Оның алғашқысы ағымдағы жылдың маусым айында Мемлекет басшысының қатысуымен болған телекөпір барысында ашылған. Бұл - өндірістің үштен бір бөлігі десе де болады, осының нәтижесінде қазіргі күні компанияның технологиясы жылына бір мың жүк вагонын шығару қабілетіне ие. Екінші кешен осы жыл соңында пайдалануға берілсе, 2011 жылдың қараша айында өндірісте толық қуат іске қосылады. Осылайша зауыттан жылына 2,5 мың вагон шығарылатын болады. Оның ішінде бес жүз вагон жабық күйде жасалатынын атап өткен абзал.
-Жоба бойынша жасалып жатқан технологиялар желісіне Украинадағы «Техвагонмаш» компаниясы жауап береді. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарына бас мердігер «Имсталькон-Теміртау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауап береді. Алғашқы қосу кешенінде 80-дей адам еңбек етіп жүр. Аталмыш кешен қосылғанда біраз кемшіліктер анықталды. Қазір олқылықтарды түзетіп, шілде айының соңғы он күндігінде өндірісті пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз,-деп әңгімеледі «Қазақстан вагон жасау компаниясының» бас директоры Мұрат Әлпиев. - Бұған дейін алғашқы төрт вагонды құрастырып, сынақ алаңына жібергенбіз. Олар барлық сынақтан сәтті өтіп, сертификат алдық. Енді алдағы күндері вагон өндірісін жүйелі түрде бастаймыз.

Атап өту керек, вагон шығаратын өндіріс жобасы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп іске асуда. «Қазақстанның даму банкі» жобаны толық қаржыландырып отыр. Өндірістік құрал-жабдықтардың дені Германия, Италия секілді шет мемлекеттерден әкелінуде. Жобалық құны 51 миллион АҚШ доллары тұратын өндірістің қайтарым мерзімі бес жылды құрайды. «Қазақстан темір жолы» вагон шығаратын зауытпен алдағы бес жылға бес мың вагонға меморандум қабылдаған. «Қазақстан вагон жасау компаниясы» жуық уақытта 20 вагон құрастырып, оны ұлттық компанияның еншілес кәсіпорындарының біріне беруді жоспарлап отыр. Алғашқы қазақстандық жүк вагонының құны айтарлықтай арзан емес. Қазіргі жағдаймен әрбір вагонның өзіндік құны 10,2 миллион теңгеге бағаланып отыр. Дегенмен бұл тұрақты баға емес, кәсіпорын өз шығынын жапқаннан кейін тауар құны арзандайтыны анық.
М.Әлпиев алдағы жылдары вагон жасауға жұмсалатын құрал-жабдықтар мен материалдардың сексен пайызын зауыт ішінде өндіретін мүмкіндік барын жеткізді. Әзірше қажет бөлшектер Ресей мен Украина елдерінен әкелінуде. Соған орай вагонның өзіндік құны қымбатқа түсіп отыр. Бүгінде еліміздің ішкі жүк айналымында көбіне Қытайдан әкелінген вагондар пайдаланса, халықаралық тасымал бойынша Ресей мен Украинадан жеткізілген вагон құралдары қолданыста жүр. Қытайлық вагондардың бағасы арзан болғанымен пайдалану мерзімі аз әрі сапасы төмен келеді. М.Әлпиевтің айтқанындай, осыдан екі жыл бұрын республика аумағында 90 мың вагон саналса, соның тең жартысының тозығы жеткендігі анықталыпты. Одан бергі уақытта іске жаратылып жүрген құралдардың қаншасы ескіріп үлгергендігі белгісіз. Екібастұздан шығатын вагондар елдегі вагон паркін толық жаңарта алмаса да, жүк айналымының маңызды бөліктерінде біраз мүмкіндіктер тудыратыны айқын. Қазақстандағы жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорындар қазіргі күні «Қазақстан вагон жасау компаниясының» өнімдеріне қызығушылық таныта бастаған. Олардың сырт мемлекеттерден сатып әкеліп жүрген құралдарынан Екібастұзда құрастырылып шығатын вагондар артық болмаса кем емес. Жетпіс тоннаға дейін жүк көтеретін құралдардың қолданыс мерзімі 22 жылды құрайды.     Бұған дейін «Таман» серіктестігі вагон жөндеумен айналысып келген. Вагон құралдарын деполық және күрделі жөндеуден өткізген кәсіпорынның технологиясы да барынша ескіріп кеткен болатын. Жаңа жоба нәтижесінде серіктестіктің бұрынғы орналасқан аумағы қазір адам танымастай өзгеріп, жаңадан заманауи өндірістік кешендер тұрғызылды. Алып цехтардың ішіндегі құрастыру жұмыстарының көбісі автоматтандырылып, компьютерлендірілген. Жаңа технология негізінде салынып жатқандығына байланысты болашақта зауыттағы жұмыскерлер санын шектеуге септігін тигізеді. Келесі жылы зауыт толық қуатына кіріскенде өндірісте 600 адам еңбек етеді. Ал Ресейде бүгінде дәл осындай кәсіпорында 1250 адам жұмыс істейді. Сондықтан келешекте бізге технологиялық үрдісті жақсы меңгерген электроншылар мен программистер көптеп қажет болады, дейді зауыт басшысы. Мамандардың айтуынша, бұған ұқсас вагон шығаратын кәсіпорын ТМД төңірегінде әзірше жоқ.
«Қазақстан вагон жасау компаниясы» маман мәселесін реттеуге де назар аударуда. Өндіріс ішінен алдағы уақытта конструкторлық бюро, техникалық бөлімдері құрылса, компьютерлік бағдарламаларды жетік меңгерген мамандар қажет болады. Соған орай кейбір кадрларды бүгінде қайта оқытып жатыр.

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570