Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3227 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 12:18

САНЫ КӨП, САПА ЖОҚ...

Асыл тұқымды мал шаруашылығы қайтсе дамиды

Қазақстанда мал өсірудің егін шаруашылығынан әлдеқайда артта қалып отырғандығы өзекті мәселеге айналғандығы қашан. Осыдан біраз жылдар егіс алқаптары да осындай күйде еді. Дегенмен мемлекет қолдауының арқасында диқандар егіс далаларындағы жұмыстарды тез жандандырды. Нәтижесінде Қазақстан қазіргі күні бидай экспорттаудан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің көшіне енді. Ұнды сыртқа сатудан бірінші сатыда тұрмыз. Өкінішке қарай, етті экспорттауға, оның сапасын арттыруға мән берілмеуде. Мал етін көбейту міндеті төрт түлік баққан шаруалар үшін қиынға түспесе де, оның тұқымын асылдандырып, өнім сапасын көтеру мәселесіне келгенде кібіртіктеп қала беретініміз шындық. Асыл тұқымды шаруашылықтардың жұмысы жүйеленбей-ақ қойды. Бұл мәселе, әсіресе, біздің облыстағы Баянауыл ауданында күрделеніп тұр.

Малдың 15 пайызы Баянауылда

Асыл тұқымды мал шаруашылығы қайтсе дамиды

Қазақстанда мал өсірудің егін шаруашылығынан әлдеқайда артта қалып отырғандығы өзекті мәселеге айналғандығы қашан. Осыдан біраз жылдар егіс алқаптары да осындай күйде еді. Дегенмен мемлекет қолдауының арқасында диқандар егіс далаларындағы жұмыстарды тез жандандырды. Нәтижесінде Қазақстан қазіргі күні бидай экспорттаудан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің көшіне енді. Ұнды сыртқа сатудан бірінші сатыда тұрмыз. Өкінішке қарай, етті экспорттауға, оның сапасын арттыруға мән берілмеуде. Мал етін көбейту міндеті төрт түлік баққан шаруалар үшін қиынға түспесе де, оның тұқымын асылдандырып, өнім сапасын көтеру мәселесіне келгенде кібіртіктеп қала беретініміз шындық. Асыл тұқымды шаруашылықтардың жұмысы жүйеленбей-ақ қойды. Бұл мәселе, әсіресе, біздің облыстағы Баянауыл ауданында күрделеніп тұр.

Малдың 15 пайызы Баянауылда

Баянауыл ауданы төрт түліктің саны бойынша облыстағы аймақтар арасында бірінші орында келеді. Осы жылдың 1 қазанына дейінгі есеп бойынша, аталмыш өңірде 68 мың ірі қара мал, 151,3 мың қой-ешкі және он жеті мың жылқы бары анықталды. Бұл дегеніміз - облыстағы барлық мал санының 15 пайызы. Қой-ешкінің жиырма тоғыз пайызы, қара малдың он алты, жылқының он жеті пайызы осы ауданда шоғырланған. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыты мал шаруашылығы болып саналады. Алайда таулы өлкедегі малды асылдандыру жұмыстарына тіптен көңіл толмайды. Биылға дейін мұнда асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне 3 шаруашылық ие еді, оның біреуі жақында мал басының азаюына байланысты мәртебесінен айырылды. Ендігісін асылдандыру міндеті «МТС Жайма» ЖШС мен «Оразбек» шаруа қожалығына тиесілі болып тұр. Олар қазақтың етті-сүтті ақ бас сиырын өсіреді. Алғашқы шаруашылықта асыл тұқымды мал саны бір жарым мыңдай болса, екіншісінде төрт жүзден ғана асады. Асыл тұқымды қара малдың үлес салмағы аудан бойынша 6,7 пайызды құраса, қойда 0,2 пайыз ғана. Ал жылқы малы бойынша ол тіптен жоқ. Аймақта мал санының басы жыл санап көбейіп келе жатқандығы байқалғанымен, өнімнің сапасы мен өнімділік көрсеткіші төмен жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы ауданда 16110 бас мал сатылған. Бірақ әр сатылған қара малдан шыққан ет мөлшері аз. Шаруалар барлық сатылған қара малдан жалпы құны 1 миллиард 330 миллион теңге табыс тапқан. Мамандардың есептеуінше, егер сатылымға түскен малдың барлығы асыл тұқымды болып өсірілгенде, шыққан ет өнімі де көп болып, мал иелері 440 миллион теңгеге артық табыс тапқан болар еді. Өкінішке қарай, тұқымы азған, өнімділігі төмен мал басы өңірде жыл сайын артып келеді.

Аталған мәселелерді електен өткізіп, ескерген облыс басшылығы мен жергілікті билік қазірде аудан шаруаларын асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуға ынталандыру жұмыстарын қолға ала бастады. Сондай шараның бірі өткен сенбі күні ауданға қарасты Бірлік ауылдық округі орталығында ұйымдастырылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен аталған елді мекенде асыл тұқымды малдардың көрмесі өтті. Көрмеге мал көп өсірілетін Баянауыл, Лебяжі, Павлодар, Май аудандары және Екібастұз қаласының ауылдық аймағы қатысты. Май ауданынан келген «Ақжар-өндіріс» серіктестігі өздерінің еділбай қойы, қазақтың жабы тұқымды жылқыларын алып келсе, екібастұздық «ЭМПК» ЖШС ет бағытында өсірілетін әулиекөлдік әлеуетті сиырларды ұсынды. Көрмеге атсалысқан он бір шаруашылық сондай-ақ қазақтың қылшық жүнді қойын, ет-сүт бағытындағы қазақтың ақ бас сиырларын таныстырды.

Көрмеге Баянауыл ауданы әкімі Ернұр Айткенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Қайыртай Байтілесов, шаруа қожалықтары басшылары мен ауыл шаруашылығы ғалымдары, ветеринар мамандар қатысты.

Е.Айткеновтің атап өткеніндей, көрмені ұйымдастыру жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің назарын сапа мәселесіне аудару қажеттігінен туындады. Жергілікті мал өсірушілер басқа аймақтағы асыл тұқымды шаруашылықтардың тәжірибесіне үңіліп, олардың өнімді малдарын сатып алуға жағдай тудыру керек. Ауданның қолайлы табиғи климаты асыл тұқымды малды көптеп өсіруге мүмкіндік береді әрі жылдың төрт мезгілінде жайылымға шығарып, нәтижесінде шығыны аз сапалы өнімге қол жеткізуге болады. Көрмеге жиналған жергілікті шаруалардың кейбірі көңілдерінен шыққан түлікті лайықты бағасына саудалап, сатып алды. Қатысушылар өз малдарының тұқымдық қасиеттері мен артықшылықтарын әңгімелеп берді.

 

Ғылым көмегінсіз іс алға баспайды

Осы күні ауылдық мәдениет үйінде «Ауыл шаруашылығы малдарының тұқымдық-тауарлық сапасын арттыру» тақырыбында семинар өткізілді. Мамандар мен мал өсірушілер малды асылдандыру бағытындағы ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Бүгінде облыста асыл тұқымды мал өсіретін 42 субъект, 4 зауыт, 36 шаруашылық және 2 дистрибьютерлік орталық бар. Асылдандыру жұмыстары облыста біркелкі емес, кейбір аудандарда мәртебеге ие шаруашылықтар тіптен аз. Ал Ақтоғай ауданында ондай субъекті атымен жоқ. Қ.Байтілесов асыл тұқымды малдың үлес салмағы біздің аймақта төмен екендігін айтып өтті. Асылдандыру шаруашылықтары бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелерімен байланыс орнатқан. Ірі қара малды кең ауқымды селекциялаудың республикалық бағдарламасы шеңберінде «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамымен облыстың 70 ауылшаруашылық құрылымы келісімшартқа отырды. Жақында селекциялау жұмыстары басталады.

Биыл республикалық бюджеттен біздің облысқа 94 миллион теңге бөлініп, бүгінге дейін шаруалар асыл тұқымды 175 ірі қара мал, 60 жылқы, 800 бас қой, 60 шошқа, 280 мың асыл тұқымды жұмыртқа мен жасанды ұрықтандыруға қажетті бұқа-өндірушілердің жеті мыңнан астам дозасын сатып алды. 17 мың сиыр жасанды жолмен ұрықтандырылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Рахметолла Ақылжанов ұрықтандырудың мұндай түрі өткен жылмен салыстырғанда төрт пайызға жуық артқанын айтады.

Ата-бабаларымыздың барлық өмірі мал өсірумен тығыз байланыста өтті. Ертедегі халқымыздың мал танығыштығы, олардың тұқымдық қасиеттері мен өнімділіктерін айыра білгендері ешбір ғылым көмегінсіз-ақ жүзеге асты. Қысы-жазы далада жайылып өскен төрт түліктің сапалы өнімі жоғары бағаланды. Осы күні өз өнімділігін жоғалтып бара жатқан малдың көбеюіне алдымен шаруалардың өздері кінәлі. Сұрыптау, яғни малдың әлеуеттілерін таңдап өсіру бізде ескерілмей келе жатыр. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің агротехнология факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Бексейітов малдың өнімділік көрсеткіштерін арттыруға арналған ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдіс-тәсілдерді алға тартты. Оның сөзінше, алдымен малдың азық қорын жасау керек. Одан кейін қолданыстағы озық технологияларды іске жаратқан жөн. Соңғысы өсірілетін малдың қай түрі болмасын асыл тұқымды қасиеттері жоғары болуы керек. Өкінішке қарай, біздің шаруашылықтар малдың асыл тұқымдық көрсеткіштерін есепке алып тіркеу, оны электронды базаға енгізіп, басқа тұқымдармен салыстырып отыруға ешбір мән бермейді. Асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарда міндетті түрде зоотехник, есепке алушылар болуы қажет. Бізде маман жетіспеушілігі де - күн тәртібінде тұрған мәселе. Дегенмен оған шаруашылықтардың өздері немқұрайды болған соң, жоғары оқу орындарына түсетін сұраныс аз. Мәселен, ПМУ-де зоотехниктер дайындалады. Бітіріп шыққан түлектер қазір облыстың белді шаруашылықтарында еңбек етіп жүр. Көршілес елдердің тәжірибесін пайдалануға зор көңіл бөлген жөн.

- Біздің мақсатымыз ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін көбейту және сапасын арттыру екендігі рас. Бірақ алдымен шаруалардың өздері осыған мүдделі болуы керек,- деді аудан әкімі Е.Айткенов. - Келешекте ғылыми ұйымдармен бірлесіп, қажетті мамандарды тарту қажет. Бүгінде біздің ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс аз да болса жүре бастады. Жыл соңына дейін тағы бір шаруашылық қазақтың ақ бас сиырын өсіруге асыл тұқымды субъекті мәртебесін алуға ниет білдіріп отыр.

Аудан басшысы жергілікті шаруаларға биыл қысқа жем-шөп қорын жеткілікті жинап алу қажеттігін ескертті. Өткен жыл ауылдағы ағайынға біраз сабақ болғаны анық. Аудан бойынша көктемде көтерем күйге түскен малдың біразы шығын болғаны да жасырын емес. Алдағы жылы ондай келеңсіз жағдай қайталанбауы үшін азық қорын артығымен жасап қою керек.

Семинарды қорытындылай келе аудан әкімі көрмеге шалғай жерден келіп қатысқан шаруашылықтар басшыларына алғысын айтты. Олардың біразына Алғыс хаттарын табыс етті. Шараның жергілікті мал өсірушілер үшін маңызы зор болғандығын атап өтті.

Түйіндей келгенде, Баянауылда өткен көрме мен семинарда айтылған кемшіліктерді сын емес, сабақ ретінде қабылдаған абзал. Бүгінге дейін орын алған олқылықтар болашақта қалпына келтірілетініне сенім зор. Мал басының өсу қарқынын жыл санап арттырып келе жатқан шаруалар сапа мәселесін де жақын уақытта реттей алатыны анық. Тек бұл бағытта ынталы еңбек пен ықылас біте қайнасып, өзгеден үлгі алғанымыз абзал.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578